«Айша» көркем фильмінің жабық көрсетілімі өтті
11.11.2025
105
0

Әсел САХИ, Абылай хан атындағы халықаралық қатынастар және тілдер Университеті, 1-курс студенті

Қазақстан Жазушылар одағының бастамасымен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясы ғимаратында қазақ­стандық жас режиссер Жалғас Әбеновтің алғашқы қысқаметражды «Айша» көркем фильмінің жабық көрсетілімі өтті.

Бүгінде «Болашақ» бағдарламасымен Нью-Йорк киноакадемиясында білім алып жүрген жамбылдық жас режиссердің тырнақалды туындысын Қазақстан Республикасының Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның халық артисі Асанәлі Әшімов, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов, Қазақстанға танымал актерлер мен кинотанушылар, киносыншылар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, аталған фильмнің жұмыс тобы мен өзге де көрермендер тамашалады.


«Айша» деп аталған қысқаметражды бұл картина – қазақ әйелдерінің ауыр тағдырын суреттейтін кино ғана емес, қоғамдағы ең өзекті мәселе саналатын тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы нәзік жанның үнсіз жанайқайын естіртетін туынды.

Қысқаметражды фильмнің көрсетілімінен соң фильм туралы арнайы талқы ұйымдастырылды. Талқы барысында Асанәлі Әшімов, Мереке Құлкенов, Қасымхан Бегманов бастаған зиялы қауым өкілдері жас режиссердің шығармашылық жолына сәт сапар тіледі. Кинопродюсер, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қанат Төребай, режиссер Мұхит Сатыбалды, кинотанушы, Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының Өнертану факультеті, Кино тарихы және теориясы кафедрасының доценті Гүлнар Мурсалимова, Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының Өнертану факультеті Кино тарихы мен теориясы кафедрасының оқытушысы Гүлім Көпбайқызы, танымал кино актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерболат Тоғызақов, ф.ғ.к., профессор Сейсекүл Исматова аталған фильм туралы кәсіби көзқарастарын айтып, фильмнің жетістіктері мен кемшіліктерін тілге тиек етті.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір