Әлемжіледегі әдебиет
22.10.2019
1863
1

«Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, жазушы Дәурен Қуат әлеуметтік желідегі жеке парақшасында «Балаларға арналған көркем туындылар қайда кетті?» деген мәселе көтерді.

«Кешегі Ілияс Жансүгіровтерден басталған өлең-жыр, ертегі, мысал әңгімелер үздіксіз жалғасып, Бердібек Соқпақбаевтардың тұсында баянды белге көтерілді. Бекеңнің туындыларын, әрине, тек балаларға арналған деп, кестім үзілді пікір айту қате. Классиктің әңгімелері мен повестерін балалық шағыңда бала болып та, есейген кезіңде аға болып та оқи бересің. Өз басым Соқпақбаев шығармаларын «Том Сойер» мен «Құм жағалауының капитандарынан» еш кем қоймас едім. Бір қызығы,  «Том Сойер» мен «Құм жағалауының капитандары»  кітапханаларда самсап тұр, кітап дүкендерінен де оңай табасыз. Ол екі кітапты қазақ баласы жазылып немесе сатып алып та оқып жатыр. Ал Бердібек, Бердібектің «жер әлемді шулатқан» тентек Қожасы бүгінгі «құрбыларынан» суынып, алыстап қалғандай. Неге? «Том Сойердің» қатарына қазір «поттермандар» қосылған. Гарри Поттердің шым-шытырық оқиғаларына еліткен қазақ баласын қазақ ақын-жазушыларының өлең-әңгімелеріне бұру осы күні қиын боп тұр. Бұл не, жас ұрпақтың өз тіліндегі шығармалардан айнуы ма, әлде, қазақ қаламгерлері Жаһандану үрдісіне бой алдырған балалардың көркемдік әлемін рухани толтырып, қиялын байытуға, олармен жақын тілде сөйлесуге бейімсіз бе? Қабілет қарымы, тапқырлығы, ізденісі, білім білігі жетпей ме?» деп сауал тастаған Дәурен Қуаттың парақшасы төмендегідей ой-талқыға толып кетті.

Олжас Қасым: Жазып жатырмыз. Балаларға арналған өлеңдеріміз де, эпиграммаларымыз да, балладаларымыз да бар, бірақ танып, жариялап жатқан ешкім жоқ.

Сәкен Сыбанбай: Ауыт Мұқибек пен Алмат Исәділдің балаларға арналған өлеңдері, Мейіржан Жылқыбайдың шығармалары бар. Есей Жеңісұлы да жақсы жазып жүр.

Қуат Адис: Соқпақбаевтың шығармаларын бала кезімнен күні бүгінге дейін жалықпай оқып келе жатырмын. Балаларым да оқып жүр…

 Гүлбиғаш Омар: Осы мәселе мені де ойландырып жүр еді. Баланың кітапқа деген ықыласының оянуы, кітапқұмар болуы оның қолына мықты шығарманың дер кезінде түсуіне байланысты болса керек. Мысалы, 4-сыныптағы ұлым Марк Твеннің «Том Сойері» мен «Гельберри Финін» бас алмай, шын қызығып оқыды. Одан соң «Осы автордың басқа кітаптары керек», – деп қиғылық салды. Дәстүрі мен менталитеті бөлек, дәуірі басқа болса да, бас­ты кейіпкердің образын түсіну оңай болған сияқты. Ал «Менің атым Қожаны» әупіріммен, үгіттеумен оқыды. Неге? Қазіргі балалардың психологиясын, таным-талғамын талдаған зерттеулер керек. Бар болса, бөлісе отырыңыздар. «Қазіргі балалар кітап оқымайды, тек смартфон-компьютерге құмар» деген ұғым жаңсақ, меніңше. Твенге дейін «Жазушы», «Аруна» сияқты баспалардан шыққан қазақ ертегілерін түгел тауыстық. Қазақшаға аударылған әлем ертегілерін де оқыдық. Енді Твеннен кейін оқитын автор іздеп жүрміз… Баланы елітетін шығармалар жаза алмасақ, ол –үлкендердің рухани дағдарысынан.

Қарашаш Тоқсанбай: Балалар әдебиеті деген бар ма қазір?

Серікбол Хасан: Меніңше, балаларға араналған шығармалар ешқайда кеткен жоқ. Өзіңіз айтқандай, бұрын да «болған, қазір де бар». Биыл мерейтойы тойланып жатқан Ілияс Жансүгіров «Жұм­бақтар» деген жұмбақтар кітабын жазғанын жақсы білесіз. Қазір жоғалып бара жатқан осы жанрды Еділбек Дүйсенбек толықтырып жүр.

Бастауыш сынып балаларына арналған жан-жануарларға тіл бітірген көркем дүниелерді Мейіржан Жылқыбай тірілтті. Жақында «Батыр қоян» деген керемет кітабы шықты.

Қуат Адис болса, Өтебай Тұрманжановтар қалаған балалар өлеңдерінің қамалын биіктетіп жатыр. «Кемпірқосақ» деген кітабы балалар арасында жақсы оқылуда.

Қазіргі балалар – сұмдық сыншы. Олардың қиялы ұшқыр. Оларға қазіргі заманның құндылықтарын, жаңа технологияны, жаһанданудың кереметтерін арқау еткен әдебиет керек. Бізде осы жағы ақсап жатыр. Бүгінгі балалар оқитын, олардың талап-талғамынан шығатын шығарма жазу қиынның қиыны болып тұр. Қаламгерлердің қашатын бір себебі де осы болса керек. Бірақ қашпауымыз қажет.

Балалар әдебиетіне осы уақытқа дейін қамқорлық танытып келген үлкен кісілердің көбі дүниеден өтіп кетті. Біразы қартайды, оларға «жазыңыз да жазыңыз» деп талап ете алмаймыз. Енді тек өзіміз белсенді болуымыз керек секілді.

Төкен Әлжантегі: Балалар әдебиетін елеу, оларға қамқорлық көрсету мен насихат кемшін. Сондықтан көштен қалып қойғаны жасырын емес. Алда не амал жасауға болады? Үлкен бәйге ұйымдастыру керек. Ол қазіргі бәйгелердің «сырқатынан», яғни көкелер мен сөкелерден ада жағдайда өтсе жарар еді. Сонда көңіл толарлық бір мәренің көрініп қалуы – мүмкін жағдай. Бала психологиясына сай нағыз көркем туындылар туса, оқырман табылары анық.

Бауыржан Сегізбаев: Балалар әдебиетін дамыту үшін небір бәйгелер өтіп жатыр ғой. Бірақ кейде «пәтерде-катерде, әперген» деген сықылды тақпақтардың жолы болғыш-ақ.

Ділдәгүл Нұрмаһанбет: Заман ағымы­мен балалар әдебиеті күрделі кезеңге тап болып отыр деп ойлаймын. Бала­лар әдебиетіне қалам сілтеу үшін, қаламгер қазіргі бала психологиясын жетік мең­гер­уі керек. Дәурен өзекті тақырыпты тіл­ге тиек етіпті. Бүгінгі баланың көбі тех­никаға құмар. Әдебиетті қаншалықты оқитыны маған белгісіз. Осыған байланысты, мүмкін, балаларға арналған шығармалардың формасын өзгерту керек шығар. Қалай десек те, қазіргі балалардың көкейіне қонатын шығармалар жазылуы керек.

Дәурен Қуат: Қазіргі балалардың қо­лынан соңғы үлгідегі гаджеттерді көруге болады. Мен кейде «неге осы ақпараттық технологияларды пайдаланып, балалар әдебиетін жасамасқа?» деген ойға кетемін. Бұл ретте бізге ІТ мамандардың көмегіне жүгінуге тура келеді. Мысалы, бала тез жаттап алатын тақпақтарды баланың қолындағы ұялы телефон күнде «тақылдап айтып тұрса», одан кейін балақай жаңа тақпақтарды телефонына жүктеп алып жүрсе, қалай болады? Балалар әдебиетін дамытудың бір мүмкіндігі осы емес пе?

Ділдәгүл Нұрмаһанбет: Дәурен! IT тех­нология әдістері шетелдерде жақсы да­мығаны белгілі. Олар әдебиетті де техника тілімен сөйлетеді. Бізде де соны қолға алатын уақыт жетті. Бірақ қаршадайынан техникаға тәуелді болған баланың денсаулығын да, болашағын да ойлау керек. Денсаулыққа зияны жоқ, қағазға басылған әдебиет қолайлы, әрі ол қолданыстан шықпауы керек деп ой­лаймын.

Балалар әдебиетінде бала үшін кітап­тар­дың иллюстрациясы маңызды рөл ат­қарады. Мысалы, Ұлттық кітапханада Е.Елубайдың, Ө.Ақыпбекұлының т.б. көп­теген авторлардың тамаша шы­ғар­­малары қаланып тұр. Мазмұны шетел­дік шедеврлерден асып түседі. Бірақ кітаптардың баланың ой-санасын, қия­лын, назарын бірден өзіне аударатын түрлі-түсті суреттері өте аз, тіпті жоқ. Бала заттық әлемді ұнатады. Баланың жүрегіне мейірім нұрын сыйлап, көңілін достыққа, жақсылыққа жетелейтін тәрбиелік мәні зор методикалық, түрлі-түсті ашық бояулы суреттер баланы көргеннен өзіне тарта жөнеледі. Демек, балаларға арналған әдеби шығармаларда иллюстрацияны дамыту керек.

Байбота Қошым-Ноғай:  Ділдәгүл Нұрмаһанбет,  графикамен айналысатын суретшілерге жарытымды қаламақы төленбейді. Сондықтан олар кітап безен­діруді қойды десек те болады. Олардың ор­нын қазір компьютермен жұмыс істей­тін «ұры» дизайнерлер басты. Балалар әдебиеті мол қаржы бөлініп, тек мемле­кет­тің қамқорлығына алынуы керек. Он­сыз оның көсегесі көгермейді.

Ал қазақ балалар әдебиетіне келсек, ол әлем әдебиетінің алдыңғы сапынан орын алатын көркемдік деңгейі жо­ғары, жанрлық әралуандылығымен көзге тү­сетін, тәлімдік, танымдық маңызы зор дүниелерімен мақтана алады. Ауыз әде­биетінің қыруар қазынасын еске алмасақ, бір жарым ғасырлық тарихы бар қазақ балалар әдебиетінің (мен ба­лалар әдебиетімен шұғылданған авторлардың толық емес тізімін ұсынып көрейін) Спандияр Көбеев, Сапарғали Бегалин, Өтебай Тұрманжанов, Мағзұм Тиесов, Бәдел Тұрсынбаев, Сейтжан Омаров, Мұзафар Әлімбай, Бердібек Соқпақбаев, Сансызбай Сарғасқаев, Машқар Гумеров, Мүбәрак Жаманбалинов, Мәдіхат Төрежанов, Бүркіт Ысқақов, Әдібай Табылды, Жақан Смақов, Әнуарбек Дүйсенбиев, Тілеген Шопашев, Қабдікәрім Ыдырысов, Танаш Дәуренбеков, Нұрсұлтан Әлімқұлов, Жәнібек Кәрбозин, Оспанхан Әубәкіров, Мұхтар Құрманәлин, Құрманбай Толыбай, Саид Баязитов, Нәсіреддин Серал­иев, Қабыш Жәркенов, Қадыр Мырза Әли, Тұманбай Молдағалиев, Қастек Баян­бай, Оразақын Асқар, Мұхамеджан Етекбаев, Тұрдыбек Алшынбаев, Ермек Өтетілеуов, Адырбек Сопыбеков, Қайрат Жұмағалиев, Абдрахман Асылбеков, Нұрхан Жанаев, Совет Әлімқұлов, Сұлтан Қалиев, Ескен Елубай, Есентай Ерботин, Жеңіс Қашқынов, Таупиқ Рымжанов, Тұрдақын Жексенбай, Әлдихан Қалдыбаев, Роза Әбілқадырова, Әбдіраштың Жарасқаны, Ғалым Оралбаев, Бердалы Рысбеков, Молдахмет Қаназ, Несіпбек Айтов, Әбді Шынбатыров, Өтепберген Ақыпбекұлы, Асқаржан Сәр­сек, Шәкен Күмісбайұлы, Пернебек Дүйсенбин, Әлсейіт Ақпанбетұлы, Ты­нымбай Нұрмағамбетов, Қаржаубай Омарұлы, Сайлаубай Жұбатырұлы, Марат Қабанбай, Балтабай Әділ, Нұрдәулет Ақышев, Нұржан Мұраталиев, Сейітқұл Оспанов, Бейсебай Кірісбайұлы, Бақыт Досымов, Нұрғали Қадырбаев секілді авторлары балалар әдебиетіне хал-қа­де­рінше өлшеусіз үлес қосты. Бұл ақын-жазушылардың бірлі-жарымы болмаса, басым көпшілігі өмірден озып кетті. Қазір бұл қатар Серікбай Оспанов, Тілеуғазы Бейсембек, Оразбай Байбақ, Ақылбек Шаяхмет, Ертай Ашықбаев, Болат Үсенбаев, Қанат Қайым, Арасанбай Естенов, Бейсенбай Сүлейменов, Әлібек Файзуллаұлы, Толымбек Әбдірайым, Ділдар Мамырбаева, Әбубәкір Қайран, Сәбит Дүйсенбиев, Гүлбаршын Әзімбаева, Бауыржан Ғұбайдуллин тәрізді ақын-жазушылар белсенділік көрсетіп келеді. Бұл тізім Қалмаханбет Мұхаметқали, Серік Үсенұлы, Гүлзат Шойбекова, Ал­мат Исәділ, Қуат Ахетов, Ернұр Сейдах­мет, Мұрат Байділдаұлы, Марат Құли­байұлы, Бағдат Мәжитов, Есей Жеңісұлы, Серікбол Хасан, Әдина Жүсіп, Нұрлан Құмар, Еділбек Дүйсенов, Олжас Қасым т.б. жас ақын-жазушылармен толықты. Осы тізімнің бел ортасында өзім де бармын-ау деймін. Бірақ біздің әдебиетіміздің озық туындылары өзге тілдерде сөйлейтін әлем халықтарының балалары түгіл, қазақ оқырмандарының өзіне жеткілікті таралыммен жетпей жатыр…

 

 

 

 

 

 

 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 13.04.2021 | 20:14

Сәлем беріп отырған бұл жерде де болады және әлеуметтік мемлекет басшысы болып келеді екен ғой деп аталады да бар еді деп атайды және басқа да міндетті емес еді ғой деймін да бар екен деп тілеймін да осы кезде де осы бір бөлігі ғана тән қасиет деп аталатын түрлері мен

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір