Әбді-Жәмил әлемі
23.10.2019
1648
0

Әдебиет корифейі Әбеңнің кез келген шығармасы туралы әр жылдары толғауы бөлек көркем талдаулар жасалып тұрды. Ол талдауларды қаламгердің рухтас іні-достары Әбіш Кекілбайұлы, Ақселеу Сейдім­бек­тер (т.б.) жазған еді. Шығар­малары заман, уақыт, кезең, дәуір талаптарын кешіп өтіп, жаңа оқырманын тауып отыратын автордың туындыларына деген пікірлер легі үзілмейді. Бұл бізге әдебиет тарихынан белгілі жайт. Ендеше,  жас ғалым, әдебиеттанушы Ермек Қаныкей   «Соңғы парыз» жайын қалай тарқатты екен, оқып көрейік.

Қазақ әдебиетінің көк сеңгірі Әбді-Жәмил Нұрпейісов «Соңғы парыздан» соң үн-түнсіз. Өзінің айтарын айтып, жазарын жазып тастап, осылай жатқан үлкен талант қашанда ұйқыдағы жанартау сияқты ғой. Өйткені оның оқырманы «Соңғы парыз» – автордың рухани әлемдегі ақырғы Сөзі екеніне еш сенгісі келмейді. Әдеби ортада Әбекеңнің қайсыбір шығармаларын қайта қарап, қырнап, жонып, қысқартып… жүр дейтін аңызға бергісіз әңгімелер айты­лып қалады. Тегінде, осы бір жазушы кейіпкерлеріне қатқыл-қатқыл сөздерді қарша боратады. Ол тумысынан ешқашан жалған айта алмайтыны сияқты, өз шығармаларында оларды өтірік өбектемейді екен.

Айталық, Жәдігерді, Бәкизатты, Әзім­ді романдағы бас кейіпкерлері бола тұрса да, езулерін тіліп отырып суреттейді. «Соңғы парызды» оқып отырып, өз басым осы шығармадан жағымды және жағымсыз кейіпкерлерді мүлде кездестіре алмадым. Әйтсе де оларды шы­рақ алып іздеудің керегі жоқ: Жәдігер, Бәкизат, Әзім, көткеншек Көшен, Сары Шаялар әрі жақсы, әрі жаман адамдар. Және тікелей де, көлденең де оқиғаға эпизодтық дәрежеде кіріп келетін пер­со­наж­дық кейіпкерлердің де мінез-құлқы, өмірбаяндары композициялық құрылым қағидаттарына көп ретте бағына бермейді. Эпизодтық персонаждардың негізгі романдық оқиғаға ықпал ететін соншалықты рөлі де жоқ. Жәдігермен белгілі бір ситуациялар барысында  кездескен кейіпкерлер ретінде бейнеленеді де, типтік образдар болып қала береді. Автор да оларды күштеп негізгі оқиғаларға қатыстырмайды. Өзінің «Қан мен теріндегі» Судыр Ахметтің, Сүйеу қарттың, тағы басқалардың заңды жалғастары, әрі реалды өмірде мол ұшырасатын адамдар прототиптерінің бай коллажы болған да қалған. Иә, біз де таптық һәм топтық талдаулардың соңғы тәлімін алып қалған оқушылармыз ғой. Ал романдағы көткеншек Көшен, Сары Шая, Аққұба жігіт, Жуан Жақайым, Әзім­нің құрылысшы ағасы, Адай шал, Жәдігердің шофері, анасы, енесі-кәрі қақсал, қозы қарын, «Райымның» тас қайнатар пысықай немесі т.с. адамдардың «Соңғы парызда» жазушының қаламына ілініп кетуі – қазақ әдебиетіндегі типтік бейнелердің мол шоғырын толықтыра түспесе, кеміткен жоқ. Бұлардың бар­лы­ғы да өзіміз күнде көріп жүрген заман­дастарға әрі ұқсайды, әрі ұқсамайды. Ұқсағанда – кісілігімен, қайсарлығымен, аңғалдығымен әм тазалығымен ұқсаса,  тап солай ұқсамайтын тұстары да бар және  олардың әрбірі өңірлік қасіреттерімен өзгешеленетін тәрізді. Өйткені Жәдігердің отбасылық қасіреті, Әзімнің тарихи һәм пенделік екіжүзділігі, көткеншек Көшеннің тұр­мыс дарытқан мінез-құлқы, Сары Шаяның этно-психологиялық болмысы – Ә.Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романында осындай жағымен талқыға түсіп, жалғасын тапқан.

Оқырманға, әсіресе оқымаған оқыр­манға түсінікті болуы үшін романның әрі қысқа, әрі ұзақ оқиғасын кеңірек мазм­ұндасақ: Жәдігер есімді басты кейіпкер (шартты түрде) таңертең өз үйі, өлең төсегінен «безініп», қатерлі қыста теңіз үстіне шығып кетеді. «Сондай да бір күн болған» дейтін бірінші кітаптың бірінші бөлімінің әуелгі бір абзацында қандай оқиғаның болғанын оқырман да бірден біле қояды. Міне, осы білгені «неге?» де­ген сұрақтың құрығына сәтте ілініп қала­ды да, ары қарай баяғы білмекке құш­тарлық үстемдік алып, 445 беттік ро­манның аяғынан бір-ақ шыққаныңды аңғармай қаласың. Бұл қашудың себебі не? Манағы біртұтас мәтін оқырманға «Ұзын қара кісінің… соғыстан бір аяғын жұлдырып келген балықшы әкесінің» болғанын; бес-он тиын пенсияға қарап қалған қарт анасы мен барынан жоғы… әкесінің немере інісі – Сары Шая деген туысының да бар екенін; сосын «он үш жыл Бәкизаттың жүйкесін құртып біткен» біреудің, тіптен бердеңелердің де болғаны; содан «…институт бітіре сала бас қосқан жас жұбайлар тірлігінің ақыры күндердің күнінде басқаша емес, дәл осылай «ырың-жырың» боп аяқталарын іші құрғыр сезетін» деп автор-кейіпкер барлық оқиғаны жинақтап хабарлап салғандай көрінгенімен, кітаптың ішіне бүккен сыры өте көп. Белгілі болып қалған оқиғаның белгісіз жағын баяндайтын жазушының шығармашылық әдіс-тәсілі өте тосын. Әлгі бір әуелгі сөйлемінде-ақ «неге бүйтті?» деп қалың сұрақты өргізіп жіберіп, жауабын да асықпай-аптықпай бір-бірлеп беретін автор-баяндаушы, автор-кейіпкер (Мысалы Жәдігердің ойымен оқиғаны айта бастайтыны, т.т.) оқырманды оқиғаның соңына дейін тырп еткізбей қояды. «Сен сүйттің…» деп кеткенде ІІ жақтағы авторлық баяндау үстемдік алса, «неге бұлай боп кетті?» деп кейіпкер өз ішіне өзі үңілгенде қалың психологиялық-философиялық қабаттар қопарыла бастайды. Алайда оқушы үшін негізгі сұрақ соңына дейін барлық құпиясын ашпайды және ақырғы сәтте де толық ашып кеткен жоқ…

«Ұзын қара кісі соңында шұбалаңдап жатқан ізіне қарап тұр…» деп, автор тосындау көріністі оқырман көзіне бірден елестетеді. Иә, есі дұрыс адам өз ізіне өзі қарап тұра ма? «Із» деген не тәйірі, қарға, құмға, қара жерге баттиып түскен әртүрлі аяқтардың бедері емес пе? Бар мен жоқтың арасындағы бедер. Жазушы Жәдігерді ізіне тап сол күні анықтап қарауға мәжбүрлеген жоқ, ол өзі мәжбүр болады. Осы соңғы бір күн, өтіп кеткен он үш жылда оның өмі­рінде не болды, басынан не өтті, неге мұз үстінде жападан-жалғыз жүр… ойлан… Жәдігер табанын мұзға қарып, тікесінен тік тұрып ойға кететіні  сұрақ тудыратын жайт. Міне, осы жерден бастап, жазушы оқушысына болып кеткен оқиғаны авторлық баяндаудың екінші жағында ақи-тақи айтып береді. Жәдігер атадан жалғыз екен, көршісі Әзім екеуі бала жастан бірге өсіпті, кейін оқуға да бірге түсіп, күндердің бір күнінде екі «дос» Бәкизатпен кездеседі. Алғашында Бәкизат Әзіммен танысқан. Кейін белгісіз себептермен, апаш-құпаш дерліктей жағдайда Бәкизат Жәдігерге тұрмысқа шығады. Бұл шешім Бәкизатқа қалай әсер еткені  белгісіз, Жәдігер қатты қуанады. Осындай емен-жарқын қызға үйленгеніне есі шығып, «құйын көтерген қаңбақтай» боп, аспан мен жердің арасында ілініп қалады. Өзі қандай аң-таң болса, «Астанада оқитын Арал балалары да» сондай таң-тамаша болады. Алайда  кейінгі жұбайлық жұп, әкесі айтпақшы, «ырың-жырың» боп кетеді. Бәкизат өзін көп жағдайда жеңілтек ұстайды, қайдағы біреулермен күйеуінің көзінше тым әмпей бола қалады, осының салдарынан үйде ұрыс-керіс, әдеттегі ұзаққа созылатын тоңторыстық туып жатады. Жәдігер өз жұмысына шын берілгенімен, отбасындағы кейбір мәселеге олақтау болып шығады. Оны Бәкизат қана емес, енесі кәрі қақсал бетіне басып, «еңбек озаты» деп, «сені адам қылған біз» деп, «қырып жүрмегенін көзіне айтып», «ол сені өлтіреді, сүйтеді, бүйтеді, айтқаным айтқан» деп күнібұрын байбалам сап, шешесі айтпақшы, «қартайса да қайыған іңгендей ыңырсуын қоймаған қайын енесі» де ылғи мұқатып отырады. Онымен қоймай, Бәкизат өзін тастап кет­кен Әзіммен ашына болып, онымен қашуға да бел байлайды. «Мен неден қателестім?» деп істің себебін ойламай салдарын сараптағыш академик те, басынан бақ тайғанда Бәкизатқа келе қалады. Автор оның Астанада отырып ап, Арал мәселесімен, мемлекеттік мәселемен айналысып, билік пен мансап жолында ештеңеден тайынбай істеген істерін өзіне ойлатып, өзіне әшкерелетіп, аяғында табансыз сорлыны мұз үстіне алып шығып, одан әрмен тайғанақтатып, ерлі-зайыптылардың жұбайлық жұбына жасаған өлшеусіз қиянатын оқырманға көрсетіп береді. Қашанда қарақан басын ойлайтын байғұс ғалым басында Бәкизатқа еріп, мұз үстіне шығып кеткен Жәдігердің соңынан барады. Әншейін көре кетпек боп, алайда жамандық жерде қалсын ба, қатал табиғат онсыз да түңілген, торыққан, «аш күшіктей ойына таланған» Жәдігерге түк істей алмаса да Әзімді әбден састырады. Олар мұз үстінде үшеуі бірдей адасады. Құшағында Бәкизат, жанында оның күйеуі, айнала алай-дүлей. Ақыры, «махаббатта» да өзінің бастапқы бетін әйгілеп, алды-артына қарамай қашып кеткен Әзімді соңынан қалмай жүріп, болашағы қалай болғанын жақтырмай да, жек көре де баяндаған авторға Әзім «түк те кінәлі емес екенін білдіріп», қала береді (ол солтүстік жақта, бір орыстың үйінде пә-терші, маскүнем, қадірсіз болып қалған екен). Ол одан зорғыны біледі: өлген күні көріне кесек лақтыратындардың соншама көп болатынын. Бірақ мейлінше тәкаппар һәм өркөкірек жанның өле-өлгенше қуыс кеудесі мен қадірсіз басын кекжитіп көтеретіні болады екен.

Міне, осының бәріне, әсіресе әйелінің қорлығына (бұдан басқа толып жатқан себептер бар болатын) шыдамаған Жәді­гердің ашық теңізге «қаңғып» кеткені сон­д­ық­тан. Ізіне қарап-қарап ойланатыны да сол. Өткен өмір, әкесі айтпақшы, «ырың-жырың» болып кетті. Балалары ол – жарымжан. Арал ол тартылып барады. Ағайын да жетісіп тұрған жоқ екен: қит етсе кодекс соғып, елдің есін шығаратын баяғы – Сары Шая. Халық та кетіп жатыр, соңғысы өз ағайыны адай шал. Анасы баласының мынау пұшайман халіне істейтін амалы жоқ, енесі – шешесі айтпақшы, «қайыған іңгендей» бет қаратпайды. Істеген істен, аз ба, көп пе, сүрген өмірден ешбір белгі қалмағанына таңданған, ашынған адам артындағы ізіне қарамаушы ма еді? Не белгі қалды? Қасірет деген әне сол – айтарлықтай еш белгі жоқ екен. Жәдігерге таңнан кешке дейін тек ой ойлатқан автор: «мәмент» деп қойып құрақ ұшатын шофер баланы; бері десең, ары жығылатын көткеншек Көшенді; кейбір ісі Щукарь шалға келетін, әйтсе де аса сұм Сары Шаяны; пельменді аршып жейтін адай шалды; жапандағы жалғыз жанашыры анасын; жарымжан балаларын; жанын түсінбеген жары – Бәкизатты; кеңсе ішінде рушылдықты өрбітіп, шыбын қуып жүретін жуан Жақайымды; ауылды, Аралды, сосын да оның өзін «Сондай да бір күн болған» деп аталатын бірінші кітабында түгел баяндайды. Әркімнің кісілік келбеттері, қоғамдық-тарихи көзқарастары, уақыт пен кеңістіктің барлық әлеуметтік-саяси бедерлері суреттеліп кеп, ненің не екені, әрі кімнің кім болғаны һәм болмағы сарапқа түседі. Міне, осы жерде «өз кейіпкерлерін ешбір аямайтын» Ә.Нұрпейісовті көреміз. Ол Жәдігерді де, Бәкизатты да, Әзімді де сөйлеген сөзімен, ойлаған ойымен, істеген істерімен оқырманның алдына мөлдіретіп әкеп көрсетеді. Сол сәтте оқушының Жәдігерден де, Бәкизаттан да, Әзімнен де, басқалардан да көңілі қалғандай болады, алайда тарихи уақыт пен кеңістіктің адамдар бойына, мінезіне жамаған келеңсіз құбылыстарын көргенде, тек өкініш сананы торлайды. Әзім – тарихи уақыт пен тарихи көзқарастардың құрбаны. Бәкизат отбасылық экологиялық апаттың негізгі себепшісі. Жәдігер – соны ары қарай дамытушысы. Өйткені Арал қашағанын құрықтаймын деп жүріп, отбасында қандай қасіреттердің пісіп-жетілгенін болжай алмады немесе болжағысы келмеді. Айлап құр жастықты құшақтап жатқан әйелдің қандай сойқанды салатынын Құдайдан басқа кім білген. Алыстан арып-ашып келген күйеуінің тағатын тауысып, ұзақ жүріп алатын әйелдің бір білгені бар ғой. Тоқ бала аш баламен ойнамайды. Ал ашу – дұшпан, қызғаншақтық қатерлі дерт екенін Жәдігер сол сәтте сараптай алмады. Жағасын әлдебір жылтыр жіппен әдіптеген, әдемі халатын айуанша жыртудың ақыры, кәрі қақсалдың орынсыз байбаламына («өлтіреді, қаш!» дейтіні) ұласатынын аңғал күйеу ұққан жоқ. Осындайдан жұбайлық жұптың арасына салқындық түсіп, ақыры Астанаға жалғыз кеткен Бәкизат баяғы, (оны жалғыз жіберген тағы өзі, ол ынжық па, ез бе деп автор құсап біз де таңданатынымыз бар) бүгінде академик болған, білдей бір институттың директоры – Әзімнің құшағына қайта құлауына апарып соқты.

Іс бұнымен тоқтамай «Сондай да бір түн болған» атты екінші кітабында баяндалған Әзім ісі де соншалықты оңып тұрмағанын көрсетіп берді. Оқырманды Әзімнің «апырай неден қателестім?» деп ішкі ойымен арпалысатын шағына қызықтырып, оқиғаны екінші жақта еркін өрбіте беретін автор оның барлық кілтипанын ашып береді. Бақсақ, ол да бір жүрген сұм екен, оның да істемегені жоқ, әйтсе де ептеген есепке құрылған «жақсылығы» да бар: ол Бәкизатқа бақыт сыйламақ болады. Тек аяғы өкінішті болды: мұз үстіне оны күйеуі Жәдігердің қасына тастап қашып кетеді. Сөйтсе де, тоны қалып қойды (Бәкизатқа, Жәдігерге біраз қамсау болғанымен, соның кесірінен қасқырға тірідей жем бола жаздады). Оның қолынан келгені сол. Сол үшін жазушы оны әкесін танытып тұрып, әшкереледі: кейінгі қайыршыға бергісіз өмірін… Ал Бәкизат сол бір суық түнде ашық теңіздегі мұзда тағдырдың тәлкегіне ұшырап, күйеуі –Жәдігердің басын құшақтап отырып, оны, бұл сөзді әртүрлі түсінуге болатындай: өз қолымен о дүниеге аттандырады. Сосын өзі… Қасіреттің өзі де осында: ең ақырғы сағаттарда бір-бірін таныған, шын түсінген ерлі-зайыптылардың енді өмірді қайта бастауға ешбір мүмкіндігі жоқ еді. Сең үстінде серейіп өлген Жәдігер, сол кезде қатер төндірген қасқыр, күйеуінің ақырғы деміндей болып, қойнынан шырылдап ұшқан суық торғай, өз басын күйттеп қашып кеткен Әзім, міне осылар кімнің кім екенін Бәкизатқа тым кеш ұқтырды, бірақ ақиретке осыны түсініп кеткен оның жаны күйзелмейтініне сенгің келеді. Романдағы Жәдігер мен Бәкизаттың жұбайлық, тұрмыстық қарым-қатынастарының Арал теңізіндей тартылып біткені тегін емес еді. Олардың өміріне әлдебір суық қол сұғанақтық жасаған. Біз оларды тап басып айта алмайтыныз да – Арал қасіретіндей. Осынау екі экологияның тамыр түбіне ден қойсақ, көңіл көншітер ештеңе көре алмайсың. Кейде біз экологияны тек табиғат апаты деп есептеп, оны тар мағынада түсініп жүрген сияқтымыз. Жәдігер-Бәкизат-Әзім үштағаны отбасылық, тұлғалық, тіптен ой-сана экологиясы емес пе екен?!

«Соңғы парыздың» – «Сондай да бір күн болған», «Сондай да бір түн болған» атты екі кітабы осылай баяндалып, ауыр қасіретпен аяқталады. Және осы тақырыптар романның негізгі атауы болуға тиіс. Ал «Соңғы парыз» сөзі роман тақырыбымен ешбір жағынан мағыналық бірлікке келе алмайтындай. Бұл Әбекеңе қатысты Сөз сияқты. Аса көрнекті қазақ жазушысының бұл романынан алған әсеріміз, жасыратыны жоқ, бұдан да көп еді. Әбекеңнің қарапайым, әйтсе де аса бай тілі, түрлі көркемдегіш құралдар мен теңіз пейзаждары, реалды суреттер (машинамен мұзға тіскен сәт, үсіну, мұз үстінде тайғанақтау т.т.), этномәдени құндылықтар, ұлттық тип пен характерлер айта берсең, таусылмақ емес. Өз тарапымнан күрделі шығарманы түсінуде артық айтып, кем түскен сәттер кездесетін болса, қалың көпшіліктен һәм автордан кешірім өтінемін. Себебі, шығармадан алған әсер, ондағы реалды өмірдің кейбір жақтарын көріп сезуім қолыма еріксіз қалам алдырды, соның нәтижесі осы екенін оқушы ретінде айта кеткім келеді.

Ал, Ә.Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романының көркемдік-эстетикалық мәні, тақырыптық деңгейі, ұлттық ойлау жүйесіндегі жаңашылдығы жөнінде дер кезінде айтылған академик-жазушы Әбіш Кекілбаев пікірлерін, сондай-ақ бұрыңғы А.Сүлейменовтің, кейінгі Анатолий Ким, Н.Анастасьев, Г.Бельгерлердің дәйекті ой-тұжырымдарын көпшілікке ұсына кетсек, ешкімді теріс жолға салып жібермейтініміз рас. Өйткені, көркем шығарма көркем талдауларсыз ешқашан өмір сүрмек емес. Бірін-бірі толықтыратын өнер салалары да бағалы металл сияқты: құрамында көптеген құнды, қасиетті элементтердің болатынындай. Өмірдің тарихи да, әлеуметтік те растылығын сөзбен сомдаған тіл мен ойдың қас шеберіне неге бас имеске?!

Ермек ҚАНЫКЕЙҰЛЫ,

филология ғылымдарының кандидаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір