Әлем таныған Әбең
22.10.2019
1811
0

Кейде бір халықты әдебиеттегі тұлғаларды тану арқылы, біліп, бағалап жататынымыз бар. Қытай десек – Конфуций, Ресей десек – Пушкин, Жапон десек – Басе, Үнді десек – Тагор ойға оралады. Ал әдебиет әлеміндегі ірі тұлғалардың достығы, бұл – ұлттар әдебиетінің де достығы. Әбді-Жәмил Нұрпейіс – шығармашылығының тереңдігімен қатар, заманның озық ойлы тұлғаларымен етене жақын бола білген қаламгер. Назарларыңызға  қазақ әдебиетінің классигі жайлы айтқан достарының әр жылдағы пікірлерін ұсынуды жөн көрдік.

Әбді-Жәмил Нұрпейістің «Ымырт» романы («Қан мен терді» айтып отыр. — ред) бізде алғаш рет басылды. Кітаптағы желі Октябрь революциясы кезіндегі Арал балықшыларының өмір тұрмысынан өрбиді. Арал балықшыларының өмірі орыс оқырмандарына таныс болғанымен,  француз оқырмандарына аса белгілі емес. Нұрпейісовтің кітабы адам өмірі құнсызданған тұстағы, адамдар бір-біріне келгенде қасқырға айналған қуғын-сүргін кездегі халық билігі хақында жазылған. Бұл – патша зорлық-зомбылығының, жүйесіздік пен заңсыздықтың шырғалаңы еді. Патша әскерлері қазақтың өмірі мен тағдырына өзінше үкім жүргізіп, алайда  мәдениеті мен салтына, күнделікті тұрмысына ешқандай қызығушылық танытпады.

«Бұл кітаптың оқырманы зұлымдық пен мейірімнің нақты айырмасын таба алмайды. Кейбір кейіпкерлер романның шарықтау барысында көз алдыңда өзгеріп сала береді.

…Казаков «Ымырттың» авторын оқыр­мандарға біздің сериалымыздан шыққан «Абайдың жастық шағы» романы арқылы таныс Мұхтар Әуезовпен салыстыра келіп, Нұрпейісов жайында өте жақсы пікір айтса да, мен одан да асып түспекпін. «Ымырт» – қазақ романдарының даму барысындағы жаңа саты болып табылатындығын атап айту керек.

Мұндай тартымды да терең роман соң­ғы кезде ұшыраспаған еді. Оны бүгінгі әде­биет­тің, мейлі ол америка әдебиеті, мейлі француз әдебиеті немесе басқа әдебиет болсын, үлкен туындылармен салыстыруға әбден болады. Сондықтан КСРО-дан сырт жердегі тұңғыш тәржімасы болып табылатын «Ымырттың» француз тілінде жарық көруін біз өмір сүріп отырған романтикалық заман жайында түсінігімізді кеңейтуге септігін тигізетін маңызды оқиға деп қарауымыз керек».

Луи АРАГОН (Франция)

«Егер маған еңбексүйгіш әрі талапшыл, өзім таңдана құрметтейтін таныс жазушы жөнінде жазуға тура келсе, онда әлбетте, керемет талант иесі Әбді-Жәмил Нұрпейісов туралы жазар едім. Бірнеше жыл бұрын тосын оқиға болды. Жазушының көп жылдық еңбегі саналған үлкен кітап баспаға беріліп, шығатын болып келісілді. Бір күні баспагерлер таңданған кейіппен оны автордың өзі қайта алып кеткенін баян етті. Жоқ, ол кенет оқырманның талқысанан жүрексінетін жеңілтек не жаңадан жаза бастаған жазушы емес еді. Бұл қазақтың мойындалған романшысы болатын. Жазушы қолжазбаның үстінен қайта жазу үшін кітабын алып, көп айлар шығарманың басынан аяғына дейін жазып шықты. Біз сонда таңдана қарадық.

…Көп жылдан бері Нұрпейісовтің кітабын оқимын, оның талантына, сапалы прозасына ғашықпын, көбіміз одан үйрендік, мол әңгіме-дүкен құрдық, онымен әр кездескен сайын өз әлемімде оны жаңадан ашамын. Адам ретінде, сұхбаттас ретінде ол – әрқашан тереңдігімен, сабырлығымен, даналығымен ерекшеленеді. Ол өз шығармашылығында да осылай.  Бай әрі құнарлы қазақ тілі, нақты һәм шынайы бейнелер, жан толғандыратын  қоңыр мұңды дала поэзиясы, күрделі психологизм мен шиеленіскен драмалық оқиғалар – мұның бәрі Нұрпейісов романдарында қорытылып, халық өмірінің шебер суреттерімен, автордың үлкен адамгершілігі мен азаматтық ұстанымымен  астасып көрініс табады».

Шыңғыс АЙТМАТОВ (Қырғызстан)

***

«Меніңше, ол – қазақ топырағына кө­ші­рілген орыс классикалық роман дәстүрін жалғастырушы. Белгілі бір дәрежеде мен Нұрпейісовті Лев Толстоймен салыстырар едім».

Лили ДЕНИ (Франция)

«Өмірдегі әділетсіздік атаулыға қарсылық білдірген қаламгер қарапайым тілмен үлкен шындықты айта білген. Осынау сөз саптаудағы қатал кірпияздығының арқасында Нұрпейісов өзіне ғана тән таңғаларлық қолтаңбасы бар, заманымыздың ең терең жазушыларының бірі дәрежесіне көтерілген».

Жан МОНТАЛЬБЕТТИ (Франция)

«Таланты тарихи романда жарқырап көрін­ген ол қазақ әдебиетінің ұлы өкілдерінің біріне айналды».

Альбер ФИШЛЕР (Франция)

 «Трилогия классикалық орыс прозасының дәстүрінде жазылған. Эпикалық құлаш, терең суреткерлік, қилы кейіпкерлер галереясы, көркемдік шеберлік еріксіз «Тынық Донды» еске түсіреді. Осы ретте Нұрпейісовті қазақ әдебиетінің Шолоховы деуге болады».

Аугуст ВИДАЛ (Испания)

«Соңғы парыз» – бүгінгі күннің бас тақырыбына арналған түйінді роман. Роман біз бастан кешкен адыра қалған арман, ақталмаған үміт, зая заман жайлы. Роман финалы таң қаларлық. Автор аспан құлап жерге түскендей заманақырлық пессимизмді қалай еңсерген. Бәрі  – қарапайым. Тіл безеу атымен жоқ».

Анатолий КИМ (Ресей)

«Соңғы парыз» – терең мұңды дүние екен. Оқығаныма әлденеше күн өтсе де, өн бойымды баурап алған сенің сол ұлы мұңыңның әсеріндемін».

Мұстай КӘРІМ (Башқортстан)

«Ымырт», «Сергелдең», «Күйреу» атты осынау үш кітапта алып әлем бейнесі сомдалған. Бір нәрсе анық: ол – қазақ әдебиетіне көркемдік қуаты зор ұлттық эпопея келіп қосылғаны. Нұрпейісов романы – дала психо-логиясының энциклопедиясы. «Қан мен тер» – ұлттық ғарышқа тән мінездер галереясы.

Лев АННИНСКИЙ (Ресей)

«Осынау ұлан-ғайыр әдеби арманның жүзеге асуы нені көрсетті дейсіз ғой, алдымен М.Әуезовтің эпикалық дәстүрін бізге жақын заманның тарихи материалында жалғастырған және дамытқан жазушы шыққанын көрсетті. ….Тұрмыс тауқыметтерінің суреттеріне толы осынау реалистік эпос қаһармандық эпос деңгейіне көтерілген».

Феликс КУЗНЕЦОВ (Ресей)

«Теңіз тартылып жатыр. Кезінде балық тулаған тордың мыңсан көзінде бүгінде қысыр жел ойнайды. Кезінде ел сыңсыған жағалау, құба белдер бүгінде құлазып жатыр. Әбдіжәмил дилогиясы тірілткен өмір сиқы осындай. Қаны сорғалаған сормаңдай тақырып. Жаралы жан азабы. Осынау алақандай балықшы ауыл тағдырының сыртында бұлаңдап әлем қасіреті бой көрсеткендей. Әлемдік экологиялық апат бой көрсеткендей. …Нұрпейісов одан әрмен сілтейді. Ол романын тұтас лирикалық ой-өрімге құрады. Мұндайды мен әдебиетте бұрын-соңды кездестірмеген сияқтымын. «Қан мен тер» шыққаннан кейін Нұрпейісовті «қазақ Шолоховы» деп жатты. Теңеу негізсіз емес сияқты. «Тынық Дон да» – эпос, «Қан мен тер де» – эпос. Шынымды айтсам, бұл теңеу маған сол кездің өзінде онша оғаш көрінген жоқ болатын. Ал енді, міне, «Соңғы парызды» оқығаннан кейін сол алғашқы көзқарасымның растығына деген сенімім беки түсті. Әдебиетте ылғи да біреуді біреуге теліп жататынымыз бар. Бұл өзі табиғи нәрсе. Онсыз болмайды. Ендеше телу керек екен, мен оны Уильям Фолкнерге телір едім. «Соңғы парыз» – әдебиетте маңызы «Қан мен терден» кем емес оқиға. Тіптен жазушы барған нартәуекел қатерін таразылар болсақ, маңызы одан да асып түсуі мүмкін…».

Николай АНАСТАСЬЕВ (Ресей)

«Меніңше, роман («Соңғы парыз») – алда келе жатқан алапат апат тынысы сезілген дәуірдің айқын құжаты, куәлігі. Сіздің романыңыз сондай құжат. Сіз жақын болашақта Жер тағдыры қалай болатыны жайлы бүгін-ақ куәлік бердіңіз».

Болот ШӘМШИЕВ (Қырғызстан)

«Сенің романыңа арқау болған («Соңғы парыз») оқиғалар – әлемдік маңызы бар проблемалар».

Леонгард КОШУТ (Германия)

«Біз, мына Батыс оқырмандары, француз тіліне аударылған нағыз қазақ қаламгерлері ретінде Мұхтар Әуезов пен Әбді-Жәмил Нұрпейісовті мысалға келтіре аламыз. Әуезов жайлы айтқанбыз, енді Нұрпейісовті атап өткім келеді. Иә, Қазақстан мақтана беруіне болады. Революция шапағымен бірге азаттық пен әділеттік жолында өз халқының қасіреті мен ұлылығын паш еткен нағыз жауһар  шедеврлер бере білген жазушыларымен мақтана беруіне болады. Осының бәрі бір буын ұрпақ жазушыларының маңдайына жазылыпты».

Жорж БУЙОН (Бельгия)

«Аса құрметті Әбді-Жәмил Кәрімұлы!

Б.Панкин Сіздің «Соңғы парызды» біздің баспаға ұсыну туралы түбегейлі шешім қабылдағаныңыз туралы хабарлады. Сол үшін рахмет Сізге! Мен романды аса мұқият оқып шықтым. Сондықтан да өз сөзіме өзім толық жауап беремін, романда ешқандай да ұсақ-түйек нәрсе жоқ. Бізге сенім артқаныңыз үшін Сізге тағы да алғыс білдіремін. Басып шығару жұмыстарын қолға ала отырып, біз бір нәрсені түсінеміз, ол – біздің заманауи әдебиет классигімен жұмыс істеп отырғанымыз. Және ол біз үшін зор құрмет. Соған сенімді болыңыз!»

Владимир МИЛЮКОВ (Ресей)

«Қазақ даласындағы бір аяулы есім – Әбді-Жәмил Нұрпейісов. Франция, Германия, Бельгия, Испания, Болгария, Словакия, Қытай және Ресей жазушылары мен сыншыларының пікірі бір жерде тоғысады – «Қан мен тер» трилогиясы мен «Соңғы парыз» дилогиясының авторы ірі суреткер, мэтр, әлем әдебиетіндегі елеулі құбылыс дегенге саяды».

Герольд БЕЛЬГЕР

«Тауратша терең әрі дүлей үскірік осы бір кітапты жүгіртіп емес, жайлап оқу керек, әсіресе біздің мына қағынған қанды заманда. Оқу керек, қайта оқу керек. Әрине, толық ояна қоюыңыз қиын болар, бірақ мына өзін-өзі ұйыққа, ажалға қақпақылдап бара жатқан әлемде, ең болмағанда, қас-қағымға ес жию үшін сөйту керек. «Соңғы парыздың» ғасырлар мен мыңжылдықтар тоғысында, Қазақстан тәуелсіздігіне ие болып жатқан жаңа дәуір елең-алаңында өмірге келуі, онда да қазақ әдебиеті ақсақалының жазу үстелінде өмірге келуі тегін емес. Қайда барамыз? Бізді, кешегі кеңестік империя құрлығынан бөлінген мына бізді тіршілік сеңі қайда алып бара жатыр? Құрғаған теңіз… күйген дала… осы ма сіз бен біз мақтаған ғылыми-техникалық прогресс… Тәніңді ғана емес, жаныңды іріткен ондай прогрестен жазушы ат-тонын ала қашады, түңіледі… Кітап финалынан дәстүрлі «хеппи енд», немесе «бақытты сөз соңын» іздеп әуре болмаңыз. Жамандықты түбінде жақсылық жеңетін еді ғой деген әлжуаз үмітіңіз де ақталмайды. Осылай бола бермек. Адам өзінің біліп немесе білмей істеген, соның салдарынан өзін де, өзгені де өлімге итерген іс-әрекет амалдарынан, ниеттерінен, бағыттарынан бас тартып, тәубеге келмейінше осылай бола бермек».

Владимир БАДИКОВ

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір