Мәдениеті биік елдің мәртебесі биік
Мәдени саясат – қоғамның негізгі құндылықтары мен бағыттарын, жеке тұлғаның жасампаз болмысын қалыптастыратын әрбір өркениетті мемлекеттің басты идеологиялық тұғырнамасы. Мәдени саясатты жаңғырту қажеттілігін түсіне отырып, ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев 2014 жылғы 17 қаңтардағы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Қазақстандықтардың бәсекеге қабілетті мәдени ментальдігін қалыптастыруға, заманауи мәдениет кластерлерін дамытуға бағытталған елдің мәдени саясаты дамуының ұзақ мерзімді тұжырымдамасын әзірлеу және бекіту» туралы нақты міндет қойған болатын. Жолдауды жүзеге асыру мақсатында ҚР мәдени саясатының ұзақмерзімді Тұжырымдамасы дайындалды. Бұл 2050 жылға дейін Қазақстанның әлемдік мәдениет пен өнердің даму орталықтарының біріне айналуына мүмкіндік береді.

МӘДЕНИ САЯСАТТЫҢ ҰЗАҚМЕРЗІМДІ ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ
Мәдени саясаттың ұзақмерзімді Тұжырымдамасы – тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет әзірленген құжат. Оның маңызды бағыттарының бірі – ұлттың «Мәдени коды» ұғымы. Ол жеті қазынаның жеті негізі – мұра, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, тіл, отбасы, шаруашылық жүйелері мен мерекелерден құралады. Тұжырымдамада шығармашылық және мәдени-туристік кластерді дамыту қарастырылған. Оның ішінде шығармашылық кластер – мәдениет пен өнердің жеке салаларын дамытуға, ал мәдени-туристік кластер аймақтардың мәдени ортасын қалыптастыру жолындағы шығармашылық белсенділікті қолдауға, дәстүрлі кәсіп пен қолөнерді жаңғыртуға бағытталған жалпы стратегияның бөлігі ретінде қарастырылады. Жаңа мәдени саясаттың стратегиялық қозғаушы күші – Қазақстан халқын өзінің бай мәдени мұрасымен және шығармашылық әлеуетімен Қазақстан Республикасын әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіргізу мақсатына ойдағыдай қол жеткізуге жұмылдыруға үндейтін «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы жылдары мәдениеттің дамуындағы ерекшеліктер ел ішіндегі саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайларға тікелей қатысты болды. Бюджеттік қаражаттың жеткіліксіздігінен мәдени ошақтардың қызмет аясы тарылды (әсіресе, гастрольдік және көрме жұмыстары), бұрынғы тегін қызмет көрсету орындары ақылы қызмет орындарына ауысты, кітапхана, мұражай, мұрағат қорлары азая бастады. Қазақстанның өз ішіндегі және БҰҰ-мен мәдени-рухани қарым-қатынастар тоқтатылды. Осындай келеңсіздіктердің салдарынан шетелдік мәдениеттің нашар үлгілеріне еліктеушілік белең алды. Бұған тосқауыл қою үшін мәдениет саласындағы саясатты қайта қарастыру қажеттілігі туындады.
Тұңғыш Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2012 жылдың 14 желтоқсанындағы «Қазақстан-2050» стратегиясы: Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Дәстүр мен мәдениет – ұлттың генетикалық коды. Патшалықтың, төңкеріс дүмпуі мен тоталитаризмнің барлық ауыртпалығы мен қиыншылықтарына қарамастан, біздің еліміздің аумағында тұратын қазақтар және басқа да халықтардың өкілдері өздерінің мәдени ерекшеліктерін сақтай алды. Тәуелсіздік жылдарында жаһандану мен вестернденуге қарамастан, біздің мәдени іргетасымыз беки түсті. …Біз өзіміздің ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді осы әр алуандығымен және ұлылығымен қосып қорғауымыз керек, мәдени игілігімізді бөлшектеп болса да жинастыруымыз керек», – деді.
ТАРИХ БЕТТЕРІНЕН…
Тәуелсіздіктің өтпелі кезеңінде еліміздің мәдени-рухани ахуалын жақсартуға бағытталған шаралардың барлығы дерлік кеңестік дәуірде қалыптасқан нормативтік-құқықтық актілер мен ережелерді негізге ала отырып жүргізілді. Ал тәуелсіз даму жолында мұндай заңнамалық актілер мен нормативтік ережелер жарамсыз екендігі байқалды. Бұл елдің мәдени-рухани келбетін дамыту үшін жаңаша жолды таңдауға итермеледі. Осыған орай 1992 жылдан бастап мәдени құрылыс аясында ҚР Мәдениет министрлігінің ұйымдастыруымен бірқатар жұмыстар жүргізіле бастады. Мәдениет саласын қазіргі заман талаптарына сай дамыту мақсатында, ҚР Президенті жүргізген мемлекеттік саясат аясында, Ұлттық Кеңеспен бекітілген әлеуметтік-мәдени даму Концепциясы, ҚР Мәдениет министрлігінің «Бүгінгі таңдағы мәдени саясат» Концепциясы қабылданды. ҚР Ата Заңы 1993 жылы елдің мәдени-әлеуметтік деңгейін көтеру жөнінде мемлекеттік саясатты заңды түрде бекітті. Оның 24, 27-баптарына сәйкес барлық азаматтардың көркемдік, ғылыми және техникалық шығармашылықпен шұғылдану еркіндігі кепілдікке алынды.
Мемлекеттік мәдени саясаттың басты мәселелері: адамдардың рухани байлығын арттыру, еңбек пен халық тұрмысының биік мәдениетін қалыптастыру, жеке тұлғаның зиялылығын жан-жақты дамыту, халықтар арасындағы өзара қарым-қатынастың беріктігін қамтамасыз ету, сондай-ақ, Қазақстанда тұратын халықтардың көпғасырлық мұрасын сақтау, мәдениетті биік сатыларға жеткізу үшін мемлекеттік деңгейде моральдық және материалдық қолдау жасау болды. Бұл орайда Қазақ КСР-і кезіндегі «Тарих және мәдениет ескерткіштерін сақтау әрі қорғау» жөніндегі Заңның (1978 жылғы) орнына жаңа «Тарихи-мәдени мұраларды қорғау және сақтау» Заңының қабылдануы маңызды рөл атқарды. Жаңа Заңның ерекшелігі: онда материалдық ескерткіштер секілді рухани мәдениет түрлеріне де толық классификация берілді. Тарихи-мәдени мұраларды Қазақстан халықтарының рухани-мәдени ахуалын дамыту мақсатында, сонымен қатар, ғылыми әрі тәрбиелік мақсатта пайдалану заңды түрде бекітілді.
Ал «Мәдениет туралы» Заң жобасының соңғы нұсқасы 1996 жылдың 24 желтоқсанында бекітілді.
Қазақстанның мәдени өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі – 1992 жылы қыркүйек айында Алматыда өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы. Оған 33 алыс және таяу шетелдерден белгілі ақын-жазушылар, ғалымдар, қоғам және дін қайраткерлері келді. Аталған шара қазақтың ұлттық мәдениетін шетелдерге танытудың, әлемдік мәдениет кеңістігіне шығарудың бастамасындай болды. Осындай маңызды шаралардың арқасында Қазақстан әлемдік қауымдастық назарына ілігіп, бірқатар беделі үстем халықаралық ұйымдарға мүше болып үлгерді.
Сондай-ақ, Қазақстанда тұратын ұлттар мен ұлыстардың рухани деңгейін көтеру жұмыстарына да ерекше назар аударылды. Бұл орайда 90-жылдары барлық ұлтқа ортақ мерекеге айналған «Наурыз мейрамының» өткізілуін айрықша атап өтуге болады.
МӘДЕНИЕТ – АДАМНЫҢ ЖАН ӘЛЕМІ
Жалпы, мәдениет дегеніміз – тарихи құбылыс. Ол адамның өз қолымен, ақыл-ойымен жасағандары мен жасап жатқандарының бәрін түгел қамтиды. Оның дәрежесі мен сипаты қоғамдық өмір жағдайларына байланысты өзгеріп отырады. Тарихи дәуірлердің алмасуы мәдениеттің мазмұны мен түрлеріне елеулі өзгерістер енгізеді. Негізі, «мәдениет» ұғымының аясы өте кең. Оның маңызды бөліктері мыналар: мәдени әрекет, мәдени орта, мәдени игіліктер мен қажеттіліктер және мәдени ұйымдар мен ұжымдар.
Мәдени әрекет дегеніміз – мәдениет игіліктерін өндіруге, таратуға, тұтынуға бағытталған әлеуметтік іс-қимылдар. Мәдени игіліктерді үздіксіз жасау нәтижесінде адамның мәдени деңгейі көтеріледі. Мәдени әрекеттің қайнар көзі, қозғаушы күші – ғылым. Ол адамның мәдени қажеттіліктерін арнайы қарастырады. Мысалы, өмірдің мәнін іздеу, қоғамнан өз орнын табуға ұмтылу, шығармашылыққа құмарту, альтруизм немесе басқаларға риясыз қызмет етуге тырысу, адамгершілік қасиеттерді сіңіру, т.б.
Мәдени орта әлеуметтік ұйымдар мен ұжымдардан, рухани мәдениетті сақтау және насихаттау ұйымдарынан (мұрағаттар, мұражайлар, кітапханалар, клубтар, т.б.) тұрады. Негізгі сипаты – адамдардың тұрмыстық мәдени дәрежесі, білімділігі, кәсіптік шеберлігі.
Мәдениетті ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптан бөліп қарау дұрыс емес. Философ Иоганн Готфрид Гердер айтқандай, «салт-дәстүр – тіл мен мәдениет бастауларының анасы».
Мәдениеттің өзекті бөлігі — өнер. Таңбалы тастағы суреттер мен ежелгі адамдардың ырым-билерінен бастап, әйгілі қылқалам шеберлерінің мәңгілік туындыларымен жалғасқан, халықтың шығармашылық рухынан туған көркем дүниелерсіз, өнер әлемінсіз, қандай мәдениеттің болсын рухын сезіне алмасымыз анық.
Мәдениеттің ғажап көріністерінің бірі — адамның әсемдікке, сұлулыққа ұмтылуы. Демек, мәдениет — адамның жан әлемі. Жалпы, мәдениет көріністері дегеніміз – ақыл-ой, парасат, ізгілік. Сонымен бірге мәдениет – адамды тұлға деңгейіне көтеретін негізгі құрал.
Гүлсім ЖАНҰЗАҚОВА