Туғандаймыз уақыттан ерте дара
15.10.2019
1274
1

(Cоңы. Басы өткен санда)

(Жарасқанға хат)

Осында шашырап, шашау шыққан артық-ауыс сөз бар ма? Таба алмайсыз! Дәлме-дәл, қысқа да нұсқа. Ақынның тағдырын, әлемін, мінезін, болмысын танығысы келгендер осы өлеңді оқысын, оқысын да «ақынмын» деп жүрген талайларды таразының табағына салсын! Көкбөріше көкке ұлыған, аш қасқырша айдалаға көз алартқан арманда ақын, шерменде шайыр арамызда аз емес шығар-ау, бірақ шамадан тыс Айға шапшыған шайырды көрген емен. Олай дейтінім, Алматыға келгелі бергі өмірімде осынау «өз үйім, өлең төсегіммен» мен пақыр не көрмедім, не кешпедім?! Бәріміз де – отбасы-оразғарлымыз, бәріміз де «қатын-бала қамы үшін» қам-харекетте жүрген Құдайдың құбақан құлдарымыз. Сөйте жүріп пенделік тіршілікке тізгін бергіміз келмей үйден безіп түзді аңсайтынымызды, жардан «жеріп» қызды аңсайтынымызды қайтерсің… Аталмыш «аурудан» сен де ада-күде емес едің-ау, Жарасқан.

«Ат айналып қазығын табады,

Жарасқан айналып Нәзігін табады» деген афоризм әйтпесе қайдан шықты деп ойлайсың? Жәйдан-жәй айта салған, немесе ойдан құрастырыла салған қызыл-қыртпа сөз болса, бүгінге дейін жұрт аузында жүрер ме еді?!

(Оқи отырыңыз)

«ТУҒАНДАЙМЫЗ УАҚЫТТАН ЕРТЕ ДАРА…»

Есіңде болар, Жарасқан, көбіне-көп қауышатын жеріміз «Қаламгер» емес пе еді? Кешкілік кездесіп, түн ауа әрең «ас қайыратын» сол бір аяулы сәттер қапелімде қайдан естен шыға қойсын… Кеседегі әлгі айкәпірден бірер мәрте тартып, тастап жіберген соң-ақ көгендегі қозы-лақтай жан-жақтан жамырай жөнелмейтін бе едік?!. Әлден соң Жұматайдан көз жазып қалатынбыз. Әжетін өтеп оралатын шығар десем, әдеті сол екен. Онсыз да өңді жүзі қызылшырайлана баптанып отыратын төре тұқымы сол-содан ертесіне бір-ақ төбе көрсететін. «Мұның не, айтып кетпейсің бе?» деп реніш білдіре бастасам, «Сіз әлі, Исақа, білмейді екенсіз ғой, мұны английский кетіс дейді», – деп түк болмағандай мұртынан жымиып тұратын. «Кім ұлы, кім классик?» дейтін өмірбақи бітпейтін де күтпейтін күн тәртібіндегі мәселе қаншама қауышсақ та, қаншама тауыссақ та, келесі отырысқа қала бертін еді-ау… Енді қайтып келместей, көрместей керілдесіп-керісіп, тіпті, жаға жыртысып қалатын кездеріміз болса да, ертеңіне сол баяғы зілсіз-салмақсыз «зікіріміз» жалғасып жүре бермейтін бе еді, Жарасқан?..

Ж. Әбдірашев

Қазір ойлаймын, «жап-жақсы бас қосып, жарыса өлең оқып, неге жараса алмай тарқаушы едік?» деп. Оның жауабы маған да, саған да айқын, анық: жарыса оқитынымыз — бәріміз де ақынбыз, ал ақынның ішкі «Мені» мың жерден дос, жора болсаң да, бір Құдайдан өзгені мойындамайды! Ал жараса алмай тарқайтынымыз… ол да түсінікті. Бір үйдің үйелмен-сүйелмендері керілдесіп-керіспейді деп кім айтты сізге? Тіпті, кетісіп қалатындары да болады ғой… Ал біз, қанша дегенмен, ақындармыз, ақын болғанда да — Абай атаның пенде кейіптегі періште пейілді балаларымыз!!! Сондықтан да біздің қайсыбір «қызықтарымыз» бен «қылықтарымызды» жанымыздағы жарымыз да, жаннан артық, айналайын жамағатымыз да кешіреді, кешіріп қана қоймай атымызды аңызға айналдырып, елжіреп те, еріп те айтып жүреді!..

«…Өмір бізге үйіндей әкеміздің,

Жібереміз әкесін қатеңіздің…»

Немесе:

«Ерке бала көнбейді

         қақпайлауға,

Таяқты да көп жейді ерке бала…»– деп мұны өзің де өте-мөте дәл, жеткізе айтқансың, Жарасқан.

…Сенің сол қылығың мен қызығыңның бір-екеуі еске түсіп отыр. Енді айта беруге болатын шығар. Алматыға кеш те болса келген кезім. Жоғарғы партия мектебінің тыңдаушысымын. Сабақтан босасам болды, Одаққа тартамын. Кешкі әлетте, әрине, әлгі «Қаламгер»… Сендер де біздің жатақжайға келгіштеп жүрдіңдер. Жатақжай дегенім болмаса, кәдімгі бір бөлмелі үй. Жағдайым жақсы. Стипендиям да оңды. Қысқасы, тәп-тәуір-ақ қоңдымын. Соны біліп алған соң ба, кейінгі кезде, тіпті жиі келгіштеп кеттіңдер. Кейде преферанс сызатын кездеріміз болады. Әйткенмен, әлгі өлеңі түспегірдің арқасында айтысып та, тартысып та қалатын тұстарың аз болмайтын. Сонда мен: «әй, сабаздарым, шаңыраққа қараңдар, шаңыраққа!..» деп жүріп әрең дегенде шығарып салушы едім-ау… Бір күні…Шөмішбай екеуің келіп тұрсыңдар. Күндіз. Демалыс болатын. Айтқандарың мынау: «Исраил, сенің бізге деген жақсылығың әбден өтіп кетсе керек, кешелі-бүгін ұятымыз оянды. «Сыйға — сый…» деген, сені енді қонаққа біз шақыра келдік. Қашанғы «Капиталды» қажай бересің, бізбен бірге жүр, біраз көңілінді көтеріп қайт…» «Шақырғанда бармасаң, шақырғанға зар боласың» — үшеуміз тарттық та кеттік. Шамасы, бірінші Алматы жақ болуы керек, тым шеткері. Сабаздарым дайындалған-ақ екен,  шағын пәтер кіріп-шығып жүрген қыз-келіншектердің біреуінікі болуы керек, сыртта самаурын, іште дастархан жаюлы. Әкелген оны-пұнымызды ортаға қойғанда одан сайын жайнап кетті.. Үш ақын төрге қаздай қатарласып, тырнадай тізіле қалдық. Мұндайға Шөмішбай ылдым-жылдымдау екен, сөздің де, шөлмектің де тығынын ашып жатқан сол. Үр қызындай үргедек ұрғашы немелерің де бір-біріне қарап жымың қағысады. Әңгімеміз әнтек жарасып, алғашқы рөмкені ауызға енді жақындата бергенде ентігіп-екпіндеп Нәзігі құрғырдың кіріп келгені! Аузымыз ашылған күйінде аң-таңбыз. Бұрын естігенім болмаса, көрмеген екем, Нәзік – нәзік десе, нәзік екен, колында – қылдай талшыбық. Ары-бері ырғап-жырғап қалғанда әлгіңіз, бетін аулақ қылсын, құдды ысқырынған жыланнан аумайды-ау, жыланнан! Жаңа ғана жайылған дастархан жайына қалды. Үшеуміз де үйден атып-атып шыға келдік. Бір ғажабы, Нәзік әлгі ұрғашы құрбыларына кайырылып та, бұрылып та қараған жоқ, ләм-мим де демеді, бар білгені — үш бірдей ақынды алдына салып айдап келеді. Аракідік: «Исраил аға-ау, мына екеуіне неғып еріп жүрсіз, бұл оңбағандар сізді бұзғаннан басқа не біледі?» –  деп қояды. Сенен әзіл қалған ба: «Тапқан екенсің періштені, Исраил мұнда тек оқуға келген жоқ, бізді оқытуға да келген», – деп одан сайын отқа май құя түсесің. Нәзік біресе саған, біресе Шөмекеңе шыбығын үйіреді, «аға» деп сыйлағаны ма, қайдам, маған жуықтамайды. Жуықтағанда не дей қоюшы едім, онсыз да бетім ұяттан өртеніп келе жатса… Абырой болғанда, отырысты енді бастағанымызды айтсайшы. Әйтпегенде… Қаланың бір пұшпағындағы құйтақандай ғана бір пәтерде отырғанымызды Нәзік қалай біліп, қалай тапты,  көпке дейін біз осыған таң қалып жүрдік. Сірә, сыпсың сөз бен «сымсыз телефон» дәл осы арада қапысыз істеп кеткен болуы керек… Жал-жаясы болмаса да, жайылған дастарханның ащылы-тұщылы дәм-тұзы тіске кірмесе де, түске кіргендей-ақ еді-ау, шіркін… Амал нешік, бұйырмады…

* * *

Адам ең алдымен өзіне-өзі сыншы бола білуі керек. Өзіңді танымай жатып өзгеге өзеуреу — не астамшылдық, не ақымақтық. Басқан ізіңді бағалап, саралап отыратын ішіңдегі сол Сыншының қас-қабағын бақсаң, әділдік, шыншылдық, даралық, даналық қасиеттері ерте ме, кеш пе ақжолтай бейілмен алдыңнан шығып отыратыны анық. Сенде осы сыншылдық қасиет тым ерте байқалды, бертін келе толайым қалыптасты. Біздің тобымыздың ішінде әрі ақын, әрі сыншы атанған да ең бірінші өзің едің. Қадамыңа қарайлап, қабағыңа маңайлап,кейін келе біз де сынға араластық. Артық-кем айтты деп ешкім кінәлай қоймас, алдыңғы көш — ағалардың жазған-сызғанына да, өзімізден кейінгі буынның қалт-құлт қадамына да егіз қатар қалам тарттық. Ащы айтқан да, ашынып айтқан да кездеріміз болды. Әсіресе, сен бұл орайда «Тура биде туған жоқтың» туын жықпауға тырыстың. Басынан сөз асырғысы келмейтін әлдебіреу­лерге, әрине, бұл ұнай қойған жоқ.

« Әй, ант атқан, ант атқан,

Осал жерін ерлердің

Қалай ғана дәл тапқан?»–деп Қадыр ағаң айтпақшы, оңтайлы тұста осал жерінді оңдырмай жаралап, опық жегізгендер қашықта емес, қасыңда-ақ жүрді. Әншейінде күпі киіп, күпілдесіп жүргенімізбен, жеме-жемге келгенде арашаға жарамай біз қалдық. Сонда да сен өз жүрісіңнен жаңылған жоқсың, өз үйіріңнен саяқсыған жоқсың, керісінше, қайтпас қайсарлығыңа бақтың! Әйтпегенде «Найзағайлы жаз» қай жүлде-марапатқа да әбден лайықты бірегей жырлар жинағы болатын. Әйгілі «Ақ бұлағың…»да, «Екі Жарасың» да, «Ақын кетіп барадың» да, «Сыған саздары» топтамаң да осының ішінде! Одан кейін «Дала, сенің ұлыңмын» келді дүниеге. Дүйім жүртты дүрліктірген Қадыр ағаның дүр кітабы — «Дала дидарынан» соң көп өтпей-ақ тумысы мінсіз тұтас дүние жаратуың, шынын айтсақ, сенің қайтпас қайсарлығың һәм ерен ерлігің еді! «Соғыстан соң туғандарды» да сен Өтежан ағаңнан бұрын жаздың. Қай-қайсысында да өрлік, өжеттік рух оптимистік сарынға жал толқындай жармасып, жалғасып, ұласып жатты…

Оптимистік демекші, сендегі осы бір өзімшіл емес, өміршіл ғажайып қасиетке осы күнге дейін өз басым қайран қаламын. Басқаны қайдам, менің көз алдымда айлакер сұм Ажалмен де реті келгенде қақпақыл ойнап, шіреті келгенде әзілің жарасып өткен жан сияқты көрінесің де тұрасың. Сен онымен, шыны керек, арпалысқан жоқсың, арбастың. Ол сенің мазаңды алса, сен оны мазақтадың. Ол сені кейісе, сен оны келемеждедің. Мен сенің осы бір мінез-құлқыңа түсіне алмай-ақ қойдым. Ажал есік қаққан кезде, қаладың-қаламадың, кірмей қоймайтын әдеті бар. Ал сен оған баяғы баба салтымен, бала қалпыңмен есікті ашып тастадың. Кіргіздің. Төрге оздырдың. Төс қағыстырмасаң да, тост тоғыстырдың. Бір келді — ала алмады, екі келді – ала алмады, ақыры амалдап жүріп айла асырды. Өйткені Ақынды бұлдау – қиын, алдау – оңай. Түсіне алмағаным, айтшы, сондағы сенің бұл қай қылығың? Үлкенді де, үркерді де мақтамен оңдырмай бауыздай салатын анау эпиграммаларыңдағы ғадетіңді Ажалға да артпақ болғаның ба? Әлде…сол аяр неме саған осыдан әлденеше жыл бұрын аян беріп пе еді?.. Ішіңді сары су жайласа да, өз тағдырыңа соншалықты самарқау қарағаның не? Әлде мына бізге — сырт көзге солай көрінді ме?.. Не болса да мұны тек өзің ғана білесің… Бірегей, біртуар адамдардың өмір кешуі де, өмірден көшуі де, біртүрлі, тылсымдау, жұмбақтау болады деуші еді… мәселен, өзің құлшына, құмарта аударған Муин Бсису, анау Бетховен немесе Гоголь, Толстой сияқты… Айтпақшы, Есенинде де осыған орайлас бір өлең, бір өлең емес-ау, бір-ақ ауыз сөз бар:

Қарлы жапан. Жалғыз Ай

         адасып жүр көкте кең.

Мынау өңір, мына өлке 

 бұрынғыдан бөп-бөтен.

Ақ қайыңды қуарған енді қайтіп

                             көктетем?

Кім өтті екен өмірден?..

         Өзім өлген жоқ па екем?..

«Найзағайлы жазыңдағы» «Екі Жарас» о, тоба, осының нақпа-нақ жалғасындай әсер қалдырады екен:

Өзім және өзім жазған өлеңмен —

Екеу болып ғұмыр кешіп

         келем мен!

Кездерім көп қайырлаған

         қайғыға,

Кездерім көп қуанышқа кенелген.

 

Кездерім көп қия-құздан

         құлаған,

Кездерім көп ағыл-тегіл

         жылаған.

Кездерім көп,

Жыртып-жыртып жүректі,

Амалсыздан тағы

         қайта құраған…

 

Сезем бірақ (жүз өкініп,

         мың күрсін!)

Айырады ажал атты

         құрғыр сұм…

Бір Жарастың барар

         жері белгілі,

Бір Жарастың барар жерін

         кім білсін?!

Бар салмақ соңғы шумаққа түсіп тұр. Ақын «жүз өкініп, мың күрсінді» мына бізге, оқырманына, жан жарына… айтып отыр. Мың жерден мақта, жоқта – бір Жарастың енді қайтып келмейтіні, ортамызға енбейтіні анық. Ал екінші Жарас… әрі жадымызда, әрі жанымызда! Осыған шүкіршілік етейік!..

Исраил Сапарбай

 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 12.04.2020 | 12:16

Рахмет,Исрайыл аға! Сізге өтінішім бар, осындай дүниелерді көбірек жазыңыз,әйтпесе су татитын бөспе жазуларға әбден тойдық.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір