«ТУҒАНДАЙМЫЗ УАҚЫТТАН ЕРТЕ ДАРА…»
08.10.2019
1080
0

(Жарасқанға хат)

Ақынның жарық дүниеден кейінгі мекен-жайы — Жұмақ дейді ғой, жайың қалай, Жарасқан?

Исрайыл САПАРБАЙ, ақын

Кеше ғана түсіме ендің. Таңғы түс. Періште түс. Үстіңде ақ кастөм, ақ шалбар, қара көйлек. Баяғы сол сымдай керілген, артық-ауыс етің жоқ ашқұрсақ қалпың. Шашың да сол — еңкейгенде екі қолыңа тыным бермейтін, шалқайғанда екі иығыңа шашылып түсе қалатын. Тек қана мұртың қарайған ба, қалай?.. Бізден әудем жерде — оқшаулау тұрсың. Қолыңда қалам, алдыңда қара тақта емес, айыра алмадым, әлденелердің сұлбасы қарауытады. Оған бір, бізге бір бұрылып сөз суыртпақтайсың. Тәрізі, бірдеңелерді ұқтырмақ, тәптіштемек боласың, олай емес, былай дейтіндей… Қалам ұшымен әлгі қарауытқан сұлбаның сұрғылт тұсын төменге түсіріп, керісінше, қызғылт түсін көбірек көтергілейсің. Ұққаным: мына біздің сен турасындағы айтқан-дегеніміз бен жазған-сызғанымызға аса көңілің көншімейтіндей. Оның рас, аракідік жүріс-тұрысыңды, тура айтып туғанға жақпайтын қайсыбір «қисық-қыңыр» қылығыңды ауызға алғанымыз болмаса, тағдыр-талайыңа, аз жүріп, көп тындырған жазармандық жанкештілігіңе қайсымыз толайым ден қойып, дендеп бара алдық екен? Осы олқылықты бір толтырса, өзіңнің қаламдас досың (СағатӘшімбаев) мәймілдетіп-ақ толтырар еді-ау, амал не, ол да келместің кемесіне асыға мініп кете барды емес пе… Ауызыңнан шыққан сөзің баяу, әлсіз, біз тарапқа еміс еміс қана естіліп,бірде жетіп, бірде жетпейді. Тағы бір байқағаным, сен мұнда жүргенде кәдімгі ақсары жігіт болатынсың. Ал мына өңің…тым ашаң әрі бозғылтым… Әлсін-әлсін қарай бергенің болмаса, біз жаққа жақындайтын ыңғайың жоқ. Әр сөзіңді аңдып, аулап, бірақ толық ұғына алмай біз тұрмыз. Аралық — әудем жер…

Жарасқан Әбдірашев жарымен

Оянып кеттім. Қайсыбір жылы Кеңші­лік те осылай түсіме енген. Екеуміз жолдың екі жағында тұрмыз. Абай даңғылының екі жағында. Жолдың арғы бетінде тұрып алып маған «бері өт» дегендей қайта-қайта белгі береді. Сол баяғы керім-кербез, ерке серке, сері-селтең сыңаймен. Бір қолы қалтасында, бір қолын бұлғап мені шақырып әлек. Олай бір, былай бір жүргіштеп, маңғазданатынын қайтерсің. Жыным ұстады. Қитықтым да қалдым. Жасымды бұлдадым. «Кешелі-бүгін маған мұның қай өткізіп қойғаны бар? Иткөйлекті тоздырмақ түгілі, үш-төрт жас үлкен емеспін бе, бұл қай қылығы тағы да?» Өтсең «өзің өт, келсең – өзің кел»,– деп мен де тұрып алдым! Әрі-бері жүрді де, сол үндемеген күйі бұрылды да кете барды…

* * *

Хадис-шарифте айтады, пенденің пейілі мен пешенесінде үш түрлі түс бар деп. Біреуі — адами, яғни кәдімгі бәндәуи түс. Екіншісі — шайтани, яғни ібілістің ішке індеген сәті. Үшіншісі — періште, яғни таңғы әлеттегі таза түс. Алғашқы  екеуін  қаперге  алмауға  болады.  Қазекеңнің «Түс — түлкінің боғы» дегені осыған саяды. Ал періштелік түстің жөні де, жосығы да бөлектеу. Оны, жақсы болсын, жаман болсын, заматында жорытпасаңыз, зауқыңызды бұзады, жадыңызда жамбастап жатып алады. Өз басым екі түстің екеуін де жақсылыққа жорыдым. Неге дейсіз бе?

…Алматыға кеш келдім. Шымкент те нашар қала емесқой. Онда да қолына шамдал ұстаған шабытты шайырлар легі аз болмайтын. Қаныбек Сарыбаев, Камардин Бектұрсынұлы, Нармахан Бегәлиев, Ислам Бейсебаев, Өмірбай Сәуірбаев, Жарылқасын Боранбаев, Сатыбалды Қосалиев, Ханбибі Есенқараева, Тұрсынай Оразбаева… Ұлағатты ұстаздарымыз, ақындық мектебіміз бар-тын. Сонда да болса… неге екенін кім білген, көңіл шіркін ақындардың астанасы — Алматыға қарай алып-ұшатын да тұратын. Ақыры келіп тындық емес пе. Мен келгенде сендерді қойып, Ибрагим, Ұлықбектер де бір-екі кітабын шығарып үлгерген жампоздар жасағындағы айбозым ақындар-тұғын. Салғаннан айтайын, өз тұрғыластарым Дулат, Төлен, Қадірбек, Қуанышбай, Бексұлтандар мені өз қатарларына алмақ түгілі, менсіне қойған жоқ. Менсінген күнде де олармен әңгімемнің жараса қоюы екіталай. Ақылдассам да – ақыным, шатақтассам да – шайырым жақсы емес пе деп, Өзің бастаған Жұматай, Кеңшілік, Иранбек, Тынышбайлардың үйіріне үйірсектей түскенім осыдан. Үйірім дегенім иірім екен – әй-шәйге қаратпай алды да кетті…

* * *

Бірді айтып, бірге кеттім білем, кешіре гөр, Жарасқан. Екі-үш күн болды, әлі сол көрген түстің ауанында жүрмін. Әнеу күні Нәзігің телефон шалған, сені алпыстың үзеңгісіне аяқ артты деп. Сенер-сенбейін десем, өзім де Пайғамбар жасынан…

Жұрт не десе о десін, тегінде, ақындар қауымының ауылынан адами жастың, пенделік машақаттың аулақтау жүргені абзал-ау, сірә. Керек десеңіз, оның себебін тәптіштеп айтып таратып жатудың өзі артық. Әйтпесе, білгенге, көзге ілгенге ақынның келген жасынан алған асу-биігі әлдеқайда айдарлы да әспетті емес пе?! Мысалы, менің ылғи да көз алдымда отыздың үстіндегі Төлеген, қырықтан жаңа асқан Жұматай, Кеңшілік, Тынышбай, Дәуітәлі, Сағат, Мараттардың салт басты, сабау қамшылы уыз бейнелері бәз қалпында тұрады да қояды. Олардың елу, не алпыстағы түрі мен түсін өңім түгіл түсімде де көз алдыма елестете алмаймын. Кешегі көрген түсімде, Жарасқан, сен де сол баяғы қағілез, шалт, шәркез қалпыңда екенсің.

Ол кездің оқырманы… Ормандай сол оқырман бүгінде армандай ақшарбы бұлтқа айналып көз ұшында бұлдыраса, көкіректі күрсініс неге жайламасын. Әсіресе, ҚазМУ, ҚазПИ, Қыздар педагогикалық институты жиі-жиі, бірінен соң бірі шақырып жататыны есіңде шығар, Жарасқан?.. Сол үйірге келе сала мен де ілестім емес пе?! Кеңшілік досыңның шалқып та толқып, шайқалып та найқалып оқитын мақам-мәнері, Иранбектің тыңдаушысын тіл-жақтан айырып, аңсарын алмай қоймайтын айқайы басым ащы дауысы, өзіңнің өткір де ұтқыр, дәлме-дәл, нақпа-нақ нақышың әлі күнге жар құлағымда жаңғырады… Сендерден соң өлең оқудың өзі бекершілік. Оқып та көргем, бірақ шала-шарпы қолшапалақтан соң көбіне үйге опық жеп қайтып жүрдім. Сөйтсем, менің тыңдаушыларымның қарасы әлі сұйықтау екен де, үшеуіңнің оқырмандарың, қашаннан қалыптасып үлгерген екен ғой! «Қайран, Шымқалам-ай, қадіріңді қазір білдім емес пе…». Ішімді намыс па, қамыс па, бір өкініш өртеп ала жөнелген сонда!.. Әлі есімде, Шөмішбай екеуің бір-біріңе өлең арнаған екенсіңдер, кезектегі бір кездесуде соны оқыдыңдар. Әрине, сенің өлеңің пародияға бергісіз рәуіште өткір де ұтқыр шықты, уыты да жетерлік. Бір жерінде Шөмішбайдың сырт тұрқын кейіптеп: «формаң Пушкин болғанымен, мазмұның үқсамайды» дегенге саятын жолдарың бар екен, былай шыққан соң саған: «Формаңды пошымың деп өзгертсең, тіптен қатып кетер еді»,–дедім. Шөмішбайға мұным ұнай қоймаса да, сен жымың қағып құптаған сыңай байқаттың.

«Өлең шіркін тумайды жайшылықта,

Өлең шіркін туады қайшылықта…»

(Мұқағали) демекші, осындай бақассыз бәсеке, шатақсыз шабыт сайыстарының бірінен соң жазылса керек, мына бір өлеңің сол кездің айна-қатесіз сәтін айнытпай-ақ қағазға қондыра қойыпты:

«Ақынбыз» деп қақпай-ақ кеудемізді,

Айналамыз таниды кейде бізді.

Футболистер сияқты,

Жанкүйерге

Жыртып-жыртып бермей-ақ жейдемізді,

Айналамыз таниды кейде бізді…

 

Омырауды аңқитып ашып тастап,

Бір өлеңді біріміз бөсіп бастап,

Екіншіміз елеуреп,

Үшіншіміз: — Міне, ғажап!

Тамаша!– десіп қостап,–

 

Отырамыз қайда да дүрілдесіп,

Көрер көзге қамсыздың күнін кешіп.

Жоқ қайғыны Құдайдан сұрап алып,

Жылап алып,

Қайтадан күлімдесіп,

Отырамыз қайда да дүрілдесіп!..

 

Өмір бізге үйіндей әкеміздің,

Жібереміз әкесін қатеңіздің!

Жабылмайды есігі жанымыздың,

Жабылмайды есігі кафеміздің,

Өмір бізге үйіндей әкеміздің!

 

Бәріміз де сол үйдің жалғызындай,

Сәл бұзылып жүреміз,

Сәл бұзылмай.

Шетімізден ғашықпыз сұлулыққа,

Ғашығымыз – шетінен хор қызындай.

Сәл бұзылып жүреміз,

Сәл бұзылмай…

 

Туғандаймыз уақыттан ерте дара,

Ортаға да түсеміз,

Алқаға да!

Ерке бала көнбейді қақпайлауға,

Таяқты да көп жейді ерке бала,

Туғандаймыз уақыттан ерте дара!

 

Көктем кезде көрсетіп жаздық қылық,

Тағдырға да қоямыз назды ұқтырып.

Бір адамның өмірі көптік қылып,

Бір ақынның ғұмыры аздық қылып…

Тағдырға да қоямыз назды ұқтырып.

 

Бара алмайды ондайға әркім біткен,

Әркім біткен,

Әліптің артын күткен.

Жүректерді біз егер тұтқындасақ —

Тұтқындайтын шығармыз  еркіндікпен!

(Жалғасы келесі санда)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір