ӘДЕБИЕТ ПЕН ЭКОНОМИКАНЫҢ ТЕГІ БІР
15.10.2019
1060
0

Алты тілге аударылатын болғалы бері, әлемге танылатындай қопаңдап қалғанымыз рас. Не десе де, қазақтың сөзіне жығы­ла­мыз. Теңіз дәмі – тамшыдан.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК, жазушы


Бұл жолғы аудармашылардың өң-түсі бөлек екен. Алдымызға алып келіп кездестірді. Әр сөзге жауапкершілікпен қарайтын сияқты. Шығарманың астарын сұрап әлектеді.

Аудармашылар Франциядан, Англиядан, Германиядан, тағы да басқа елдерден келіпті. Дөңгелек үстелдің екі басында отырып сөйлестік. Әжептәуір ойлар айтылды.

Бұл жайт осыдан отыз жыл бұрынғы тағы бір жайттың артын түртті. Сол жылы Мәскеуде жас жазушылардың бүкілодақтық конференциясы өткен еді. Мен «Мұнар, мұнар, мұнара» деген хикаятым мен «Тарғыл төбеттің иесі» деген әңгімемнің жолма-жол аудармасын апардым.

Хикаятым мен әңгімемді «Молодая гвар­дия» журналының редакциясында талқылады. Ол кезде үш кітабың шықпаса, одаққа қабылдамайды. «Бес жыл тіркеуде болмасаң, үй бермейді» деген сияқты.

«Молодая гвардия» журналы мені Жазушылар одағының мүшелігіне қабылдау керек деген ұсыныс түсірді. Сөйтіп мен Жазушылар одағына мүшелікке Мәскеуде қабылдандым. Қазір ол мақтан болмай қалды.

Айтайын дегенім ол емес. Содан бері аударма дегеннен мақұрым қалдық. Тек Мәлік Отарбаев Түркияда жүргенде жеке құлшынысымен бір әңгімемді түрік тіліне аудартып шығарды. Содан соң «Жансебіл» атты бір кітабым Қытайда төте жазумен жарық көрді. Болды, сол-ақ.

Өз тілімде жазып, өз тілімде кітап шығар­ған­ды қанағат тұттым. Біраз жетістіктер бар, оны айта берсең, біреулерді мезі қылуың мүмкін. Біткен істі айтпай, бітпеген істі айтқан жақсы. Сондай бітпеген істің бірі – аударма мәселесі.

Сондықтан қазақ ақын-жазушыларының антологиясын алты тілге аудартып шығарған қадам өте дұрыс болды. Енді соған қоса тағы бір-екі қадам жасап жіберу керек сияқты. Бұл аударылған шығармалар шетелдік әдеби агенттердің назарына іліге ме? Бәріне болмаса да, кейбіріне шетелдік баспалар қызығушылық таныта ма? Қазір осы сұрақтардың басы ашық тұр. Егер бірді-екілі жазушыға қызығу­шылық танытып, іліп әкетсе, қанеки. Көп­ші­лі­гіңіздің шығармаларыңыздан кешегі жүйенің лебі еседі десе, өз обалымыз өзімізге. Бірақ өз әдебиеттанушыларымыздың сөзіне қарағанда, біздің әдебиет ешкімнің әдебиетінен кем емес.

Кобо Абэнің «Құм құрсауындағы әйел» деген романы мен Әбіш Кекілбайұлының «Шыңырау» атты хикаятын ойша салыстырып көрдім. «Қанына тартпағанның қары сынсын» дегендей, маған «Шыңырау» көбірек ұнады. «Шыңырау» «Құм құрсауындағы әйелден» гөрі табиғилау шығарма көрінді. Ақыры айтқан соң, аяғына дейін айтайын. «Құм құрсауындағы әйелді» «қуыр-қуыр қуырмаш» ойнағандай адасып-адасып қалып отырып оқыдым. Ал «Шыңырау» одан гөрі жатықтау оқылғанын айтқанның айыбы жоқ. Біздің жазушылар оқиғаны көбінесе өмірден алады. Біздің аңыздар да –өмірден алынған аңыздар.

Міне, біздің осындай артықшылықт­ары­мыз бағаланар ма екен деп үміттенемін. Мен жоғарыда әдейі мықты жазушыны мысалға алдым. Әйтпесе миыңды су ғып жіберетіндері де бар. Бірақ олар көрем десе, көргіш. Әйтеуір бір құдіретін тауып ала қояды.

Анау Светлана Алексиевич дегенді «Қазақ әдебиеті» мен «Жас Алаш» газеттерінде бас редактор болып жүрген кезімде журналистерге үлгі қылушы едім. Журналистер осындай тақырыптарды тауып алып жазу керек дейтінмін. Жер бетінен басқа жазушы табылмағандай, сол әйел жазушылардың нәпақасын бөктеріп кетеді деп кім ойлаған.

Оған қарағанда Мо Яндікі еңбек. Әжесінің айтқандары болса, әжесінің айтқандары шығар. Халықтық образбен бетпе-бет келтіретін тұстары өтімді жазылған. Қай елдің болса да экономикасы мен әдебиеті бірге дамиды деген рас шығар. «Қытай қазір Америкадан оза ма?» деген де әңгіме жүріп жатыр.

Кейінгі ғасырда әдебиет пен экономика­ның дамуын көп байланыстырып жүр. Мо­дернизм мен постмодернизмнің пайда болуын да экономиканың тоқырауына әкеп тірейді. Экономика құлап жатқанда туған мұндай әдебиеттің айдарынан қайтіп жел ессін?!

Бізде де қазір әдебиетті жамандап жатса, экономиканы жамандап жатыр  деп ұғыну керек. Әйтпесе тиісерге қара таппағандай әдебиетке неге тиіседі? Демек бір нәрсеге көңілдері толмайды. Бәлкім, тоқ емес шығар.

Қазір Достоевскийлердің заманындағыдай жанкешті заман емес. Әдебиет те бизнестің жолына түсті. Аш қасқырлар сияқты олар да өз үлесін талап етеді. Елің үлкен болса, әдебиетің де үлкен болады. Осы майданда біз де өз үлесімізден құр қалмайық.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір