«Орыс әдебиеті» емес, «Әлем әдебиеті» керек
14.10.2019
3030
0

Қазақ халқының өткен тарихына көз салсақ, сансыз ірі басқыншылықтардан аман өткенін байқаймыз. Атап айтсақ: араб басқыншылығы, жоңғар басқаншылығы, орыс басқыншылығы. Ал алфавитіміз орта ғасырларда көне шағатай, араб тілдерінде болса, XX ғасыр тұсында Байтұрсынұлы енгізген төте жазу, мұнан соң бүгінге дейін жалғасқан кириллица еді. Алаш жанашыры Ахмет Байтұрсынұлы 1914 жылы «Қазақ» газетіне: «…Қазақты орысқа аударамыз деген пікір бәрін бүлдіріп отыр. Школдар қазақ тілін жоғалтып, орыс тіліне түсіреміз дейді. Сол үшін балалар орыс әрпімен оқысын дейді… Хүкметке керегі – мемлекеттегі жұрттың бәрі де бір тілде, бір дінде, бір жазуда болу, ал халыққа керегі – өз діні, тілі, жазуының сақталуы», – деп жазды. Бір халықты жоғалту үшін тілін, ділін жоғалту жеткілікті еді.

Тәуелсіздіктен кейінгі жас буын бұл үрдісті жанымен, рухымен сезіне білді. Барынша түнектен жарыққа, догмалар мен комплекстерден өзге еркін кеңістікке шығуға талпынуда. Сөзімізге тұздық болып отырған мәселе – мектеп оқулықтарындағы «Орыс әдебиеті» пәнін «Әлем әдебиеті» пәніне өзгерту хақында көтерілген бастама болатын. Дербес халық үшін әлемдегі бір елдің ғана әдебиетін жеке қарастырып оқу қызық құбылыс. Бәлкім бұл әлі де болса санаға сіңген «төртбұрыштан» толық арыла қоймаудың салдары болар. «Мұсылманшылық әсте, әсте» дегендей, бүгінгі жас өскіннің еркін ұсынысы, батыл ойы жанға азық. Жақында Қарағанды қаласында Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына орай өткен Жастар форумында талантты ақын Жанат Жаңқашұлы көтерген осы бір ұсыныс бүгінде әлеуметтік желілерде, зиялы қауым арасында едәуір талқыға түсіп, қолдау тауып отыр.

 

Мекемтас Мырзахмет, ғалым:

 «БІРЖАҚТЫЛЫҚТАН АДА БОЛУ КЕРЕК»

Орыс әдебиетін жеке даралап алмай, оны «Әлем әдебиеті» оқулығына қосып оқыту жайлы ұсынысты қолдаймын. Кітапқа сауатты аудармалар енуі тиіс. Біржақтылықтан ада болу керек.

Төлен Әбдік, жазушы:

 «ЖЕКЕЛЕГЕН ХАЛЫҚТАР ӘЛЕМ ӘДЕБИЕТІНІҢ ІШІНЕ КІРУІ ТИІС»

Әлбетте, бастаманы қолдаймын. Жекелеген халықтар әлем әдебиетінің ішіне кірсін. Барлық халықтар әдебиеті тең түрде оқытылып, талданса, оқушының ойлау жүйесі өседі. Ал Қазақстанда 2000-ға жуық орыс мектебі бар, оларға да осы жүйе теңдей қарастырылғаны жөн.

Темірхан Медетбек, ақын:

 ОРЫС ӘДЕБИЕТІН БІЛУ КЕРЕК, БІРАҚ ӘЛЕМ ӘДЕБИЕТІМЕН бІРГЕ бІЛУ КЕРЕК»

Орыс әдебиетін білу керек, бірақ әлем әдебиетімен бірге білу керек. Оны жеке алып қарамау керек. Ол уақыт жоқ, баяғыда өтіп кеткен. Сондықтан егер кіргізетін болса, кітапта Түркі тілдер әдебиетіне басымдық берілсін. Орыс әдебиеті – ағылшынның, немістің, француздардың тікелей ықпалымен жасалған әдебиет. Мәселен, Пушкин Байронға біршама еліктегенін білеміз. Түркі әдебиетін, туыстас тілдерді құрайтын халықтар әдебиетін  тереңінен қарастыруға болады. Біздің тамырымыз да, түбіміз де сол әдебиетпен тікелей байланысты.

Құлбек Ергөбек, сыншы:

 «БІЗ СЕКІЛДІ ШЕКТЕЛУШІЛІККЕ ҰШЫРАМАҒАН ЖӨН»

Біз қазақ әдебиетімен бірге орыс әдебиетімен ауызданып өскен ұрпақпыз. Сондықтан да болу керек, қазақ әдебиетіндегі жетістіктер мен кемшіліктерді орыс әдебиетінің үлгілерімен салыстырып саралайтын әдетім бар. Бұл Кеңестік кезеңде аяқтанған әдебиетші үшін кемшілік емес, жетістік те емес. Тәуелсіздіктен кейін біз өзіміздің өрісімізді орыс әдебиетімен шектемей, әлем әдебиетіне қарай бұруымыз керек. Менің айтып отырғаным, біз секілді шектелушілікке ұшырамаған жөн, адаспаған жөн. Ол үшін не істемек керек? Ол үшін бәрін мектептен бастау керек. Оқулықтардағы   «орыс әдебиеті» деген терминді әлем әдебиеті деген терминмен алмастыру керек. Жоғары мектептерде де осылай жасалынуы тиіс. Сонда біздің қазақ балалары әдеби білімін бір жақты шектемей, жаһан әдебиетімен салыстыра отырып сусындайтын болады.

 Жанат Жаңқашұлы, ақын:

«РУССКАЯ ЛИТЕРАТУРА» САБАҒЫН ОРЫС ТІЛІНДЕ ОҚЫТЫП КЕЛЕМІЗ.»

Біздің елдің мектеп оқулығынан «русская литература» деген пәнді жойып, орнына «әлем әдебиеті» пәні кіргізілуі керек. Егер болашақ ұрпақтың алдында жүзіміз жарқын, арымыз таза болсын десек. Бұл мәселені біздің билік пен ұлт зиялылары, ақын-жазушы атаулы, әнші-күйші, ғалым һәм ең аяғы мұқым қазақ бірауыздан қоштаса, ешқандай даусыз, дабырасыз, өз ағысымен шешілетін мәселе. Әлбетте, бірден бұл пәнді жойса, «орыс әдебиеті» пәнінің мұғалімі жұмыссыз қалмақ. Әрі «әлем әдебиетінен» дәріс оқитын ұстаз да даяр емес. Бірақ, қайткенмен, бірінші қадам жасалуы керек. Ол – «русская литература» пәнінен сабақ беретін кадр даярлауды тоқтату. Екінші қадам – «әлем әдебиеті» пәніне ұстаз дайындау. Үшіншісі – христоматиялық оқулық жасау. Осының өзінде бұл іс кемі жиырма жылсыз шешілмейін деп тұр. Тағы бір жыл кешіксек, жиырма бір, екі жыл кешіксек, жиырма екі жыл, үш жыл кешіксек… Осылай сырғи береді!

Бірінші қадамның басқа да жолы бар. Егер үкімет тәуекелге бел байлап, «орыс әдебиеті» пәнінің жабылуына байланысты ұстаз зейнетке шыққанша өтемақы төлесе, бұл процестің жолы жеңілдеп, мерзімі жақындар еді. Екінші қадамның да жарасы жеңіл. Ал үшінші қадамда Жазушылар одағы мен Білім және ғылым министрлігі меморандумға қол қойып, арнайы комиссия құрып, аударылатын әдебиеттер тізімін жасауы тиіс һәм оны аударатын аудармашыны дұрыс таңдау мәселесін бірлесе шешуі керек. Біз осы уақытқа дейін әлем әдебиетін орыс тілінен аударып келдік. Қазір қазақта тіл білетін жас жетерлік. Технология да дамыған. Мәселе түпнұсқадан әуезі мен бояуын бұзбай қотаруда. Реңі қашып кетсе – оқушыға обал.

Масқара қылғанда, біз оқушыларға «русская литература» сабағын орыс тілінде оқытып келеміз. Ал «әлем әдебиеті» пәні ашылса, ол қазақ тілінде оқытылар еді. Шекспир, Омар Хаям, Хафиз, Пушкин, Хемингуэй, Камю, Ги де МопасСан, Экзюпери, берідегі Ю Хуа, Холед Хоссейни, Паулсо Коэльо секілді авторлар қазақ тілінде сөйлер еді. Тиісінше, жаһанның жауһар туындыларын өз тілінде оқып, оқушының да көркем әдебиетке ынтасы артар еді. Көркем әдебиет оқыған қоғам кемел қоғам болмақ. Біз бір пәннің орнын ауыстыру арқылы қаншама болашақта кесел болатын біршама мәселені шешер едік. Осыны біздің билік білсе дейміз.

Меніңше, «русская литератураны» жоюдың сыртқы саясатқа еш қатысы жоқ. Тәуелсіз мемлекет ішкі мәселесін ешкіммен ақылдаспай өзі шешуге құқылы. Құқылы дейміз-ау, міндетті!

Сұлтан  ЫБЫРАЙ, ғалым:

«ӘЛЕМ ӘДЕБИЕТІН ОҚЫТУ АУАДАЙ ҚАЖЕТ»

Абай айтпақшы «Қазақ та адам баласы». Сондықтан бар адамзаттың жеткен руханият бигінің көзінен сусындауы парыз тұрмақ, қарыз іс. Орыс пен қазақ әдебиетімен оқшаулану, рухани дүниеміздің ЕврАзЭС-і болып қалса, мешеулікке ұрынатынымыз сөзсіз. Хакім Абайдың орыс әдебиетімен ғана таныс болмай, басқа да әлем ғалымдары, әдебиеті өкілдері Спенсер, Бокль, Льюис, Mилль, Тэн, Лаббок, Тайлор, Хаксли, Дарвин, Лайель, Тиндаль, Альфред Рассел Уоллес, Маккензи Уоллес және Сэр Генри Мэн еңбектері мен Скотт, Диккенс, Maрриэт, Джордж Элиот, Джордж Макдональд, Энтони Троллоп, Джастин Маккарти, Эккерманн-Шатриан, Эдгар Аллан По және Берт Гарт роман, новеллаларынан сусындағанын білеміз. Миллдің философиясы хакімге тікелей әсер еткенін тағы білеміз. Міне, Абайдың «жолы» осылай қалыптасты. Жаһанданған әлемнің өскелең ұрпағы өзін кембағал сезінбес үшін, хакімше айтқанда, «басқалардың дағуасында болу» үшін, яғни терезесі тең болуы үшін әлем әдебиетін мектепте оқыту ауадай қажет…

Әзірлеген Батырхан Сәрсенхан

Оқи отырыңыз!

Мен көрген Энкиду

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір