Биік интелектуалды проза қалыптасып келеді
Қазақ әдебиетінің тағдыры, оның бүгіні мен ертеңі қолына қалам ұстаған қауымды ғана алаңдатып қоймауы керек. Өйткені қазақтың сөзі – қазақтың жаны, жүрегі, рухы. Қазақтың өзі. «Талғам-таразы» айдарының кезекті «оқырманы» – әдебиеттанушы Гүлзия Пірәлі. Біз ғалымға мынадай сауалдар қойған ек: Қазақ әдебиетінен өзінің лайықты бағасын ала алмай жүрген жазушылардан кімді атар едіңіз? Оның шығармашылық қолтаңбасы несімен дараланады? Қазіргі жастар прозасына қандай ерекшеліктер тән?
Гүлзия ПІРӘЛІ, әдебиеттанушы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының бас ғылыми қызметкері
Қай салада болсын маманның еңбегі оның кәсіби шеберлігі мен біліміне байланысты бағаланып жатады. Ер мен әйелдің шығармашылықтағы алар орны да, табиғат сыйлаған талант, дарыны да өз деңгейінде дараланып, дәріптеледі. Дегенмен қыз балалардың жаратылысындағы «жолы жіңішкелік» ер-азаматтардай еркіндікке , «еркелікке» еркін жібере қоймайды. Осы ретте Абайдың: «арсыз болмай атақ жоқ, алдамшы болмай бақ қайда» деген даналығы еріксіз еске түседі. Таланты мен шығармашылықтары, суреткерлік шеберліктері, кәсіби деңгейлері ешкімнен кем болмаса да, бағалануы мен насихатталуы көңіл толтыра қоймайды. Тек мерейтойларда болмаса… Мәселен, кезінде жақсы шығармаларымен танылған Шәрбану Құмарова, Мағира Қожахметова, Шәрбану Бейсенова, Күләш Ахметова, Гүлнәр Салықбай, Гүлзат Шойбекова, Майра Шүйіншәлиева, Заря Жұманова, Лира Қоныс, т.б. сынды үлкенді-кішілі қаламгер қыздарымыздың шығармалары туралы салмақты әдеби пікірлер, көркем эстетикалық талдауларды оқи қоймаймыз.
Тағы бір тоқталар жәйт – шалғай елдімекендерде тұратын, әдеби үлкен ортадан шетте жүрген жазушылар да көп елене бермейді. Мәселен, оңтүстік өңірдегі тарихи оқиғаларды өндірте жазып жүрген Момбек Әбдәкімұлы («Дүрбелең»), ел ішіндегі қазіргі әлеуметтік мәселелерді әдемі әзілмен түйреп, жүрекке жеткізе жазатын Мархабат Байғұт («Әпке»), бүгінгі бейбіт заманның өзінде өзге ұлттан көрген зәбір, зарын өздерінің кәсіби шеберліктерімен зерделей білген Тұрысбек Сәукетай («Айқараңғы»), Жүсіпбек Қорғасбек («Жансебіл»), еліміздің келешегін құрайтын балалардың рухани қажетіне жарайтын нәзік нақышты дүниелер жазатын Сәбит Дүйсенбиев («Мен ғашық емеспін»), т.б. сынды суреткерлердің қазақ әдебиетіне әкелген жаңалықтары, көркемдік, тілдік, стильдік ерекшеліктері жөнінде арнайы талдаулар жасалудың орнына, шығармашылықтарына жалпылама шолу жасаумен шектеліп жатамыз. Бұл – тек аталған қаламгерлердің шығармашылығына ғана қатысты емес, қазіргі әдеби пікір, көркем сынымыздың деңгейін көрсететін кемшін тұстар.

Мархабат Байғұт
«Проза құлдырады, кітап оқылмайды, жастар жазбайды» деген үстірт ойлы сөздерді сиретіп, жылт еткен жаңалығымыз, жақсылығымыз болса, керісінше, көкке көтермесек те, көпке танытып, насихаттай білгенге не жетсін.Тәуелсіздіктің нәтижесінде төл тарихымызды түгендеуге, тұралап қалған туған тілімізді түрлендіруге, талай жылдар жырақтап қалған әдеби, мәдени жәдігерлерімізді жаңғыртып, әлемге танытуға, өшуге айнала жаздаған әдет-ғұрыптарымызды, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауға, санамыздан сызылған ұлт тағдыры жолында шейіт болған тарихи тұлғаларымызды танытуға қазір толық мүмкіндік бар емес пе?
Айталық, аға буын өкілі Мархабат Байғұттың қай шығармасын да қызыға оқитын оқырманның бірімін. Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған жаңа туындысы – «Әпке», өкінішке қарай, өзінің лайықты бағасын ала алмады. Жазушының шығармашылығына тереңдемеген адам оның туындыларындағы бір-біріне ұқсамайтын, іс-әрекеттері мен мінез-болмыстары қарама-қайшы, табиғаты қым-қиғаш ерекшеліктерімен танылатын кейіпкерлер тағдырының сырын ұғына да алмайды. Олар – соншалықты қарапайым пенделер бола тұра барлық қайшылықтарымен көрінген күрделі кейіпкерлер. Өз дәуірін тани отырып, ұлт пен ұрпақ алдындағы қаламгерлік парызын терең түсінген М.Байғұт өз заманының көркем тарихы мен адамдар тағдырын шынайы бейнелейді. Жазушы иығына артылған жауапкершілік оны маңайындағы барлық оқиғаға еріксіз араластырып отырады. Өйткені шын талант қана табиғи құбылыстарды дәл өмірдегідей табиғи жаза білуі арқылы танылса керек. М.Байғұт шығармашылығының негізгі ерекшелігі де өзі білетін ауыл тақырыбын, қасиетті туған жер табиғатын, ұлттық құндылықтар мәселелерін бейнелеуінде жатыр.
Оқи отырыңыз!
Биязы жырдың бағбаны
Және жастар өкілі Лира Қоныстың мені қатты үміттендірген «Құлпынай қосылған балмұздақ» атты романының көркемдік-эстетикалық әлемін құрайтын кейіпкердің ішкі ойы, рухани күйзелісі, жұмбақ әлемі терең әрі детальді түрде бейнеленуі, сюжеттік-композициялық құрылымының тосындығы оқырманға көп ой салады. Қаламгер көркем шығармада кейіпкердің әртүрлі қалыптағы ішкі ой-толғаныстарын әрдайым өзгертіп, іс-әрекет, сезім қайшылықтарын тудыратын психологиялық құбылыстарды тереңдетіп, күрделендіре бейнелейтін психологизмнің табиғатын жақсы меңгерген.
Қазіргі жастар қалыптасқан дәстүрлі баяндаудан гөрі жеке кейіпкердің ой-санасында жүріп жатқан өзгерістерді зерделеуге зейін қоя бастады. Бұл биік интеллектуалды прозаның қалыптасып келе жатқанын байқатады.
Жалпы, қазіргі жастар прозасындағы ерекшеліктерге тоқталар болсақ, ақпарат ағыны билеген бүгінгі замандағы постмодернизм поэтикасына тән жеке адам санасындағы қайшылықтар мен сан алуан көзқарастар қақтығысы, ішкі жан әлемінің бейнеленуі алғы шепке шықты. Бұл – адам мен табиғат қатынасын зерттеудегі қаламгер қауымның бүгінгі дәуірдің тыныс-демін, санадағы өзгерістердің сезім толқынын танып білуге жасаған бетбұрысы .
Міне, осынау заманауи тақырыптарды өз туындыларына өзек етіп, өзі өмір сүріп отырған қоғамның тамыры тереңде жатқан қайшылықтарын өз замандастарының тағдыры арқылы зерделеуге тырысқан жастар – жаңашыл. Және бүгінгі қоғамның сырқатынан сыр беретін психологиялық күйзелістерге ұшыраған кейіпкерлердің тағдырын бейнелейтін жоғарыда аталған жазушылардың қолтаңбалары да сол қасиеттерімен дараланады.
Дәл қазіргі рухани құндылықтар қадірі құлдыраған заман бейнесін берерлік қатыгездікті сипаттай келе, оған қарсы орайымен үйлестірілер әфсаналық сипаттағы мораль кодекстері, ойлы дүниеге опасыздық танытқандарға ой саларлық оқшау оқиғалы, оғаштау ойлау жүйелері, жаңаша жазу стильдері , түрлі әдеби эксперименттерге бару, т.б. бүгінгі көркемдік танымдағы өзгеше өрнекті, тың талпыныстарды танытады. Көркем прозадан біз көбіне өзіне де, өміріне де, қоғамға да көңілі толмайтын, өздерін әлеуметтік ортадан шеттетілген, керексіз жандай сезінетін кейіпкерлерді көп кездестіреміз .
ХХІ ғасырдың әдеби кеңістігіндегі сан алуан бағыт пен тақырып төңірегінде талпыныс жасап жүрген жас прозашылар оқырманның ойына қозғау салатын көркемдік-эстетикалық, психологиялық құбылыстарға құштар.
Аталған қаламгерлер де, әдебиет әлемінде жүрген өзгелер де өз заманының рухани қажетіне сай ықшам жазылған, тез қабылданып, жедел оқылатын аз көлемді шағын жанрдағы психологиялық мәтіндерді жазуға бейім. Жазылу мәнері жағынан түрлі ізденістерге толы көркемдік танымдағы тәмсіл-толғаныстар, эссе-суреттер бүгінгінің болмыс-бейнесін бедерлейді.
ПІКІРЛЕР1