Әлемжелідегі әдебиет: Байботаның сауалы
Ақын Байбота Қошым-Ноғай жуырда әлеуметтік желідегі (FB) жеке парақшасында «Шығармаларын тек қана орыс тілінде жазатын тегі қазақ ақын-жазушылар қай ұлттың қаламгерлері саналуға тиіс?» деген мәселе көтерді.

Байбота Қошым-Ноғай
«Канадада біздің Бақыт Кенжеев деген қандас бауырымыз тұратын, – деп жазады ақын, – қазір Мәскеу – Монреаль – Нью-Йорк қалаларының тұрғыны есептеледі екен. Ақын. Соңғы кездері проза жанрында да еңбек етіп жүр. Өзін «казах по происхождению, русский писатель» деп атайды. Шығармаларының денін орыс тілінде жазады. Дәл Бақыт Кенжеев секілді ақын-жазушылар қазір Қазақстанда да жеткілікті. Туындыларын орыс және қазақ тілдерінде жазатын ақын-жазушыларды айтпай-ақ қояйық. Кеңес билігі тұсында Мақан Жұмағұлов, Әнуар Әлімжанов, Олжас Сүлейменов, Сәтімжан Санбаев ағаларымыз ана тілінде жазатын қазақ жазушыларынан артық болмаса, кем оқылған жоқ. Бұлардың өкшесін басып біраз іні-қарындастарының әдебиеттегі «тілі орысша шықты». Үміт Тәжікенова, Тәліп Ибраимов т.б. тәрізді көптеген прозашыларды толық тізбесек те, Бақытжан Қанапиянов, Орынбай Жанайдаров, Амантай Өтегенов, Қайрат Бақбергенов, Мұрат Телібеков, Жанна Нұрланова, Раушан Бүркітбаева-Нүкенова, Сәуле Үсенбекова секілді ақындардың жақсы жыр жинақтары елімізден сырт жерлерге де танымал. Бәрі де – дарынды жігіттер мен қыздар. Кейде шетелдерде қазақ әдебиетін осы бауырларымыздың шығармалары арқылы бағалайды.
Біз Ақмолда ақынды қазақ ақыны санаймыз. Оның татарша, башқұртша туындылары болғандықтан, олар да өз ақындары қатарында атайды. Машқар Гумеров, Саид Баязитовты башқұрттар да, татарлар да танымайды. Ал біз қазақ тілінде жазғандықтан оларды қазақ жазушылары дейміз.
Сонда шығармаларын тек қана орыс тілінде жазатын тегі қазақ ақын-жазушылар қай ұлттың қаламгерлері саналуға тиіс?».
Байбота Қошым-Ноғай мырзаның сауалына әлемжеліні пайдаланушылар төмендегідей жауап беріпті.
Bek Erdes: «Науаи ұйғыр ақыны ма, өзбек ақыны ма?» деген тақырыпта тартыс өте көп болған. Эркин Вохидов «Науаиды қай ел көп құрметтесе, соныкі», – деген еді. Негізі, осы сөзде жан бар.
Жәнібек Көпжасар: Ең бірінші қай тілде жазатыны, сосын не жазатынына байланысты. Әлімжанов пен Сүлейменов – қазақ жазушылары саналады, өйткені шығармаларынан қазақтың исі аңқып тұрады. Ал Кенжеев – орыс ақыны. Низами – ұлты әзірбайжан болғанмен, парсы ақыны, Руми – түрік болғанмен, парсы ақыны, Гоголь – украин болғанмен, орыс жазушысы, т.т.
Елеужан Серімов: «Саки» -дiң авторы Болат Жандарбековтi орыс жазушысы деп қалай айтам, орыстiлдi болса да ойкешу үрдiсi қазақ қой.
Ахмет Өмірзақ: Елеке, мынаны айтыңызшы, Қазақстанда тұрып, қазақ тілін білмейтіндерге немесе білгісі келмейтіндерге арнап орыс тілінде жазатын және өздеріне қатысты болғасын амалсыз орыс тілінде оқуға қазақтарды мәжбүр ететін Б.Жандарбековті қалайша қазақ жазушысы дей аламыз? Шын мәнінде ол кісі – қазақ тарихына қатысты шығарма жазған орыс жазушысы!
Елеужан Серімов: Ахмет Өмірзақ, Олжасты да орыс жазушысы деймiз бе сонда?
Сәулеш Шәтенова: Қаламгер қай ұлттың жанын бейнелей алса, сол ұлттың ақын-жазушысы болады.
Байбота Қошым-Ноғай: Майн Ридті үндістердің жазушысы дейміз ғой онда?
Zholtay Zhumat-Almashuly: Мынау бір үлкен әңгіменің тақырыбы екен, Байекесі! Жалпы, менің бір пікірім – жазу бар да, ойлау бар. Кезінде Мәскеудегі бір кездесу сәтінде Мұхтар Әуезовтің орысша сонша таза сөйлегеніне таң қалған әлдебір әдебиетші: «Сіз орысша таза білесіз, неге шығармаларыңызды орысша жазбағансыз?» – деп сұрапты. Сонда Мұхаң: «Мен қазақша түс көрем ғой», – деген екен. Негізі өз ана тілінен ажыраған кісінің менталитеті де өзгереді. Бұны да ескеру керек.
Байбота Қошым-Ноғай: Достар, жақсы пікірталас болды-ау деймін. Пікір білдірген баршаңызға рақмет! Өз басым ана тілін жақсы білетін ақын-жазушыларды қай тілде жазғанына қарамастан қазақ қаламгері деп тануға болады деп түйдім. Әрине, қазақша «қақпайтын» қаламгерді құжатында ұлты қазақ болса да, қазақ ақыны не жазушысы деп атау өте өрескел. Ақын-жазушылардың бойына да ұлттық қасиет тіл арқылы сіңеді. Ал қазақ ақын-жазушыларын өзге ұлтқа таныстыруды мақсат етіп, орыс, ханзу, моңғол тілдеріне аударып жүрген Орынбай, Амантай, Әкбар, Жүкел секілді қаламгерлерді қазақ ақын-жазушылары емес десек, аузымыз қисайып қалсын!.. Әрқайсымыз ана тіліміздің қадірін біліп, оны алдағы ғасырларда келетін ұрпақтарымызға аманат етуді ойлайық! Амандықтарыңызды тілеймін!
Редакциядан: «Әлемжелідегі әдебиет» – «Қазақ әдебиеті» апталығының жаңа айдары. Біз алдағы уақытта қаламгерлерімізді толғандырып жүрген жайттарды сауал ретінде Әлеуметтік желілерге ұсынып, талқылап, қортындысын аталған айдардың аясында жариялап отыратын боламыз.