Танакөз Толқынқызы. Жақсылық ауа сияқты, сезілмейді
«Қазақ әдебиеті» vs Пруст сауалы

Танакөз Толқынқызы
Танакөз ТОЛҚЫНҚЫЗЫ, ақын
– Адамның басты қасиеті не деп ойлайсыз?
– Сүйе білу, кешіре білу, жамандыққа да жақсылықпен жауап қайтару.
– Ер азаматтың басты қасиеті ше?
– Сөзінде тұру.
– Бақыт деген ұғымды қалай түсінесіз?
– Еркіндік. Абсолютті шындықпен үндестікте өмір сүру. Сүйе білу.
– Сүйікті әдеби кейіпкеріңіз кім?
– Антуан де Сент Экзюперидің «Кішкентай ханзада» ертегі повесті
– Ең басты кемшілігіңіз не?
– Адамның қатесі мен кемшілігін бетіне айтамын.
– Бос уақытыңызда немен айналысасыз?
– Бос уақыт деген түсінік жоқ. Спортпен, бимен, аудиокітап тыңдаумен, психологиялық кітаптар оқумен, музыка және біртуар адамдар жайлы түсірілген деректі фильмдер мен көркем фильмдер көру, медитация жасау т.б.
– Өмірге екінші рет келсеңіз, кім болуды қалар едіңіз?
– Саяхатшы болар едім.
– Қандай елде өмір сүргіңіз келеді?
– Еуропада өмір сүре алар едім. Мүмкін Жаңа Зеландияда. Бірақ бір елде тұрақтап қалғым келмейді. Тайганы, Антарктиданы, әлемдегі таңғажайып табиғаты бар кез-келген мемлекетті аралап өмір сүруді армандаймын.
– Қандай ерекше қабілетке ие болғыңыз келеді?
– Көрінбейтін тылсымды көрінбейтін түйсікпен сезетін, қабылдайтын, мойынсұнатын қасиетке ие болғым келеді.
– Қандай сәттерде осалдық танытасыз?
– Сүйген, ғашық болған сәттерімде өзімнің табиғатыма қарсы бола тұра, көп жерде шегінемін.
– «Ғайыпқа сену» дегенді қалай түсінесіз?
– «Ғайыпқа сену» дегенді тылсым дүниелерге сену деп білемін. Ғылым түсіндіріп бере алмайтын табиғат тылсымдары өте көп.
– Егер өнертапқыш болсаңыз, не нәрсені ойлап табар едіңіз?
– Үйді өзі жинайтын, жуып тазалайтын және оны адамнан да артық атқаратын роботты ойлап табар едім.
– Не нәрседен жиіркенесіз?
– Екіжүзді, жағымпаз, суайт, сөзінде тұрмайтын, принципі жоқ адамдардан.
– Сіз үшін ең ұнамсыз тарихи тұлға кім?
– Алаш арыстарының соңына шам алып түсіп асқан, атқан абақтыға қамаған, қазақ халқын жер бетінен жойып жібергісі кеп жаныққан қандықол Сталин және оның командасы.
– Жиі айтатын қанатты сөзіңіз?
– «Қуған жетпейді, бұйырған кетпейді».
– Көзіңізге жиі жас аласыз ба?
– Әрине.
– Үнемі есіңізде жүретін Абайдың бір сөзі…
– «Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа,
Көз жетті бір қалыпта тұра алмасқа.
Адамды сүй, Алланың хикметін сез
Не қызық бар дүниеде одан басқа».
– Қазіргі адамдардың бойынан қандай қасиеттер жоғалып барады?
– Ешқандай. Жақсы адамдар көп. Тек жамандық көзге бадырайып көрініп тұрады. Ал жақсылық ауа сияқты сезілмейді.
– Біздің заманымыздың мықты ақыны кім? Мықты жазушысы ше?
– Олар бар. Олар тірі. Олар ортамызда жүр. Олар мені күн сайын таң қалдырады. Атын атай алмаймын. Көргенде өздеріне айтамын.
– Жас қаламгерлердің бойынан қандай артықшылықтар мен кемшіліктерді көріп жүрсіз?
– Ешқандай. Жас ақында кемшілік болмайды. Оларға бәрі жарасады. Сонысымен олар жас.