КӨРЕРМЕНСІЗ – САХНА ТҰЛ
09.10.2019
1306
0

85 жылдық тарихы бар Алматыдағы Мемлекеттік қуыршақ театры Пушкин көшесінің бойында, Орталық базарға жақын маңда орналасқан. Ары-бері өтіп жүргенде үнемі орыстілді балалардың осы театрға шұбап кіріп жатқанын байқап қалатынмын. Бұрнағы жылдары спектакльдердің дені орыс тілінде өтетіндей көрінетін… 

Аракідік ақпарат құралдарынан осы театр ұжымының халықаралық театр фестивальдерінен жүлделі орындар алып келгенін оқып қалатынбыз. «Қуыршақ театрының өзге академиялық драма театрлардан өзгешелігі қандай? Қандай спектакльдер қояды? Олардлың көрермендері кімдер?» – деген сұрақ қызықтырып, театрға арнайы бас сұққанбыз. Жуырдағы жылдары жөндеуден өткен, ішкі аурасы өте жағымды ғимаратқа енгенде шығармашыл ортаның дайындық,ізденіс үстіндегі жұмыстарына тап болдық. Актерлер құрамы жаңа қойылымға қызу дайындалып жатыр екен. Бізді байқаған актердің бірі журналист екенімізді білген соң,театр директорына жолықтырды. Театр директоры Талғат Есеналиев жылы қарсы алып, театрдың ішкі тынысы туралы әңгімені бастап кетті. Біз орайлы сәтті пайдаланып, шағын сұхбат өткізуді ұйғардық.

Талғат Есенәлиев

– Талғат Қамқабайұлы, Мемлекеттік қуыршақ театрының 85-маусымын ашқалы отыр екенсіздер, құтты болсын! Бұл маусымның басқа маусымдармен салыстырғанда басты жаңалығы неде? Көрермен қауымды қандай спектакльдермен таныстырмақсыздар?

– Бұл – Қазақстанда ең алғаш құрылған, 85 жылдық тарихы бар, сонау Кеңес одағы кезінен үзіліссіз жұмыс істеп келе жатқан өнер ордасы. Театрымыздың 85-маусымына дайындала жүріп, 84-маусымды қорытындылауды да ұмытқан жоқпыз. Барлық театрлар демалысқа кетіп жатқан тұста, балалардың жазғы демалысы кезінде көрермендер мен Алматы қаласы қонақтарына қызмет жасадық. Құдай қаласа, қазан айының алтысы күні осы маусымды жапсақ деген ойдамыз. Содан кейін, қазан айының оны күні қайтадан кезекті маусымды ашпақ ойымыз бар. Бұл маусымның ерекшелігі, келесі жылы ұлы Абайдың туғанына 175 жыл толу мерейтойына орайластырылып, қуыршақ бейнесімен «Абай» спектаклі сахнаға тұңғыш рет жол тартқалы отыр. Өзіміздің мықты режиссер, Санкт-Петербургте оқыған Антон Зайцев мырза қойылыммен тынымсыз жұмыс істеуде. Құдай қаласа, жаңа маусымды «Абай» қойылымымен ашамыз деген ойдамыз. Әрі жас режиссер Еркебұлан Қабдылдың бүлдіршіндерге арналған «Ақбай, Алабай» қойылымы қазақ, орыс тілдерінде дайындалып қойды, көркемдік кеңестен өткізіп, қабылдап алдық. Күндізгі сағат он бір мен он екі жарым аралығында «Ақбай, Алабайды» сахналап, кешкі көрсетілімде көрермендерге «Абай» қойылымын ұсынсақ деген ниеттеміз. 20 желтоқсаннан бастап бүлдіршіндерге арналған дәстүрлі жаңа жылдық қойылымдар жүргізіледі. Соның дайындық жұмыстары да басталып кетті.

– Басшылыққа келгеніңізге бірнеше жылдың жүзі болды. Театрдың шығарма­шылық өмірінде қандай жаңалықтар болып жатыр? Өнер шаңырағының жеткен жетістіктері, бағындырған белестері туралы айта кетсеңіз.

– Менің бұл ұжымға келгеніме үш жылдың жүзі болды. Бұған дейін М.О.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында жиырма жылдай жұмыс істедім. Он бес жыл директордың орынбасары қызметін атқардым. Содан соң бір жылдай Ғабит Мүсірепов атындағы жасөспірімдер театрында директордың орынбасары бола жүріп, конкурсқа түсу арқылы осы жаққа ауыстым.

Өнер ордасында біршама жетістіктер де баршы­лық. Антон Зайцевтың «Ана жүрегі» спек­таклі шетелдерде болған театр фестиваль­дерінде төрт рет Гран-при алды. Қазақстанда өткізілген халықаралық фестивальдерде бас жүлделерді еншілеумен келеді. Шыңғыс Айтматовтың туғанына тоқсан жыл толу мерейтойына орай Бішкекте өткен театр фестивалінде Дина Жұмабайдың «Ана – жер-Ана» қойылымы әділқазылардың арнайы жүлдесіне ие болды. Осы фестивальге қатысуға елу алты театр ұсыныс түсіріп, соның он тоғызы іріктеліп алынған еді. Халықаралық деңгейде өткен фестивальге қуыршақ театрларынан жалғыз біз ғана қатыстық. Осы шілде айында Санкт-Петербургте өткен фестивальге «Ана жүрегі» спектаклімен қатысып, «Ең үздік ансамбль», «Ең үздік Спектакль» деген екі бірдей жүлдені иелендік. Осы жетістіктердің ықпалымен келер жылы Молдавияда өтетін халықаралық фестивальге шақырту алып отырмыз. Қазан айының он тоғызы мен жирма жетісі аралығында Түркия астанасы Анкара қаласында өтетін фестивальге кетіп бара жатырмыз. Одан келе сала қараша айының басында Ақмола облысы Көкшетау қаласындағы орыс театры ұйымдастырып жатқан халықаралық фестивальға осы «Ана жүрегі» спектаклімен қатысамыз. Бұл – Қуыршақ театрлары арасынан біздің ғана маңдайымызға бұйырып отырған жетістік.

 

– Театрда қойылымдар екі тілде (қазақ, орыс) жүреді екен. Бұл театр ғимаратының жетіспеуінен шыққан мәселе ме, әлде басқа себептері бар ма?

– Ғимараттың жетіспеушілігінен емес. Әуел баста екі тілді театр болып құрылған. Кейінгі жылдары орыс тіліндегі сақа актерлар зейнетке шығып, олардың орнын басатын жас актерлардың жоқтығына байланысты орыс тіліндегі қойылымдар тоқырап қалды. Себебі, орыс группасын оқытатын оқытушылар жоқ. Біз ойлана келе, қазақ тілінде оқу бітірген актерларды көбейтіп, екі тілде бірдей ойнайтын топ жасақтап шықтық. Орыс тіліндегі қойылымдарды тоқтатуға болмайды, өйткені орыс тілді көрермендер анағұрлым көп…

– Қазақ тілді көрермендердің аз келу себебі неде деп ойлайсыз?

– Себебі, қазақтардың көбі шеткі аудандарда тұрады. Театрға келіп-кету оларға көп қиындық тудырады. Біз осы мәселені шешу үшін шеткі аудандардағы әкімшіліктермен келісімшарт жасасып жатырмыз. Мысалы, осы аптада Наурызбай, Жетісу, Түріксіб аудандарына барып, қазақ тілді көрермендеріміз үшін қойылым қоямыз. Айына бір рет шет аудандарға барып, спектакльдерімізді ұсынып, қазақтілді көрермендердің қатарын молайтуды жоспарлап отырмыз.

– Репертуарларыңызға қарасам, қойылымдардың көбі шетелдік авторлардың шығармаларына негізделген екен. Бұл қазақстандық драматургтердің жоқтығынан туындап отырған жағдай ма?

– Бұл жерде ешқандай себеп жоқ. Бұрын орыс тіліндегі қойылымдар көп еді. Бірақ олардың қазақ тіліндегі аудармалары да қоса жүріп отырған. Біз келген соң қазақтілді қойылымдарды көбейттік. Мысалы: «Қаңбақ шал», «Бақыт құсы», «Құлыншақ пен бөлтірік», «Дәрумен», «Тоба», «Сағыныш шөбі» секілді пьесалар таяудағы екі жыл ішінде сахнаға жол тартты. «Сағыныш шөбі» спектаклі – Рахымжан Отарбаев ағамыздың Байбарыс сұлтанның өмірін негіз еткен шығармасы. Қойылымда туған жерге, кіндік қаны тамған топыраққа деген махаббат терең бейнеленген. Бұл шығарманың бүлдіршіндерді отансүйгіштікке, патриоттыққа тәрбилеуде алатын орны өте жоғары. Сосын Еркін Жуасбек ағамыздың «Тоба» пьесасының да үлкен тәрбиелік мәні бар. Бұл шығарма да қаланың орыстілді баласының жазғы демалыста ауылға апасына барып, сондағы қазақы өмірмен, салт-дәстүрмен танысып, өзінің кім екенін, ұлттық болмысын, тегін танып-біліп, тәубесіне келгені баяндалады. Қара шаңырақ театрымызда бұрыннан қойылып келе жатқан «Атамекен», «Алтын адам» секілді қойылымдарды да қазақтілді көрермендердің көзайымына айналған дүниелер деп айтуға болады.

Алғаш жұмысқа келгенде мені де «қазақ көрермені неге аз?» деген сұрақ қатты мазалаған еді. Зерттеп көрсем, бұның тамыры қуыршақ театрларына арнап жазатын қазақ драматургтерінің жоқтығында жатыр екен. Біздегі койылымдардың көбі, өзіңіз байқағандай, шетел авторларының шығармаларына негізделген. Кейіннен театрдың жанынан арнайы көркемдік кеңес құрып, сол арқылы драматургтермен бірлесіп жұмыс жасай отырып, қазақ тіліндегі  пьесаларды тапсырыспен жаздырдық. Осы еңбектенудің нәтижесінде «Құлыншақ пен бөлтірік» спектаклі қойылды. «Тоба» спектаклі сахналанды. «Қаңбақ шал» спектаклін жаңғыртып, қайтадан қойдық. Ересектерге арнап Бекзат Саттарханов туралы «Спорт» пьесасы жазылды. Бұл қойылым келер жылы сахналанады деп жоспарлап отырмыз.

 – Қуыршақ театрының драма театрлармен салыстырғанда қандай артықшылықтары мен ерекшеліктері бар ?

– Салалары бөлек қой. Драма театр актерлерінің образды алып шығуы қыруар еңбекті, талантты қажет етеді. Қуыршақ театрының жұмысы – қауырт, мұндағы жұмыс барысы жас балаларды сендіру, оларды қойылыммен сұхбаттасуға жетелеу секілді сатылардан өтеді.Бұл өте қиын шаруа. Мысалы, драма театрлар күніне бір спектакль қойса, қуыршақ театры күніне жеті-сегіз шығарманы сахналауы тиіс болады. Қуыршақты ойнату, қуыршаққа жан бітіру, оның механикасын жасау кез келген актердің қолынан келе бермейді. Оны өте шебер, талантты актерлер ғана ойнай алады. Драма театрының қойылымдарына қуыршақ театрының актері барып ойнай алады, ал драма театрының актері қуыршаққа жан бітіріп, оның болмысын аша алуы неғайбыл. Айырмашылығы, міне, осында. Драма театры актері образын зерттеп, кейіпкердің жан дүниесін өзі ойнау арқылы ашуға тырысады, ал қуыршақ театрының актері кейіпкердің образын зерттей жүріп, сол образға өзі енеді, содан соң барып оны қуыршаққа сіңіріп, қуыршаққа үйретеді. Драма театрда актер бір спектакльде бір кейіпкерді ойнайды, ал қуыршақ театрының актері кей жағдайда бір қойылымда бес кейіпкерді ойнап, бесеуінің де образын ашуы керек болады. Бір спектакльде бір образдан шығып, келесі образды жедел сомдау – өте қиын қарекет. Мәселен, драма театрлары көрсете алмайтын қиял-ғажайыптық дүниелерді қуыршақ театрының көрсету мүмкіндігі жоғары. Бізге драма театрының режиссерлары спектакль қоюға көп келеді. Неге десеңіз, олар драма театрында көрсете алмаған кейбір дүниелерді осы театр арқылы көрсетуге мүмкіндіктері бар екенін айтады.

 – Қуыршақ театры десе, «балаларға арналған қойылымдар өтеді» деп түсініп жатамыз. Шындығында да солай ма?

– Сұрағыңыз өте орынды. Жұртшылық арасында сондай түсінік қалыптасқан. Біздің ұжым соңғы екі жылдан бері: «Ой, мен немеремді, балаларымды апаруым керек еді» деген ойды жою үшін жұмыс жасап жатыр. Қазір бұл түсінік өзгере бастады. Балаларға арналған қойылымдармен қатар, «Абай», «Ана – Жер-ана», «Медея», «Мұқағали», «Ана жүрегі» секілді ересектерге арналған спектакльдер де көпшілік жүрегін баурап үлгерді.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Қазақстан халқына Жолдауында мәдениет саласындағы қызметкерлердің айлығын көбейту керектігі жөнінде айтылды. Бұл осы саладағы қызметкерлердің мерейін көтеріп, қуантып тастады. Президент Жолдауын театр ұжымы қалай қабылдады?

– Президенттің Жолдауы барлық саланы қамтыды. Мәдениет саласындағы күрделі мәселелер шаш етектен. Бұған дейін билік назарынан тыс қалып келе жатқан дүниелер мол еді. Соның ең бастысы жалақының төмендігі болатын. Бұған дейін театрдың ғана емес, музей, кітапхана қызметкерлерінің де жалақысы мардымсыз болатын. Президент өзі тапсырма беріп, мәдениет саласындағы қызметкерлердің жалақысын арттыру туралы пәрмен етті. Біздің ұжым Президент тапсырмасын зор қуанышпен қабылдады. Бұған дейін де Үкіметтің театрымызға беріп келе жатқан көмегі аз емес еді. Мысалы, өнер ұжымының жиырмаға тарта актері әртүрлі мемлекеттік бағдарламамен үй алды. Енді әртістерді шетелге жіберіп оқыту мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл да еліміздің мәдениетіндегі айрықша жаңалықтардың бірі.

– Әнгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен
Ықылас ШАЛҒЫНБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір