«Патша-сөздің Фаризасы»
08.10.2019
3482
0

Жуырда Атырауда көрнекті ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Фариза Оңғарсынованың туғанына 80 жыл толуына байланысты «Патша-сөздің Фаризасы» атты рухани іс-шараға толы апталық өтті. Жастар апта бойы қарт Каспийдің асау толқынындай буырқанысы басым ақын жырларын оқыды. «Ар мен Ақын» атты деректі фильм мен спектакль көрерменге жол тартты. Сондай-ақ, суретшілер симпозиумы, эстрада жұлдыздарының конкурсы, республикалық айтыс өтті.

ҚҰРМАНҒАЗЫ РУХТАС ЖАСЫН ЖЫРЛАР

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қазақ поэзиясына ұлттық рухты әр қырынан жырлай келген талантты буынның ішінде Фариза Оңғарсынованың үні бөлек естілетін-ді. Оның алмастай өткір жырлары жадаған жанға шуақ құйып, наркескен ойлары жыр сүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді. Жұмекен, Мұқағали, Қадыр, Тұманбайлар буы­ны жас ақынның алғашқы қадамына сүйі­ніп, аға буын өкілдері «жыр өлкесіне пішімі бөл­ек, өрісі кең, танымы терең алғадай шай­ыр келді», – деп сүйіншілесті. Алғашқы өлең­дерімен-ақ әдеби қауымды өзіне елеңдеткен ақын жыл өткен сайын биіктерге самғап, тұтас ұлттың ақынына айналды.

Қазақтың даңқты перзенті, ой мұнарасы Әбіш Кекілбаев Фариза Оңғарсынованың шығармашылығы жайында жазған көлемді мақаласында: «Маған Құрманғазы өлең жаз­са, өзіне қай жағынан да жақын тұрған Ма­хам­­бетше емес, бүгінгі Фаризаша жазатын сияқ­ты, ал егер Фариза аяқ астынан ком­пози­тор боп кетсе, тап Құрманғазыша сіл­тейтін тәрізді боп көрінеді де тұрады. Егер суретші болсам, бұл екеуінің көзінде тебіренген терең мұңнан ытқып шыққан мөл­дір тамшы көз жасы мен ытырынған ызаның ойнақшыған шоқ ұшқынын қатар бейнелер едім. Бір-біріне қырық қайнаса сор­пасы қосылмайтын күйректік пен өткір­лік­тің, нәзіктік пен жігердің, қасірет пен қайраттың мұндай үйлесімі рух болмы­сы­ның ең тұңғиық драматизмін дәл ұстай ала­тын ұлы суреткерлерде кездессе керек»,– деп жазады. Осы жолдарды оқыған сайын Фариза әлемінің алып мұқитқа барабар сырын аңдағандай боламыз.
Ол өмірден өткен соң «Фаризатану дәуірі» басталды. Атырауда өткен «Патша-сөздің Фаризасы» апталығы соның бір айғағы іспетті. Апта бойы Атырау өңірі жырмен тер­беліп, Фариза биігінің ұшар басына көз тігумен болды.

 «…ТҰНЫҚ ЖЫРДЫҢ ҚАЙНАРЫНДАЙ,
АР-НАМЫСТЫҢ ҚАЙРАҒЫНДАЙ»

2016 жылы Атырау қаласында Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Фариза Оңғарсыноваға ескерткіш қойылған болатын. Айналасы гүлзарға толы бұл алаң қазір ел-жұрт серуендеп, күнде кешкілік бас қосатын жерге айналған. Бұл жолы мектеп оқушылары мен студенттер апта бойы ескерткіш алдына гүл шоқтарын қойып, ескерткіш маңына жиналған қала тұрғындары мен қонақтарына ақын өлеңдерін оқыды. Еліміздің әр бұрышынан келген қонақтар, зиялы қауым өкілдері апталық аясындағы сапарларын осы жерден бастады. Олар бірінен соң бірі сөз алып, ақын шығармашылығы туралы тебірене сөйлеп, тағылымға толы әңгіме өрбітті.

«Қазақ поэзиясында айрықша қолтаң­ба­сымен дараланған Фариза Оңғарсынова – тұнық жырдың қайнарындай, ар-намыстың қайрағындай болған шығармашылығымен миллиондардың жүрегін жаулаған ақын. Бұл ескерткішті – ел-жұрттың, алты алаштың ақын қызына деген ерекше құрметінің белгісі деп білуіміз керек!» – деді ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстан Жазушылар одағының Төрағасы Ұлықбек Есдәулет.

Ақынның студент кезі

«БӘРІМІЗ ФӘРУ ДЕЙТІНБІЗ»

Ф.Оңғарсынова Халел Досмұхамедов атын­дағы Атырау мемлекеттік уни­вер­си­­тетінде білім алған. 80 жылдығына орай республикалық ғылыми-тәжірибелік конфе­ренция осы университетте өтті. Ақынның замандастары мен шығармаларын зерттеуші филолог-ғалымдар өмірі мен өнері ажырамас бүтіндікке айналған тұлғаның алмас қылыштай жырларын талдап, азаматтық болмыс-бітімі мен ел ісіндегі атқарған қыруар жұмысы, қоғамдық өмірдегі беделі хақында ой толғады. Аңызға бергісіз естеліктер де айтылды.

Ақынның курстасы, әдебиеттанушы, профессор Қадыр Жүсіп студент Фаризаны бәрі Фәру деп атағанын, жазуы маржандай жас қыздың сөзді терең түсініп, әр тіркеске үстеме мән беретін айшықты образдарды іздестіретінін, көп оқитынын еске алды. Әдебиет үйірмесіне қатысқан кезінде де елден бұрын оқуға, жаңалықты жатсынбай қабылдауға бейім болғанын жеткізді. Одан кейін сөз алғандар ақынның журналистік қызметі, Тәуелсіздік жылдарында депутат ретінде атқарған бірегей істері туралы әңгімеледі.

 «Ар мен Ақын»

Атырау облыстық театрында көрерменге ұсынылған «Ар мен Ақын» қойылымы – ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Әлия Дәулетбаеваның алғашқы пьесасы. Оңғарсынова рухына арналып жазылған шығармада жас ақынның әдебиет майданына араласуы, шығармашылық ізденісі, «Өлең деген не? Ақынның қоғам алдындағы міндеті қандай?» деген сұрақтарға жауап іздеуі, өзінің ішкі арпалысы мен өмірдегі түрлі ситуациялар барысындағы жанайқайы, ішкі көңіл-күйі әдіптелген. Қоюшы режиссер Жанат Телтаев жас ақынның басындағы сан алуан ойлар мен Фариза Оңғарсынова өлеңдеріндегі иірімдерді өзара ұштастырып, әдебиеттегі түрлі жағдайларды образды бейнеде бере білген. Мұнда ақын атақ пен марапаттың, мәнсап пен әлеуметтік мәселелердің әртүрлі сынағына тап болып, өзіне «күрделі» сұрақтарды қояды әрі соған жырдан жауап іздейді. Жаңа қойылымда сахнаның безендірілуі, музыка, декорацияның жарықтармен әрленуі, ақынның қиял әлеміндегі шабытты шақтары, бәрі-бәрі өте шынайы әрі сондай әсерлі бедерленген. Көрермен қауым қойылымды жылы қабылдап, авторы мен режиссеріне зор қошемет көрсетті.

«АСҚАҚТЫҚ ПЕН НӘЗІКТІК»

Атырауда облыс әкімінің қолдауымен «Фариза жұлдыздары» атты жас ақындар клубы жұмыс істеп келеді. Олар облыстағы мәдени іс-шаралардың басы-қасында жүр. Үнемі әртүрлі кештер мен жиындар ұйымдастырып, өңірдегі жас таланттардың шығармашылық кештерін өткізіп, сұхбаттар жүргізеді. Ақын мерейтойына келушілерді клуб мүшелері сақадай сайланып, зор дайындықпен қарсы алды. Жастар легі өткізген «Асқақтық пен нәзіктік» поэзия кешіне қала жұртшылығы мен қадірменді қонақтар көп жиналды. Ақынның өлеңдерін жастар бірінен соң бірі оқып, өздері де жырдан шашу шашты. Жұртшылық Атырауда өткен өнер жәрмеңкесінің мән-маңызын осы кеште тіптен жақсы түсінгендей, жастар оқыған жырды ұйып тыңдап, поэзия құдіретіне тәнті болды.

Белгілі жазушы Әнес Сарай: «Фаризаны жастар сағыныпты. Фариза жастардың жүрегіне жол тартқан бақытты ақын екеніне көзіміз жетті. Жастардың жанарынан от көрдім, рух көрдім. Бұл – поэзияның құдіреті. Мінсіз, шын сөздің лебі. Атырау халқы ақынын асқақтату арқылы, өзінің рухани байлығын әспеттеп отыр. Осы кештегі әр жас ақынның өзіндік мәнері бар екендігі мені қатты қуантып, көңіліме олардың арасынан күні ертең Фаризаның ізбасарлары шығатынына деген сенім ұялады. Бұл мереке – өңірдің ғана емес, тұтас қазақтың мерекесі іспетті болды. Әлия Дәулетбаеваның Фариза жандүниесіне терең бойлаған пьесасы, оның сахналық қойылымы әрбірімізге терең ой салды. «Ақынды ақын ғана шын түсінеді» деген рас екен. Фаризаның жырлары арқылы оның жолын қуған жастың образын сомдап, түрлі сұрақтарға жауап іздетіпті. Мұндай қойылымдар өте керек. Өнер туралы жазылған шығармалар сан аулан. Олардың дені – өміршең дүниелер. Себебі, адамзат бар жерде, өнер өлмейді. Өнер бар жерде, ол туралы әңгіме түгесілмейді. Рухани апталықтан мол азық алдым. Фаризаны жастайымнан білуші едім. Енді оның заңғар көкке самғап кеткеніне куә болдым. Фариза жұлдызы биік ақын екенін осы апталықта тағы бір түйсініп, өзгеше күй кештік», – деді тебірене сөйлеп.

Ал белгілі жазушы Қажығали Мұқаметқалиұлы: «Өлеңі өзіне, өзі өлеңіне ұқсамайтын ақындар көп. Фаризаның өзі – өлең еді, өлеңі – өзі еді. Бүтін болмыс, тұтас таланттың осы қасиеті бүгінгі жастарға үлгі болуға тиіс», – деп, жастардың жігерін қайрады.

     

«ПОЭЗИЯ ПАДИШАСЫ – БОЯУЛАР ТІЛІНДЕ»

 «Поэзия падишасы – бояулар тілінде» атты республикалық суретшілер симпозиумына қатысушылар төрт күн бойы ақын шығармалары мен өмір жолы негізінде бояуларға тіл бітірді. Жайық жағасында бас қосқан суретшілер оның өмірі мен өлеңдерін негіз етіп, суреттер салды.

«Симпозиумға еліміздің әр өңірінен 14 суретші қатысқан. Суретшілерге бұл шара туралы екі ай бұрын хабарланып, олардың еркін жұмыс жасауына мүмкіндік пен уақыт берілді. Бұл аралықта қылқалам шеберлері Фариза шығармашылығына қайта үңіліп, оның сұлу әлеміне бойлай еніп, тынымсыз жұмыс жасады. Бір-екі картиналарын үйден дайындап әкелсе, тағы бірін Атырау өнер музейінің студиясында отырып тиянақтады. Олардың ішінен, кем дегенде, екі-үшеуі көрмеге қойылды», – дейді суретшілер симпозиумы жайында мақала жазған журналист Тарас Наурызәлі. Ол суретшілердің ақын шығармаларындағы кеңістік пен уақыт жарасымын, ол өскен жердің табиғатын, ұлттық тарихтың кейбір сәттерін түгел қамтып, әртүрлі жанрда майлы бояу картиналарын туғызғанына тәнті болғанын айтты. Бұл суреттер облыстық Өнер музейінде сақталады.

 Ә. МҰСТАФИН, Атырау

 Нұрлан НОҒАЕВ, Атырау облысының әкімі:

 – Фариза Оңғарсынова апамызға айтылар теңеу көп. Абайдың «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған», – деген сөзі осындайда еске түседі. Фариза поэзиясы – өскелең ұрпақты жігерлілікке, батылдыққа, отансүйгіштікке тәрбиелейтін қуатты поэзия. Бүгін, міне, соның куәсі болдық. Апта бойы елдің арда азаматтары аяулы ақын жайында тебірене сөйлеп, іс-шараның мән-маңызын елге жеткізді. Олар бұл шараның мәртебесін көтергені сөзсіз. Фаризадай тұғырлы тұлғасын сағынған жұрт ақын өлеңдерін оқып, оның поэзиясын сүйетін жастар халықты жырмен сусындатты. Алдағы уақытта да Фариза апамыздың рухани дүниесін зерделеп, зерттеп, елге  насихаттау жалғасын таба бермек. Осындай ауқымды іс-шаралар арқылы қазақ руханияты кемелдене, дами түседі.

 

Ф. ОҢҒАРСЫНОВА

КӨГАЛДЫ АЛАҢ

 Көгалды алаң. Сүт сәуле қырды басқан,

біз отырмыз жанардан арман ұшып.

Еленбейтін бұрынғы жұлдыз, аспан –

бәріне таңданысып.

 

Теңесем де өзіңді жасықтармен,

бір батылдық көруді аңсап едім.

Кеткім келген кісі боп асыққанмен,

жібермей қалса дедім.

 

Батылдық па күтпеген, жүрек пе ізгі?

сені маған жіберген сүйікті етіп?

Менің балғын денемді дір еткізді,

қолдарың тиіп кетіп.

 

Құшақтадың. Соны аңсап бір тынбап ем

(бір бұлқыныс басталды іште керім),

ашуланған кісі боп бұлқынғанмен,

құшақтай түссе дедім.

 

Адам деген бақыттан тұншығады, ә,

шырын сәтте бойында қан тасыған.

Біздер жаққа қарауға қымсына ма, –

ай жатыр шалқасынан.

 

Қызыққандай біздерге дала мына,

бара жатты құбылып шалғын-кілем.

Сонда сенің тұп-тұнық жанарыңа

тұтқын боп қалдым білем…

ӘЙЕЛДІҢ МОНОЛОГЫ

 Сенің от құшағыңда

дүниені ұмытып талықсыдым.

Жүрегімді өртеді жан ыстығың.

Мынау байтақ әлемде тек екеуміз

жүргендейміз айналып ғарышты мың.

Көзімді ашсам, шырын сәт көзден ұшып

кететіндей жанарды тарс жұмдым.

 

Сен аймалап алқындың,

одан сайын есімді шығардың да,

мен балқыдым көміліп қылаң нұрға.

Жақсы сөздің барлығын саған айттым,

ішімнен бе, әлде үн шығардым ба…

 

Сен жанымда жүрдің де,

жанарымды толтырдың жылылыққа,

(жан жылуын балар ем ұлылыққа).

Тәттілігін сезіндім бұл өмірдің,

әр күніне тоймадым құнығып та.

Қайырымды да боп кеттім, –

Қатыгез жан

дірілдеген жүрекпен сыр ұғып па?!

 

Бірақ өзің айныдың.

Ұмыттың да жастықтың жұмақ күнін,

сен мысқылдап, мен болсам жылап тұрдым.

Өмір деген бұрқанған дарияға

бұрымымнан ұстап ап лақтырдың.

Сонда ғана есейіп, бұл жалғанда

бәрі алдамшы екенін бір-ақ білдім.

 

Сенің от құшағыңда

ардан аттап, қалдырдым пәктігімді,

ләззатқа батырған ақ түнімді.

Айырдым мен аяусыз енді кимес

ақ көйлекті тігілген сәтті күнгі…

…Мен күнәһар емеспін ар алдында,

Құдайың да кешеді тап мұнымды.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір