ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ ҮЗДІК ҮЛГІЛЕРІ – БҰҰ-НЫҢ АЛТЫ ТІЛІНДЕ
08.10.2019
1882
0

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызды бағыты ретінде «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» атты жоба дүниеге келген болатын. Жобаның мақсаты – қазіргі заманғы Қазақстанның әдебиет, музыка, бейнелеу өнері, хореография, кино және театр салаларындағы мәдени қазынасын әлем жұртшылығына таныстыру. Бұл, бір жағынан, кез келген дамыған мемлекеттің басты идеологиялық тұғырнамасы саналатын мәдени саясаттың басым мақсаттарының бірі: қазақстандық мәдениеттің әлемдегі мәрте¬бесін нығайту. Осыған сәйкес аталған жоба аясында заманауи қазақ әдебиетінің үздік үлгілері – «Қазіргі қазақ прозасының антологиясы» және «Қазіргі қазақ поэзиясының антологиясы» БҰҰ-ның алты тіліне аударылып, жарық көре бастады. Әр антологияның көлемі – шамамен 500 беттей, әрқайсысына 30 қазақстандық автордың таңдамалы шығармалары енген. Қыркүйектің 25-інен жоба бойынша серіктес елдерде қос антологияның тұсаукесер рәсімдері өтіп жатыр. Шараларға Қазақстан тарапынан ҚР Президентінің көмекшісі, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Ұлттық комиссия хатшысы Аида Балаева, ҚР Ұлыбританиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Ерлан Ыдырысов, Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы, Қазақстан Жазушылар одағы Төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек қатысуда.

ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ – АҒЫЛШЫН ТІЛІНДЕ

 Қыркүйектің 25-і күні Британия кітапханасында (Лондон, Ұлыбритания) қазіргі қазақ поэзиясы мен прозасы антологиясының ағылшын тіліндегі аудармасының тұсаукесер рәсімі өтті. Таныстырылымға жоғарыда аты аталған Қазақстан өкілдерімен қатар, Британия кеңесі, Кембридж университеті баспасы және Британия кітапханасының басшылары, сондай-ақ, аудармашылар, әдеби редакторлар, сыншылар мен шолушылар қатысты. – «Біздің жобамыз 2017 жылы сәуір айында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында жүзеге асуда. Оның өзегінде «Заманауи әлемде ұлттың бәсекеге қабілеттілігі оның мәдени және интеллектуалдық потенциалымен өлшенеді» деген ой жатыр. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында 60 қазақстандық автордың таңдамалы шығармалары тұңғыш рет бірден әлемнің негізгі алты тіліне аударылып отыр. Жобаны жүзеге асыруға Ұлыбритания, Франция, Испания, Египет, Қытай және Ресейдің жетекші баспа ұйымдары атсалысты. Антологиялар әлемнің 90-нан аса еліне, бес құрлыққа тарайды. Яғни, бұрын-соңды дүниежүзі оқырмандарының қолына түспеген қазақ әдебиетінің үздік үлгілерімен 2,6 млрд. адам танысуға мүмкіндік алады. Қазіргі қазақ әдебиеті антологиясы мұндай кең ауқымда алғаш рет жарық көріп отыр. Жиналған тәжірибеміз бен серіктестеріміздің қолдауына сүйене отырып, біз осынау маңызды мәдени жобаны одан әрі жалғастырамыз. Кембридж университетінің баспасы және Британия кеңесіндегі достарымыздың арқасында мамандар басылымдарға жоғары бағасын беріп отыр. Еліміздің, авторларымыздың атынан әріптестерге шынайы алғысымды жеткізгім келеді. Бүгінгі жобамыз жүйелі түрде жалғасын тауып, мәдениетаралық қарым-қатынастардың ұлғаюына негіз болады деген сенімдемін», – деді таныстырылымда сөз сөйлеген Аида Балаева.

Антологияны ағылшын тіліне аударып, баспадан шығару бойынша стратегиялық серіктесіміз – Британия кеңесі. Олар жобаға сарапшылық қолдау көрсетті. Ал ең басты серіктес – Кембридж университетінің баспасы (Сambridge University Press) Ұлттық аударма бюросымен бірге аударманы жолма-жол әдеби өңдеу, баспаға дайындау, басып шығару, сондай-ақ, басылымдарды ағылшынтілді елдерге тарату, жеткізу және насихаттау бойынша кешенді жұмыстарды атқарды.

Қос жинаққа алғысөзді Британияның академиялық қоғамдастығының белді өкілдері жазды. Мәселен, заманауи қазақ прозасы антологиясының алғысөзінің авторы Британия кеңесінің бас директоры – сэр Киарен Девейн болса, қазіргі қазақ поэзиясының жинағына алғысөз жазған – әдебиеттанушы-профессор Джейсон Хардинг. Ағылшын тіліндегі антологиялар Ұлыбритания, АҚШ, Канада, Австралия, Жаңа Зеландия және т.б. ағылшын тілінде сөйлейтін ондаған елдің 8 мыңнан аса кітапханасына, университеттері мен ғылыми орталықтарына жеткізілмек.

 ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ – ИСПАН ТІЛІНДЕ

Қыркүйектің 27-сі күні Сервантес институтының (Мадрид, Испания) штаб-пәтерінде қазіргі қазақ проза­сы мен поэзиясының испан тіліндегі антоло­гия­сының тұсаукесер рәсімі өтті. Шараға бел­гілі испан жазушылары, аудармашылар, филолог-ғалымдар, журналистер, сондай-ақ, Испаниядағы Қазақстан достары клубының мүшелері қатысты.

Жобаның стратегиялық серіктесі – Испанияның Мәдениет министрлігі, ал шығармашылық кеңесшісі – Сервантес институты болды. Қос антологияны испан тіліне аударған, басып шығарған және таратқан – «Visor-Libros» баспа үйі. Жинақты дайындауға қатысқан көркем аударма мамандарының бірі – испан корольдік отбасының аудармашысы, филология ғылымдарының докторы, профессор Мария Санчес Пуиг. Мария Санчес қазақ прозасының антологиясына алғысөз жазса, қазіргі қазақ поэзиясы антологиясының алғысөзін  танымал испан ақыны, филолог, Король академиясының академигі Луис Альберто де Куэнко жазды.

Испан тіліндегі қос антологияның тұсаукесерінде Сервантес институтының жетекшісі Роса Леон: «Қазақ оқырмандары біздің ұлы жазушыларымызбен, ақындарымыз бен суретшілерімізбен жақсы таныс деп сенемін. Біз оларды бүкіл әлем тануы үшін көптеген жұмыстар атқардық. Бірақ нағыз достық пен түсіністік үшін екіжақты мәдени алмасу болуы қажет. Сондықтан осындай жинақтың басып шығарылуы біз үшін аса маңызды», – деді.

Өз кезегінде Аида Балаева: «…Біз үшін ең бастысы аударманың испан оқырмандарының жүрегіне жол табатын жоғары көркемдік сапасына қол жеткізу болды. Ол үшін аудармашылар Қазақстанға келіп, авторлармен, біздің елімізбен және мәдениетімізбен танысты. Олар біздің достық қарым-қатынасымызға арқау болды. Мұндай ынтымақтастық қазақ және испан мәдениеттерін одан әрі жақындастыруға, мемлекеттер арасындағы қатынастарды нығайтуға қызмет ететініне сенеміз», – деп атап өтті.

Он мың дана тиражбен жарық көрген қос жинақ Испания кітапханаларына, жоғары оқу орындарына және академиялық орталықтарына, сондай-ақ, 600 миллион адамға арналған аудиториясы бар Латын Америкасының 18 еліне таратылады.

ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ – ФРАНЦУЗ ТІЛІНДЕ

Қыркүйектің 30-ы күні Париж бірінші округінің мэриясында қазіргі қазақ прозасы мен поэзиясының француз тіліндегі антологияларының тұсаукесері өтті.

Париждің бірінші округінің мэриясы мен елордалық мәдени қауымдастықтың қолдауымен жүзеге асырылған жоба аясында қос жинақты өнер мен әдебиетті насихаттау жолындағы аударма және баспа саласында отыз жылдан астам тәжірибесі бар «Мишель де Мюл» (Michel de Maule) әдебиет баспасы басып шығарды. Баспаның бас редакторы, француздың белгілі тіл ғалымы және ақыны Тьерри-де-Ла-Круа (Thierry de La Croix) әріптестерінің басты мақсаты аударманың жоғары көркемдік деңгейін қамтамасыз ету екенін атап өте келе: «Бұған бізге Қазақстанға сапар және авторлармен тікелей байланыс көмектесті. Біздің өте танымал шығармашылық ұжымымыз көп жұмыс істеді және біз оның нәтижесімен мақтанамыз», – деді.

Шараға орталық елордалық округтің мэрі Жан-Франсуа Легаре (Jean-François Legaret), Париж Мәдени бірлестігінің президенті мадам Карла Аригони (Carla Arigoni), қос жинаққа жазылған алғысөздердің авторлары – Франция академиясының тұрақты хатшысы Элен Каррер д’Анко мен белгілі француз ақыны Вернер Ламберси, сондай-ақ, аудармашылар, жазушылар, журналистер және Қазақстанның Франциядағы елшілігінің жанындағы «Қазақстанның достары» клубының мүшелері қатысты. Антологиялар 220 миллион адамдық аудиториясы бар 30-дан астам французтілді елдерге жеткізіліп, 5 мыңнан астам ұйымға таратылатын болады.

Тыныштықбек ӘБДІКӘКІМҰЛЫ, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері

ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ МЕРЕЙІ ӘЛЕМДІК ДЕҢГЕЙДЕ АСПАНДАДЫ

–Шамасы, осыдан екі жылдай уа­қыт бұрын Елбасы Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей тапсырмасы бойынша, қазақ әдебиеті көрнекті өкілдерінің қостомдық антологиясын әлемдік алты тілде жарыққа шығару қарекеті басталып кеткен болатын. Оған со кездегі Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің басшысы (қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі) Аида Ғалымқызы Балаева ханым басшылық жасап, ҚР Жазушылар одағы мен Ұлттық аударма бюросы жұмысқа тартылды. Осы апта бойы біз сол екіжылдық орасан еңбектің тамаша нәтижесін БАҚ құралдары арқылы көріп-білудеміз. Ол – ел руханияты тарихында бұрын-соңды болмаған тарихи уақиға. Атап айтар болсақ, антологияның таныстырылым салтанаты осы айдың 25-інде – Ұлыбританияда, 28-і күні Испанияда өтіп,  Францияда жалғасты. Ол маңызды шараларды Аида ханым басшылығымен, Жазушылар одағы Төрағасының бірінші орынбасары, ақын-прозик Ақберен Елгезек пен Ұлттық аударма боросының директоры Рауан Кенжеханұлы сәтті өткізуде. Қалған үш елге сапар кейін жалғасады деген болжамдамыз.

Иә, қалай десек те, қазақ әдебиеті ме­рейінің әлемдік деңгейде аспандаған сәттеріне алыстан мерейлене куә болып отырмыз. Сол үшін, риясыз көңілден идея авторы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа, тұңғыш Президентіміздің саяси-әлеуметтік, руханияттық һәм экономикалық төл идеяларының жүзеге асуын жалғастырушы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа, тұңғыш Президентіміздің тапсырмасын жоғары деңгейде сәтті орындаған Аида Балаеваға, ҚР Жазушылар одағының Төрағасы Ұлықбек Есдәулетке, Ақберен Елгезеккке, Ұлттық аударма бюро­сының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлына, елдегі һәм шетелдік аудармашыларға, жеке-жеке, азаматтық һәм қаламгерлік зор алғысымды білдіремін. Өйткені «Әдебиет – Ардың ісі» ғана емес, ол – ұлттық иеологияның ең басты құралы.

Өз басым Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры», «Мәңгілік Ел» атты ұзақ жылдарға арналған стратегиялық қат-қабат концептуальді бағдарламасының біртіндеп қоғам санасының қозғаушы қуатына айналуын – Ел болашағының жарқын болмағының кепілі деп білем. Себебі, аталған мемлекеттік бағдарламалардың жақын жылдардағы тактикалық мақсаты – нақты ұлттық идеология концепциясын түзу әрі оны жасампаз ету екеніне еш шүбаланбаймын. Бүгіндері бүкіл ел назарында тұрған, өзіміз тілге тиек етіп отырған қазақ қаламгерлері шығармаларының әлемдегі алтытілдік антологиясы да – сол сенімімді бекемдей түсетін бір мысал.

Тегінде, ұлттық идеология доктринасы­ның негізі – мыңдағанжылдық тарихы бар халқымыздың әлемде теңдесі жоқ ерекше дүниетанымындағы әлі күнге дейін құпиясы ашылмаған, арнайы зерттелмеген Б е с т а н ы м (Адамтану, Табиғаттану, Күнтану, Ғарыш­тану, Құдайтану) ілімі мен оның алтын кілті болып табылатын Сөзтаным ғылымы. Анық көзім жеткен соң айтам, ширек ғасырдан астам уақыт бойы сол алты ғажаптың танымдық канондары бойынша өзімше ізденіп, талмай жұмыс істеумен келем. Тәңірі жар болса, келесі жылдың басында аталмыш алабөтен алты танымның мың сан постулаттарының көркемфилософиялық мәні мен мәнісін, маңызы мен мазмұнын баяндайтын қолжазбамның алғашқы үштомдық бөлігін баспаға ұсынбақпын. Елбасы мен Президентіміз, сондай-ақ, жоғарғы билікте ел үшін жан аямай қызмет етіп жүрген М.М.Тәжин, Б.М.Сапарбаев, Қ.Е.Көшербаев, А.Ғ.Балаева сынды мемлекеттік қайраткер тұлғалар аман болса, ол арманым да орындалады деген ойдамын.

 Айгүл КЕМЕЛБАЕВА, жазушы, әдебиеттанушы, кинодраматург

ХАЛЫҚ ҮШІН ӨЗІН ӘДЕБИЕТІМЕН ТАНЫТА АЛУДЫҢ МАҢЫЗЫ ЗОР       

–Елімізде «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасының аясында әдебиет пен мәдениетке қомақ­ты үлес қосып жат­қан ірі жобалар іске асырылуда. Шығарма­шы­лық қауымның көптен күткені сыртқы әлемге танылу, ұлттық дүниетаным мен руханиятыңды мәдениеті дамыған өзге жұрттарға көрсетуге құлшыныс екені бесенеден белгілі.

1989 жылы Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтының негізгі бөлімінің I курсында оқып жүргенімде бірге оқитын ұлты орыс студенттің біреуі менен: «Сендер, қазақтар, әлем әдебиетіне қандай үлес қостыңдар?!», – деп сұрағаны көкейімнен ешқашан кетпейді. Менсінбеушілік дей алман, бірақ жастық максимализммен қойылса да, «Егер сендер шынымен мықты ұлт болсаңдар классикалық әдебиеттерің арқылы неге мұны дәлелдемейсіңдер! Біз неге қазақ әдебиетін білмейміз?!» деген райдағы, шынында, әрі сауал, әрі жауап сияқты естілді. Мұны сонда астамшылық немесе үкім деп санамадым. Абай мен Мұхтарды оқымаған жастың сөзі деп қабылдадым.  Мен оған: «Мен өзімдікін де білемін, өзгенікін де білемін. Мұндай мүмкіншілік берген Құдайға мың да бір шүкір! Кім сыңаржақ? Кімнің көкжиегі кеңірек?!» – деп жасымай жауап бердім. Халық өзін, әсіресе, әдебиетімен керемет таныта алудың маңызы зор екенін сонда терең ұққанмын. Мерзімі келсе, қазақ әдебиетінің таңдаулы дүниелерін әлі-ақ дүниежүзі біледі деп оптимистік ойға батқаным рас. Рухани қазынасы солғын ұлт ең қораш ұлт саналады. Бұл әлем таңдаулыларға бас иетін талғампаз һәм кірпияз. Өтірік дақпыртты қажетсінбейді.

Біздің асыл мұрамыз әдеби шедеврлер шет тілдеріне сапалы аударылса, мұның қасиеті орасан болар еді. Елбасының бастамасымен жүзеге асып, мемлекеттік іске айналған қазіргі заманғы «Жаһандағы заманауи қазақ мәдениеті» жобасының қазақ әдебиетіне қатысты бөлігін «Ұлттық аударма қоры» БҰҰ-ның 6 тіліне аударып, Еуропа астаналарында  ағылшын, француз, испан тіліндегі тұсаукесерлері өтіп жатыр. Қазақ ақын-жазушылары үшін мол игілік. Әдебиеті терең, талғамы аса жоғары батыс аудиториясын бұл қос томдық сапалы аудармасымен қуантады деп сенемін. Осы жобаға проза жанрында автор болып енгеніме, творчестомды оң бағалап, мені қолдаған адамдарға шынайы алғысымды айтамын. Орыс тіліне аударылған әңгімемнің жолма-жол тәржімасын өзім жасағаныма бек ризамын. Аудиториясы өте үлкен екен, шетелдік әдебиеттанушылар, сыншылардан бөлек, оқырмандар тарапынан резонанс туып жатса, ең игі қуаныш сол болар еді. Бұл жобаға салынған үлкен қаржы ақталса, қазақ әдебиеті құбылыс болып танылса үлкен мәртебе де сол шығар.

Ерлан ЖҮНІС, ақын

Олар да бізді оқиды…

– Біздің үйдің астынғы қабатында кітапхана болушы еді. Бірін-бірі қуалай орналасқан қуықтай қуыс бөлмелердің қабырғалары қат-қабат жиылған қалың томдықтар. Кітап сөрелерінің белі қайысып тұратын. Сарғайған қағаздардың иісі бұрқырап тұратын. Кейбір энциклопедияларды көтеруге қары жасымаған қарулы қол керек еді. Кейбір миниатюралық кітаптарды қарауға нұры таймаған көз керек еді.

Соның бәрі бізде бар болатын. Талғамай оқимыз. Солардың арасында «Шығыс лирикасы», «Ағылшын романтикасы», «Скандинавия новеллалары», «ХІХ ғасыр әдебиеті», «ХХ ғасыр әдебиеті» дегендей көптеген антологиялар мен альманахтар әсіресе қызықтыратын. Сонда ойлайтынбыз, біз Еуропаны да, қос Американы да, Африканы да, тұтас Шығысты оқимыз, әрбір елдің танымал авторларының, тым болмағанда, 2-3 өлеңін білеміз, бір әңгімесін білеміз. Ал олар бізді біле ме? Қазақ әдебиетін, біздің маңдайымызға тұтқан классиктерімізді оқи ма? Оларды да Абай ойландыра ма, Махамбат рухтандыра ма, Мағжан мен Мұқағали, Жұмекен мен Төлеген ғашық ете ме? Мына «Жапон ақындары» деген антология секілді «Қазақ ақындары» деген антология оларда да бар ма? Осы ойлар айналып соқпай қоймайтын.

Енді бар. Қазақ әдебиетінің қос антологиясы олардың да кітап сөрелерінде тұр. Ақын да бар, жазушы да бар. Классик те бар, біз секілді жас қалам иелері де бар.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Біріккен Ұлттар ұйымының алты тіліне қазақ авторларын аудару – жаңа дәуірдегі қазақ әдебиетінің зор табысы деп ойлаймын. Байрон мен Уитмен, Хосе Марти мен Гарсиа Лорка, Ду Фу мен Ли Бай, Гюго мен Элюар, Пушкин мен Лермонтов, Тарафа мен Фирастың тілінде қазақ әдебиетінің сөйлеуі, кітап болып басылып шығуы – шын мәнінде үлкен оқиға болды.

ҚР Президент әкімшілігі, Ұлттық аударма бюросы, Қазақстан Жазушылар одағы бірлесе отырып, үлкен жобаны жүзеге асырды. Мұның жемісін дәл қазір емес, алдағы жылдарда көреміз деп ойлаймын. Қазақ қаламгерлерінің шығармалары алты тілде сөйлейтін әлемнің сан миллиондаған аудиториясына жол тартты. Хат жеткізілді. Қазақ сөзі айтылды.

Кез-келген ұлттың менталитетін, санасы мен рухын, салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтарын әдебиеттен артық ештеңе ашып көрсете алмайды.

Ұлттың жанын, ойлау жүйесін, мінез-құлқын, адамзатқа айтар сөзін әдебиеттен артық ештеңе жеткізе алмайды. Әрбір халықтың жаны өз әдебиетінде өмір сүреді.

Әр мемлекеттің ең көркем елшісі – қаламгерлері.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір