Әдебиеттің алтын қазығы – көркем шындығы
30.09.2019
1440
0

Несіпбек Дәутайұлы

– Аға, әдетте қариялары дана да көреген образда сипатталатын қазақ әдебиеті үшін бұл шығармаңыздағы  «шал» бейнесі мүлде тосын болған сыңайлы. Қарттық кезеңге жеткен кейіпкеріңізді бұлай кейіптеуіңізге не түрткі болды?

– Адамның азғындануының әлеуметтік себебін оның нақты әрекеттерінен алып, аударып-төңкеріп, аяусыз айтудың ар жағында ардың азабы тұр. Ол жазушыны сөйлетпей қоймайды. Ақиқат деген азғындықтың қандай да түрінің атын атап, түсін түстеп бермей қоймайды. Осыдан қырық жылдай бұрын, қоғамдық көлік жүргізетін соқа басты бір шалдың сұмдық әрекетін айтқан еді. Әрі сол шалды маған көрсеткен. Ұлын да. Осы менің жанымды жеп, көкейімнен жылдар бойы кетпей жүрді. Қоғамның әсіре ұялшақ, әсіре моральға байланған кезінде қазағыңа келген қасіреттің қанын тамызып қалай айтасың… Оның үстіне, оны оқуға оқырман да дайын емес еді ғой. Дегенмен мен жаздым. Әрине, араға біраз жыл салып. Дана қариялардың қалмай бара жатқанын көрген, сезген кезде, қазаққа мүлдем жат дүниенің, төнгелі тұрған қауіптердің ескертпесі ретінде қарт әке мен қағынған баланың дамбал бажалығын жазбасыма болмады.

– Адам психологиясы мен әлеуметтік психологияны шендестіре отырып, әр детальды нанымды суреттейсіз. Жалпы, шығармаларыңыздағы детальдар желісі мен кейіпкерлер галереясын қалай таңдайсыз?

– Шерағаң айтатын сөз бар еді: «Әңгіме дегеніміз – деталь», – деп. Ол рас. Кейде естіген, көргендерің көңілден кетпей қоятын кездер болады. Солардың тек біреуі ғана тұтастай әңгіменің өзегіне айналып кетуі әбден мүмкін. Мәселе – соны қалай өрбітуде, көріністер мен образдарды айтар ойдың желкеніндей ете білуде жатыр. Сосын әр адамның психологиясы мен әлеуметтік психологияның өзі – деталь. Және жазушының ой-қиялында туып жататын идеялар да дәл сондай.

– Әңгімедегі кейіпкер Еріктің бұлай қалыптасуының, адами ізгілік пен отбасылық құндылықтардың аяқасты болуының түп тамырын қайдан іздеуге болады? Тәрбиеден бе, әлде «орыстың самогонына» ерік беріп қойған заман ағысынан ба?

– Меніңше, барлығы ұлттық тектілікте. Жер жүзінде бар-жоғы «бір уыс» қана ұлттардың қатары қалың халықтардан оқ бойы озық тұрғаны еш құпия емес қой. Мысалы, еврейлер бізбен шамалас – 16-17 миллион ғана. Әлемді аузына қаратып отыр. Скандинавия елдерін қараңыз. Әрқайсысы алақандай. Бірақ тектіліктері тегеурінді. Ұлттық сапасы жоғары. Біз кешегі Кеңес заманындағы кезегімен келіп отырған зобалаңдардың соққыларынан ежелгі тектілігімізді жоғалтыңқырап алғанбыз. Оңалып кетуіміз үшін ең әуелі бұрын болған ұлттық сапамызға қайта оралуымызды ойлауымыз керек. Көп жағдайда бұл ұлттық намысқа тиесілі. Сол намыстың, жүректіліктің негізі отбасындағы тәрбиеден бастау алса, балабақша мен мектептен бойына сіңіп, санасына жетсе, келешек ұрпақтың ділі мықты болар еді.

Намысты жұрт заман ағысы қалай құбылса да, өзінің табиғи жаратылысының заңдылығын сақтап қалу үшін өмір сүреді. Көксейтінің – осы. Әттең, кешегіден қалған әдет басым ғой, бізде. Уақыттың алаң-құлаң еткен ағыстарымен қолтықтасып кете беруіміз оңай. Қай тұстан келсе де, қандай да қақпақылға қарсылық көрсететін мінез әлсіз. «Көп айтса – көнді, жұрт айтса – болдымыз» көп. Осыдан барып, ой мен мақсаттың ұлттық біртұтас болмысы қалыптаспай, алаң-құлаң күйде берекемізді қашыруда.

 – Қоғамдағы осындай ауқымды проблемалар қаламгер қауымды қаншалықты деңгейде толғандыруы тиіс деп ойлайсыз?

– Проблемалар кімді де бей-жай қалдыра алмайды, әрине. Алайда көркем әдебиет тек сол проблемалардың сорабымен жазылмайды. Проблема жүрген жерде публицистика иектейді. Бұл көркемдік концепцияға көлеңкесін түсіреді. Жазушыны қызықтыратыны – адамның жандүниесіндегі аласапыран мен әр адамның өзіне де белгісіз құбылыстарының қоймасы. Тебіреніс, міне, осы жерде туындайды. Сол тебіреніс арқылы жазушы адамның бағы мен сорының тұңғиығына жақындай түсуге ұмтылады.

– Туындыларыңызда адам баласының ішкі, сыртқы қайшылығы, моральдық болмысы, ситуациялар қақтығысы өте тартысты әрі өткір бейнеленеді. Көркем шығарма мен көркем шындықтың негізгі миссиясы неде деп ойлайсыз?

– Адамтаным дегеніміз – көркем әлемнің көсегесін көгертуге көзсіз ұмтылу емес. Ол да – ілім. Кез-келгеннің қаперінде не бар, не жоқ, бар болса – ол не? Жоқ болса – неліктен? Мұның бәрін түсіну, түгендеу – жан алып, жан беретін ізденістердің азабы. Шығармалардағы ситуациялар қақтығысы әр адамның болмыс, қарама-қайшылықтарынан, ниет бөлектігінен табиғи туындап жатады. Осы тұрғыда жазушының ешкімге іш тартпауы өз алдына әңгіме. Олай болған жағдайда шығармада көрсетіліп отырған шындықтың заңдылығы бұзылады.

Жалпы, әдебиеттің алтын қазығы – көркем шындығы. Көркем шындық – жазушы қолданатын тәсілдер, мейлі, классикалық үлгімен берілсін, мейлі, модерндік тәсілдермен болсын, ақиқатты аяусыз айтудың ең басты мүмкіндігі. Қазақтың талантты жазушысы марқұм Рахымжан Отарбаевтың бір кітабы туралы жазған мақаламда «шығарманың бас кейіпкері – көркем шындығы» дегенім бар. Осы ұстанымнан айныған емеспін.

 – Әңгімелеріңіздегі әр эпизодтың шынайылығы сондай, оқырман әңгіме ішінде өмір сүргендей күй кешеді екен. Әр оқиғаның дәл берілетіндігінен сөздің жанды құбылыс екеніне де көз жеткізе түсетіндей. Сіздегі осыншалықты суреткерлік қуаттың сыры неде? Яғни мұндай шеберлік арнайы машықтану арқылы қалыптаса ма немесе туа біте ме?

– Жазушы шығармасын кім үшін жазады? Әрине, адамдар үшін. Сондықтан да болар, «нені, неге, қалай жазу керек?» деген сауал жазушы жанын үнемі жегідей жеп тұрады. Қаламгер үшін басты жетістік те – оқырманның ойынан шығу. Қайсыбірде Шерағаң екуеміз Бішкектен Таразға келе жатқан жолда ағамызға бұрылдым да: «Маған қызық ой келіп отыр», – дедім. «Айт», – деді ағам. «Аздап анайылау ма»… «Болса ше…». «Жалпы, ойлы, былай»… «Онда не тұрыс?» «Оқырманың ойнасыңдай болсын десем»… Шерағаң даусын шығарып күліп жіберген.

Шынымды айтсам, шығармамды оқырманды ойша жаныма отырғызып отырып жазам. Ендеше, бірді айтып, бірге кете алмаймын ғой. Көздейтінім – нақтылық, сөздің әр қозғалыспен, әр көрініспен қатар өрбуі, ой мен қиял және елестің үйлесім тауып жатуы. Ұлы жаратылыстың сабақтарынан үйренемін. Машық менде жоқ. Жалқаумын. Әрі «әйтеуір жазу керек» деген ой болмайды. Нені жазу керектігін білген кезде ғана қолыма қалам алам. Өнердің қандай түрі де туа бітетін шығар.

 Сұхбаттасқан Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір