Шетелдік ақындармен шығармашылық байланыс орнаттық
20.09.2019
923
0

Мағиза ҚҰНАПИЯҚЫЗЫ, ақын:

Ел астанасында өткен Азия қаламгерлерінің  форумына  Президентіміздің  қатысуы бұл форумның деңгейі мен маңыздылығын  айқын аңғартты. Біріне бірі жалғаса сөз алған Азияның бүгінгі сөз алыптарының  баяндамасы мен  өзгеше ой, жаңа көзқарастары олардың  үлкен ізденіс үстінде екендігімен қатар, бұл форумға тастүйін дайындықпен келгендігін көрсетті. Бүгінде кенжелеп қалған сапалы сын мен сапалы аударма туралы да айтылмай қалған жоқ. Әдебиет туралы жан-жақты ой өрбіткен жазушылардың баяндамалары  баспасөз беттерінде де  жарияланды.
Олжас  Сүлейменов  қазіргі кітаптың басылуы мен сатылуына қатысты қордаланып тұрған мәселелерді тілге тиек ете отырып, Жазушылар одағының басшысы Ұлықбек Есдәулетовтың  осындай  үлкен жобаларды іске асыра білген іскерлігін жоғары бағалады.
Форум барысында Корея, Ливан, Татарстан, Моңғолия елдерінен келген қаламгерлермен тілмаш арқылы аз-кем әңгімелесудің сәті түсті. Тілі  бөлек болса да, тілегі бір  біраз ақындармен шығармашылық байланыс орнаттық. Филипиннен келген ақынның  «ағылшын тілінде жазылған өлеңдеріңіз болса, берсеңіз,  ала кетіп өз басылымдарымызда жариялайық», –  деген  ұсынысын қанағаттандыра алмадық. Дайын тұрған аударма жоқ еді.
Бұл  форум – биліктің қалам иелеріне көңіл аударып, құрмет көрсете бастағанының нышаны деп қуандық. Басқа тақырыпта емес, тек шығармашылық жөніндегі ойлар ортаға салынатын  форум болғандықтан ба, қатысушылардың барлығы белсенді көрінді. Көптен көріспеген аға буын қаламгерлердің «Қартайып қалыпсың ғой», «Танымай қалдым ғой» деген жылы үндері мен жұмсақ дауыстары олардың жиі кездесе бермейтіндігін бір аңғартса, қағаз бетінде қиялмен бірге қалқитын періште көңіл жандарды қатал да қасаң тірлік болдыртып жібергенін екі аңғартып тұрғандай. Атын естігенмен, көруге мүмкіндік бола бермейтін, Азия сынды алып құрлықты қаламмен армансыз шиырлаған ғұмыры машақатты әрі ләззәтті еңбектен – оқу мен жазудан тұратын сөз серкелерінің  баяндамасын тыңдадық, білімі мен парасатына, кісілігі мен кішілігіне тәнті болдық. 
«Біз азиялықпыз!» деген даңғазалық пен кеудемсоқтық бізге жат! Дегенмен,  тамыры тереңге кеткен тарихтың, жапырағын ғасырдан ғасырға жалғап жая беретін рухани қуаттың  иесі екендіктерін әрбір азиялық қаламгердің көзқарасы аңғартып тұрғандай еді…
Қазақ ақын-жазушыларының ішінен алғаш сөз алған Қабдеш Жұмаділов жазылған шығарма бірінші кезекте ұлттың жоғын жоқтау арқылы ұлттық сипат алу керектігін, егер олай болмаған жағдайда, түп тамырынан айырылған шығарманың құны көк тиын екендігін айтса, жазушы Дулат Исабековтың  шығарманы әлемдік деңгейде жазу үшін басы артық бос сөздерден құралған баяндамалардан арылу қажеттігі туралы ойлары мен  «Біз – Азия жазушылары, Азия құрлығында болып жатқан соғыстар мен қантөгістер туралы неге дабыл қағып, әлем жұртының назарын аудармаймыз?» деген сауалы шетелдік қонақтардың көңілінен шығып жатты. 
Форум аясында көңілден шыққан тағы бір дүние –  «Қаламгер» фильмі болды. «Шаң басқан архивте» жатқан ұлыларымыз архивтен түрегеліп экранға қарай жүрді!
Әртістердің өз рөлін  сомдауы табиғи әрі шынайы шыққаны соншалық, сол кейіпкерлерді өмірде көргендей әсер алдық. Фильм туралы кино сыншылары өз пікірін айта жатар, бұл – менің жеке көзқарасым.
          Ертеңгі елдің кемел болашағы үшін, ұлттың трихы мен рухани байлығы үшін өлшеусіз еңбек етіп келе жатқан жанкешті қауымның иығын көтеріп, еңсесін  тіктеп, олардың алып құрлықтың марғасқаларымен жүздесуіне жағдай туғызған ел Президентіне және Жазушылар одағының басшылығы мен қызметкерлеріне іштей алғысымызды айтып, форумнан қайттық.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір