Шығармашылық терапиясы. Анни Эрно
19.11.2022
422
0

2014 жылы Патрик Модианодан кейін әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығы тағы да Франция өкіліне берілді. Ол – 1901 жылдан бері әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығын алған 17-ші әйел және 16-шы франциялық жазушы. «Жеке сананың ұжымдық шектеуі мен жатырқауды асқан батылдық және дәлдікпен бейнелегені үшін» сыйлық алған Анни Эрно туралы не білеміз? Қаламгер автобиографиялық мәтіндерінде 1960 жылдардан бастап Франциядағы әйелдердің жағдайы туралы жазады. Біз оның кітаптарының мазмұнына үңілсек, орта таптағы кішкене қыздың кішкентай қаладағы өмірі, отбасылық өмір мен жазушылықты бірге алып жүрудің азабы, ата-анасының өлімін ауыр қабылдауы мен омырау обырымен күресі туралы білеміз.

Таптық бөліністің жазушы өміріне әсері

Анни Дюшесн (Эрно – бірінші күйеуінің тегі) 1940 жылы Францияның солтүстігіндегі Лилльборн қаласында дүниеге келген. Қаламгер отбасындағы – жалғыз бала (жазушының айтуынша, ол кездері бұндай жағдай өте сирек кездесетін), үлкен әпкесі Анниға дейін шетінеп кеткен. Аннидің дүниеге келгеніне аз уақыт өтпей шаңырақ ие­лері Ивтоға көшіп, жұмысшылар тұра­тын ауданда кафе мен азық-түлік дүкенін ашады. Анниді жекеменшік католик мектебіне оқуға береді. Ол жерде тұрмысы орташа отбасында туып-өскен қыздармен танысқан болашақ жазушы өзінің шыққан тегі үшін ал­ғаш рет қиын жағдайға тап болады. Тап­тық бөліністің не екенін де алғаш рет сезінеді. Шыққан тегінен ұялатын жағдайға да жетеді. Бұл соққы оның өмірінде әлі талай бой көтереді.
«Менің әке-шешем жұмысшы табынан болса да, шешем өте батыл адам еді. Өзі көп оқитын, мені де үлкен дүниеге қол жеткізуге итермелейтін, – дейді Анни Эрно. – Университетке түскен соң отбасымнан алшақтап кеттім. Бұған мен жеке кітап арнадым».

Кітаптың басылмауы. Пьер Бурдьенің әсері. Жаңа кітап

Анни Эрно алғашқы кітабын кол­леджде оқып жүргенде-ақ жазып таста­ған, бірақ баспагерлер оның кіта­бын қабылдамады. Қаламгер кітап жазуға 1970 жылдары француз тілінің мұғалімі болып жұмыс істеп жүрген кезінде, екі баланың анасы атанып үлгерген шақта, он жылдан кейін бір-ақ оралған. Жаңа роман жазуға Пьер Бурдье шабыттандырғанын айтады. Жалпы Пьер Бурдье Анни Эрноның жазушы болып қалыптасуына жанама түрде орасан зор үлес қосқан адам деуге болады. Философ, әлеуметтанушы Пьер Бурдьенің жұмыстарының нәтижесінде оқулықтарда адамдарды әлеуметтік тапқа бөлетін жүйеге қатысты «габитус» термині пайда болған. Ғалымның еңбектері франциялық жазушының еркін көсілуіне мүмкіндік туғызғаны анық.
The New York Times-қа берген сұх­батында Анни Эрно Бурдьенің еңбектерін оқыған соң буржуазиялық отбасынан шыққан замандастарымен өзін салыстыруды қойғанын айтады. Жазушы содан кейін бірнеше рет танымал әлеуметтанушыға алғыс білдіріп, Бурдьенің жанына жақын адам екенін талай мәрте қайталады.
1970 жылдары жаңа кітап жазып жатқанын Анни Эрно құпия сақтайды. Оның да себебі бар:
«Күйеуім менің алғашқы қолжаз­баларым­ды көргенде миығынан күлетін. Оған мен жаңа кітапқа кірісіп кет­кенім­ді айтқан емеспін. Жалғыз қалу үшін докторлық диссертация жазып жатырмын деп айтатынмын», – деп еске алады Анни Эрно.
1974 жылы Gallimard баспасы (әлемдегі ең ірі баспалардың бірі) «Бос шкафтар» (Les armoires vides) романын жариялағанда күйеуі қатты ренжіп, «Менен құпия ұстап кітап жазсаң, көзіме шөп сал­уың да ғажап емес», – деген екен.
1980 жылдардың басында Анни Эрно күйеуімен ажырасып кетті. Содан бері жалғыз өмір сүруді таңдаған. Отбасы институты туралы ойы да біржақты емес. «Біраз уақыт еркектермен бір шаңырақ астында тұрып көрдім. Бірақ ұзаққа созылмады. Олардан тез шаршап кетемін», – дейді жазушы. Қаламгердің айтуынша, өміріндегі ең бақытты шағы 45 жастан кейін басталған. «Сонда ғана мен өзімді шын бақытты сезіндім. Өз өмірім өзіме ұнайтын. Не істегім келсе, соған қол жеткізе алдым. Еркіндікке жеттім».

Букер сыйлығының шорт-листі. Венециядағы жеңіс. Режиссерлік тәжірибе

Францияда танымал болғанмен, Анни Эрноға 2019 жылы ғана әлем әдебиетшілерінің назары ауды. Букер сыйлығының қазылары оның «Жылдар» романын шорт-листке енгізген соң франциялық жазушының аты шыға бастады. Бұл танымалдылық 78-ші Венеция фестивалінен кейін арта түсті десек, қате айтқандық болмас. 2021 жылы франциялық Одри Диванның «Оқиға» фильмі Соррентитоның «Құдайдың қолы» кинотуындысын басып озып, «Алтын арыстан» алған болатын. Бұл фильм жазушы Анни Эрноның осы аттас романының желісі бойынша түсірілген. Шығармада жазушының 1963 жылы Францияда заңсыз түсік жасауы туралы баяндалған. Одри Диванның айтуынша, заңсыз түсік жасау туралы түсінігі мен Анни Эрно баяндаған шынайылық арасында айтарлықтай айырмашылықтың болғаны сонша, фильмде көрерменге сол әсерді толық беруге тырысқан.
Жақында Анни Эрноның өзі де режиссерлікке бет бұрғанын айта кетуі­міз керек. Ұлы Дэвид Эрно-Брио екеуі бірлесіп түсірген «Les Annees super 8» атты деректі фильмі биыл Кан фести­ва­лінде қойылды. Фильмнің негізіне Super-8 әуесқойлар камерасына түсіріл­ген Филип Эрноның отбасылық мұрағатынан алынған.

Әдебиеттегі әйелді қорлау

Анни Эрно азаматтық белсенділігін осы күнге дейін жоғалтқан емес. Қазір­ге дейін ол өз ойын ашық айтып, сары жилеттілердің көтерілісі мен #MeToo қозғалысын қолдап келеді. The Guar­dian-ға берген сұхбатында жазушы:
«Мен Денев үшін ұялып отырмын (актриса #MeToo қозғалысы ушығып кеткенін айтқан болатын. – А.С.). Оның ұстанымы – айрықша құқығын асыра пайдаланатын әйелдердің айқын көрінісі. Шынымды айтайын, оның бұл қылығына жиіркенішпен қараймын. Өз басым #MeToo қозғалысын толық қолдаймын, – дейді Анни Эрно. – Әрине, таяқтың екі ұшы бар. Бірақ бастысы сол, әйелдер енді еркектердің өрескел қылығын дұрыс деп қабылдамайды. Францияда біздің баурап алу, еліктіру мәдениетіміз туралы көп айтылады. Бірақ сөз тек баурап алу, сылаңдау, еліктіру туралы емес, еркектердің өзін биік ұстауында, әйел­дердің құқығын жаншуында. Зорлық-зомбылық жыныстық қатынаста ғана емес, барлық жерде кездеседі. Соның ішіне әдебиет те кіреді. Жазушы әйелдерді теле­бағдарламаларды жүргізуге өте сирек шақырады. Әйелдер – беллетристер, ал еркектер – жазушылар деген қасаң пікір қалыптасып кеткен».

Антисемитизм. Байкот. Айыптаулар

Нобель сыйлығын алған соң әлем­дік БАҚ бірден жазушының өмірін қазбалауға тырысқаны анық. Бірнеше беделді БАҚ өкілдері Эрноны анти­семи­тизм үшін айыптаған. Bild пен Spiegel басылымдары The Jerusalem Post-қа сілтеме жасап, жазушының ан­тииз­раилдік BDS (Baycott Divestment and Sanctions) қозғалысына қатысы бар дегенге саяды.
2018 жылы Анни Эрно шығармашылық мамандық иелері жазған Израильді Францияда тек жақсы жағынан көрсетеді деп жазылған хатқа қол қойған. Сондай-ақ ол, 2019 жылы Тель-Авивте өткен «Евровидение» байқауына байкот жариялау туралы хатқа да қосылатынын білдірген. 2021 жылы Анни Эрно Израиль мемлекетін Оңтүстік Африкадағы апартейд режиміне теңейтін «Апартейдке қарсы хатқа» да қолдау білдірген.
Оның шығармашылығында анти­семитизмнің ізі байқала ма? Франция әдебиетінің профессоры Барбара Винкеннің айтуынша, Эрно Израильдің Палестина жеріндегі саясатына қарсылық білдіреді. Дегенмен сарапшы франциялық жазушыны антисемитизм бойынша айыптауға келмейді дегенге саяды. «Оның шығармашылығында антисемитизм деп айтуға болатын бірде-бір сөз таппайсыз», – дейді Барбара Винкен.
Анни Эрно BDS қозғалысын қол­дап ғана қоймай, қазір бас көтерген иран­дық әйелдердің ерлігіне тамсанып, Путиннің Украинаға қарсы әрекетін қолдамайтынын талай мәрте айтқан болатын.

Шығармашылық терапия.
Форма іздеу

Анни Эрно көбіне 100 беттен ас­пайтын жұқа кітаптар жазады. Олардың бәрінде дерлік ескі фотолар, бала кезде көрген жерлер арқылы өткенге қол созғысы келетін күнделік іспетті шығармаларды көреміз. Бұл шағын романдардың жиынтығы бір үлкен прустық эпопеяға ұласатындай. Қырық жылдан астам уақытта Анни Эрно өмірі­нің әр кезеңін баяндайтын жиырмадан астам кітап жазған.
Оның мәтіндері автофикшенге кел­се де, Эрноның өзі мұндай шектеуге кел­мейтінін айтады. Әдебиетшілер Эрно­ның жазу тәсілі төртінші романында қалыптаса бастағанын айтады. Үш көркем шығармадан соң жазушы «Күнге талас» романын жазуға кіріседі. Романда жазушы әкесін шығарманың бас кейіпкері жасағысы келгенмен, онысы сәтті шыға қоймаған. Дегенмен кейіннен ол оның өмірі мен өлімін жазушы адам ретінде іске кіріскен. Сентиментальді сезімнің орнын құрғақ баяндау басады. «Әйел» атты романында Эрно өзінің тәсілін әдебиет, әлеуметтану мен тарих арасындағы қойыртпақ ретінде бағалайды.
Анни Эрно париждік әдеби ортадан оңаша болғысы келеді, дегенмен өзіне арналған шараларға қатысып тұрады. Көп оқиды. Вирджиния Вулф, Жан-Поль Сартр, Жорж Перек – оның сүйікті жазушылары.
«Мен қартайып барамын. Бойымда ширығудан гөрі шаршау басым, денсаулығым да сәл нашарлап қалды. Симон де Бовуардың бір кейіпкері айтқандай, «өткеніңмен мақтана ала­тындай болсаң, бұдан өзге бақыт жоқ. Кәріліктің бір ғажабы – осы», – дейді ол.

Абзал СҮЛЕЙМЕН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір