ҚАЗІР ТЕАТРДА РӨЛ БАР, КЕЙІПКЕР ЖОҚ
20.09.2019
2915
0

 Қазан айының 17-сінде М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры кезекті 94-маусымының шымылдығын түреді. Жалпы, қазақ өнерінің қара шаңырағының бүгінгі тыныс-тіршілігі қалай? Жас артистер аға буынның даңқ пен аңызға толы сара жолын жалғастыра алып жүр ме? Осы тектес сұрақтарға жауап іздеп, театрдың көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімовпен әңгімелестік. Ал дара тұлға, абыз актердің өмір және өнер, адам және болмыс туралы сырлы ойларын газетіміздің алдағы сандарының бірінде жарық көретін көлемді сұхбатынан оқи аласыздар. Бұл жолғы әңгіме – тек қана мәртебелі театр туралы…

–Әуезов театрының бүгінгі тыныс-тіршілігі қалай?

–Әуезов театры – авангард театр. Басшыларға айтып құлаққағыс ғып жүрміз. Әлі де айтылады. Біздің қара шаңырақ Ұлттық театр дейтін атауға лайықты. Қазір академиялық театр деген көбейді. Неміс, орыс, ұйғыр театрлары да академиялық дәрежеде. Солардан ерекшеленіп тұрғанымыз жөн. Өйткені бәрі де – біздің театрдың балалары, түлектері. Опералық театр да, баяғы Күләш, Құрманбектер де қанатын бізден қатайтқан. Сондықтан Әуезов театрының халық алдындағы еңбегі зор. Бізден ұлы артистер, 7 КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегерлері шыққан. Шәкенді қосқанда – сегіз. Қазақстанның Халық артистерінің өзі жиырма шақты. Бұрынғылардан Сәбит Оразбаев, Есмұқан Обаев, Торғын Тасыбекова, Нүкетай Мышбаева сынды ардагерлеріміз бар. Зейнет жасынан асып кетсе де, әлі де театрға қызмет етуде. Бүгінде Әуезов театры – жастар театры. Артистердің көбі – жастар. Біздің міндет – үлкендігімізді, ақсақалдығымызды көрсету, жастарға тәрбие беру. Жастар жоғарғы оқу орнында оқып келгенімен, сахнаға үйрену деген –бөлек дүние. Соның бәрі ұйымдастыру жұмыстарына байланысты. Қазіргі директор жұмысын жақсы істеп жатыр. Ең бастысы, жаманшылығы жоқ. Тәрбиелеуге болады. Театрға жақын, театрды түсінетін адам. Оған да аталық, әкелік қамқорлығымызды жасаймыз. «Өзің істе» деп бәріміз шалқайып отырсақ, не болады?!

–Атақ-абыройы аспандап тұрған Әуезов театрында соңғы жылдары көрермен көңіліне көлеңке түсірерліктей түрлі жағымсыз жайттар жиілеп кеткені кімге де болсын аян. Театрдың бүгінгі ішкі ахуалы қалай?

–Бірен-саран болды енді. Оны өз арамызда айттық, талқыладық. Біреуді жамандап қайтем? Біз өз ішіміздегі келеңсіздіктерді сыртқа шығармаймыз. Жасырамыз. Онсыз болмайды. Қандай ұжым болсын, ондағы әр адамның жақсы да, жаман да жағы болады. Соның бәрін жақсыға тәрбиелеу, біріктіру, ұйымдастыру – біздің міндетіміз. Жаңа министр Ақтоты – өте зерек, жұмысын біледі, мәдениет саласында бұрыннан істеп келе жатқан адам. Президентіміз де жаңа. Ол кісі де театрға көмек беруге дайын деп ойлаймын. Жеке қабылдауына кіріп, театр туралы, өнер қауымының жағдайы жайлы айту ойымда бар.

–Театр артистерінің мардымсыз айлық жалақы алатыны, үйсіз-күйсіз жүргендері көп екені жиі айтылады. Осы мәселе неге өз шешімін таппай жүр?

–Рас, жетіспей жатқан тұстар көп. Жаңа келген артиске бірден қайдан үй берсін? Айлық жалақының төмен екенін де айтып келе жатырмыз. Әйтеуір көтермейді. Облыстық театрларда тіптен аз. Соның бәрі шығармашылыққа әсер ететіні белгілі. Үйде, отбасыңда бабың болмай, жұмыста жақсылыққа жетпейсің. Ол – бастан өткен дүние. Біздің кезімізде өз кезегімізбен үй алатынбыз. Соны күтіп жүретінбіз. Қазір күтетін де жағдай жоқ. Перспектива жоқ. Өнерге қамқорлық жасамай, жақсы өнер тууы қиын. Өнер – халықтыкі. Театр – ел мен елді таныстыратын, халықтың мәдениетін көтеретін орын. Жасыратын несі бар, жоғарыдағылардың өнерге көзқарастары төмендеу. Бірақ қояр талаптары, артар міндеттері біздің өтініш-тілектерімізден 2-3 есе көп. Қазір эстраданың ғасыры ғой. Әншілер екі ән айтып, «жұлдыз» болып шыға келеді. Той-томалағы бар, ел аралайды. Бізде сол жағы кемшіндеу. Гастроль де бұрынғыдай емес. Өзіміздің есебімізден гастрольдік сапарға шығу, ұжымды сырт жерге апару қиындау. Үкімет тарапынан бірен-саран көмек болып қалады. Баяғыда біз Мәскеуге жеті рет гастрольдетіп барғанбыз. Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстанға жыл аралатып баратынбыз. Әйгілі режиссер Әзірбайжан Мәмбетов қара шаңырақта отыз жылдай тер төкті. Сол уақытта Әзірбайжан бізді өсірсе, біз оны өсірдік. Жеті адам бірдей одақтың Мемлекеттік сыйлығын алғанымыз – сол кездегі үлкен сыншылар мен білікті басшылардың арқасы. Әзекең біздің театрды одақтағы басты төрт театрдың қатарына қосты. Сол дәрежеден төмендеп кетуі түрлі жағдайларға – басшыларға, шығармашылыққа, талантқа байланысты. Театрды шығармашыл адам басқаруы керек қой.

–Бұрын қара шаңырақтағы әр актердің халыққа кеңінен танымал, ат-сойымен бірігіп кеткен төл кейіпкері болатын. Бүгінде сондай кейіпкерлер бар ма?

–Иә, театрда кейіпкер жасау деген бар. Рөлді қай артис те ойнай біледі. Сөзді айтып шығады ғой әйтеуір. Ал кейіпкер жасау кез келгенінің қолынан келе бермейді. Кейіпкер жасамайынша, сенен жақсы артис шықпайды. Серағаңның Қоңқайы, Қаллекидің Абайы, Елағаңның Амангелдісі, Шәкеннің Қобыландысы, Петручиосы, Ақан серісі, міне, солар кейіпкер ретінде тарихта қалды. «Ақан серіде» Қалибек Қуанышбаев мылқаудың рөлінде ойнады. Бір сөзі жоқ. Режиссер алдымен басқа актерге берген екен, «түк сөзі жоқ, мұны қайтем?» – деп, рөлден бас тартыпты. Қаллекең соны қағып алып, трагедияның шыңына шықты. Кейіпкері Ақтоқтының трагедиясын алғашында қайдан түсінсін? Естімейді. Түсінген кезінде бір-екі минут «а-а-а…» деп, бармағын тістеп, өкініп тұратын жері бар. Көзі қанталап, қып-қызыл болып кетеді. Сонда залда жыламайтын адам қалмайтын. Өзім көргендіктен айтып отырмын. «Кішкентай рөл жоқ, кішкентай актер бар» деген сөз дұрыс айтылған, негізі.Ал қазіргі жастардан кейіпкер күту өте қиын. Баяғыдай емес. Сұйықтау.

–Оның себебі неде?

–Білімнің азайып кеткені, сөзге мән берудің азайып кеткені. Астармен сөйлеу жоғалып барады. Баяғы Серағаң, Қаллекилердің сөз түсінуі қандай еді, шіркін! Қазіргі жастарда сол жағы төмендеу. Ол заңды да. Негізі, бұл – үлкен әңгіме. Жалпы, қазіргі жастардың көбі кітап оқымайды. Өз басым мұны трагедия деп білемін. Ғаламтор заманының осындай жаманшылығы бар екен. Бұрын біз іздегенімізді кітаптан оқып тауып алатынбыз. «Абай жолын» таласып оқып, бір-бірімізге айтып беруші ек. Консерваторияда оқып жүргенде бізге пьеса оқу жүктеледі. Бәрін бірдей оқуға үлгермей жатсақ, пьесалар мен шығармаларды бөліп алып, кезек-кезек баяндама жасап, оқығанымызды басқаларға жеткізетінбіз. Бір сабақта бәленбай пьесаны біліп шығатынбыз.

 Театрға алғаш келгенде режиссер кішкентай рөл берсе қуанатынбыз. Тіпті эпизодқа қолымыз жетпей жүретін. Өйткені алдымызда үлкен актерлер бар. Қазір театрға жаңадан келгендер бірден Ақан серіден, Қозы Көрпештен, Абайдан, Кебектен бастайды. Бірақ рөлдері бар, кейіпкері жоқ. Жалпы, үлкен рөлге қарай біртіндеп өскен жақсы. Біздің ұлы актерлер солай өскен. Оларда фальш жоқ болатын. Олардың жүріс-тұрысы, қол-аяғы, бет-аузы – бәрі ойнайтын. Өйткені олар шынайы өмір сүрді. Қазір қолын қайда, аяғын қайда қоярын білмей қымсынатындар, киімі бөлек, гримі бөлек, өзі бөлек артистер бар. Ал, артис сахнаға шыққанда киімі де, гримі де, айтатын сөзі де – бәрі де өзінікі болуы керек. Жас артистердің ішінде таланттылары жоқ емес. Дұрыстап тәрбиелесе, үлкен артис болатындай мүмкіндіктері бар.

  Кинода да қынжылтатын жайттар жетерлік. Жекеменшік фильмдер көбейіп кетті. Арнайы білімі жоқ, көшеден келгендерді рөлге алады. Кино деген – өнер. Ал оның азығын өмірден алу керек. Өмірден өнер жасау керек. Мысалы, көп адам тракторшы туралы не түсіруге болады деп ойлайды. Ал, баяғыда «Тракторшы» деген комедия жанрындағы жақсы фильм болған. Актер тамаша ойнаған. Фильмнің көрерменге жеткені – соның еңбегі. Қазір өмірде үлкен материалдар бар. Алайда режиссерлер тарихты айналсоқтауға құмар. Сондағы көретінің – шауып келе жатқан аттар, құлап жатқан адам. Ол неге құлап жатыр, неге шауып келе жатыр? Түсініксіз. Шапқанның да мәні бар емес пе? Қазіргі фильмдер бірсыдырғы. Көргеннен кейін ар жағыңда ештеңе қалмайды. Қайталап көретін кино жоқ. Көптеген шедеврлер кеңестің кезінде туған еді. Жақында өз идеям бойынша кеңестік стильде «Аруақ» деген фильм шығардым. Басты идея, негізгі өзек – адамның тағдыры, адам мен табиғаттың қатынасы. Дала. Өзіне шағын күрке үй тігіп алған шал. Жай шал емес, Нью-Йорк, Вашингтон – барлық жерде болған. Бәленбай тіл біледі. Қолынан бәрі келеді. Электростанция, метеостанция дейсіз бе, бәрін өзі жасап алған. Оған қаланың өмірі қызық емес. Сол себепті далада өз мемлекетін ұйымдастырады. Азғантай малы бар. Бір баланы кішкентайынан тәрбиелеп өсіреді. Жанында қасқырдың күшігі және бар. Жалпы, адамшылығы мол адам. Соңында браконьерлер баланы атып кетеді. Шал қайтадан жалғыз қалады. Фильм осылайша қайғылы аяқталады. Қос академик – Серік Қирабаев пен Әлия Сәрсенова екеуі көріп, қатты ұнатты. Әлия апай: «Мынау әлемдік масштабтағы дүние ғой. Бәрі бар. Ең бастысы, адамгершілік бар. Адамның табиғатпен байланысы, тамыры бір екені көрінеді», – деді. Ал, қазіргі жастар мұндай фильмді көрмейді, көре алмайды. Олардың көретіні басқа. «Не істеп жүрген шал?» – дері анық.

–Театрда жақсы дүние жасау үшін кім басты рөлде болуы керек?

Театр – актер, драматургия және режиссурадан тұратын ағза. Осы үшеуі бір-бірімен қабысып жатуы керек. Драматург жазған дүниесін режиссерге әкеп береді, режиссер соған режиссерлік өңдеу жасап, драматургтың «иығына» шығуы керек. Актер рөлін халыққа жеткізіп, режиссердің «иығына» шығады. Үшеуі өзара тіл табыспаса, спектакль шықпайды.

   Меніңше, спектакльді бір-ақ адам жасайды. Ол – режиссер. Ол – ұйымдастырушы, идея айтушы. Ол әрбір актерге азық беруі керек. Не айтарын өзі білмесе, спектакль қайдан шықсын?! Қазіргі режиссураға аздап көңілім толыңқырамайды. Режиссура жағынан Алматы, Астана театрларының жағдайлары ауыз толтырып айтарлықтай емес. Облыстық театрлардыкі әйтеуір күнкөріс. Біздің театрға да әлі де талай ізденіс керек. Бұрын режиссерлерді сырттан шақырушы ек. Оған қаржымыз жетуші еді. Қазіргілер әкесінің құнын – театрдың бір жылдық ақшасын сұрайды. Сол себепті де шақырмаймыз. Амал жоқ, өз қазаныңда өзің қайнайсың.

 Сұхбаттасқан Мәдина СЕРІКҚЫЗЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір