МАЯКОВСКИЙ «МОДА» ЕМЕС, ЕСЕНИН ДЕ ЕСКІРДІ…
13.09.2019
1737
3

(Ақын досым Файзолла Төлтайға хат)

Сүйікті досым Файзулла, бұл хатты бірнеше күн бұрын жазып едім. Бүгін қайта оқып шығып, өзіңе жөнелтуді жөн санадым. Бүгінгі Қазақ әдебиетінің жай-күйі, жаңа дәуірі сені де толғантатынын, алаңдататынын білемін. Бәлкім, біз өмір сүрген заманның қалтарыс-бұлтарысы көп, маңдайы қыртыс болар. Бірақ біздің оған түк те жазығымыз жоқ қой. Біздің міндет – жазу. Бүгін жазбасақ ешқашан жазбақ емеспіз. Жаза алмағандар үшін де, аумалы-төкпелі замандарда айтарын айта алмаған дарынды бабаларымыз үшін де қолға қалам ұстамақ парыз. Бұл – ұлы міндет. 

Файзолла Төлтай

НЕМҚҰРАЙЛЫЛЫҚ

Хатымның әлқиссасында айтыла-айтыла әбден жауыр болған «Әдебиет ардың ісі» деген сөзді айтқым келеді. Әуелі Ар деген не? «А» әрпінің түп тамыры қайда жатыр? Соны зерделемек керек. Бүгінде кез-келген салада немқұрайлылық деген дерт пайда болды. Отаршылдықтың бойымызға сіңіріп кеткен нәумездігі ме, жетістігі ме, білмеймін, осы бір дүние қауіпті тенденция. Бір ғажабы, бұл бүгін әдебиетке де еніп отыр. Шығармашылықты сыйлыққа апарар құрал ретінде пайдаланушыларды көрудеміз. Екі-үш шығарма жазып, кітап шығарып, әлбетте, әркімге мақтатып жорта басып жүретін қалам иелері шаш етектен. «Өзінде бармен көзге ұрып, өзгеден қалай да артылам деп» жүрген біреу. Жақында әнге сөз жазатын бір жазарман ұлан-асыр жыр кешін өткізіп, теледидардан «Ақындардың Қайрат Нұртасы болғым келеді» деп сұхбат берді. Апыр-ай, өзі білмейтін және білмейтініне еш күмәнданбайтын адамдар мұншама көп болар ма еді?! Сократ Хәкім «менің білетінім, ештеме білмейтінім» деп өтіпті. Жақында бір ақын ағамыз «жастарды шоудан қорғау керек» деген сөз айтты. Аталы сөз. Бүгінгі жастар санасында «ақын» деген сөз даңғарадай залда көл-көсір етіп  кеш беріп, әншілерді шыбындай қаптататын кісі деген түсінік қалыптасуда. Әлбетте, оларды қолдан жасаған өзіміз. Өз қоғамымыз. «Кімде кім жаман болса, замандасының бәрі виноват».

ІЗДЕНІС

Жастардың ізденісіне көңілің тола ма? Бүгінгіталапкер жастың ізденісі ақпараттар тасқынына жұтылып бара жатқан сияқты. Жүйелі ізденісті көріп жүргеніміз жоқ. Бәлкім, бүгінгі жылтырақ қоғамда зерденің бір орнында тұрақтанып, бір нүктеге бағыт алуы  қиын да болар. Әлеуметтік желілер толқыны бір жағынан жаңа шығармалармен жедел танысуымызға жол ашса, бір жағынан қаншама уақытымызды ұрлап, рух толқынын кемітіп жатыр. «Шалағай Шекспирлер, толыспаған Толстойлар», меніңше, осы тұстан шығуда.

Саған мына сұрақты қойғым келеді: Ескіліктен қалай және қашан құтыламыз?

Орыс әлемінің ықпалынан шығатын кез келді емес пе? Ақын деген ұғымды тек орыстардың түсінігімен өлшеу, тек сол түсінікті екшеу – өте-мөте күлкілі. Ақын – Жаратқанның нұрын өзгелерден артығырақ сезінуші жан иесі емес пе еді? Ал, үлкендердің көбі, бірі – Есенин, бірі –Рубцов, бірі – Афанаси Фет қана. Тіпті көшірмелері де жетіп артылады. Ізденіс аясы не деген тар еді?! Әлде Кеңестік кезеңде орыс ақын-жазушыларынан өзгелерді оқымау керек деген заң қабылданған ба? Әлбетте, әдебиет ұлтқа, текке бөлінбейді. Біздің тілегіміз отарлық сананың бұғауын бұзып әлемдік кеңістікке шығу.  Египеттің жас ақыны не жазып отыр, Жапонияның ең кіші қаласындағы танымал қаламдасымыз нені өндіріп жазуда? Бізге осы маңызды. Әңгімесін Пушкиннен бастап, Белинскиймен аяқтайтын, өзінің қате ұғымына иттей адалдар бізге жаңалық емес.

Екінші мәселе, біз осы уақытқа дейін әлем әдебиетін орыс тілі арқылы танып келеміз. Ал, кейбір Ресей журналдары, кейбір әдеби кітаптарда, аудармаларда біржақтылық, тіпті шовинистік сарындар байқалады. Ал мұндай жерде шынайылық болмайды. Руми мен Хафизді орыс тілінде оқып өскен жас ештеңені ұға алмайды. Түсіне де алмайды. Әр елдің өз табиғаты, жаны, сезімі бар. Егер кейбір айғайшыл үлкендер Фирдоуси мен Насимиді түпнұсқасынан, не  тым құрығанда түрік тілінен оқығанда, бұдан да биік жаңаша төңкерістер орын алған болар ма еді?! Сондықтан, бізге ең алдымен тіл үйрену қажет. Орыс тілін білдім екен деп, дүниенің тұтқасын ұстағандай болып жүрудің уақыты өтті.

 

«МЕН»-НЕН «БІЗ»-ГЕ

Мәулананың:

«Тәңірді ұлықтау, оны мадақтау деген не,

Өз болмысын топырақ деңгейіне қоюмен болар..»

Немесе

«Өзін кемел санаған,

Ұлылықтың иесі Тәңірдің жолында ұша алмас» деген жолдары бар-тын. Жалпы, адамның өзі жайлы сөйлеуі әлдеқашан күлкілі жағдайға айналғалы қашан. Ал, бізде әлі Кеңес өкіметінен қалған пафос өшпей келеді. Қазіргі Еуропа ақындарын қарасаңыз, өлең оқып отырғанын не оқымай отырғанын аңғару қиын. Олар шығармашылықпен өзі үшін, «қанын сияға айналдыру үшін» айналысады. Жан ләззатын алады. Жазады, сызады. Кешегі өткен Азия форумында осы сөздерімізге мысал боларға жарар кісілер көзге ілікті. Тек өзі. Апыр-ай, бұлар сонда «жақсы болсаң жарықты кім көрмейді, өз бағаңды өзіңнен кім сұрайды?» деген Абайды оқымағаны ма?! Осындайда:«Мен, мен деп төсін ұрады, төсі қираған соң несін ұрады» деген Шона Смаханұлының қалжыңы ойға оралады. Бүгінгі әдебиет сахнасы Маяковскийдің пафосынан жалыққан, Есениннің айқай-шуынан әлдеқашан баз кешкен. Бұл жаңа сахна! Ақын –қыздарға қырғидай тиіп, бар уақытын сыраханаларда өткізетін қаңғыбас «сері» емес. Ақын деген әрбір ғылым саласынан хабардар, дүниенің көрінген көрінбеген сырларын терең сезінетін жұмбақ жаратылыс. Езуінің көпірігі көрермен жейдесіне тигенше бөсетіндер бүгін бізге күлкілі! Өте күлкілі! Біз жас буын, жас сахна, жас ақындар  адасқақ дәуіріміздің шідерін бұзушылармыз!

ЖАҢАШЫЛДЫҚ

Достым, біз ескі дүниелердің минут сайын талқандалып, жаңа ақпараттардың, жаңа архитектура, жаңа киім, жаңа заттардың тез алмасып отырған дәуірінде ғұмыр кешудеміз. Дәл қазір жаңалық дегеніміз ертең ескіру үстінде. Күні кеше ғана аспан астын алған ұрандар, жаңа күннің шапағы тиісімен оңып, тозып жатыр. Ал мұндай кезеңде әдебиет неге ескі сойылын сүйретіп жүруі керек? Әдебиет ғасыр сайын, не жыл сайын дамып отыруы тиіс. Қазақ әдебиетінде әлі де ашылмаған құлыптар, құлыпсыз есіктер қаншама. Осы тұста  сыңаржақ пікірлерін көрінген жерге тықпалайтын екі-үш шалдың пікірі неге біздің жүзімізді қызарта беруі керек. Неге біз Жарасқанның эпиграммаларын жаңа ғасырда қайта жазуға тиіспіз? Неге біз комунистік кезеңді аңсай беретін, өткенді сағынумен өмір сүретін аталарға ұқсаймыз? Алпауыт Шекспирден соң қасаң қағидаларды бұзып, XVII ғасырда әдебиетке жарылыс жасаған бір топ ағылшын романтиктерін қараңыз. XX ғасырда орыс поэзиясына жаңаша үрдіс әкелген Бродский, Мандельштам өрнектері, тіпті көршілес Өзбек халқының жаңашыл шайыры Мұхаммед Салықтың әкелген жаңалығына үңіліңіз. Онсыз да есесі кеткен әдебиет үшін кейінге қарай беру, Есенғали ақынша айтқанда «қайтадан XV ғасырға бір-ақ түсіретін» қауіпті дерт емес пе?!

ТОҚЫРАУ

Мәскеуде оқыған аз уақыттың бірінде лекцияда қызықты оқиға болды. Ұстазымыз бәрімізден бір параққа сүйікті ақындарымыздың атын жазып беруімізді сұрады. Проффессор ақындардың аттары жазылған парақтарды жинап алды да, әлдебір студентке тексерте бастады. Ең көп таңдалған ақынның кім екенін анықтамақ екен. Шамамен 50-60 шақты студенттің таңдау пікірінен шыққан қорытынды мынау болды:

  1. Пушкин
  2. Лермонтов
  3. Есенин, Блок
  4. Ахматова, Цветаева

Сонда ойландым: Апыр-ай, бұл қалай?! Эстрадниктер ше, біз мақтап жүрген Бродский, Манделштамдар ше, олар қайда? Әлбетте, бұл бір аудиторияның, 1-2 курс студенттерінің пікірі ғана. Бірақ осыдан бүгінгі орыс жастарының аса ізденбейтінін байқауға болатын секілді. Бәлкім, қазір бүкіл әлемде поэзияның оқырмандары тоқырау үстінде болар?! Бернард Шоудың алыптарға өкпелейтіні секілді, барлық дүние әлдеқашан жазылып қойғаны да рас. Жо-жоқ. Тек барлық дүние емес.

ҚОШ

Қалайда, бүгінгі әдебиет жаңалыққа мұқтаж. Жаңа дүниелерге мұқтаж. Ұлт әдебиетінің Тәуелсіздікпен бірге түлеп, қанатын кеңге жаяр мезгілі жетті. Қара өлеңді дәріптей бергенше, сол қара өлеңді дамытып, түрлендіруді дәріптелік. Озық ойлы, мәдениеті әлдеқашан қалыптасып үлгерген елдерге қаралық, үйренелік.

Достым!

Сен бүгінде Түркияда оқып жүрсің. Ол жақтың әдеби атмосферасы қалай?! Көне Рим мен Бабылға астана болған шежірелі Стамбұлда талай мұрағаттар сақталып тұрған шығар?.. Бүкіл әлем классикасын өз тіліне әлдеқашан аударып болып, Шығыс шайырларын жан-жақты талдап, таразылаған Түркия әдебиетінің бүгінгі жай-күйі қалай?! Біздер олардан не үйрене аламыз?! Оларға не үйрете аламыз?! Қазақ әдебиеті сырт кеңістіктен қарағанда қалай көрінеді?

 Өзіңді шексіз сүюші әм хат күтуші досың Батырхан.

Батырхан СӘРСЕНХАН

                                                                          

 

 

ПІКІРЛЕР3
Аноним 23.09.2019 | 20:41

Орынды пікір, ойлы сөз. Əдебиеттің қан тамырына оттегін құю қажеттігін жастар жақсы сезінеді.

Аноним 23.09.2019 | 23:13

Қанша жерден бір-бірін қадірлегенде, құрметтеп-ардақтағанда да, еркек-еркекке «өзіңді сүюші» деп, xат жазатын жағдайға жетсек, жетіскен екенбіз…

Аноним 21.11.2019 | 02:14

Жақсы сөз. Ескереміз бұны аға!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір