Жадырайды бүкіл әлем бір күлсең… Адалбек Ақмәдиұлы
25.10.2015
1924
0

751384_1406625481__________________________________

НАС ТҮЙІНІ ҚҰРАННЫҢ

Адамдардың Иесі,

Ғаламдардың Патшасы.

Төгіліп тұр Нұр болып,

Раббымның ақ шашы.

 

Бір Аллаға сыйынып,

Жүрегіне жындардың,

Иман құйып жүретін,

Тәңір берген бір жанмын!..

 

Арбауынан шайтанның,

Сақта Құдай өзің деп,

Саған ғана табынып,

Сені ұмытқан көзім жоқ!

 

 

ҚҰРАННЫҢ ҚАБЫРҒАСЫ БАҚАРАҒА БАРУ

Менің осы кітабымда жоқ күдік,

Жүрегіңе қалмасыншы қақ тұрып.

Жерді бесік, есік еткен төбемді,

Көкке кетем қара тәнді тапсырып…

 

Жәннат іште ағар өзен астымнан.

Бар ғаламды Бір Аллаға тапсырғам.

Қай Иманмен шайсам екен  ағайын,

Кеудемдегі жүрегімді тат тұрған?!

 

Әй, Жаратқан ән салайын кімге арнап?!

Таудан туған Күн Әлемді тұр барлап.

Періштенің тазарады тілімен,

Жүрегімнің кірпігіне тұнған дақ.

 

Телміремін Ыра Күнге Таң сайын,

Тәңірге арнап ән салады тал-қайың.

Көз ұшында бір құмырсқа қарашы,

Оқып дұға отыр әне тоңқайып.

 

Яһудилер жұтты қанын жүректің,

Сен Тәуратты ғұмыр бойы жыр еттің.

Сіберлеген Күннің аппақ нұрынан,

Қаша-қаша барады әне жүдеп түн!

 

Тәңір Дада зор кеңшілік Иесі,

Раббыңның атпасыншы киесі.

Еш нәрсе емес исламда деді: Арап,

Мұхамедтің үркіп кетті түйесі.

 

Шығыс. Батыс тән Аллаға әр тарап,

Дұғамды айтып жатам әр күн шалқалап.

Ата жұртқа алып келдім Мұхаммед,

Ғаршыдағы  Рухыңды арқалап.

 

Менің дағы  жүрегіме тіл бітті,

Бұдан былай мен айтамын шындықты.

Көк кілемде көрейікші күресіп,

Көрсін әлем екендігін кім мықты?!

 

Хақ  Тағала әрі жұмбақ, әрі бай,

Дидарыңды бір көрсетші Тәңір-ай.

Төрт көгершін қонар ма екен ұшып кеп,

Төбемдегі көсегеме тарыдай.

 

Жүрегімді көрші сен де бүлк еткен,

Босағамнан аттай алмай тұр көктем.

Раббымның мың миллиард есімі,

Ақындарын адастырып қырт еткен.

 

Жә, жетеді. Осыменен жыр тәмам,

Ата жұртын тапсын келіп жұрт аман.

Айналайын Айға мінген Аруақ,

Адамға емес, табынамын бір Саған!

 

 

АЙДЫНҒА

Қазағымның бір ұлы,

Барып қайтты ғарышқа.

Қасқа айғырдың құлыны,

Шапқылай бер алысқа.

 

Тәрбиесін Нұранның,

Алған ұлсың Айдыным.

Бір Аятын Құранның,

Сыбырлап тұр Ай бүгін.

 

Оқып отыр кемпір Күн,

Саған арнап ішінен.

Мама ағашта сен тұрсың,

Ұзақ-ұзақ кісінеп.

 

Аймаласын аяулың,

Айдын сені түсінем.

Аруағын Абайдың,

Қара жерге түсірем!

 

Деп: ішіңнен серт еттің,

Бар ғаламның алдында.

Елім деген еркексің,

Бір аунашы шалғынға!

 

Оралдың ғой сен аман,

Шалғынға бір аунашы.

Жылы жүрек Жер-Анаң,

Иді  саған әз басын!..

Айдыным!

 

ӘЛИЯ

Әй, Әлия қайда қарап тұрсың Сен?!

Езіледі ет жүрегім күрсінсең.

Болмас еді, болмас еді арманым,

Сенің анау бал тіліңнен бір сүйем.

 

Әй, Әлия Айға қарап тұрсың сен,

Жадырайды бүкіл Әлем бір күлсең.

Сағындым ғой, сағындым ғой жарығым,

Қай далада, қай қалада жүрсің сен?!.

 

Әй, Әлия Ойға батып тұрсың сен,

Сынады ғой сүңгі кірпік сілкінсең.

Сен де менің табыла гөр қасымнан,

Кең даладан өзіңді іздеп күрсінсем.

 

 

***

Тәнім жара.

Жаным жара.

Ми жара.

Шақша басым кең әлемге симады ә.

Мені әр күні ұйқтататын әлдилеп,

Өлең емес, әуен емес Күй ғана.

 

ШАҺЗАДА

Айналайын Шаһзада бір өзіңді,

Кетсең-дағы жаралап жүрегімді.

Кім сүйді екен Құдай-ау, кім сүйді екен,

Ең алғашқы мен сүйген гүл ерінді?!

 

Айналайын Шаһзада қабағыңнан,

Төгілді ғой бір шуақ жанарыңнан.

Кім сүйді екен-ау, кім сүйді екен?!

Ең алғаш мен сүйген тамағыңнан.

 

Айналайын Шаһзада айналайын,

Ай дидарды самал болып аймалайын.

Кім сүйді екен жүзіңнен, кім сүйді екен,

Он бестегі толықсып толған айым?!

 

 

РУСЛАН мен ГАУҺАРҒА

Бойың неткен аласа,

Ойың неткен тамаша.

Еркелейсің балаша,

Көз тоймайды қараса.

 

Бойың неткен биік ед,

Шашың неткен сұйық ед?!

Құдай қосқан жарыңды,

Ғұмыр бойы сүйіп өт!

 

 

***

Көк туым желбірей бер көк аспанда,

Пана ғой Қазақстан адасқанға?!

Еркіндік алып берген Қазағыма,

Мың алғыс зәулімдегі Жаратқанға!

 

Нұр ағам, нұрлы жолы шуақ шашып,

Толқиды, көкіректе қуат тасып.

Айналдым өздеріңнен қандастарым,

Қауышқан бір-бірімен құшақтасып.

 

КҮНГЕ КЕТЕМ

Төлеген Рахымжанұлының рухына!

Жер тәнімді жесең же, Күнге кетем,

Күндегі өмір еді ғой мүлде бөтен.

Тән мекені қара жер, жан мекені

Күн екенін бабалар білген екен.

 

Боқтың қабы тәнімді тастап сасық,

Күн жұмаққа кіремін асқақ басып.

Жер отауда отасқан 44 жыл,

Тәнір қосқан қош енді, қош-қош, ғашық.

 

Қош-қош ғашық, мен сені Күнде күтем.

Ұрпақ үшін жаярсың іргені кең.

Шалыс басып қойсаң да қол-аяққа,

Салынбайды жұмақта мүлде кісен.

 

Көтермейді әрі ешкім ұру туын,

Адам түгіл Аспанда сұлу шыбын.

40 жылдың алдында жерге түскен,

Атым – Адал, Абайдың  рухымын.

 

Рухымын Абайдың Жереге келген,

Мыңмен жалғыз алысып, шерден өлген.

Артық келген Адамдай бұл жалғанға,

Қырығымда жерідім мен де Жерден?!

Күнге кетем деймін-ау, кете алмаспын,

Алғаш рет мен шалыс қашан бастым?!

Есімде жоқ! Күнәға күнде батам,

Түнек-түрме тәнімнен қаша алмаспын.

 

Десе де Абай көп қауым көзін ашты,

Дейді заман ақынның жоғы жақсы?!

Тән түгілі жанымыз жидіп кеткен,

Іздеп келген ажалдын өзі қашты.

 

Қайрылмады кем бері өлем десем,

О,Тәңірім сақтай гөр, елімді есен.

Бар күнәмнан шығармын арылатын,

Шөпшегімнің тоңғағын теріп жесем?!

 

Уа, Құдайым! Сол күнге жеткізе гөр,

Болашаққа барады бет түзеп ел.

Күн жұмақтың есігі жабық болса,

Қақпасынан тозақтың өткізе гөр!..

 

Кіргізе гөр тозаққа мені ғана,

Күнәлардан әлі аңқау елім Ада.

Күн жұмақтың төріне апаратын,

Жылан емес, қыранның жолы ғана.

 

Жиегіне жете алмай Тары Күннің,

Тән түнектің ішінде әлі жүрмін.

Көктей өтіп тоғыз қат көк аспанды,

Орын тепкен қасынан Тәңірімнің,

Жағыз Абай жарықтық!

 

***

Көкшетау келдім саған екінші рет,

Көп жүрдім жаза алмай жетімсіреп.

Төбемде көшіп барат ақ шарбы бұлт,

Қалдырып жүрегімде есіл сурет.

 

Көкшеге келіп түстік өлең алып,

Сен бізді қаңғып келген деме ғаріп.

Жоңғарға бет түзепті бір кездері,

Қаймана қалың қазақ сенен ауып.

 

Көкшені мекен еткен Ата-бабам,

Оралды жүз жылдан соң ботаң аман.

Жер көксеп келді, міне, Жеңіс ағам,

Сая іздеп сайын дала Сахарадан.

 

Көкшенің көкірегенде алып айдын,

Сәулесін сіңірейін жарық Айдың.

Сарғайып күткен болар Көкше мені,

Тағына бір қонайын Абылайдың.

 

Сәлемін алып жеттім арғы беттің,

Сені аңсап шегарадан қарғып өттім.

Араға ғасырлар сал келіп тұрмын,

Ағайын алдынан шық жарлы көштің.

 

Армысыз Арқадағы Ақат ақын,

Жол бастап Көкшетауға апаратын.

Оқ жетпес биігіне бір шығайын,

Алланың көрер ме екем шапағатын?!

 

Көкшетау көрдім сені аман-есен,

Жат көрмей бауырыңа бас Баба мекен.

Көшіреп келбетінді қарашыққа,

Мен сені Арғы бетке ала кетем.

 

Көрсетіп  ағайынға сені аңсаған,

Жоғалған жүрегімді сенен табам.

Соңыма ілестіріп ағайынды,

Көкшетау көп кешікпей келем саған.

 

ЖЕР КІНДІГІ ЖЕМЕНЕЙ

Шалғын Ақатұлына!

Жыр жаза алмай жүрмін ғой көптен бері,

Шабытымның еспейді өкпек желі.

Жиі көрем түсімде Жеменейді,

Шақырады қол бұлғап көктем мені.

 

Шақырады қол бұлғап мені көктем,

Жеменейге қай Тәңір жерік еткен.

Сағындым ғой Шалғыным сағындым ғой,

Жеменейдің желін де желіп өткен.

 

Қайтайықшы бір барып Жеменейге,

Мен өгей ме өмірге, Сен өгей ме?!

Жер кіндігі Жеменей айналайын,

Жер бетінде жұмақ жоқ сенен өзге!

images (1)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір