Азия форумы: күрмеуі көп күрделі әлемнің сұхбат алаңына айналды
13.09.2019
1220
0

 

4-6 қыркүйек күндері Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Азия қаламгерлерінің І форумына» құрлықтың 38 елінен және елімізден 300-ге тарта қаламгер қатысты. Сөз өнерін кие тұтқан жұртшылық өзара қауышып, пікірлесіп, сөз зергерлерінің баяндамаларын тыңдап, әралуан ой өрбітті. Біз сол форумға барған ақын-жазушылардың форум туралы ойларын жинақтап, ұсынып отырмыз.

Рафаэль НИЯЗБЕК, ақын

Кітап бетін ашпайтын елге болашақта есігін ашпайды

Күні кеше Елордада өткен Азия қаламгерлерінің 1 форумы қазақ елінің және қазақ әдебиетінің жаңа дәуірінің айбынды басталғанын айқын көрсетеді. Бұны осыдан 46 жыл бұрын Алматы қаласында өткен Азия және Африка елдерінің конференциясының рухани жаңғырып, жаңарған озық үлгісі десе де артық емес.Ол кезде де мемлекет басшысы конференцияға қатысып, төрде айдын асырып отырған еді. Содан бері арада қанша ұзақ жылдар өтті. Сол ізгі дәстүр жылдардың тасасында қалып, ұмытылып кетіп еді. Енді, міне, жаңа дәуірдің жылы лебі ескен мезгілде сол ізгі дәстүр жалғасын қайта тапқандай көрінді. Мәртебелі Президентіміздің бұл аламан форумға қатысуының өзі,біріншіден, біздің әлгі сөзімізді дәлелдесе, екіншіден, оның алысқа көз тігіп, болашақты байыпты барлап, кең тынысты баяндама жасауы – былайғы жұртқа көргенді елдің кемел көшбасшысы бар екенін айқын танытқандай болды. 

               Қытай халқында: «Мәдениеті мен әдебиеті дамымаған елде сатырлаған қару мен сытырлаған ақшадан басқа құндылық жоқ» деген ұлы қағида бар. Бұл не деген сөз? Бұл кітап бетін ашпайтын елге болашақ та есігін ашпайды деген сөз.  Ендеше, мемлекет басшысы: «Ұлы Дала Елі – сан тараптағы ғылым мен білімнің, өркениеттердің тоғысқан тұсы. Бүгінгі форум қазіргі заман үрдістерінің адам әлеуетін дамытуға қызмет ететінін көрсетіп отыр. Рухани кемелденуге ұмтылмай, өркендеу болмайды. Сондықтан әдеби үдерістерді жандандыру үшін жағдай жасау – басты міндеттердің бірі», – деп, кеңінен толғап келіп: «Осы мақсатта «Азия алыбы» халықаралық сыйлығын тағайындаған жөн», – деді. Өйткені соңғы жылдары әйгілі Нобель сыйлығы саясиланып, кім көрінгенге беріліп, құнын түсіріп алған еді. Бәлкім, соны ойлаған шығар.

               Халыққа берген уәделерін міндетті түрде орындауға тас түйін бекіп, сенімін семсер етіп сертке ұстаған Президенттің бұл ұсынысы залда отырған бүкіл қаламгердің мұздаған жүрегін жылытып, рухын көтеріп жіберді.

               Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Азияны бүкіләлемдік рухани даму орталығы ретінде дамыту айрықша маңызды», – деген сүбелі сөзі де тегеурінді естіліп, көкірегімізді күмбірлеген күйге толтырған еді.

               Азия қаламгерлерінің тұңғыш форумында бірқатар мәселе қозғалды. Мәселен, азиялық авторлардың қауымдастығын және  азиялық әдебиеттің институтын құру, ортақ әдеби журнал ашу сияқты көптеген ізгі тілектер айтылды. Ал Оңтүстік Корея ақыны Ко Ынның: «Ең алғаш Азия өркениеті скифтерден бастау алды. Кейін ол Қара теңіз арқылы бүкіл әлемге тарады», – деген сөзінде тұңғиық сыр жатыр. Ендеше, Батысты пір тұтып, табына берудің қажеті жоқ.

               Ертеде жазылған «Батыс» деген өлеңім былай аяқталатын.

                                  Көзін бояп, кірпігін қылшықтаған,

                                  Ол елдің де зәрлі уын кім жұтпаған.

                                  – Батыс! Батыс! – дей берме, айналайын,

                                  Мазаңды алып не нәрсе тыншытпаған?

                                  Үн шықса да, қоғамды аздыратын,

                                  Сол Батыстан бәрібір Күн шықпаған.

               Бірақ бұл – оның озық үлгілерінен бас тарту деге сөз емес.

                    Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін бір-ақ айтсам: Елордада өткен Азия қаламгерлерінің тұңғыш форумы өз дәрежесінде, биік өреде өтті деп ойлаймын. Қазақ қаламгерлері бір тілектің үстінде бас қосып, келген қонақтарға жүрек төрін ұсынып, елдікке тән қасиетпен құрмет көрсете білді.

           «Ерден ердің артықтығы – білігі, елден елдің артықтығы – бірлігі» деген осы.

 

Ертай АШЫҚБАЕВ, ақын:

БІЛІСТІККЕ ЖАЛҒАСАТЫН ТАНЫСТЫҚ

Қазақта «алыс-беріс», «таныс-біліс» деген тәрізді қос сөздер бар. Расында да, бүгін өзің ешкімнен ештеңе алмасаң, ертең кімге не беріп жарытасың?  Біліс болу үшін әуелі танысуың керек емес пе?

  1973 жылы өзіміз бозбала кезімізде сырттай қызықтаған Азия-Африка жазушылары конференциясының естен кетпейтін себебі неде? Әрине, тап сол конференцияның әсерімен іле-шала қазақ әдебиетінде Азия мен Африканы дүр сілкіндірген шығармалар топырлап туа қалған ештеңесі жоқ шығар. Бірақ жұрт сол тұста әдеби басылымдар арқылы біздің әдебиетіміз қандай деңгейде екендігін, басқа елдердің қаламгерлері қайтіп тыныстап жатқанын кәдімгідей сезініп қалған болатын.

   Бұл жолы да солай болды. Мысалы, «Қазақ әдебиеті» газеті әр номер сайын Астанадағы форумға келетін қаламгерлер мен Азия елдерінің әдебиеті туралы жан-жақты мәліметтер берді, өз қаламгерлеріміздің пікір-ұсыныстарын тұрақты түрде жариялады. Форум да, міне, осы бағытта өтті.

Менің бір түйгенім, біз өзіміздің ұлттық әдебиетімізге, сол ұлттық әдебиетке еңбек сіңіріп жүрген өз ақын-жазушыларымызға құрметпен қарауға тиіс екенбіз. Олай дейтінім, қазіргі заман әдебиетінің көшіне ілесу немесе сол көштің басында жүру әлдеқашан сары соқпаққа айналған әлдебір әдеби ағымдарға жалаң еліктеу арқылы емес, ең әуелі ұлттық әдебиетті өзіне тән төл бояулармен қоюландыру арқылы жүзеге асады екен.

   Екіншіден, форумда сөз алған әр шетжұрттық қаламгердің әр пікіріне, әрине, сыни көзқараспен қарадық. Бұл ретте де біздің, әсіресе, ұлттық мәдениетіміздің ертеңіне қатты алаңдайтын зерделі әдебиетшілеріміздің сөздерінің салмағы расында да зор әрі қажет екендігін ұққан тәріздіміз. Әрине, бұл сыртқы еш тараптан ештеңе қабылдамау керек деген де сөз емес. Қабылдамасқа болмайды да. Дегенмен біздің жазба әдебиетіміздің басында 1904 жылы 58 жасында қайтыс болған Абай Құнанбаев тұрғанын ескерсек немесе қазақтың алғашқы романының («Бақытсыз Жамал») авторы 1935 жылы кеңестік жазалау лагерінде 49 жасында көз жұмған Міржақып Дулатов екенін еске түсірсек, содан бергі соншама көп те емес уақыт ішінде, әсіресе, 60-70 жылдары қазақ әдебиетінің зор жетістіктерге жетуі ойлантарлық-ақ құбылыс. Тек бізді сәл бөгеген кешегі қызыл империяның еркімізден тыс теліген біржақты (соның ішінде ұлтсыздандыру) идеологиясы мен одан соңғы «демократиялық дәуір» әкелген көз қызықтырар шетелдік қызылды-жасылды тауарлар тәрізді, тәжірибесіз егіншінің есін алатын, сырты әдемі жатжерлік әлдебір тұқымдар.

   Үшіншіден, біз бірқатар қазақ қаламгерлерінің шығармалары шет тілдерге аударылғанда қаншалықты қадірлі болғандығын ұмытып кете береміз. Бір мысалға ғана жүгінсек, сөз арасында Әбіш Кекілбаевтың алғашқы таңдамалысы мен екі томдығы қазақша да, тіпті орысша да емес, Берлиннің «Фольк унд вел» баспасында неміс тілінде жарық көргенін, ал «Аңыздың ақыры» романы бес-алты тілде басылғанын айта кеткеніміз де жөн. Әбекеңнің тұрғыластары арасында да, одан соңғы буында да осы шамалас әдеби абыройға бөленгендерді түгендей бастасақ, әжептәуір тізім түзіліп шығар еді.

   Демек, біз әуелі шетелдік оқырманға, шетелдік баспаларға кімді, яғни кімнің шығармаларын ұсыну керектігін жүйелеп алғанымыз жөн, сосын батыл түрде ұсынуға және жариялатуға тиіспіз. Ең төте жол — осы.

Ал екі елдің бірі ұйымдастыра алмайтын мынадай форумды мінсіз өткізген (әрине, жоғары биліктің қолдауымен) шығармашылық Одағымыздың басшысы Ұлықбек Есдәулет пен оның орынбасары Ақберен Елгезектің осы істі одан әрі тиянақты жалғастырып, көз ұшында тұрған бір қараға жеткізетіндігіне кешегі үш күннен соң сеніп те отырған жайымыз бар. «Мың қосшыдан бір басшы артық» екенін, бір рет те болса да, мойындауымыз да керек-ау.

    Ал бірқатар мәселелер осы форум аясында қол қойылған меморандумдарда, форумға қатысушылар Үндеуінде қамтылғандықтан шұқшия қайталауымның жөні жоқ тәрізді.

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ, ақын:

Маңдайымызға жазылғаны ақымақ жазарман болса, амал кем… 

Көптен күткен Азия ақын-жазушылары форумы да мәресіне жетті. Сөз көп… Соған кеткен ақшаға дейін саусағына түкіріп қойып, санап жатыр… санына жете алмай жатыр. Тым көп ақша деп жатыр!.. (qazaquni.kz)

Осы офшорларда жатқан ақшасын неге сөйтіп іздемейді бұл ел?!. Түсініксіз…
   Қабдеш аға Құдайдың жөнін айтты ғой!.. Шыңғысхан – түрік! Атасы мен әкесін былай қойғанда, анасы да, жары да қазақтың бір руы – Қоңыраттың қыздары! Дүниедегі ақыл-ойдан алдына жан салмаған жойыт жұрты кіндігінен жаралған ұрпағын шешесінен таратпай ма?! Моңғолдар есін жиған күні оның түрік екенін, қазақ екенін де түсінеді әлі! Ұлы Мұхтар Мағауиннің «Шыңғысханы» әлемдік әдеби айналысқа түскенде, адамзат оның түрік һәм қазақ екеніне күмән келтірмейтін болады! Алла жазса, сонда біз де, моңғолдар да Мұхтар, Қабдеш ағаларды еңіреп еске түсіреміз әлі – егер сол күнге дейін еңсесі биік өркениетті ұлтқа айнала алсақ… Гуд бай!
… «Дулат Исабеков қолына таяқ ұстап қалыпты ғой!» – деп,мәз-мейрам болады! Шығармасын оқымайды! Суретін ғана көреді! «Моңғол жазушысы Қабдешке ортаңғы қолын шошайттты, бұ өте жаман ырым…» – дей ме, не дейді?! «1973 жылы Азия–Африка жазушыларының форумы өткенде бізде небір інжу-маржандар бар еді, қазір түк жоқ қой!» – деп жатыр! Мағауин мен Жұмаділовтің барын, Исабеков пен Нұржекеевтің, Сегізбаев пен Дәутаев, Нұрмағанбетовтің барын да білмейді! Әлемнің бізден әлдеқашан озып кеткен, қолымызға екі өкпемізді ұстап, әлі күнге дейін шаңын қауып қуып, жете алмай жүрген жұртында Исырайыл, Темірхан мен Ұлықбектің, Жәркен мен Есенғали, Мейірхан, Светқали, Ертайлардың, Ғалым, Тыныштықбектердің де жоғын да білмейді екен?!.
  Отыз жыл бойы жазған-сызғанына бір тиын ала алмай, сонда да жазып… жатқан қазақ жазушыларын да, өліарада өмір сүріп жүрсе де, Азия жазушыларының аузына қолда барын тосып отырған өз елін де аямайды екен бұлар?!
   Біз секілді маңдайда соры бес елі жазушыларға, мүмкін, осындай қатыгез, жөні түзу оқырманға да айнала алмаған ақымақ жазарман, «көзінен басқа ойы жоқ Адамның надан, әуресі» (Абай) керек шығар?! Алла маңдайға не жазса, сол болады…
   Форумнан түйген бір ойым, Азия Еуропаның емшегін еміп, оның күллі ғажайып, ғаламатын сарқа сіміріп алды деуге болады. Бірақ, әлі күнге дейін сол Еуропа Азияның уызынан дәм де тата алмай отыр. Ондағы гомосексуализм дейтін т.б. пәлекеттер, Батыстың ошағынан теріс айналып, оны адамзаттық құндылық деп жариялауы – соның бір әлегі… Өкінішті!
   Көңіліме көлеңке түсірген бір нәрсе, сол алқалы топтан Аягүл Мантай деген талантты да қанатты қыз көзге түспеді…

 

Қасымхан БЕГМАНОВ, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 Қазақ тілінде де халықаралық форум өткізуге болады екен…

Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастыруымен өткен Азия елдері қаламгерлерінің I форумы жоғары денгейде өтті. Форумның ашылуына президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.  Сонымен қатар  Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, «Хабар», «Қазақстан» арналарының басшылары, тағы да басқа лауазымды тұлғалар да қатысып, өздерінің лебізін білдірді.    Президенттің форумға қатысуы, сөз сөйлеуі  –  билік әдебиетке мемлекеттік деңгейде көңіл аударды деген сөз. Бұл, сөзсіз, өз жемісін береді. Осы кезге дейінгі сан ғасырлық тарихы бар тарихи шығармалар мен қиссаларды, жалпы құнды жазбаларды ақын-жазушылар жазып қалдырғаны белгілі. Яғни, өшпес мұра қалдыратын да осы ақын-жазушылар. Онда сол ақын-жазушыларға неге жағдай жасамасқа?! Қазір бәрі өз күндерін өздері көріп келе жатыр.

Азия қаламгерлерінің форумы   жарты ғасырға жуық бір-бірімен байланыссыз қалған ақын-жазушылардың басын қосты. Бір-бірін тапты. Берік байланыс орнатты. Ең бастысы – осы.   Нобель сыйлығының иегерлері бар,  басқалары бар, бәріне де осындай кездесулердің керек екені баршаға мәлім. Өйткені біздер – шығармашылы адамдарымыз. Біз пікір алмасуымыз керек. Біз өзара әдеби байланыс орнатуымыз керек. Егер мұндай жиындар жиі болып тұрса да көптік етпес еді.

Осы форумда «Жазушы лабораториясы» деген тақырыппен Форсайт-сессия өтті. Еркін форматта болған бұл отырыста ондаған жазушы өз ойларын ортаға салды. Терең ойлар айтылды.  Иордан жазушысы Бустани:  «Қазір әдеби жанрларда шекара жоқ», – деді. Иә, бұл үрдіс оқырманды шатастыратындай көрінеді. Әдебиеттегі мұндай бетбұрыс әлеуметтік желілердің «жемісі» секілді көрінеді маған. Сонымен қатар, Иордан жазушысы, қазір романмен ғана нан тауып жеуге болатынын айтты. Бұл да бүгінгі күннің шындығы. 

«Өлең жазған сайын әр сөздің жаңа қатпарын ашамын», – деген араб ақыны Ахмет әл-Мулланың сөзі шынайы да, нақты болды.  «Илаһи ақын –   Алланың өзі дарытқан дарын иесі.  Мен ақындарға басқалараға қарағанда үш нәрсені артық бергенмін. Ол – Ақыл, кәләм, қалам», – дегенді Құранның тәпсірінде жазылғанын Уақап Қыдырханұлы ағам маған берген сұхбатында айтқан болатын. Ахмет әл-Мулланың сөзі де илаһи ақынның көңілге қонымды сөзі ретінде үлке әсер қалдырды.

«Жазушылық – жалғыздық!» Иә, бұл – моңғол жазушысы Гун-Аажавын Аюрзана айтқан сөз. Бұрыннан айтылатын сөз. Бұл – шындық. Ақындық та сол. Алла сөз салса, бір демде  поэма жазылады. Менің «Шерлі Түркістан» дастаным – сегіз мемлекетті аралап жүріп өткен «Мұстафа Шоқай жолымен» атты экспедициямды аяқтаған соң бір деммен жазылған шығарма. Сөздердің қалай құйылып келгенін сөзбен айту немесе оны біреумен бөлісу мүмкін емес. Ол – бір Аллаға ғана аян сезім.

Осындай сезімдерге бөленген, форумға  қатысқан ақын-жазушылар да, қатыспағандары да, бәріміз бірдей толқыдық, кеудемізді  сөзбен жеткізе алмайтын асқақ сезім биледі деп айтуға болады. Әңгіме бұл форумнан кімнің өзіне қандай рухани азық ала алғандығында.  Біздер  Жазушылар одағы басшылығына осындай халықаралық басқосуды ұйымастырғаны үшін  алғыс қана айтуымыз керек. Форум аясында ондаған елдердің Жазушылар одағымен екіжақты ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Ең бастысы, өзара келісімге келген халықтар арасында ақын-жазушылардың шығармалары аударылатын болды. Нәтижесі, сөзсіз, өз жемісін береді. Ол үшін уақыт керек. Ең бастысы, шығармашылық адамдары рухтанды! Өйткені бұл шара – қазақ тілінде өтті. Иә, таза қазақ тілінде! ҚР Жазушылар одағы Қазақ тілінде де халықаралық форум ұйымдастыруға болатынын көрсетті!

Осы кезге дейін Азия мемлекеттеріне шығармашылық іссапарға бардық па? Олар келді ме? Әрине, жоқ! Бұл – алғашқы басқосу.  Азияның түкпір-түкпірінен келген қаламгерлердің осындай ең үлкен дәрежеде басқосуы, бір-бірін танып білуі керемет емес пе? Тарихи сәт емес пе? Бұл форум бүкіл Азияға үлгі болды-ау деп ойлаймын.

Ақындар мен жазушылар қоғамдағы барлық тақырыпты өз шығармаларына арқау етеді. Тек, соған мемлекеттік қамқорлық керек. Менің ойымша, болашақта Жазушылар одағы тарапынан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында да  жиындар өткізіліп, ақын-жазушылардың басын қосып, олардың бір-бірімен арқа-жарқа араласып, әдеби талқылаулар мен соңғы тәуелсіз жылдары жазылған шығармаларға талдау жасауларына мүмкіндік жасалу керек. Бұл – қатып қалған қасаң форматтағы емес, жоғарыда айтқанымдай, емен-жарқын отырып, еркін сөйлесетін әдеби алаң болуы қажет. Кездесу халықаралық дәрежеде емес, өз ішімізде өткені дұрыс. Осы форумда өз басым осыны байқадым. Әрине, мұндай халықаралық  жиындардың да керек екенін мойындаймыз. Бірақ жыл сайын әлемдік форматтарды қолдана отырып, өзара кездескеніміздің де әдебиет үшін қажеттілігі өте зо. Кездесуіміз керек! Сосын, әдеби жиынның қаржысын елдің санап кетуінің де түк керегі жоқ. Бұл – шығармашылық адамдардың жүрегіне кірбің ұялатады.

 Тәуелсіздік туының, тәуелсіздік таңының классикалық туындылары әлі болашақта жазылады.

Сәдібек ТҮГЕЛ, жазушы:

Қағанға әркімнің де бар таласы…

Кешегі өткен Азия елдері жазушыларының форумы мән-маңызы жоғары , тек қана ақын-жазушылар үшін емес, еліміз үшін орны бөлек, ерекше шара болды. 1973 жылы Әнуар Әлімжанов Азия-Африка жазушыларының конференциясын өткізді. Ол кезде студентпін. Ол да елеулі оқиға болып еді. Арада қаншама уақыт өткеннен кейін сондай ұмытылмас тарихи сәтті қайта бастан кешкеніміз үшін ұйымдастырушыларға айтар алғысым шексіз. Өз басым мұны зор жетістік деп есептеймін. Қырғызстанның Халық жазушысы, Қырғызстан Мемлекеттік сыйлығының иегері, талантты ақын Акбар Рысқұлов екеуміз форум бойы бірге жүрдік. Арасында бильярд ойнадық, әңгімелестік. Өз ойларымызбен бөлістік. Эстетикалық әсер сыйлаған, әдеби, рухани әңгіме болды. Форумда, әсіресе, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев болашаққа жол ашатындай, бағыт-бағдар беретіндей үлкен ойлар айтты. Сондай-ақ, корей ақыны Ко Ынның баяндамасы өте ұнады. Әлемдік әдебиет жайлы ойлары кім-кімнің де көңілінен шықты деп ойлаймын. Әзербайжан жазушысы Анардың Қорқыт туралы ұсынысы өзекті де маңызды. Расымен, бізді біріктіретін ортақ дүниелер керек. Қабдеш Жұмаділовтің Шыңғыс хан туралы айтқаны да өте дұрыс. Шыңғыс хан – қазақ, қазақтың ішінде – найман, найманның ішінде – елата. Бұл – нақты факт. Форум қаламгерлерімізге шалқар шабыт, тың ойлар сыйлағанына еш шүбәм жоқ.

Ханбибі ЕСЕНҒАРАҚЫЗЫ:

«Іште бір өкінішім қалды…»

Форум өте жоғары деңгейде өтті. Біз шетелден келген ақын-жазушылардың әдебиет жайлы, мәдениет жайлы толғамдарын естідік. Біршама өзімізге жаңаша сабақ алдық, күш алдық. Мұның бәрі, әрине, үлкен ақын Ұлықбек Есдәулет бастаған Жазушылар Одағының ерен еңбегі. Ұлықбек жайлы сөзді Олжас Сүлейменов бір-ақ ауыз сөзбен жеткізді. «Ұлықбек талантты ақын болумен қатар талантты ұйымдастырушы» деді. Шынында, шара өте үлкен деңгейде өтті. Шетелдің қаламгерлері түгіл бір-бірімізді көру мұңға айналып кетіп еді. Форум барысында  «Қаламгер» атты фильмнің таныстырлыуы өтті. Неше жылдар бойы ақын-жазушылар еленбей қалған еді. Бұл жұмыстар қуантты. Бірақ іште бір өкінішім қалды. Шет-шеттен келген ақын-жазушылармен тілдескім келді, бірақ тілдесе алмадым. Неге? Өйткені ағылшын тілін білмеймін. Бұрын тілге аса мән бермеуші едім. Осы жасыма қарамай ағылшын тілін үйренуге кірісіп отырмын. Міне, форум бізге осындай талап, жігер сыйлады.

 

 

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір