Елорда төрінде: Әлемге Азияның айтары бар!..
10.09.2019
859
0

Нұр-Сұлтан қаласында өтіп жатқан Азия қаламгерлерінің І форумында Азияның көптеген елдерінен жиналған делегаттар өзара пікір алмасып, баяндамалар жасады. Форумға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы келіп, құттықтау сөз сөйледі. Мемлекет басшысы Азия жазушыларының ортақ электронды кітапханасын құруды әрі Нобель сыйлығына пара-пар «Азия алыбы» Халық­ара­лық әдеби сыйлығын тағайындауды ұсынды.

Әр елден келген қаламгерлер мен еліміздің түкпір-түкпірінен бас қосқан ақын-жазушылар бүгінгі әлем әдебиетінің аужайын талқылап, Азия әдебиетінің өткені, бүгіні және келешегі жайында ой өрбітті. Сөз зергерлері өркениеттің бесігі, түрлі мәдениеттер мен діндердің орталығы саналатын Азия құрлығының ықылым замандағы бет-бейнесі мен қазіргі ахуалын сараптап, жаһандану кезеңіндегі әдебиет мәселелерін тақырыптың негізгі түйіні етті. Осы форумда айтылған ойлар мен баяндамаларды қысқартып ұсынып отырмыз. Газеттің алдағы сандарында форум қонақтарының сұхбаттары мен сүбелі ойларын беретін боламыз.


Ко ЫН,
ақын (Оңтүстік Корея):

АЗИЯ ӨРКЕНИЕТІ СКИФТЕРДАН ТАРАДЫ

– «Азия қалам­гер­лері­нің тұңғыш фору­мы­­на қатысқаныма қуа­­ныш­ты­мын.
Қа­­зақ­с­­тандық әріптес­те­ріме, барлық ұйым­дас­тырушыларға бү­кіл құрлық қаламгер­лерінің басын қосқаны үш­ін алғыс айтқым ке­леді. Бүкіл өмірін әде­биет­ке арнаған қаламгерлердің басын қосып, үйлесімді атмосфера құру – шынымен де елеулі оқиға. Орталық Азияның шексіз мүмкіндіктері мен келешегін аңдататын осындай ғаламат жобаға өзімнің сүйінішімді білдіргім келеді. Синтез рухымен жүреміз десек, әр қадамымызды есептей білуіміз керек. Жақында өткен Азия әдебиеті фестивалінің ашылу салтанатында мен Африка мен Азияны, Латын Америкасын «үшінші әлем» деп атауға түбегейлі қарсы екенімді айттым. Бүгінгі жағдайды зерделей отырып, Азияның әрбір бөлігі, әрбір елі, мәдениеті өзінің түпнұсқа бейнесін тапса деген ойға келдім. Азияның Еуропа сияқты біртұтас емес екені анық. Еуропа ерте бірігіп, жалпы алғанда бір дінге бас ұрды. Тіпті біздің кейбір көршілер Еуропа елдерімен туыстасып кетті. Азияда мұндай тұтастық орнату мүмкін емес. Азия – табиғи ерекшеліктердің, тау мен даланың, шөл мен көлдің астасып жатқан әлемі. Осы әркелкілік әдебиетке де тән. Азияның діндері мен философиялық жүйесі де терең әрі күрделі. Ең алғаш Азия өркениеті скифтерден бастау алды. Кейін ол Қара теңіз арқылы бүкіл әлемге тарады. Азия қайтадан түлеп, бастамаларын жаңа нүктеден бастауы керек деген ойлар да айтылады. Меніңше, әрқайсымыз еркін болуымыз керек. Батысқа бағдар ретінде қараудан бас тартуымыз қажет. Тіпті, кей жағдайда Азия әдебиеті Еуропа әдебиетін жасартты, тың леп қосты. Бауырлас жазушыларға қарап отырып, Азия әдебиеті – бүгіннің әдебиеті, Азияның әдебиеті – жаңа ғаламшарлық әдебиет деген ойға келдім.


Юсеф ӘЛ-МОХАЙМИД,
жазушы (Сауд Арабиясы):

…КӨНЕДЕН КЕЛЕ ЖАТҚАН ҚАСІРЕТ

– Дін мен әдебиетті бір-біріне қарсы қою – кө­неден келе жатқан қа­сі­рет. Өткен ғасырда да әде­биетті тұншықтыруға талпыныстар көп болды. Тіпті, тарихта
Но­бе­ль сыйлығының иегерлерін өлтіру әрекеттері де тіркелген. Араб әлемінде болған тер­рористік оқиғалар әдебиеттен де көрініс тауып жатыр. Саудиялық ақынның жанкештілікке арнап жазған романы әдебиеттің терроризмге қарсы екенін көрсетті. «Түнгі күтпеген оқиға» атты романым осы терроризмге қарсы жазылды. Ауған жазушысы Халед Хоссейни де әдебиет әлеміне осы сарындас шығармаларымен танылды. Әдебиет – діннен азат, толерантты құндылық.
Сауд Арабиясында жазушылар әдебиет пен журналис­тиканың дамуына көп үлес қосты. Бұқаралық ақпарат құ­ралдары мен журналистикалық бірлестіктердің көбі әдебиет өкілдерінің күш салуымен қалыптасты. Бүгін араб әлемінде әдебиет терроризмге қарсы тұруға тырысып жатыр. Оны оқу бағдарламасынан ысырып, жылдар бойы әдебиет пен музыкаға мектепте тыйым салынды. Соның бәрін «ислам әдебиеті» деген шымылдықпен бүрекемеледі. Бірақ шынайы әдебиет өмір сүріп жатты. Соңғы бес жылда біздің әдебиетте үлкен алға жылжу бар. Тіпті 2030 жылға арналған стратегиялық бағдарламамызда әдебиет жетекші орын алып тұр. Қазір романдар мен повестер маңызды үнге айналды. Осылайша әдебиет негативті, хайуандық жүйеге ымырасыз күрес жариялап отыр. Деспотизм басқаратын әлемде интернет пен әлеуметтік желі арқылы жазушылардың екінші тынысы ашылды. Бейбітшіліктің жалғыз кілті – әдебиетте. Әдебиет – терроризммен күрес жолындағы ең тиімді құрал екенін көрсетіп отыр.


Анар РЗАЕВ,
жазушы (Әзербайжан):

ҚОРҚЫТ ТУРАЛЫ ФИЛЬМ ТҮСІРСЕК…

– Әзербайжан мен Қазақстанды тереңде жатқан тарихи тамырластық пен ортақ дін байланыстырады. Ал қазіргі дәуірде экономика мен саясат біріктіріп тұр.
ХІХ ғасырда Низами Гәнжауи қыпшақ аруы Аппақпен отау құрып, жарынан ерте айрылады. Соның күйігінен «Сенсіз» атты әйгілі өлеңін жазды. Бұл өлең кейін романсқа айналды. Ал Қорқыт – екі халықтың ортақ бабасы саналады. Әзербайжан ЮНЕСКО-ның қолдауымен Қорқыттың 1300 жылдығын тойлады. Күй атасы туралы фильмдер түсіріліп, кітаптар шықты. Мен қырғыз, өзбек, қазақ, түрікмен сияқты ба­уырлас мемлекеттердің бірлесіп, Қорқыт туралы телехикая түсіргенін армандаймын.


Олжас Сүлейменов, ақын:

ҚАЛҒАН ЖАЗУШЫЛАР ҚАЛАЙ КҮН КӨРЕДІ?..

– Біз жиі кездесе бер­мей­міз. Осыдан 46 жыл бұрын Алматыда жүздескен едік. Ол кезде Азия мен Африка елдерінің конференциясы өтті. Күрделі кезең еді. Азия мен Африка елдерінде басқыншылыққа қарсы процесс жүріп жатқан. Қазір біз ертеде-ақ өз тәуелсіздіктерін алып, оны нығайту жолына түскен Азия елдерінен келген әріптестерімізбен кездесіп отырмыз. Бұл кездесу Қазақстан үшін айрықша уақытта өтіп жатыр. Қазақстанның жаңа дәуірі келе жатыр. Бұл жайында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев таяудағы Жолдауында жан-жақты айтып кетті. Жолдауда сөз болған реформалардың барлығы жүзеге асқанын күтеміз.
Кейінгі 20-30 жылдың шегінде өндіріп жазып жүрген жазушы – Сәбит Досанов. Бір күні Сәбит маған келіп, ақша алып кетті. Сөйтіп, кітаптарын бастырды. Сол Сәбит Елбасымен құдандалы болып, жазушымыздың жолы бұрынғыдан да кең ашылды. Күнде жазатын жазушы үзбей кітабын шығаруға құлшына кірісіп кетті. Бірақ… қалған 799 жазушы қайтеді? Қайтіп күн көріп, жазудан жан рақатын тауып, жайлы тұрмыс кешпек? Олардың бәрінде ондай мүмкіндік жоқ қой…
Сонымен бірге Қазақстандағы қоғамдық-саяси өмір де жаңаруы керек. Жаңа уақыт жайында таяуда ғана Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тамаша ой айтты. Ол: «Әлемде күштілердің емес, ақылды адамдардың дәуірі туып келе жатыр», – деді. Мұндай жан-жақты әрі нақты пайымды көптен бері естімеген едім.


Мұхаммад Хаджи САЛЛЕХ,
жазушы (Малайзия):

АЗИЯЛЫҚ АВТОРЛАРДЫҢ ҚАУЫМДАСТЫҒЫН ҚҰРУЫМЫЗ КЕРЕК

– Біз өмір сүріп жатқан әлемде қазір қақтығыстар мен соғыстар жиіледі. Дәл осындай жағдайда жазушылардың негізгі рөлі – халықты тыныштандыру, жұбату. Бұл – шығармашылық тұрғыда өте күрделі процесс. Біз, жазушылар, әдебиеттің маңызды екенін әлемге түсіндіруіміз керек. Бірақ, өкінішке қарай, қазір әдеби тілді ғылым тілі ығыстырып барады.
Біз азиялық авторлардың қауымдастығын құруымыз керек. Азиялық әдебиетті зерттей алатын бірлескен орын болуы тиіс. Өйткені егер мен қазақ әдебиетін, жапон немесе қытай тілін оқығым келсе, маған ондай мүмкіндік беретін институт болуы керек емес пе?! Қазіргі таңда мұндай ұйым жоқ. Сіз америкалық университеттің біріне баруыңызға болады. Бірақ іздегеніңізді ол жерден таба алмайсыз. Яғни, азиялық әдебиеттің институты құрылу қажет. Сонымен қатар бізге азиялық жазушылар бір-бірімен тәжірибе алмаса алатындай бағдарлама керек.


Анатолий КИМ,
жазушы, драматург (Ресей):

ҚАЛАМ КЕРЕК ПЕ, ҚАРУ КЕРЕК ПЕ?

– Жалпы, бұл форум әлде­қай­да ертерек болуы керек еді. Се­бебі, азиялық жазушылар да еуропалық қаламгерлер сияқты ортақ құндылықтар негізінде жаңа сатыларға көтеріледі, көтерілуі керек. Әйтпесе, еуропалық әдебиетке Азия қаламгерлері қатты кірігіп бара жатыр. Біріншіден, Азия елдері Еуропа сияқты территориялық жағынан бір-біріне жақын жатқан жоқ, оның да кері әсері көп. Бұл – жалпы бөлек тақырып…
Мені білетін, менің шығармашылығыммен таныс жандар мені өте ұяң, бейбітшіл қаламгер ретінде таниды. Сол себептен бе екен, маған бүгін «Қару мен қалам» деген тақырыпта баяндама жасауға тілек білдірді. Мен, әлбетте, қуана келістім. Қалам мен қару жайлы айтқан тұста Қазақстанды айналып өту мүмкін емес. Бұл форумды ең бірінші Қазақстан өткізгені де заңдылық шығар. Осыдан біршама жыл бұрын жаппай қырып-жоятын қарудан бірінші болып бас тартқан да – осы мемлекет. Сондықтан қарудан бас тартып, қалам мәселесін алға шығарып отырған мемлекеттің болашағынан күтер үмітіміз көп.
Мені Қазақстанмен байланыстыратын жайттар өте көп. Бұл жердің ауасы да, ақын-жазушылары да маған етене жақын. Әуезовтен бастап, Әбіш Кекілбаев, Әбдіжәміл Нұрпейісов бар, көп қазақ авторларын тәржімаладым.


Гулназар Келди, ақын
(Тәжікстан):

БІЗГЕ ОРТАҚ ӘДЕБИ ЖУРНАЛ КЕРЕК

Бізге ортақ әдеби журнал керек. Он­да шығармаларымызды бәрімізге қолжетімді тілде жариялап отырған жөн. Мәселен, ағылшын, орыс және араб тілдерін таңдауға болады. Бұл біздің жас авторларымыздың танымалдылығын арттыруға септігін тигізер еді. Біріктіруші қозғалыс бүгінгі сын-тегеуріндер мен мәселелерді, оның ішінде әлемде орын алып жатқан зұлымдықтар мен қантөгістерді шешу үшін де қажет. Мұндай терең әрі өткір мәселелерді шешуге рухани даму ғана өз септігін тигізе алады.


Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ,
жазушы:

КЭНДЗАБУРОНЫ КҮТІП АЛҒАН ЕДІМ…

– Осыдан тура 46 жыл бұрын, яғни 1973 жылы Алматыда Азия-Африка елдері ақын-жазушыларының конференциясы өтті. Онда жастау кезіміз, әрқайсымызды бір-бір елдің делегациясын күтіп алуға міндеттеп қойды. Мен Кэндзабуро бастаған жапон жазушыларын күтіп алдым. Конференция аяқталғанша алты күн бойы сол жазушылардың қасында болдық. Негізі, мұндай басқосулар аса қажет. Жазушылар одағының жаңа басшылығы бастама көтеріп, Үкімет қолдап, Азия жазушыларын Елордаға бүгін жинап отыр. Жазушыларға жиі бас қосқан дұрыс. Тәжірибе алмасу үшін керек. Әйтпесе, жазушы – онсыз да жалғыз. Сонымен қатар бұл форум барысында Азия елдерінің бір-бірінің төл әдебиеттерін насихаттауына жол ашылады. Мысалы, қазақ әдебиеті – насихат жағынан кенже. Аударылу жағынан да солай. Империя тұсында бес-алты ғана номенклатуралық жазушылардан басқаларына шек қойылды. Енді қазір тәуелсіздіктің арқасында бүкіл Азия жазушыларын жинап, бас қосып жатырмыз. Оларды біз насихаттауымыз керек. Қазақ әдебиетін олар насихаттауы керек. Бүгінгі форумның бізге берері осы ғой деймін.


Төлен ӘБДІК, жазушы:

ӘДЕБИЕТ – АДАМЗАТТЫҢ ОРТАҚ ИГІЛІГІ

– Әдебиет бір ұлттың аясына сыймайды. Ол – бүкіл адамзаттың ортақ игілігі. Мысалы, Толстой, Достоевскийлерді тек бір орыс әдебиетінің өкілі деп айта алмайсыз. Олардың шығармаларымен әлем сусындайды. Сол сияқты Шекспир де бір ғана ағылшын әдебиетінің ауқымына сыймайды. Сондықтан ұлы әдебиет – ортақ. Біз сол ұлы әдебиетті жасауға тырысуымыз керек.
Елордада өтіп жатқан Азия қаламгерлерінің І форумы – әлем әдебиетшілерінің, жазушыларының басын қосуы деген сөз. Жазушының мақсаты – қоғамдық формацияға адамгершілік, ізгілік қасиеттерін сіңіру. Ал, егер адамның бойында ізгілікке сенім, қылмысқа жеккөрініш болса, бір-бірін құрметтей алса, жер бетінде соғыс та, терроризм де болмайды. Сол себепті, біз көркем әдебиетті насихаттауымыз керек. Әлем әдебиетін ортақ талқылап, пікірлесу, өз проблемаларын ортаға салу маңызды. Сондықтан біздің Жазушылар одағы ұйымдастырып жатқан бүгінгі форум – өте қажетті шара. Біз – бүкіл әлемдік әдебиеттің бір бөлшегіміз. Тек қазақ халқына ғана қажеттіміз деуге болмайды. Өйткені ізгілік, адамгершілік, махаббат ұғымдары барлық халықта бірдей. Адамзаттық құндылықтар бәрімізді біріктіреді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір