Казуо ИШИГУРО: ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ – ҚИЯЛДАҒЫ ҰРЫС ӘЛЕМІ
10.09.2019
1003
0

Казуо Ишигуро (Кazuo Ishiguro) 1954 жылы Жапонияның Нагасаки өңірінде дүниеге келген. 1960 жылы оның ата-анасы Англияға қоныс аударған. Ол жапон текті ағылшын жазушысы ретінде 2017 жылы Нобель әдеби сыйлығын алған.
«Мені жіберме», «Бір күннің қалдықтары», «Жерленген алып», «Біз жетім қалғанда» т.б. шығармалары ағылшын тілді мемлекеттердің оқырмандары тарапынан таңдаулы шығармалар болып бағаланған.

– Романыңыздың идеясы әр түрлі болып келеді. «Жерленген алып» атты шығармаңыз оқырман қауымды қатты таңғал­дырды. Аталған романды жазуға не түрткі болды? Осы шығарманы жазардан бұрын қандай кітаптар оқып едіңіз?
– Шындығында, осы кіта­­бымды жазубас бұрын көп іздендім, бірнеше таң­даулы шығарма­ларды оқыдым. Бірақ «Жерленген алыпты» жазу барысында, оқыған кітаптар мен аталған шығармамның өзара байланысы болды дей алмаймын. Қолға қалам алған сәтте шығармашылық әлеміңді меңгеру құдды қиян-кескі ұрысқа түскенмен бірдей екенін аңғардым. Шынын айтсам, әуелде жазға­нымдай, мен жұмыс істейтін салада кез келген нәрседен өзімді әдейі аулақ ұстаймын. Мысалы, «Тақ ойы­нының» бір­де-бір эпизодын көрген емеспін. Сон­да кірістірген эпизод­тардың бар­лығы дерлік шы­ғар­ма­ны жазуға бар зейініммен кіріскен сәтте туында­ды. Тіпті, осы туралы «Егер мен осыған ұқ­сас көріністерді көр­ген болсам, ол менің ойым­­­дағыны елестетуге, шығарма­шылық әлемімді өзгер­туге әсер етуі мүмкін. Сол үшін де «шығарма­шылық – қиялдағы ұрыс әлемі», – дегім келеді.

– Сөзіңізге қарағанда, жоспар жасау кезеңі мен шығармашылық кезең сіздің шығарма жазу барысыңыздың өзгеше екі бөлігі секілді ғой…
– Дұрыс айтасыз, ой-қаза­ным­дағы дүниені жоспар­лағанда мен ең алдымен өзгеше идеялар іздеймін һәм көп оқимын. Мен жоспар жасауға көп уақытымды жұмсаймын. Бұны менің ерек­шелігім деп айтуға болатын шы­ғар. Мен білетін көптеген жазушылар ешқандай жоба-жос­парсыз жазуға отыра кетеді. Ал олар бірдеңені жазарда шабытқа сүйенеді, содан соң өзінде осы туралы қандай материал бар екенін іздеп, аласапыран күйге түседі. Мен осы күнге дейін бұлай істеп көрмеппім. Жазбақшы болған шығармамды бастаудан бұрын, сол туралы көптеген деректерді білуге асығамын, шығармаға қажетті өзгеше идея қашан ойы­ма келгенше, пісіп дайын болғанша, асығыс күйде қалам тербемеймін. Егер олай етпесем, онда менің қаламымнан жақсы дүние шықпасы анық.

– Өзгеше идея тапқаныңызды қайдан білесіз?
– Бұл екі-үш сөйлемнен тұра­тын өз ой-пікірім болуы мүмкін. Бұл сөйлемдер оқыған адамды өзіне тартатын қасиетке ие әрі шығарманың айтар ойының жиынтығы деуге болады. Өзім тудырған қорытындыдағы шие­леніс пен эмоцияны өзім еркін сезіне алуым қажет. Міне, осы кезде қолға қалам алатын сәттің келгенін түйсінемін. Бұл кезде сен өзіңе сенесің, жақсы туындының өмірге келеріне сенесің. «Жерленген алыпты» мысалға алсақ, осы шығарманың басқы жағы «Жер бетінде адамдар ұжымдық және таңдамалы амнезиямен (есте сақтау қабілетінен айырылған науқас) ауыратын бір қоғам болған» деп басталады.

– Бұл сөйлем шығарманы жазудан бұрын қорытқан сонда ойыңыз ба?
– Иә, бірақ бұны идея деп айту жеткіліксіз. Бұл сөйлем тек тұжырымдаманың ғана рөлін атқарып тұр. Егер «Жерленген алыптың» басқы сөйлемін одан әрі жалғастырып жаза берсем, «Ортақ естеліктері болмаған ерлі-зайыптылардың махаббаты далбасалыққа айналады…» – деп кете берер еді. Ал үшінші сөйлем– олар­дың айналасындағы мемлекеттің қандай да бір шиеле­ніскен тыныштықта болатын­ды­ғын бейнелер еді. Сол үшін бұл сөйлемдерді әрі қарай жал­ғастырып жазған жоқ­пын. Жазу­дың қажеті болма­ған да шығар. Бірақ мен шығар­машылық жобаны түгел дерліктей абстрактілі түрде бастадым әрі шығармаға байланысты зерттеулерді жоспарға енгіздім.

– Жазуға тиісті шығарманы жоспарлау кезінде оқығаны­ңызға немесе ойлағаныңызға тым көп көңіл бөлесіз бе?
– Бұл міндетті емес. «Жерленген алыпты» жазардан бұрын мен канадалық жазушы Ерна Паристың «Ұзын көлеңкелер» атты кітабын оқыдым. Бұл – 2000 жылдардың басында жарыққа шыққан, әртүрлі мәселелер туралы жазылған, саяхат естеліктерін баян ететін шығарма. Одан кейін Тони Жудэттың «Соғыстан соң», Петр Новичтің «Амери­ка өміріндегі арпалыс» атты кі­тап­тарын оқып тауыстым. Осы кітаптар мені ізденіске жетеледі, оқығандарымның ішіндегі бірері аталған кітаптың мазмұнына әсер етуі бек мүмкін. Мен жалпы бірнеше киноны көріп, бірнеше кітап оқып болған соң, өзі­ме: «Осылардың ішінде менің шығармашылық әлеміме, идея­ма, суреттеп жазуыма септігін тигізетін біредеңелер бар ма?» – деген сұрақ қоямын.

– «Жерленген алып» романыңызда жапондарға қатысты ештеңе айтылмаса да, оның стилі мен өзіне тән әуені жапондыкі екені менмұндалап тұр. Осы стиль маған ұнайды. Шығарма жазу барысында тіл мен әуенге барынша көңіл бөлесіз бе, жоқ әлде табиғилық басым бола ма?
– Шығарма жазуға кіріскен алғашқы жылдары бұған әдейі көңіл бөлетінмін. «Адырлардың бозғылт бейнесі» атты алғашқы романымның негізгі идеясы Жапонияда ойыма келді әрі сонда жазылды. Менің кейіп­керлерім – жапондықтар, сол үшін, әрине, олар ағылшын мәнеріндегі жапон тілінде сөйлейді. Ал, «Қалқымалы әлемнің сурет­шісі» атты шығармамдағы кейіп­керлер тек жапондықтар ғана емес, шығарма ағылшын тілінде жазылғанымен, кейіпкерлер жапон тілінде сөйлейді. Аталған шығармама мен ағылшын тілі­нің формальді, қабылдауға ың­­ғайлы түрін қолдандым. Бірақ, белгілі бір дәрежеде бұл менің тіл қолданудағы табиғи және таңдаулы тәсілім болуы да мүмкін. Мысалы, «Бір күннің қал­дықтарындағы» сарай қыз­мет­шісі ағылшын текті болса да, оқырмандар оны жапондық ретінде қабылдайды. Ал «Жерленген алыпта» жапондық Жапония туралы ештеңе айтқан жоқпын әрі тіл басымдықтары басқа шығармаларыммен ұқсастау деп ойлаймын. Мен астарлы сөйлемдерді қолдануды жақсы көремін. Себебі, сол арқылы айтқың келіп тұрған ойыңды жеткізе аласың.

Сұхбаттасқан
Элиза ЧАҢ
Ағылшын тілінен аударған Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір