Алпамыс батыр: Байсын мен Қалқа арасы
10.09.2019
3022
0

Қазақ елінде ғана емес, бүкіл түркі дүниесінде жырға қосылып, аты аңызға айналған, орыс, тағы басқа еуропалық ғалымдардың назарына ілігуімен әлемге аты жайылған «Алпамыс батыр кім еді?» деген сұрақтың дәл бүгінгі күнге дейін түбегейлі шешімін таппай отырғаны тарихшылар мен ауыз әдебиетін зерттеуші ғалымдарымыз үшін үлкен сын екенін айтпасқа амалымыз жоқ. Тап осы зерттеу еңбектерінде нақтылықтың кемшіндігі батыр бабамыздың тарихтан өзіне тиісті орнын алуына кедергі келтіруде. Қолда бар деректер зерттеу еңбектерін нәтижелі жүргізуге мүмкіндік ашатын сияқты көрінгенімен, оларды жүйелеп, толықтай зерделеу жағы кем соғып жатқаны көзге ұрады.

Жыр шумақтарын талдаған профессорлар В.М.Жирмунский мен Х.Т.Зарифов былай дейді: «Өзінің шығу тегіне қарағанда, «Алпамыс» – қоңыраттардың рулық эпосы… Қоңыраттардың ру есебінде тарихқа белгілі бола бастауы моңғолдардың жаулап алуымен байланысты». Аталған ғалымдардың па­йымына сүйенсек, қоңыраттар қазақ жеріне Шыңғыс хан қосынымен бірге келіп, тарихқа еніпті. Оған дейін «Алпамыс батыр» жыры туралы дерек ғылыми ортада көрініс бермеген. Ғалымдардың бұл пікірі тарих пен жыр деректерін қабыстыра зерттеудің негізінде қағаз бетіне түскенін көріп отырмыз. Шыңғыс хан қосынымен бірге келген қоңыраттардың бұл аталарының мекені туралы сұрақ туындайтыны анық. Шежіреші Лувсанданзанның жазуынша, Шыңғыс хан дүниеге келген дәуірде Қалқада көп малды Қоңырат деген ел отырған. Шыңғыс ханның қалқалық екені, яғни Қалқа қоңыраттары ішінде дүниеге келгені, қазақ қоңыраттары бүгінгі қоныстанған Ұлытау, Түркістан, Мырзашөл өңірлеріне Шыңғыс хан қосынымен бірге келгені – бұлтартпас тарихи деректер негізінде толық дәлелденген ақиқат. «Түбі байсындық, бүгіндері «қазақ қоңыраттары» атанғандар ата жұртын тастап, Қалқаға не үшін және қашан барған?» деген сауалдың жауабын жырдың өзінен табады екенбіз. Жырдың қазақша, байсындық өзбекше нұсқаларында Байсын тауларын мекендеген қалың Қоңырат елінің екіге жарылғаны айтылады. Бөліну себебі екі жырда екі түрлі жырланған. Байсындық нұс­қаға сүйенсек, тайпаның диқаншылықпен шұғылданбайтын көп малды көшпелі аталарына жайылымдық жердің тарлығы жаңа қоныс іздеуге себеп болған секілді. Мал түлік­терінің өсіп-өнуіне қолайлы жерді Алтай тауларының бөктеріндегі Қалқа даласынан тапқан қоңыраттардың он мың үйлік отбасылары сол жаққа қоныс аударады.
Тарихқа жүгінсек, Қалқа даласына бүгінгі қоңыраттардың ата-бабалары – құндардың қоныс аударуы ерте заманнан басталыпты. Тарихшы Л.Н.Гумилев Сыма Цянь мен Дегиньге сілтеме жасай отырып, «құндар Қалқа даласына біздің дәуірімізден 1200 жыл бұрын келген», – деп жорамалдайды. Тайпаның азулы мемлекетке айналуы дана Шәкәрім қоңыраттардың түп атасы деп тапқан Оғыз хан есімімен байланысты. Азия тарихшылары Қытай дереккөздеріне шаньюй Модэ ретінде енген тұлғаны ұлы Оғыз хан деп қабылдапты. Ал біздің тарихшылар болса оны қытай тілінен қазақшаға Мөде хан деп тікелей транскрипциялайды. Бірақ шығыстық дереккөздерде Мөде атты хан кезікпейді. Бүгінгі қазақ елінің құрамындағы көптеген тайпаларды біріктірген Құн мемлекетінің тарихтағы орны – өз алдына бөлек әңгіменің тақырыбы. Тек осы орайдағы Л.Гумилев жасаған қорытындыны ғана тілге тиек етелік. Ол былай дейді: «Егер біз Хунну мен Түрік қағанаты арасындағы және Қағанат пен Шыңғыс хан империясы арасындағы дәстүрдің екі рет үзілгенін ескермесек, онда Орталық Азия тарихы бізге түсінікті бола алмайды». Демек, ұлы ғалым тарихтың ауқымды үш кезеңін біртұтас дүние ретінде қарастырады. Осы орайдағы Құн мемлекеті тарих бетінен кеткен 93 жыл мен 545 жылы Қытай елшісін қабылдап, дүниеге танылған Түрік қағанаты арасындағы 450 жыл үзіліс – тарихта толық қамтылмаған ақтаң­дақ кезең. Бұл – Құн мемлекеті қырғынға ұшыраған кезде тірі қалған ханзада мен аз ғана жанның Алтай тауларындағы Ергене қонысына барып паналап, сонда ғасырлар бойы өсіп-өніп, кемелдену кезеңі. Қоныстың аты – Ергене атауында Қоңырат тайпасының босаға таңбасы бейнеленуіне назар аудара кеткен жөн. Ергене – киіз үй есігінің тұрқы, яғни босаға. Шежіреші Әбілғазы тайпаның сол аңғардан Қоңырат атымен шыққанын жазып қалдырған. Құрлас ханның қарамағындағы жұрт өздерін құраттармыз деп атауынан және оған түпкі атауы «құнды» қосарлауынан «Құнқұрат елі» есімдігі пайда болады. Түрік қағанатының негізін қалаған тайпа – осы.

ЕРГЕНЕҚОН ДӘУІРІ

Қоңыраттардың Ергенеқоннан қару-жарағын сайлап шыққаны тарихта бар. Л.Н.Гумилевтің «Көне түріктер» кітабынан үзінді келтірейік. Онда былай делінеді: «Батыс теле рулары жужан құлдығынан зар иледі. Ақырында төзімі таусылған олар көтеріліске шығып, жужандарды дәл жүрегінен соғу үшін Жоңғариядан Қалқаға аттанды. Телелер жарты жолға жеткен кезде, Гоби Алтайының шатқалдарынан үстеріне көк сауыт киіп, қарағай найзаларын ұстаған жарау атты сарбаздар қатар-қатарымен сап түзеп, алдарынан шыға берді. Бұл – Боджман қағанның қолы еді. Оған қарсы тұрудың ешбір мүмкіндігі жоқтығын дереу түсінген телелер бағынатынын білдірді». Бұл үзіндіден Боджман қаған әскерінің бес қаруы сай, әскери дайындығы мығым екені байқалып тұр. Жеткілікті дәрежеде қарулану үшін темір, ұста дүкендері керек. Шежірелерден де, тарихтан да тайпаның тау аңғарында темір қорытумен, оны терең өңдеумен шұғылданғанын біліп отырмыз.
Рухани тәрбие мәселесінде де жауынгерлік сипат басымдығы анық байқалады. Тайпаның бастан өткерген қатал да ащы өмірі көрініс тапқан аңызға тоқталайық. Соғыста жеңіліс тапқан тайпаны түгел қырып, тірі қалған тоғыз жасар ханзаданы азаппен өлсін деген оймен қол-аяғын кесіп, сазды жерге лақтырып кетеді. Ханзаданың аянышты халін көрген қаншық қасқырдың мейірімі түсіп, жарақатын жалап жазады да, етпен асырайды. Күндердің күнінде қаншық қасқыр ханзададан құрсақтанады. Қайта оралған дұшпандар қорғансыз жасөспірім ханзаданы өлтіреді де, қаншық қасқыр Ергенеқонға қашып барып паналап, сол жерде он бала табады. Бөрі ене құрсағынан өсіп-өнгендер өздерін «Ашина ұрпағымыз» деп санайтын. «Ашина» сөзінің этимологиясына үңілсек, ол «әже – ене» қос сөзінен пайда болғанын байқаймыз. «Әжене» сөзі өзге елдер тілдерінің дыбыстық ерекшеліктеріне сәйкес Ашина ретінде транскрипцияланатыны дау тудырмаса керек деп ойлаймыз. Тайпа кемеліне келіп, дербес ел ретінде етекке түскенде аспан түстес көк байрағына қасқырдың алтын басын кестелеуі бөрі енеге деген құрметінен туындағаны анық. Тайпаның тәңіршілдігін байыптайтын және хандар әулетінің нұрдан жаралуын айғақтау мақсатын көздейтін аңыздың да дәуір талабынан туындағаны анық. Аңыз дерегі Жұлдыз ханнан бастау алуының өзінде де тәңіршілдіктің белгісі көрініс тапқан. Жұлдыз ханнан кейін таққа отырған ұлы Дүбінбаян ерте өліп, әйелі Алаң сұлу екі баламен жесір қалады. Әмеңгерлік жолмен алғысы келген ерінің туыстарына келісім бермейді. «Балаларым ержеткенше елді өзім басқарамын. Олар ержеткен соң басшылықты соларға беремін», – дейді екен. Бір кеште Алаң сұлу балаларымен және қызметші әйелдермен ұйықтап жатқан үйдің ашық түндігінен Алаң сұлуға жарық нұр шашырап, одан ақсары реңді, шегір көзді, сары сақалды кісі бейнесі пайда болыпты. Алаң сұлу үн шығару, қарсылық көрсету қабілетінен айырылады. Әлгі нұрдан пайда болған елес жан бұнымен қосылған соң қайтадан нұрға айналып, түндіктен шығып кетеді. Қайталанған бұл жағдайлардан аңдыған ағайындары да хабардар болып, нұрдан шыққан елес адамнан Алаң сұлу дүниеге үш ұл әкеледі. Қалқа қоңыраттарының құрамындағы, түркітанушы ғалым В.Радлов пен Шәкәрім қажы жазып қалдырған Көк, Көктен және Көктенші аталарының тегі осыдан келіп шығады. Нұрдан пайда болды делінетін хандар әулетінің түп негізі, «Көк түріктер» атауының төркіні және Қағанат туының көк түстілігінің негізі аталмыш аңызда жатқаны көрініп тұр. Ергенеқон дәуірі – тайпаның қайта туу, есею және жаңа тұрпатта қалыптасу кезеңі. Тағы бір таң қаларлық дерек, – ергенеқондықтардың мүшел жылсанауын өмірге енгізуі. Бұл туралы Л.Н.Гумилев былай дейді: «Алтыншы ғасырда түріктерде жыл есептеудің аюандық циклы қабылданды, яғни әрбір жылға аңның аты беріліп, он екі жыл сайын қайталанады». Олардың бұл жаңалығы жер жүзі елдеріне кейін келе кең тарап кетті. Мүшел жыл санауына қасқыр «ұлу» атымен енді, себебі қоңырат әйелдері бөріні ене ретінде қабылдағандықтан түз тағысының атын тікелей атай алмайтын. «Ұлы» деген сөздің төркіні де ұлудан шыққан деп шамалаймыз. «Ұлыс» сөзі ұялы қасқырлардың бірігіп, топ құруын меңзеуден пайда болуы әбден мүмкін. Тайпа хандары әдетте бөрімен шендестіріліп, Ашина ұрпақтарынан ғана сайланатын. Ергенеқондықтардың қасқырмінезді жауынгер ұрпағы осылай қалыптасты. Бұлар ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан шежірелер арқылы атамекені Қалқа екенін білді және сол аталардан қалған мирасты қайтарып алуды елдік мұратымыз деп санады.
Ол арманды жүзеге асыру бақыты атақты Боджман қағанға бұйырғаны тарихтан белгілі болып отыр. Теле тайпасын қосып алу оның жужандарға көрсеткен қыры әрі осы кезеңде жужан тайпасымен әскери жанжал жағдайындағы Қытай елі тарапына жасалған саяси оңды қадам болатын. Осының нәтижесінде қытайдың Батыс Вэй патшалығынан 545 жылы Ань Нопанто деген елші мемлекетаралық қатынас орнату мақсатымен Боджман қаған ордасына ат басын тірейді. Батыс Вэй императоры Вэнь дидің өзі де, елші де тарихқа жаңадан қадам басқалы тұрған бұл елдің шыққан тегін білмеді. Танысу барысында елшінің бұл мәселеге қызығушылығы табиғи еді. Боджман қаған өз елі Құн мемлекетінің мұрагері екенін айтқанда, қабылдау рәсіміне қатынасып отырған қауым қытайлықтың жүзінен таңырқау мен сенімсіздік табын анық байқады. Елші Қытай тарихи жазбаларынан Құн елі 93 жылы түп тұқиянымен жойылды деген деректі білетін және оған сенбеуге де ешқандай негіз жоқ еді. Ғасырлар бойы Құн елі туралы сыбыс шыққан емес. Елші қағанға мән-жайды білгісі келетінін айтқанда, оның елшіге жауап ретінде «біз тірік юртпыз, мәнгу елміз» дегенін естіп, оны қағаз бетіне өз иероглифімен таңбалады. Олардың тілдік ерекшеліктеріне сәйкес «тірік юрт» сөзі «тюкют» болып жазылды. Еуропа тарихшылары қытайлықтар айналымға ендірген бұл ел есімдігін «тюркют» деп қабылдады. Ал қазақ тарихшылары «түркіт» деп жазып жүр. «Түрік елі» есімдігінің дүниеге келуін осылай болжадық. Боджман қаған қолы 552 жылдың қысында жужандардың тас-талқанын шығарып, Қалқаны қайтарып алады.
Боджман қаған деп отырғанымыз тарихта күні бүгінге дейін жазылып келген Бумын қағанды білдіреді. Тарихта терең із қалдырған ұлы тұлғаның шынайы аты Бумын емес, Боджман, нақ қазіргі күні біз білетін Божбан екенін айтқан және дәлелдеп жүрген – Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Ғылыми орталығы Түркология ғылыми зерттеу институтының және Өнер институтының Қолжазба бөлімінің ғылыми қызметкері – Орынбай Бекжан. Ғалым өзінің бұл жаңалығын дәйектеу үшін жазған мақалаларында бұлтартпас дәлелдер келтіреді. Осы орайда, белгілі қоғам қайраткері Мұхамеджан Тынышбаев 1925 жылы Ташкентте басылып шыққан еңбегінде Алпамыс батырды Қоңыраттың Божбан руынан шыққанын нақты дәлелдермен көрсеткен екен. Ауызша шежірелерде де Алпамыстың Божбан руынан екені айтылады. Демек, Боджман қаған сынды ұлы тұлғаның тарихтағы ізі бүгінгі өмірімізбен сабақтасып жатқанын көріп отырмыз.
Жеңіліс тапқан жужандардың да аты өзгеріп, татар мағынасындағы атқа ие болды. Сөйтіп, 552 жылдың қысында тарихтың жаңа беті ашылды. Енді тарих қойнауындағы айбынды Құн мемлекетін Түрік қағанаты деген жаңа атаумен қалпына келтіруді мақсат тұтқан көкжалдардың жолын кесетін күш Алтай тауының түстігі мен теріскейінде, шы­ғысы мен батысында қалмады. Қағанат негізін қалаған қолбасшы Боджманның 552 жылдың аяғында көз жұмуы жаңа қағанаттың іргесін шайқалтқан жоқ. Оның орнына билікке келген інісі Қара Ыссық хан бір жыл өте қайтыс болып, оның інісі Құшу Мұған хан деген лауазымдық атпен таққа отырды. Жаңа хан қатал да рақымсыз, батыр да ақылды еді және соғыстан басқа ешнәрсемен шұғылданбады. 554 жылы Мұған хан әскері Саян қырғыздарын, Сары теңізге дейін көсіліп жатқан аймақтағы татаптар мен басқа да тайпаларды тізе бүктіреді. Осы жерде қалмақ тілі диалектісінде сөйлейтін татаптарға мән бере кеткен жөн демекпіз. Ол Алпамыс батыр дәуірінде Тайшық хан бастаған қалмақтар түрінде алдымыздан шықпақ. Дәл қазір «моңғол» атын иеленіп жүрген ел шежірешісі Лувсанданзанның «Алтын шежіре» дейтін шығармасындағы деректерге көңіл бөлейік. Оның долбары бойынша, ағайынды үшеудің кенжесі Бөрте шене ханзада мен оның әйелі Сұлу Маралдан тайжұттар, яғни бүгінгі «моңғолмыз» деп жүрген ойрат қалмақтары тарайды-мыс. Біз аталмыш ханзаданың бейнесінен Түрік қағанатын қалыптастырған ағайынды үш ханның кенжесін, татаптарды жаулап алған Мұған ханды көріп отырмыз. Оны, жанама болса да, ханзаданың сырттан келгенін айтқан шежірешінің өзі де мойындап отыр. Түрік шежіресінің авторы Әбілғазы хан Бөрте шенені Ергенеқоннан таратып, Құрлас ханның ұрпағы, яғни Қоңырат деп таниды. Қойшығара Салғараұлы болса Бөрте шенені Шыңғыс ханның жиырма екінші атасы деп біледі. Ал Шыңғыс ханның қоңыраттан екені –бүгіндері мойындалып отырған шындық.

ТҮРІК ҚАҒАНАТЫНЫҢ ЫДЫРАУЫ

572 жылға дейін, яғни он сегіз жыл билік құрған Мұған ханның тұсында Түрік қағанаты дамудың шарықтау шегіне жетті. Сол дәуірде қағанат Қытайдан жыл сайын салық түрінде 100 000 тең жібек матасын алып отырған. Мұған хан қайтыс болғаннан кейін мұрагерлікпен таққа отырған Тоба ханның тұсында қазақ тайпаларынан құрылған Түрік қағанатына сырттан қауіп төндірерлік күш қалған жоқ еді. Тек 581 жылы Қалқадағы бас ордада Арыслан Тоба ханның ажалы жақындауымен билік үшін талас қағанатты іштен ірітудің басы болды. Арыслан Тоба ханның тақ мұрагерлігіне баласы Әмірақты емес, ағасы Мұған ханның қытай ханшасынан туған баласы Төременді лайық деп табуы әулет ішіндегі кикілжіңнің басталуына соқтырды. Арыслан Тоба хан жерленгеннен кейін Түрік қағанатында Шығыс және Батыс болып екіге бөліну, екеуара араздық орын алды. Қытай үкіметі бұл берекесіздікті өз мүддесіне пайдалану мақсатымен араздық отын үрлеумен болды. Текті әулет ішіндегі алауыздық түптің түбінде Шығыс түрік ханы Қат Елханның 630 жылы Қытайдан жеңіліс тауып, Қалқадағы орданың құлауына, Батыс түрік қағанаты ордасына дағдарыстың кіруіне әкеліп соқты. Ондағы тақ таласы салдарынан нақ сол 630 жылы Айбарлы Түн жабғы хан қастандықпен өлтіріліп, оның ұлы Бөрі шад Байсынға келіп, қоныстанады. Әкесіне қысастық жасағандармен оның Қағанат билігін бөлісе алмайтыны да анық еді. Осы Бөрі шад бейнесінен дастандағы Алпамыс батырдың әкесі Байбөріні танып отырмыз. Алпамыстың бабасы, Батыс түрік қағанатының билеушісі Айбарлы Түн жабғы хан туралы деректерден оның ордасы Шаш көгалды аймағының теріскейіндегі жасыл даланы қоныстанғанын білдік. Бұл оның аса аумақты, кең иеліктерінің дәл кіндігі болатын. Осында ол Қытай және Византия императорларының елшілерін қабылдайтын. Оның ордасында қонақта болған саяхатшылар мен ғалымдар бұнда өнегелі іс пен тәртіп барын жазып қалдырған. Тарихи жазбалардың біріне назар аударайық. «Қазіргі Тоқмақ қаласы тұрған жердің маңында аң аулап, сайран құрып жүрген Айбарлы Түн жабғы ханды көрген дәруіш сүліктей сұлу аттардың көптігіне таң қалады. Хан үстіне жасыл атлас­тан желбегей киген екен. Ол жалаңбас, тек иығына түскен қалың шашы қобырамас үшін маңдайынан бастап жібек таспамен байлап тастапты. Ханның айналасында екі жүздей қамқа шекпенді нөкерлері шашын бұрымдап өріп алған. Ал қалған әскері ат, түйе мінген. Сарбаздар үстеріне ұлпаннан, матадан тігілген киім киіп, ұзын шашақты найзалармен, тік садақтармен қаруланған. Олардың көптігі сондай, шет-шегіне көз жетпейді», – деп жазады дәруіш.
Айбарлы Түн жабғы хан қазасынан кейін Батыс түрік қағанаты бұрынғы қуатынан айырылып, небәрі 28 жылдан кейін, 658 жылы құлап, Қытайға бағынады. Түркілердің басына қара бұлт үйіріледі. Ел болып қалу не болмаса құрып, тарих бетінен біржола өшу мәселесі туындайды. Қытайдың қолдауына ие болған ұйғыр ағаманы Қалқа даласындағы елге, яғни қоңыраттарға билігін жүргізді. Оның сыртында Қағанат бодандығынан құтылған татаптар, яғни бүгінгі моңғолдар, өз қонтайшыларын, біздің болжам бойынша, Алпамыс батыр жырындағы Тайшық ханын сайлап алып, қазақ ауылдарын шауып, малдарын айдап кетіп жатты. Саян тауларындағы қырғыздар да жаулық әрекеттер жасаумен болды. Шығыс түрік қағанатының орнында қалған жұрт аштық азабын тарта бастады. Қытай мәдениетін қабылдамайтын, көршілерден өздерін биікпіз деп санап келген тайпа ұландары кіріптарлыққа көнгісі келмегені анық. Қытай тарихи жазбаларында 680 жылдан бастап Нишу бектің, бұдан кейін Фунянның көтерілісі басып-жаншылғаны көрсетілген. Бұл стихиялы көтерілістердің сәтсіздігінен дұрыс сабақ ала білген Құтлығтың төңірегіне біріккен топ ел арасында үгіт жұмыстарын дұрыс жүргізе білді. Осы орайда, ел ішінде Дана Түнкүктің үгіт жұмыстары жемісті болған сыңайлы. Орғын өзенінің бойындағы ескерткіште оның «Мен күндіз дамыл таппай, түнде ұйықтамадым, мен халыққа күш бердім» деген сөздері қашап жазылған. Дананың түнде ұйқы көрмеуіне байланыстырып, оған тайпаластары Түнкүк, яғни «түн құсы» мағынасын білдіретін лауазымдық ат беріпті.

АЛПАМЫС БАТЫРДЫҢ ТАРИХ САХНАСЫНА ШЫҒУЫ

Алпамыс батырдың тарих сахнасына шығуы дәл осы кез. Алпамыс атына келсек, байсындық нұсқада оның шын аты – Хакимбек еді, бірақ алып денесіне орай Алпомиш атын алғаны айтылады. Байсындық жырда «жеті жасар Хакимбек Алпынбай, яғни Айбарлы Түн жабғы хан бабасынан қалған он алты батпан садақты көтеріп тартқанда, жай оғы тау басындағы тастарды ұшырыпты. Міне, содан кейін алып денесі мен күшіне орай ел оны Алпомиш деп атап еді» делінеді байсындық нұсқада. Жырдың қазақша нұсқасында да оның алыптығы баса айтылады. Жырдың алтайлық нұсқасында ол Алып Манаш деген атпен белгілі. Оның тарихи деректегі бабасы Айбарлы Түн жабғының осал адам болмағанын білдік. Осы деректерге сүйенсек, оның аса ірі денелі батыр екені анықталып тұр. Байсындық жырда Байбөріні би ретінде сипаттайды. Ханның ұлы болған соң оның елге билік етуі де қалыпты құбылыс. Алыптың ержетуі Қалқадағы туыстарының көтерілісімен тұспа-тұс келуі, ол деректі естіген Алпамыстың көмекке баруы да сенімді. Байсын мен Қалқа даласының арасындағы қашықтық та жыраулардың назарынан тыс қалмаған.
«Ауыздықпен алысып,
ұшқан құспен жарысып,
кей жерде бала шоқытып,
кей жерде басын төгеді.
Бір күн шапса шұбар ат,
айлық жер алып бөгеді.
Осыменен ұдайы он екі күн жүреді». Осы үзіндіден-ақ Байсын мен Қалқа даласының арасын шамалай беруге болады. Жырда Алпамысты бала деуінен оның жас мөлшерін де шамалай аласыз.Тарихта Көк түріктің екінші бір батыры Күлтегіннің ағасы Білгемен бірге әскери қимылдарға он алты жасында араласқаны дәлелді түрде жазылады. Қызу жанды Алпамысты да сол шамадағы жаста көтеріліске араласты десек, кателеспейді екенбіз. Батырдың бабасы Айбарлы Түн жабғы хан 630 жылы қаза тапқан соң Қавказ майданында соғысып жүрген ұлы Бөрі шадтың елге оралғанын білеміз. Әкесін кысастықпен өлтірген ағайындарымен қалай тіл табыссын? Оның Байсынға келуі осы оқиғаға байланыс­ты орын алды. Бұнда келген соң бәйбішесі Аналықтың көп жыл бойы бала көтермей, зарыққаны да жырда айтылады. Алпамыс Қалқаға 681 жылы, шамамен жиырма жасында барды десек, 660 жылы дүниеге келгенін болжауға болады. Батыр бабаларының рухани күші бастап келген жас батыр бірден Құтлығ хан бастаған қолға қосылып, ерлік көрсете бастайды. Оңғұн тасында Алып Елетміштің өзі Ел Төресі атағын алған Құтлығ хан мен Қапа хан үшін тәрбиеленгенін жазады. Әкесінің жауынгерлігі үшін «шад» құрметті атағына ие болған хан әулетінен екенін де атап өтеді. Бұл, әрине, тарихи деректердегі – Бөрі шад, дастандағы – Байбөрі. Осы деректердің өзінен-ақ «Алпамыс батыр» дастанының тарихи дүние екеніне көз жеткізе аламыз. Енді Құтлығ хан тұсындағы соғыс қимылдарына тоқталайық. Алғашқы айтулы соғыс Қалқа өңіріндегі Тола өзенінің бойында орын алды. Қағанат ордасы құлаған соң, Қалқаны меншіктеп алған ұйғырлар Қытай имперліктерінің адал малайлары еді. Өйткені олардың ағаманына марапаттар мен сыйлықтар ағылып келіп жататын. Қатыгездігіне сәйкес Қараман деген атқа ие болған ұйғыр ағаманының әскері қатарында алты мың сарбазы сап түзеп, Құтлығтың Алпамыс бастаған екі мың адамдық қолын қарсы алды. Тастағы жазуға сүйенсек, сол ұрыста Тәңірдің қолдауымен Құтлығтың әскері қойға тиген бөрідей Қараман қолының быт-шытын шығарады. Тарихи жазбаға көз салайық. «Ұйғырлардың алты мың адамы болғанына қарамастан, түріктер оларды өзенге қарай қуып тықты және қашқандарын кылышпен шапқылап, іздерінен қалмай қуды. Ағаманы қаза тапты, сөйтіп, ұйғырлар Құтлығ ханға бағынады». Алпамыс батырдың Қараманмен жекпе-жекке шығып, оны жер жастандыруы дәл осы ұрыста орын алды және батырдың қандастары арасындағы беделін асқақтатты. Осы жеңістен кейін Көк түріктер ордасы қайтадан атамекені Қалқада бой көтерді. Құтлығ хан «Ел төресі қаған» атағын алды. Тастағы жазуларға қарағанда, Тола өзенінің бойындағы жеңістен кейін Құтлығ ханның Алпамыс бастаған қолы 47 рет жорыққа шы­ғып, дұшпандарымен 20 рет айқасқа түскен, олардың тізесін бүктіріп, басын идірген. Дастанда Алпамыс батырдың Тайшық ханмен соғысы баса айтылады. Ол кім еді? Біздің па­йым бойынша, ол қалмақ-тайшұт қонтайшысы болуы бек мүмкін. Алып Елетміштің тас жа­зуында татаптар біздің жауымыз болды делінуі – содан. Құтлығ хан көтерілісі басталуымен өздеріне қауіп тууын сезген олар тастүйін дайындық қамын жеді. Қолбасшы Алпамысты алдарқату да сол дайындық шараларының бір бөлігі еді. Іс жүзінде қалмақтар Алпамысты осындай жолмен қолға түсірген болуы да ықтимал. Алайда түптің түбінде Алпамыстың тұтқыннан босап, жеңіске жеткені де хақ. Тарихтың айтуы солай. Ел төресі лауазымдық атын алған Құтлығ 693 жылы қайтыс болып, оның орнына таққа Қапа хан лауазымдық атымен інісі Мочур отырды. Кейбір тарихшылар үстірт ойлап, Қапа хан лауазымдық атын қабаған сөзіне балайды. Тіпті де олай емес. «Қапа» сөзі – «қақпа» сөзінің баламасы. Анадолы түріктері қақпаны «қапа» дейді. Қақпа, арка, босаға, ергене сөздерінің бәрі қолданыстағы әліппеміздегі «П» әрпінің түрін береді. Ол қоңыраттардың тайпа­лық таңбасы екені белгілі. Бұл лауазымдық аттың төркіні ханның шыққан тегін білдіріп тұр. Алып Елетміш бейітінің басындағы таста «Мен Ел төресі мен Қапа қағандардың елі үшін шыңдалдым» деп жазылған. Демек, батырдың жауынгерлік жолы Қапа ханның тұсында да жалғасын тауыпты. Тарихи деректер бойынша, егде тартқан батырдың соңғы жорығы 715 жылы ұйғырдың Қадаз қаласын алумен аяқталыпты. Тарихтан үзінді келтірейік. «Қапа хан ұйғырдың Қадаз қаласын алуды қолбасшы Алп Элэтмишке тапсырды, ал ол бұл міндетті орындап шықты. Ол қара халықты жинады, бектер қашып кетті. Қыс түсіп кеткендіктен де, 715 жылғы соғыс науқаны осымен аяқталды». Тарихи деректер бойынша, Алпамыс батырдың 719 жылы өз ажалымен қайтыс болғаны және Қалқа өңіріндегі Орғын өзені бойында хан ұрпақтары пантеонында жерленгені мәлім болып отыр. Ол қорым ғылыми ортада Орхон-Енисей ескерткіші деп аталады. Байсында дүниеге келген Алпамыс ата-бабаларының атамекені болған Қалқада дүниеден өтті. Ол Көк түріктер қаға­натының шаңырағын тіктеуге атсалысуымен құрметке бөленіп, елдің оған деген махаббаты ақындардың көмейінен жыр болып төгілді де, атыраптағы түркітілдес туысқан елдерге тарап кетті. «Алпамыс батыр» жырының түп негіздері осыдан 1300 жыл бұрын пайда болуын байыптаған Қазақ Совет Энциклопедиясының авторлары тарих қойнауынан батырдың орнын дәл тапқанын көріп отырмыз. Амал не, осы тарихи қорытындысының сырын ашып, оқырмандар алдына жайып салмағаны өкіндіреді. Оның есесіне, Л.Н.Гумилев бұл мәселеге едәуір көңіл бөледі. Ол былай дейді: «Түрік қағанаты дәуіріне келіп тірелетін сюжет – Алпамыс туралы батырлық жыр. Бұл жырдың бірнеше түрі мәлім», – дей келе, ғалым жырдың Н.Улагашев аузынан жазып алынған алтайлық нұсқасын талдайды. Ол жырдың басты кейіпкері Алып Манаш өте дәу болады. Әлденеше жеңісті жорықтардан кейін ол алданып, дұшпанның қолына түседі. Батырды өзінің тұлпары құтқарады. Зынданнан шыққан соң дұшпандарын талқандайды. Еліне шашы жоқ тазша кейпімен оралып, сатқын туыстарының айыбын ашады. Көріп отырғанымыздай, ғалым Түрік қағанатының тарихымен ұштастырған «Алып Манаш» жырының мазмұны «Алпамыс батыр» жырының өзегімен дәлме-дәл сәйкес келіп тұр. Сонымен қатар қырғыз халқының «Манас» жырындағы басты кейіпкердің бо­йынан және өрбіген оқиғалар мазмұнынан бұл шығарманың да түп негізі Алпамыспен байланысты екенін байқау қиын емес. Бұны Көк түріктер дәуірінде аталмыш шығармаларды жырлап, оны өз таным, түсінігіне сәйкес байытқан тайпалардың Қағанат құрамында болуымен және Алпамыстың батырлығымен, сондай-ақ үлкен адамгершілік қасиеттерімен де ел көзіне түсуімен түсіндіруге болады. Қарап отырсақ, Алпамыс Көк түріктер қағанаты құрамына енген барлық дерлік елдерде жырланған екен. Осы деректердің негізінде «Алпамыс батыр – шынайы өмірде болған ұлы тарихи тұлға» деп ешбір күмәнсіз қорытынды жасауға әбден болады.

Оңғар Нақып,
Атакент кенті
Түркістан облысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір