Абайтанудың М.Әуезов дәуiрiнен кейiнгi даму жолы
10.09.2019
3482
0

Мекемтас МЫРЗАХМЕТҰЛЫ

Абайтанудың М.Әуезовтен кейiнгi дәуiрдегi даму жолындағы басты ерекшелiк – кеңестiк билiктiң кезiнде-ақ ақын мұрасына таза таптық таным тұрғысынан қойылатын партиялық талаптың шеңберiнен шыға бастағаны байқалды. Ал елiмiз тәуелсiздiк алысымен-ақ абайтану саласында, әсiресе, Абай мұрасы туралы жазылған монографиялық зерттеулер мен мақалаларда еркiн ойлылық, мәселенi ашық қою, жаңа танымдағы ой пiкiрлер, соны дерек-мағлұматтар, тiптi Абай мұрасының исламиятқа қатысы айқын байқала бастады. Әрине, бұл құбылыс заман талабы мен уақыт тынысы тудырған ой-танымдағы өзгерiстердiң нышаны болатын-ды. Әрi бұл құбылыс кеңестiк идеология қаһарына мiнiп тұрған заманда-ақ ашық бой көрсете бастады.

Абайтанудың бастапқы кезеңi, яғни 1889 жылдан 1933 жылға дейінгі аралық пен М.Әуезов дәуiрi, яғни 1934 жыл мен 1961 жыл аралығындағы даму жолының тарихы осы жолдар авторының «Абайтану тарихы» (1994) мен «Мұхтар Әуезов және абайтану проблемалары» (1982) деп аталатын ғылыми монографиялық зерттеу еңбектерiнде өз көрiнiсiн тапты. Ендi абайтану саласына абайтанудың М.Әуезовтен кейiнгi дәуірлердегi даму жолын танып-бiлу үшiн ғылыми тұрғыдан жан-жақты зерттеу жұмыстарын жүргiзу арқылы айқындау мәселесi алға қойылып отыр. Абайтанудың негiзiн салушы М.Әуезовтен кейiнгi қырық жылдан астам уақыт iшiнде абайтану саласының жүрiп өткен жолын, даму тарихын анықтап қорытындылау және осы саладағы өзектi мәселелерді ғылыми тұрғыдан танып, күн тәртiбiне қою мiндеттерi тұр. Бұларды жүзеге асыруда бiзге теориялық және бүгiнгi күнгi жаңа танымдар негiзiнде бұған дейiнгi әдебиеттану ғылымындағы қол жеткен жетiстiктер мен абайтанудан қорғалған диссертациялардағы пiкiрлер мен дерек-мағлұматтар көмекке келмек. Абайдың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында жазылған танымдық, ғылымдық мәнi бар зерттеулiк мәндегi мақалалар мен жеке кiтаптар, ғылыми жинақтар және арнайы жазылған монографиялық ғылыми зерттеу еңбектер назарда ұсталмақ. Өйткенi бұрынғы марксистiк таптық танымдағы бағыт-бағдарды ұстанған зерттеу еңбектерiнiң тегеурiндi шеңберi жемiрiлiп, жаңа танымдағы ой-пiкiрлер ағымына ырық бере бастады. Абай мұра­сының рухани нәр алған салалары туралы М.Әуезов ұстанымдарының негізі отызыншы жылдар басында қаланған болатын-ды. Бiрақ бұл таным тұрпайы социологиялық таным тұрғысынан ұзақ жылдар бойы әрқилы танымдағы ой-пiкiрлердiң бұра тартуына ұшырап отырды. Ғылыми негiздегi М.Әуезов ұстанымы 1965 жылдан бас­тап бұрынғы табиғи қалпына қарай бет ал­ға­ны, ғылыми тұрғыдан орныға бастағаны байқалды.
Қырқыншы жылдарға дейiнгi абайтану саласында жарияланған Абай дүние­танымы тақырыбына жазылған еңбектердiң бәрi де тұрпайы социологиялық таным тұрғысынан жазылғандықтан, Абай үстем таптың идеологы, байшылдық-феодалдық сананың жыршысы деп танылып, сол тұрғыдан бағаланып келдi. Абайдың әдеби мұрасын мұра ретiнде қабылдаудың өзiне әрең қол жеттi. Ал елуiншi жылдардан бас­тап Абайдың дүниеге көзқарасын мате­риалистiк, атеистiк сарында танып-бiлу, осы таным тұрғысынан насихаттау бағытында жұмыстар жүрiп жатқаны профессор Қ.Бейсембиевтiң зерттеулерiнде ашық көрiнiс тапты. Ал Абай мұрасының мұсылмандық Шығысқа қарым-қатысын арнайы зерттеп тану жағына ОК космополитизм туралы қаулысы тұсау салып, шi­дерлеп отырды. М.Әуезовтiң өзi Абай мұра­сының Шығысқа қатысы туралы күр­делi мәселеде өз ой-танымын тезиспен айтуға немесе бұрындары айтқан пiкiрлерiне автоцензура жасап, маневр жасауға мәжбүр болған күндердi бастан кешiп жатса да, абайтануға қатысты қызу пікірталастарда өзiндiк таным негiзiн сақтап қалды. Тоқ­са­ныншы жылдар басында Абайдың Шығысқа қатысы, әсiресе, исламиятқа қарым-қа­ты­сы туралы мәселе қайта көтерiлiп, Абай­дың исламиятқа қатысы мен мораль философиясы, адамгершiлiк негiздерi туралы мәселелер жаңаша бағыт-бағдар ала бастады(«Мұхтар Әуезов және абайтану проблемалары». Алматы, 1982). Қазақстан тәуелсiздiк алған жылдардан бастап абайтану саласында жазылған зерттеу еңбектерiнiң бағыт-бағ­дары да өзгерiп, ғылыми тұрғыдағы ұлттық таным негiзi шешушi орынға шыға бастады. Бұл бағыт, әсiресе, Абайдың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында жазылған, басылым беттерінде жарық көрген моно­гра­фиялық зерттеу еңбектерiнде анық бел­гi берiп жатты. Мысал ретiнде атап өтер болсақ, А.Машановтың «әл-Фараби және Абай», Ғ.Есiмовтiң «Хаким Абай», М.Орынбековтiң «Абайдың философиялық көзқарасы», М.Мырзахметовтың «Абайдың адамгершілік мұраттары» (1994) деп аталатын еңбектерi Абайдың дүниетанымы туралы күрделi мәселелері Шығыстан ажыратпай, қазақтың ұлттық философия­сы негiзiнде қарастыру арқылы абайтану саласына жаңа бағыт-бағдарды ендiрiп отыр. Бұл ұлттық дәстүр келешекте жаңа буын жас ұрпақтар тарапынан жалғастық таба беретiнiне сенiмдiмiз. Мұны абайтанудан соңғы жылдары жазылған, қоғамдық ғылымдардың барлық саласында жазылып жүрген зерттеу еңбектердiң бағыт-бағ­да­ры мен мазмұны айғақтап отыр. Соңғы жылдарда абайтану саласынан қорғалған кандидаттық, докторлық диссертациялық зерттеулер, негiзiнен, бүгiнгi жаңаша таным тұрғысынан қорғалуда.
Абай дүниетанымы немесе көзқарасы туралы жазылған зерттеу еңбектерiнiң iшiнде дәстүрлi дүниетанымдық көзқарастан сырт кетiп, бiзге жат танымдардың да орын алғаны Д.Омаровтың Абай мен М.Әуезов мұрасын, әсiресе, олардың дүние­танымын кришналық жат көзқарас тұрғысынан танытуға ұмтылған әрекеттері айғақтайды. Кришналық жат танымды абайтану саласына ендiрiп қана қоймай, мектептерге арналған теологиялық тұрғыдан жазылған «Абайтану» оқулығын мектептерде оқу бағдарламасына ендiрiп жiберу әрекеттерi ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгi мен бiр топ қоғамдық ғылымдар өкiлдерiнен қолдау тапты. Бұл тәрiздi алмағайып мәселеде бiздiң философ ғалымдарымыз осалдық танытты. Қайта қарапайым әдебиетшiлер өре түрегелiп, бұл жат танымның таралуы­на қарсы тұрып, таралуына кедергi қоя бiлдi. Әрине, мұндай жат құбылыстың абайтану саласына қол салуын қазiргi күнде республикамыздағы жат дiндердiң қаптай енудегі қызу әрекет – қимылдарымен бiрлiкте қарасақтырсақ қана дұрыс түсiне алмақпыз.
Абайтану саласында бүгiнгi күнде орын алып отырған бiр ерекшелiк – ұлы ақын мұрасын зерттеуде сала-салаға жiктей отырып зерттеу бағыты анық белгi беруде. Әрине, зерттеушi жас ғалымдар Абай мұрасын сала-салаға жiктей қарастырғанда, М.Әуезов ұстанып келген сегiз түрлi тақы­рыптық дәстүрдiң ықпалында бола отырып, сол дәстүрдiң бүгiнгi жалғасын өз зерттеулерiнде дамытуда дей аламыз..
Абайдың ғылыми өмiрбаянын тұңғыш рет ғылыми негiзде Мұхтар Әуезов қалып­тастырды. Өйткенi Абай өмiрбаянын бiл­мейiнше, ақын мұрасын терең танып меңгерудiң қиындығын сезiндi. Сезiндi де, ұзақ жылдар бойы осы салада толассыз iзденiп, отыз жылдан астам уақыт iшiнде Абай өмiрбаянын қайта-қайта жаңғыртып жазу үстiнде оның төрт нұсқасын дүниеге келтiрдi. Бiрақ келешекте Абай өмiрбаянына қажеттi дерек көзiн мұрағаттар сөресiн сүзе отырып жаңа дерек көздерiмен толықтыру талабын да алға қойған болатын-ды. Мiне, осы талаптың жүзеге аса бастағанын абайтану саласында еңбекқор iзденушi Бейсембай Байғалиевтің Абай өмiрбаянын көптеген соны дерек көздерiмен молықтыру үстiне, бұрындары айтылып жүрген кейбiр терiс ұғымдарды түбiрiмен өзгертiп жаңартуы көрсетiп отыр. Бұрындары «Абайдың 92-сi» деп қате ұғынылып келген танымның ресми билiк иелерi ендiрген отаршылдық айла-шарғының бiрi болып шығуы немесе Абайдың болыстық билiк пен би қызметiн атқаруы 18 жылға созылғанын анықтауы т.б. түзетулерi осыны көрсетедi.
Абайтану саласында М.Әуезов дәуiрiнен кейiн орын алған елеулi өзгерiстiң бірі – Абай мұрасының Шығысқа қатысын зерттеу саласында болғандығы. Абай мұра­сының Шығысқа қатысының зерттелу жолына назар аударсақ, о баста тәп-тәуiр басталған бастама пiкiрлердiң бол­ғандығына қарамай, бұл саланың жербауырлап қалуының екi түрлi себебi барын аңғарамыз. Бiрiншiден, бұл саланың абайтануда алар орны, мән-мағынасы айтарлықтай болса да, өз деңгейiнде дами алмауындағы. Себебi – бұл кезеңде Шығыс тiлдерiн жетік меңгерген мамандардың болмауынан кешеуiлдеп қалды. Екiншiден, 20-30 жылдары қоғам өмiрiнде болып өткен саяси-әлеуметтiк дауылдардың, яғни барлық саладағы күштеу саясатының салдарынан көпке дейiн ес жия алмаған қоғамдық ой-санадағы дағдарыстармен бiрге, әсiресе, 1949 жылғы КПСС ОК космополитизм туралы қабылданған арнаулы қаулысы бұл саладағы жұмыстарды бiржолата тұқыртып, тоқтатып тастады. Мiне, осы жағдайларға байланысты ғалымдар бұл саланың қа­жет екендiгiн бiлсе де, тыйым салынған тақы­рыпқа баруға мүмкiндiктерi болмады.

«АБАЙ: ТОЛЫҚ АДАМ ІЛІМІ»
атты кітабынан

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір