ЖІБІ БОСАП, АРҚАУЫ ШІДЕРЛЕНІП ТҰРҒАН БІРДЕ-БІР ТУЫНДЫСЫН ТАППАЙСЫЗ
04.09.2019
1137
0

Серік ПІРНАЗАР, журналист:

Кім-кім үшін де өткен күннен ұмытылмас қымбат естеліктер болады. Олардың ішінде, сөзсіз, біздің бала күнгі сүйікті кітаптарымыз да бар. Біз сол бір сенімді де адал «достарымыз» арқылы «әдебиет» атты сырлы да таңғажайып әлемнің ішіне енгенбіз. Бойымыздағы қандай да бір жақсы қасиеттер үшін сүйікті жазушыларымызға қарыздар екеніміз де рас… «Талғам-таразы» айдарының бүгінгі қонағы – Сыр елі – жыр елінен сағыныш иісі аңқыған үшбу хатын жолдаған қаламгер Серік Пірназар. Біз «оқырманымызға» мынадай сауалдарымызды қойған едік: Жиі оқитын жазушыңыз кім? Жазушы шығарма­шылығы жаныңызға несімен жақын? Жазушының қай шығармасы сізге ерекше әсер етті?

1.Менің жиі қайталап оқып тұратын жазушым біреу емес, олар бірнешеу. Солардың ішінде Мұхтар Мағауиннің, Сайын Мұ­рат­­бековтің, Дулат Иса­бе­ков­тің, Тынымбай Нұр­мағамбетовтің шығар­ма­ларын бәрінен де көбірек қолыма алады екенмін. Ал несімен жақын дегенге келсек, оның бірнеше себебі бар сияқты. Біріншіден, мен аталған жазушылардың бәрін жазудың нағыз хас шебері деп санаймын. Олар­дың туындылары арасы­нан жібі босап тұрған бірде-бірін таппай­сың. Мәселен, Дулат Исабе­ковтің әңгімелері мен повестері арасында осалы жоқ, іс жүзінде бәрі дерлік шегіне жеткізе жазылған. Екіншіден, бәрі негізінен біздің бәрімізге бала жасымыздан жақсы таныс ауыл өмірінен сыр шертеді. Ондағы кейіпкерлердің бәрі өзіміздің күнде көріп жүрген адамдарымыз сияқты. Үшіншіден, жасыратыны жоқ, аталған қаламгерлердің шығармаларынан әлі де болса тіл үйренемін, сөз тіркестерін қараймын. Мысалы, Мұхтар Мағауин – өте терең білімді болумен қатар, сөз қадірін аса қатты қастерлейтін, өзі мағынасына толық бара алмай тұрған ләмді ешуақытта қолданбайтын жазушы. Сондықтан одан үйренерім көп. Бұларға қоса, Қалихан Ысқақовтың аудармаларын қарап тұрғанды жақсы көремін. Одан да үйренетін нәрсе аз емес. Әсіресе, суреткерлікті. Тағы бір байқағаным, жоғарыда аталған төрт жазушының ішінде Мағауиннің, Исабековтің, Нұрмағамбетовтің шығармаларында жеңіл юмор басым, сол сарын да адамды баурап алып отырады. Кейде бір шаршап келгенде, олардың кез келгенінің кітаптарын ашып жіберіп, астарлы әзілге тұнып тұрған туындыларын бір оқып шығып, рахаттанып қаламын. Айталық, Тынымбайдың «Келінін» жаның жадырап тұрып оқымау мүмкін емес қой. Ал Сайынның повестеріндегі лиризм жандүниеңді баурап алады. Кезінде бұлардың бәрі де қазақ прозасына өзіндік леп, мазмұн алып келді. Сондықтан оларды біз «жыл келгендей жаңалықты сезініп» қарсы алдық.
2. Мұхтар ағадан бастайын. Менің бұл кісінің шығармаларымен етене танысуым «Алдаспан» жинағы мен «Қобыз сарыны» монографиясынан басталды. Кейін «Көкмұнарға» байландық. Маған оның «Тұлымханның бақыты» деген әңгімесінен бастап, «Аласапыран» атты дилогиясына дейінгі туындыларының бәрі ұнайды. Тарихи-танымдық тұрғыдағы «Қазақ тарихы­ның әліппесінен» бастап, соңғы «Шыңғыс ханына» дейін жиі үңіліп тұрамын. «Тазының өлімі», «Шақан шері», «Қыпшақ аруы» секілді әйгілі толымды дүниелерінен бөлек, «Мен» деген ғұмырбаяндық роман-хамсасын да айызым қанып оқимын. Маған бұл туындыларда жазушының суреткерлігі айқын көрінгендей болып тұрады.
Ұмытпасам, 1967 жылы болуы керек, «Жұлдыз» журналының жаздағы нөмірлерінің бірінде жас жазушы Дулат Исабековтің «Гауһартас» деген повесі жарияланды. Ол кезде орта мектептің 6-сыныбын бітіріп жатқан маған бұл хикаят айрықша әсер етті. Тіпті, келешегіме жол көрсетіп бергендей де болды. Сол әсер әлі күнге дейін сақталып қалған. Бұдан кейін жазушының «Дермене», «Тіршілік», «Кеш туған жұлдыз» секілді повестерін де өмірге бір жаңалық келгендей құныға оқыдым. Ал студент кезімізде оның «Қарғын» романы жарыққа шықты. Біз шығарманың бұған дейінгі қазақ әдебиетіне оншалықты жатық емес, басқаша бір сарында жазылғанын бірден байқадық. Роман өзгеше бір стилімен, өзгеше бағытта жазылған үрдісімен есте қалды. Мен қазір жазушының кез келген әңгімесін қайталап оқып тұрудан жалықпаймын.
Сайын Мұратбеков шығармала­рынан ең бірінші қолға алғаным «Көкорай» кітабы болуы керек. Бұдан кейін «Жабайы алмамен» таныстық. Бас алмай оқыдық. Маған айрықша әсер еткен де осы повесі болды. Оның шынайылығы мен жазу шеберлігі адамды бірден баурап алады. Сондықтан болар, аталмыш хикаятты әредік алып оқып тұрамын.
Тынымбай Нұрмағам­бетовті 70-ші жылдардың басында «Жалын» альмана­ғында жарық көрген «Қош бол, ата» повесі арқылы таныдық. Содан кейін «Түкпірдегі ауылға» аудық. Маған осы повестегі Қиғашбек те, оның барша ауылдастары да керемет ұнады. Сірә, тамаша талант иесі Тынымбай ағаның барлық шығармаларын жақсы көретінім анық болса да, санама сәуле құйып, ұмытылмай қалып қойған туынды ретінде осы екі хикаятты атағым келіп отыр. Мұның екеуінде де біз көріп өскен ауылдардың кескін-келбеті мен онда тұратын адамдардың мінез-құлықтары керемет дәлдікпен суреттелген.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір