Шахзод Кахрамонұлы: Шетелдік достарымды қазақ тілін үйренуге шақырып жүрмін
10.08.2021
383
0

 

Шахзод, алдымен өзіңді таныстырып өтсең. Толық аты-жөнің, туып-өскен жерің…

— Менің аты-жөнім — Алибаев Шахзод Кахрамонұлы. Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласында дүниеге келдім.

— Қазақстанға қандай себеппен және қашан көшіп келдіңдер?

— Қазақстанға 2016 жылы көшіп келдім. Өзбекстанда жүргенде-ақ өзімді Қазақстанның бір бөлшегі ретінде сезіндім. Сол үшін көп ойланып барып, осында көшіп келуді ұйғардым.

— Қазір немен шұғылданып жүрсің, қайда оқып жатырсың?

— Қазіргі таңда әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде оқып жатырмын. Оқумен қатар интернет саласында жұмыс істеймін. Дәл қазір маркетинг саласын меңгерудемін. Осы саланы меңгеру арқылы Қазақстанның маркетинг саласын жоғарғы дәрежеге көтергім келеді.

— Оқуға алғаш түскенде қазақ студенттерімен етене жақын араласу қиындық тудырмады ма?

— Алғашында қорқыныш болды, алайда бұл жақтың жастары мен ойлағаннан да ашық әрі білімді болып шықты. Уақыт өте келе олармен тез тіл табысып, бір-бірімізге бауырдай болып кеттік. Оқуда да, күнделікті өмірде де жақын араласып жүрміз. Өзімді өз ортамда толықтай еркін сезінемін.

— Отбасың туралы айтып өтсең, отбасыңда барлығы қазақша сөйлей ме?

— Отбасым өте кішкентай, анам және мен. Екеуміз де үйде қазақша сөйлесеміз. Қазіргі кезде анама өзім үйренген кейбір қазақша сөздерді үйретіп жүрмін.

— Өзің араласатын ортаңда қазақша сөйлейтін өзге ұлт өкілдері бар ма, болса олардың қазақ ұлтына, тіліне деген көзқарасы қандай?

— Әрине бар, олар өте көп. Барлығы дерлік қазақша өте таза сөйлейді. Оның басты себебі, қазақ ұлтына, қазақ тіліне деген үлкен құрмет пен махаббаттың арқасы деп білемін. Өз ортамызда қазақ тілінде сөйлеу арқылы өзімізді осы мемлекеттің толық бір бөлшегі ретінде сезінеміз.

— Қазақ тілін үйренуде қандай қиындықтар болды?

— Жеке өзім үшін қазақ тілін үйрену аса қиындық тудырмады. Себебі осында келгелі араласатын ортам қазақ ортасы болды. Өзге елден келіп қазақша үйреніп жүрген достарыма қарап та қазақ тілін білуге деген қызығушылығым одан ары арта түсті. Қазіргі таңда елге келіп жатқан шетелдік достарымды қазақ тілін үйренуге шақырып жүрмін.

— Қазақ тілін үйренгісі келетін адамдарға қандай кеңес берер едің?

— Ең біріншіден – қазақ тіліне деген махаббат пен құрмет керек. Одан кейін қазақ тіліндегі шығармаларды көбірек оқу қажет. Араласатын ортадан қазақ тілді адамдармен жиі сөйлесу керек. Жалпы қазақ ұлтының тілі мен мәдениеті өте қызық. Сол үшін қазақ тілін үйрену арқылы да қазақ ұлтының мол мұрасымен жан-жақты танысуға мүмкіндік туады.

— Сұхбатыңа көп рахмет! Ісіңе береке берсін.

Бетті дайындаған:  Арайлым Сағиданова

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір