Мектеп, оқушы және шет тілі
23.08.2019
1340
0

«Бала мектепте шет тілін нешінші сыныптан бастап оқуы керек?» Бұл – мұғалім мен ата-ананы ғана емес, күллі зиялы қауымды толғандырып отырған сауал. Күні кеше Нұр-Сұлтан қала­сында «Білім және Ғылым» ат­ты тақырыпта өткен Тамыз мәсли­хатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Білім және Ғылым министрлігіне үштілді оқыту жүйесін енгізу үдерісін қайта қарауды тапсырды.
Ал Ана тілінің тағдырына бей-жай қарай алмайтын қаламгерлер мен ұстаздар бұған не дейді екен?


Мархабат БАЙҒҰТ,
жазушы:

Ана тілінің уызына жарымаған бала қазақ болып жарытпайды

– Мен бұл мәселені бұрын­нан айтып та, жазып та жүрмін. Ана тілі деген – уыз ғой. Ана тілінің уызына жарымаған бала ешнәрсеге жарымайды. Ол ұлтқа да қызмет етіп жарытпайды. Қазақ болып та жарытпайды. Шет тілін балалар бақшасынан бастап үйрету – уыз бен орыстың «лимонадын», ағылшынның «Кока-коласын» қосып ішкенмен бірдей. Сондықтан Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бұл ұсынысын мен толық қолдаймын. Иә, біздің заманымыз ескірді, өзіміз де ескірдік. Ескі көзқарастағы адамбыз. Алайда өткенді еске алсақ, біз орыстың «Букварін» 2-сыныптан, неміс тілін 5-сыныптан бастап оқыдық. Сонда да ешкімнен кем болғанымыз жоқ. Орыс тілін жетік білемін, орысша жаза беремін. Мен 7-сыныпта неміс тілінде ауызша сөйлем құрай бастадым. Ал ҚазҰУ-да оқып жүргенімде немісше сөйлейтін болдым. Қайбір жылы біздің облысқа Германиядан, Финляндиядан делегация өкілдері келді. Сол топпен бірге облысымызды араладық. Темірланға келгенде бір қонағымыздың – Финляндияда Мәдениет министрі болған адамның аудармашысы ауырып қалып, ауруханаға жатқызылды. Әрі қарай жанында мен жүрдім. Сөйтсем, әлгі финдік бір ауыз орысша білмейді екен. Ал Финляндия деген Ресейге жақын орналасқан ел. Сөйтіп, Қожа Ахмет Яссауи кесенесін үн-түнсіз тамашаладық. Бір уақытта мейрамханаға барғаннан кейін «осы немісшеге қалай екен?» деген оймен, неміс тілінде «шай ішіңіз», – дедім. Орнынан ұшып тұрып, құшақтап, бетімнен сүйді. Сондықтан шет тілін 5-сыныптан бастап оқығаннан қор болған жоқпын дегім келеді. Қазір немісше сөйлемегенмен, сөздікпен тәржіма жасай беремін. Президентіміздің бұл ұсынысы өте дұрыс: ағылшын тілін 5-сыныптан оқыту керек деп есептеймін. Сонда ғана қазақтың балалары уызға жариды.


Смағұл ЕЛУБАЙ,
жазушы:

Халық тілегіне сай келіп отыр

– Мектепте ағыл­шын тілін 1-сы­ныптан бас­тап оқыту мәсе­лесі көптен бері әңгіме болып келеді. Қаншама рет айтылды, жазылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кешегі Тамыз мәслихатында осыған қатысты айтқан сөзі халық тілегіне сай келді. Тәжірибеге сүйенсек, 1-сыныптан бастап ағылшын тілін енгізу мектептегі солақай саясат болды. Балаларымызға ана тілін игермей тұрып, шет тілін үйрету тілімізді қойыртпақ етпей ме?! Сондықтан бұл өте тамаша шешім болды деп ойлаймын.


Нұргүл БЕКТҰРҒАНОВА,
мұғалім:

Жүйкесі әлсіз балалар – жүйесіздіктің «жемісі»

– 1-сыныпқа кел­ген балаға өзге тілдерді оқу үлкен қиындық келті­реді. Бір күні 1-сыныпта оқитын 6 жасар қызым: «Лай деген не?» – деп сұрады. Бас салып ғаламторға кіріп, ағылшын тілі сөздігін ашсам, ондай сөз жоқ. Сөйтсем, қызым: «Апай бізге: «Балшық пен суды араластырса, лай болады», – деп айтты», – дейді. Яғни бала бір сөздің мағынасын сұраса, біз оның қай тілдегі сөзді сұрап тұрғанын ойланып қалатын жағдайға жеттік. Үлкен адамның өзі осылай шатасып отырса, енді әріп танып жатқан баладан не сұрайсыз? Сол себепті, 1-сыныпта баланы ең алдымен оқуға және өз ойын еркін жеткізе білуге үйрету керек. Ал ағылшын тілін үйренуді 5-сыныптан бастаған дұрыс. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл ұсынысын жан-жақты қолдаймын. Тілді үйрену үшін бала ең алдымен оның қажеттілігін түсінуі керек. «Мына тілді үйрену мен үшін пайдалы» дегенді сана-сезімімен ұғынғанда ғана балада қызығушылық, талпыныс болады. Ал 1-сыныптың баласы қажеттілік дегеннің не екенін білмейді. Тіпті, 1-сыныпқа келген кей балалар «5» деген баға – жақсы, «2» деген баға – жаман екенін түсінбейді. Оны айтасыз, ата-анасы «мектепке тастап кетемін», – деп қорқытса, соны шын қабылдап, жылайтын балалар бар. «Жібекті түте алмаған жүн қылады, қызды күте алмаған күң қылады» демекші, 1-сыныпқа барғаннан өзінің қазақ тіліне қоса орыс тілі, ағылшын тілі үшеуін үш жақтан тықпалап, қысқан кезде жанып тұрған бала жасық болып қалатынын өз баламнан көрдім. Қазіргі жаңа оқу бағдарламасында баланың білімін бақылау жұмыстары арқылы бақылайды. 1-сыныптың өзінде ағылшын тілінен жинақтық бақылау жұмысы өткізіледі. Оқу-жазуды енді үйреніп келе жатқан бала оны қалай орындайтынына таңым бар. Дамыған елдерде бала 5-сыныпқа дейін тек оқу, жазу, санауды үйренеді және ең алдымен баланы тәртіпке, тазалыққа, қоршаған ортасын сыйлауға, табиғатты сүюге үйретеді, ата-ананы қадірлеу, адал дос болу секілді адами қасиеттерге баулиды. Кеңес одағының кезінде бізде де сондай болды. Бастауыш сыныптың баласы әнін айтып, ертегісін айтып, дене шынықтыру сабағында жүгіріп, секіріп, мектепте уақытын көңілді өткізіп қайтатын. Ал қазір ата-аналар «балам ешкімнен кем болмасын», – деп, 1-сыныптан бастап ментальды математика, ағылшын тілі курстарына, би т.б. үйірмелерге сүйрейді де жүреді. Жүйкесі әлсіз, денсаулығы нашар балалар осындайдан шығатынын білгеніміз жөн.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір