«ЖАУЖҮРЕК МЫҢ БАЛА»: САРТАЙ БАТЫРДЫ ҚАЛАЙ ДӘРІПТЕЙМІЗ?
«Жаужүрек мың бала» фильмі жарық көргеннен бері ел ішінде Сартай есімді балалар көбейе бастады. Ойын балалары Сартай боп ойнап, «жаумен алысып» жүргенін де көретін болдық. Қуанарлық жайт. Шын мәнінде, қалың көпшілік Сартай батырдың өмірінен толық хабардар деп айта алмаймыз. Оны тек аңыз тұлға, фильм кейіпкері деп түсінетіндер кезігеді. Сартай – ХVIII ғасырда өмір сүрген, жоңғарлармен шайқаста ерен ерлік көрсеткен, қазақ жерін жау қолынан азат ету жолында даңқы шыққан айтулы батырлардың бірі әрі даңқы жастайынан шыққан би.
Туған жердің әр түйір тасы мен топырағын қорғау жолында жан беріп, жан алысқан бабалар ерлігін әрдайым еске алып, кейінгі толқынға аманаттап отыру – ұлттық парыз. Ұлт тарихының ұмытылмас сәттерінің бірі – Бұланты шайқасы. Егер Бұланты мен Аңырақайдағы жанқиярлық шайқастар болмаса, Қазақ Ордасы содан жүз жыл бұрын мүлде тозып, құлдырап кеткен Ноғай Ордасының кебін киері анық-ты.
XVIII ғасырдың жиырмасыншы жылдары қазақ үшін қасіретті жылдар болды. Жан-жақтан бөрідей ұмтылған жоңғар-қалмақтар халықты қырғынға ұшыратты. Жоңғарларға қарсы алғашқы ірі шабуыл, үлкен тойтарыс Ұлытау аумағында, Бұланты-Білеуті өзенінің бойында болды. Бұған үш жүздің барлық әскері қатысты. Жауға алғашқы соққы Сарысудың батыс жағалауында Шұбар теңізде берілді. Қазақтардың екпіні қатты еді. Жау амалсыз аттың басын кері бұрып Білеутіге қарай шегінді. Осы кезеңде кіші жүз биі Байжан баласы Сартай батыр Әбілхайыр ханның жасағын іздеп шыққаны тарихи жырда былай суреттеледі:
Қозы жауырын қу жебе,
Сартайдың қолында.
Дула деген ағасы
Келе жатыр оңында.
Ғайып ерен қырық шілтен,
Сартайдың тобында.
Мінген аты – Шалғасқа,
Мың баласы соңында.
Қомына сауыт бөктерген,
Кимейді жаудың жоғында.
Жарқырайды сары жез,
Қозы жаурының оғында.
Анталап олар келеді,
Ұлы жорық жолында.
Әбілқайыр сол сапарда,
Ақсұңқар құстай түлеген.
Кілең тұлпар мінгені,
Тор көз сауыт кигені,
Ізіндегі батырлар
Үзеңгіде шіренген.
Аттың асыл әбзелі –
Алтындаған жүгеннен.
Кейде тартып ат басын,
Ауық-ауық жіберген.
Неше ұдайы жол шекті
Азамат қайтпас жігермен.
Қазақтың қалың әскері
Бұланты деген бұлаққа
Осылай келіп тірелген.
Алдында қалың жау тұрды,
Қара бұлттай түнерген.
Зеңбіректері зіркілдеп
Алысқа дабыл жіберген.
Біз осы шағын үзіндіден-ақ Бұланты шайқасының сұрапыл болғанын байқаймыз. «Зеңбіректер зіркілдеп, алысқа дабыл жіберген» шақта жоңғарлар қолына мылтық алып, қазақтың қалың қолын ықтырғаны, тіпті қынадай қырғаны тарихтан мәлім. Десе де, ел үшін туған ерлердің сақадай сайланған қалың жауға, мылтық пен зеңбірекке қарсы қолданғаны – айбалта, садақ, найза, қылыш еді. Бұланты шайқасы, бұл – азаттық жолындағы шын мәніндегі ұлы күрес болды. Сартай батыр қазақ жерін қорғау үшін керт бастарын сертке ұстар тәуекел керек екенін айтып, жалпақ жұртқа жар салды. Сондықтан Байжан би мен Бүкірек батыр және ел арыстары Сартайдың талабын қолдап, барлық қазақ рулары арасынан жанып тұрған, өжет, тапқыр, ақылды, қайратты жігіттерді іріктеп алып, қол жинап, жау қолымен шайқаспаққа бекінеді.
Әкесі Байжан би Сартайдың бала кезінен ширақ, буыны қатты, атқа үйір екенін аңғарып, оған «Шалғасқа» атты ақ қасқа құлынды атап, шабандоздыққа баулыған. Шалғасқа Сартаймен бірге талай шабыстардан өтіп, ер қанатына – жан серігіне айналған. Сартайға небәрі алты жасында асау үйретіп, сәнді ері мен бес қаруын сайлап, ерте есеюіне ықпал еткен Байжан бидің орыны ерекше. Сол кездегі Сартайдың күміс ері – бұл күнде құнды дүние, «ашамай» ер батырдың ұрпақтары Көкебай Қуаназардың мұрагерлігімен Орал қаласындағы өлкетану музейіне табысталып, «Алтын орда» залында тұр. Әкесі Байжан Сартайды жастайынан өмірді көрсін, айналасын біліп, дербес шешім қабылдап үйренсін деп жанынан тастамаған. Сауатын ашсын деген ниетпен сол кездегі білім көзі діни оқуға оқытқан, ел арасындағы халық мүддесіне қатысты өткізілетін жиындардан қалдырмай ертіп жүріп, ой мен тіл жүйріктігіне баулыған. Ел азаматтары бала кезінен Сартайдың ақылдылығына, еңбекқор табандылығына, қарудың барлық түрін еркін қолданып, ат құлағында қас батырдай ойнайтынына таңқалып, бұл баланың болашағы зор болатынына кәміл сенген. Ел қадірлісі Байжан бидің үзеңгілес досы Бүкірек батырға «Сартайымыздың қасына ерген қалың жас көп, топтастырып, оларды хас батыр қылып тәрбиелеуді қолға алсақ, қалай болады?» – дегеніне Шыңғысхан тұқымы Бүкірек батыр: «Ертең елімізді жаудан қорғайтын осылар, оларға соғыс өнерін үйретуді өз мойныма аламын» – деп, Сартай жасағына соғыс өнерінің қыр-сырын үйреткен деседі. Сол «Мың баланың» қайтпас ерлігі жау бетін қайтарып, жоңғарлармен өткен алғашқы ұлы шайқаста қазақ қолы жеңіске жеткен.
Сартай батыр ғасырға жуық өмір сүріп, 1818 жылы қайтыс болған. Қазіргі Қызылорда облысы Қазалы ауданынан 63 шақырым жердегі Қызылқұмдағы діни ұстазы Қасымқожа мен Жалаңтөс батыр ұрпағы Дәулет бақсының жанына жерленген. Батырдың ұрпақтары бүгіндері еліміздің әр қиырында жемісті еңбек етіп жүр. Солардың ішінде мыңдаған адамның дертінен сауығуына ерекше жәрдем еткен емші, дәрігер Жанарыс Еңсепов бар. Бүгіндері Жәкеңді күллі халық жақсы таниды.
Біз жоғарыда «Жаужүрек мың бала» фильмінен соң жастардың патриоттық сезімі күшейіп, өз тарихын білуге ынталары артқанын сөз еттік. Бірақ Сартай батырды дәріптеу, оның ерлігін ұрпақ санасына сіңіру жұмысы әлі де көңіл көншітерліктей емес. Сондықтан еліміздің идеология саласына жауапты атқамінерлерге айтар бірнеше ұсынысымыз бар.
Біріншіден, ірі қалаларда, тіпті аудан орталықтарында Сартай батыр атында көшелер жоқ. Жергілікті әкімшіліктер, мәдени сала басшылары жұмылып, еліміздің кез келген қаласынан, облыс орталықтарынан батырға көше атын берсе деген ойымыз бар. Сартаймен замандас талай батырға барлық қалалардан үлкен көшелер берілген. Бұл – жақсы үрдіс. Сартайға неге қимаймыз соның бірін? Бұл Сартай Байжанұлы үшін емес, біз үшін – тәуелсіз ел ұрпағын патриоттыққа, өз тарихын білуге тәрбиелеу үшін керек.
Екіншіден, еліміздің бас қаласы Нұр-Сұлтанның төрінен Сартай батыр мен «Мың баланың» еңселі ескерткішін орнатқан жөн. Ол Елорданың сәулеті үшін де келісті өнер ескерткіші болар еді. Атының өзі композицияға сұранып-ақ тұр.
Үшіншіден, «Мың бала» туралы толықметрлі анимациялық фильм түсіруге де болады. Тіпті, мультсериал жасаса да артық емес. «Жаужүрек мың бала» деген атаудың өзі шетелдік мультфильм жасайтын компанияларға жетсе, қызығар еді. Ал оның оқиғасын шытырман сериалға айналдыруға болады. Жаңа министр Ақтоты Райымқұлова ханым осы жағын ойластырар деген үмітіміз зор.
Төртіншіден, «Жаужүрек мың бала» фильмі халық көңілінен шықты. Десе де, дәл осы тақырыпта әлі де болса, көркемдігі мен шеберлігі үйлескен, әлемнің назарын аударатын көркем фильм түсіруге болады. Бұрынғы фильмде жаужүрек балалардың образы, ерлігі толықтай ашылды деп айта алмаймыз.
Орынбек Шарипов,
ҚР Еңбегі сіңген қайраткері.
Индира Бармағамбетова,
Ақтөбе қаласы
ПІКІРЛЕР6