ӘДЕБИЕТ АУЫЛЫНА ӘКІМ КЕЛДІ
23.08.2019
1527
2

«Өнер алды – қызыл тіл» деп жатамыз. Ал әдебиет – ұлт руханиятының алтын қазығы. Қаламгерге құрмет – ана сүтімен бойыңа сіңген ана тіліңе деген тағзымың. Тілін ойлаған ел – болашағын қамдаған ел. Бағзы заманнан тамыр тартқан осынау аталы үрдіс әлі де үзілмепті. Соның бір жарқын дәлелі – өткен аптаның жұмасында Әкімшілік төріндегілердің Әдебиет ауылына арнайы ат басын бұруы болды. Дәлірек айтсақ, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев мырза Қазақстан Жазушылар одағына келіп, ұлт руханиятына сүбелі үлес қосып жүрген ақын-жазушылармен кездесу өткізді. «Иманғали Тасмағамбетовтен кейін Жазушылар одағына келген әкімді көргеміз жоқ», – деп таңырқаған әрі сүйінген зиялы қауым шаһар басшысының әр сөзін ықылас қоя тыңдады. Кездесуде әдебиет, мәдениет, тіл, қала тіршілігі мен экология мәселесі жан-жақты айтылды.


ОДАҚ ҒИМАРАТЫНЫҢ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫНА 250 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ БӨЛІНЕДІ

Әкіммен кездесуді Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасы Ұлықбек Есдәулет жүргізіп отырды. Ұсыныстың әуелгісі Жазушылар одағының ғимаратын қайта жөндеуден өткізу жөнінде болды. Бақытжан Әбдірұлы сөзді осыдан бастады.
«Ұлтымыздың рухани кемелденуіне еселеп үлес қосқан ұлылардың ізі қалған осы қара шаңырақтың құрылысын күрделі жөндеуден өткізу алдағы жұмыс жоспарында бар. Осында кіргеннен байқағаным, ғимарат қатты ескіріп кетіпті. Қайта жөндеу үшін көп жұмыстарды талап ететіні көрініп тұр. Өткен аптада қалалық мәслихаттың сессиясы өткен. Сол сессияда қаралған смета бойынша, ҚЖО ғимаратының жөндеу жұмыстарына 250 миллион теңге бөлінді. Қалалық мәдениет басқармасы конкурс жариялайды. Конкурстың талабы бойынша жеңіске жеткен құрылыс компаниясы анықталған соң жөндеу жұмысы басталып кетеді», – деді қала әкімі. Сонымен қатар ол Жазушылар одағының 85 жылдық мерейтойын атап өтуге Алматы қаласы әкімдігінің қолдау көрсететіндігін білдірді әрі Қазақстан ақын-жазушыларының қара шаңырағының сүбелі тарихынан дерек беретін «Әдеби өмір шежіресі» және «Қазақстан Жазушыларының анықтамалығы» атты кітаптардың жарыққа шығуына пәрмен ететіндігін айтты.


Әкімнің сөзі мен жоспарына ынта қоя қоштаған қаламгерлер бірінен соң бірі сөз алып, алғыстарын жеткізе отырып, өздерінің де ұсыныстарын жеткізді. Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов кітап шығару, тарату мәселесін айтқанда, әкім Алматы қаласының шеткі аудандарынан заманға сай шағын кітапханалар салып, қаламгерлер мен оқырмандар арасында кездесу ұйымдастырып, кітап таралымын арттыруға жұмыс жасайтынын жеткізді. Жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дулат Исабеков әкімнің сөзіне таңғалғанын, көптен бері мәдениетке ықыласты әкімді көрмегенін айтып, әкім ұсыныстарын қолдайтынын, Алматыны қазақтандырудың өзектілігін сөз етсе, ақын, Халық жазушысы Мұхтар Шаханов Бақытжан Әбдірұлының руханиятқа жанашыр тұлға екеніне ризалығын білдірді. Біз сол басқосуда ортаға салынған қаламгерлер ойы мен ұысыныстарын қысқаша ұсынып отырмыз.


«КЕМЕЛ ДҮНИЕЛЕРГЕ КӨҢІЛІМ АУҒАНДА «ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІН» ОҚИМЫН»

«Әкім газет оқи ма екен?» деген сұрақ әркімнің көкейінде жүргені шындық. Ал 1000 жылдық тарихы бар қала басшысының мына сөзін оқысаңыз, әлгі сұраққа жауап табасыз.
«Жоғары қызметте жүрсем де, отандық басылымдарға үнемі жазылып тұрамын. Елде, аймақтарда не болып жатқанын білу үшін баспасөздің көмегі зор. Кейде демалып, рухани кемел дүниелерге көңілім ауған сәтте «Қазақ әдебиеті» газетін оқысам, жақсы күйге енемін. Бұл газетке шыққан дүниелерді үнемі оқып тұрамын. «Қазақ әдебиетінің» материалдық жағдайы туралы естіп-білдім, сол үшін осы газетке қаржылай көмек беретін боламыз. Осыған байланысты, біздің басқарма қатысты құжаттардың барлығын дайындап, қаржы бөлу мәселесін шешуге кірісіп жатыр».

«ҚОЛДЫ БОЛҒАН» ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ҮЙ МЕН ЖЕР ҚАЙТАРЫЛАДЫ

Белгілі себептермен өзгелерге жалға берілген шығармашылық үй мен оның жері туралы сөз бұдан бұрын да талай рет айтылған өзекті мәселелердің бірі еді. Осы мәселеге байланысты Алматы әкімі өз шешімін айтты.
«Ал осы шығармашылық үйдің жері жалға берілгені, оны өзіне қайтару туралы да өтініш айтыпсыздар, осы мәселе бойынша, біздің қатысты мамандар анықтама жасады. Шынымен де, ол жер біршама уақыт бұрын жалға берілген екен. Біз сіздердің өтініштеріңіз бойынша, жалға берілген шығармашылық үй мен тиесілі жерді Жазушылар одағына қайтарып беруді қолға аламыз».

ЖАҚСЫЛАРДЫҢ АТЫ ӨЛМЕСІН

Кездесуде отырып байқағанымыз, әкімнің ұсыныстары – уәде беру ғана емес, нақты іске көшу екеніне көзіміз жетті.
«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген аталы сөз бар. Осы 85 жылдық мерейтой барысында қаламызда еңбек етіп, өміршең шығармалар жазған, бүгінде ел руханиятына, еліміздің гүлденуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген сөз зергерлерінің өмірі мен шығармашылығы туралы әлеуметтік-танымдық бейнероликтер түсіру, шығару туралы «Алматы» телеарнасына тиісті тапсырмалар берілді. Бұл іске сіздер де атсалысып, бізге көмектесесіздер ғой деп ойлаймын».

КЕЛЕСІ ЖЫЛҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘДЕБИ БАЙҚАУ АЛМАТЫДА ӨТЕДІ

Еліміздің ірі шаһарында әдеби, мәдени байқаулар мен көлемді іс-шараларды көптеп өткізу алдағы қызмет жоспарындағы маңызды жұмыстардың бірі екенін де айта кеткен әкім, бұл туралы былай деді:
«Алматы – ұлыларымыздың ізі қалған, шығармалары оқырманға жол тартқан қала екенін, еліміздің өнері мен мәдениетінің қара шаңырағы екенін жақсы білесіздер. Осыған орай, Жазушылар одағы тарапынан Алматы қаласының терең тарихын танытып, көпшілікке дәріптеу мақсатында 2020 жылы қаламызда халықаралық деңгейде «Алматы – еліміздің өркениет ордасы» атты әдеби байқау өткізу туралы ұсыныс түскен болатын. Сол ұсынысты қолдаймыз. Бұл шараны жоғары деңгейде өткізу үшін барлық жағдайды жасаймыз, қаржы да бөлінетін болады».

ҚАЛАМГЕРЛЕР. ГРАНТ. ҚОЛДАУ

Ақыны мен жазушысын іздеген әкімнің сөзін естіп риза болған қаламгер қауым Бақытжан Әбдірұлының мына бір ұсынысына тіпті де сүйініш білдірді.
«Одан кейінгі мәселе қаламгерлердің әлеуметтік жағдайы туралы болмақ. Қазір қаламақы да шамалы, есімдеріңіз елге мәлім. Бірақ сол аттарыңызға лайық өмір сүру мүмкіндігі төмен. Сол себепті, сіздерді қолдау – біздің күн тәртібіміздегі өзекті мәселелердің біріне айналды. Осыған байланысты біз қаламгерлерге арналған грант тағайындауды ойластырдық. Ақша жылдың соңына дейін салынды, кітап басып шығару сияқты қосымша көмектер де болады. Бұл тек осы жылдың соңына дейін ғана болатын жоба емес. Ары қарай да өз жалғасын табады. Менің ұсынысым: 30-ға жуық ақын-жазушыға грант бөлсек деймін. Бұл мәселенің тиісті шешімін талқыға салып, ақылдасып өздеріңіз айтарсыздар. Ал арнайы грант қыркүйектен бастап беріле бастайды».

ҰСТАНЫП ОТЫРҒАН САЯСАТЫМ – ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ҮШІН ЖАҚСЫ ЖАҒДАЙ ЖАСАУ

Алматы әкімінің соңғы ұсынысы ересектер мен балаларға арналған драматургиялық шығармалар бәйгесін ұйымдастыру болды. Сағынтаев мырза бұған да қаржылай және басқалай көмек береміз деп нық сенім білдірді.
«Бүгінгі таңда әкімшіліктің, өзімнің ұстанып отырған саясатым – шығармашылық үшін жақсы жағдай жасау. Елбасының «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасы бойынша, біз өз тарапымыздан ересектер мен балаларға арналған драматургиялық шығармаларды сараптайтын ашық байқау жариялап, жақсы туындыларды таңдап, бағалап, грантқа кіргізсек деген ойдамыз. Бұл – бір жағынан, драматургтерді қолдау үшін, екінші жағынан, жазылған шығармаларды сахналау үшін игі бастама болады деп ойлаймын. Қосымша қаражатты театрларға да бөлетін боламыз. Негізі, қысқа мерзімдегі менің жобам осылай. Алдағы күндерде тек өздеріңіз туралы ғана емес, қаламыздың тіршілігі туралы да ұсыныс-жобаларыңызды айтуларыңызды сұраймын».


Қабдеш Жұмаділов,
Қазақстанның Халық жазушысы:

«МЕН ӨЗ КІТАБЫМДЫ ӨЗІМ ШЫҒАРАМЫН»

– Біздің жазушылар ортамызға бір лауазымды адам келсе, қуанып қалады. Өйткені лауазымды үлкен кісілер бізге кейінгі кезде сирек келетін болды. Тіпті, келмейтін де болды. Егер жаңылмасам, Иманғали Тасмағамбетов әкім боп тұрғанда келді-ау деймін бізге…Содан басқа әкімді көріп тұрғанымыз осы.
Қош келдіңіз, Бақытжан мырза!  Алматыға қош келдіңіз! Содан кейін киелі қара шаңыраққа қош келдіңіз. Сіз үкіметті басқарған, мемлекеттік жоғары лауазымды қызметтерді атқарған адамсыз. Ондай адамға бір қаланы басқару қиынға түспейтіні анық. Ал Алматы секілді қалаға әкім болу – кішірейіп қалу емес. Алматы – жай қала емес, ол – қазақтың рухани қаласы. Қазақ ақыл-ойының ошағына айналған қала. Қазір біздің халық кітап оқудан қалды. Адамдарды қаыгездіктен, қылмыстан құтқаратын жалғыз мүмкіндік – көркем әдебиет. Бізде қазір әдебиетті насихаттау жағы ақсап тұр. Сосын кітаптың таралымы деген мәселе бар.
Мен қазір өз кітабымды өзім шығарамын. Үкімет көк тиын бөлмейді. «Нәубет» кітабымды шығаруға Үкімет қол ұшын бермеді. Ал баспалар болса, кітабыңды шығарады да, үйге әкеліп тастайды. Соны өзім сатамын. «Атамұра» баспасы бар, «Алматы кітап» баспасының дүкендеріне өткіземін. Үкімет бір тиын бермейді, бірақ әр кітапқа 10% салық салуды ұмытпайды. Сіздің есіңізде болсын. Алматының өзінде кітап таратуға мүмкіндік жоқ. Менің романдарым 40 мың данамен шығатын еді, қазір 2 мың данамен ғана шығады. Біздің жазушылар осындай халде…
«Рухани жаңғыру» деп жатыр ғой. Бірақ мен адамдардың санасын жаңғыртуды бірінші орынға қояр едім. Біздің санамызда отаршылдықтың қалдырып кеткен дүниелері көп. Біз соны әлі тазалаған жоқпыз».


Марал ЫСҚАҚБАЙ, жазушы:

«БӘРІМІЗ – ЖОЛАУШЫМЫЗ…»

– Жазушылар трибунаға шыққанда әдетте біреуді сынап-мінеп сөйлегенді жақсы көруші еді. Өйткені қоғамның қай жерін қасып қалсаңыз да, бір мәселе шыға келеді. Ал бүгін не сөйлерімді өзім білмей тұрмын. Жаңадан келген әкіміміздің айтып шыққанын қолдағаннан басқа, «рақмет» деуден басқа айтар сөз жоқ секілді. Осы айтылған сөздердің кемі 50 пайызы орындалса, үлкен бір шаруа атқарылған болар еді. Қазақта мақал бар «ат аунаған жерде түк қалады» деген. Кез келген әкім жазушыларға осындай жағдай жасап кеткен болса, біздің жағдайымыз біршама жақсарып қалар еді. Әрине, ешкім мәңгілік емес, бәріміз келеміз-кетеміз, жолаушы секілдіміз. Тек соңымызға өнегелі істер қалдырып кету ләзім. Ісіңізге Алла береке берсін деймін! Жақсылықтар жалғаса берсін!


Есенғали РАУШАНОВ, ақын:

«ТАЛАНТТЫ ЖАСТАРҒА ЖАТАҚХАНА КЕРЕК»

– Мен төрт ұсыныс айтқым келеді.
Жүрегіме жақын сенің есімің,
Атам десем, анам десем несі мін?!
Жарқыраған көк тасында көшеңнің,
Ізі қалған Сәкен бәтеңкесінің, – деген Төлеген Айбергеновтың өлеңі бар. Сол Сәкенмен қатар жүрген Ахмет Байтұрсыновтың, Ахаңның осында үйі бар. Бақытжан Әбдірұлы, сол үйдің бүгінгі хәлі өте нашар. Ол үйдің қазір нашақорлардың, кезбелердің жиналатын жеріне айналып кеткен жағдайы бар. Соның себебін анықтап, музейді қаланың бюджетіне аударсаңыз. Сонда тәртіп орнатып, әдебиетті қамқорлыққа алсаңыз. Бұл – бір.
Екінші, Алматыда білесіз, «Целинный» деген кинотеатр бар. «Целинныйда» кезінде Сұлтан Қожықов түсірген «Қыз Жібек» фильмінің алғашқы көрсетілімі болып еді. Ұзынқұлақтан естіп жатырмыз, Қыз Жібекке ескерткіш қойғыңыз келеді екен. Төлеген екеуі­не. Қолдаймыз, қуаттаймыз. Жалпы целина деген­нің қазаққа бергені көп пе, алғаны көп пе дегенді алдағы күндері де айта жатармыз. Бірақ алда-жалда сол кинотеатрдың атауын өзгертер болсаңыз, Қыз Жібектің аты сұранып тұрған секілді. Ал болашақта қоятын ескерткішіңіз сол театрдың алдында тұруға тиіс болып көрінеді бізге.
Үшінші, Жазушылар одағына Ұлықбек Оразбайұлы келгелі көптеген жаңа игілікті істер атқарылып жатыр. Жазушылар одағына сол игілікті істерді қолдап келіп отырсыз, жақсы ұсыныстар айтып отырсыз, рақмет. Соның бір парасы – жастар мәселесі. Өзіңіз білесіз, Алматы – шығармашылық одақтар топтасқан интеллектуалды қала. Тек қана Жазушылар одағы емес, Дизайнерлер одағы, Суретшілер одағы, Компо­зи­торлар одағы секілді біршама ордақтар бар. Әлгі одақтарға мүше жастардың тұратын жері, басында баспаналары жоқ. Сондықтан шығармашылықпен айналысатын жастар үшін бір жатақхана салынса деген ұсыныс айтқым келеді. Бұл өз кезегінде оларға үлкен қамқорлық болар еді.
Төртінші, біздің тауда Әл-Фараби атындағы шығармашылық үйіміз болған еді. Сол қолды болыңқырап кеткен еді. Қайтарып алдық. Қазір жақсы жұмыс жасап жатыр. Мұнда да бір мәселелер бар. Қазіргі мәселесі, біздің жеріміздің бір бөлігі сатылып кетіпті. Менің байқауымша, сатылып кеткен жер әлі игерілмеген секілді. Өйткені он жыл бұрын сатылған болса, оған бір нәрсе салар еді. Сол жер біздің Жазушылар одағының келісімінсіз сатылды. Енді, осы жердің жай-күйін індетіп тексеріп көрсеңіз. Ол жер маған керек емес, қазаққа керек. Мұны неге айтып отырмыз? Біз Елбасымен кездесуде сөз болған «Әдебиет институтын» сол жерде құрсақ дейміз. Мәскеуде әдебиет институты бар. Онда осында отырған Аян Нысаналин, Иран-Ғайып, Аманхан Әлім секілді ақындар оқып келген болатын. Жақында ғана Өзбекстанда «Өзбек әдебиетінің тілі және әдебиеті» деген институт ашылды. Біз енді Орта Азиядағы лидер елміз ғой. Жоғарғы білім алған алдыңғы ағалары секілді бүгінгі жастарды біз де интеллектуалдылыққа баулысақ, әлем әдебиетінен хабардар болса дейміз. Соңғы өсіп шыққан жастарымыздың арасында білімнің сапасы көңіл көншітпейді. Осылай кете беретін болсақ, баяғы орта ғасырдан бір-ақ шығатын түріміз бар. Жаңағы жерді қайтара алсақ, сол жерге осы институтты салсақ деп ойлаймыз. Қысқасын айтқанда, біз өзіміздің мүлкімізді өзімізге қайтарып беруіңізді сұраймыз. Ден қойып тыңдағаныңызға рақмет. Жұмысыңызға табыс тілеймін!


Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы:

«ТҮК БІТІРМЕГЕН ТІЛ ЗАҢЫНА ОТЫЗ ЖЫЛ ТОЛАДЫ»

– Алматы деген қасиетті қала. Жазушылар одағы – қасиетті қаланың қасиетті шаңырағы. Алайда осы қаланың үлкен бір кемшілігі бар. Оны айтпаса, болмайды. Алматы – оңбай орыстанған қала. Күн сайын жан-жаққа, тіпті әкімшілікке барсақ та, орысша сөйлесіп тұрған қазақтың жігіттерін көріп, жерге қараймыз. Түңілеміз. Жақында, бір айдан кейін, түк бітірмеген Тіл заңына отыз жыл толады. Жанымыздың шырқырап тұрғаны сол. Ол өзі бір кері кеткен заң болды. Мемлекеттік тілді қорғай алмадық, қор қылдық. Тіліміз төрге шықпады. Әлі босағада жүр. Осы мәселеде үлгі көрсететін бір адам керек сияқты. Оны Алматыдан бастасақ, ғажап болар еді. Бәке, бәлкім, сіз мүлдем орысша сөйлемей қоярсыз? Үлгі болып. Ел басқарған азаматтар, ең болмаса, жарты жыл орысша сөйлемей қойсыншы, түгел қазақша сайрар ек. Ешкім қимылдамаса, еш бастық қимылдамайтын болса, онда Тәуелсіздіктің керегі не?! Тілін қорғай алмаған елге Тәуел­сіздіктің керегі не?! Ұлттар Тәуелсіздікті қан кешіп жүріп жариялайды. Бастары кетеді. Алмағайып кезеңдерден өтіп барып қол жеткізген егемендікті қай халық болмасын, өзін-өзі сақтау үшін жариялайды ғой. Ал біз отыз жылдың ішінде не істедік? Отыз жылдың ішінде отыз ауыз қазақша үйренбеген қазақтар толып жатыр. Аулада балалардың бәрі орысша сөйлейді. Осы ма жеткен жетістігіміз?! Бірақ бәрі қалпына келер. Алматы – бай қала. Ол да аяғынан тік тұрып келеді. Ортамызға ірі азамат келді. Дұрыс, балалар әдебиетін барынша қолдау керек. Үлкендерді тәрбиелеудің қажеті жоқ. Үлкендердің шаруасы біткен. Болашағымызды тәрбиелейік. Болашағымызға ие болайық. Бізге балаларға арналған әңгімелер жетіспейді. Бүгінгі күнге Бердібек Соқпақбаев жетіспейді. Талантты жастарға жол ашайық.


Ахметжан АШИРИ, жазушы:

МАХМҰДҚАШҚАРИ АТЫНА КӨШЕ БЕРУДІ СҰРАЙМЫН

– Мен сонау 1982 жылдан бері осы одақта қызмет еттім. Мықты қаламгерлермен дос болдым. Әкімі қаламгерлерін іздеген ел – бақытты. Сіздің жазушылармен кездесіп, ой-пікір, ұсыныс тыңдауға келгеніңізге рақмет. Менің жалғыз ұсынысым бар. Әйгілі «Түркі сөздерінің жинағын» («Диуани лұғат ат-түрік») құрастырған ғұлама ғалым, тарихшы, исі түркінің ортақ мақтанышы Махмұд Қашқариға Алматыдан бір көшенің атын қимай келеміз. Бұған дейін де талай рет айтып ем, бұрынғы әкімдер құлағына ілмеді. Сізден Махмұд Қашқари атына көше беруіңізді сұраймын.


ИРАН-ҒАЙЫП

ӘКЕ-КӨРГЕН

(Қаз-Қалпынша)
Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаевқа

Қажет –
Етпей,
Марапат та,
Мадақ та,
Хабар –
Салмай,
«Ұрандап» –
Шар-Тарапқа:
Колбин менен
Имаштан –
Соң,
Инша-Алла,
Әкім-Мырза,
Өзің –
Келдің…
«Одаққа»!

Нөң-Албасты –
Басқандайын,
Иесіз…
Аруағы –
Қашқандайын,
Киесіз…
Келіп,
Кірдің,
Қайран –
«Қара-Шаңыраққа»:
Шаруасы –
«Шалқайған»,
«Жөн» –
«Жүйесіз»…

Келдің,
Кеттің…
Бақ-Жұлдызың –
Жоғары!
Бұзылғандай,
«Тоқырауын» –
Тоғаны!!
Басылғандай,
«Ақырауын» –
Бораны!!!
Бас –
Ұрғандай…
Қоғамына –
Адамы…

Ой-Санасын,
Ұлттық-Намыс –
Кернеген,
Оғыландайсың:
Тәлім –
Алған,
«Әр-Неден»…
…Ел –
Басқарып,
Не –
Оңдырады,
Көрмәдік:
«Соска» –
Сорып,
Ана-Сүтін –
Ембеген?!

Келіп,
Кеттің…
Бақытжан-Дос,
Нең –
Кетті?!
Әке-Көрген:
«Оқ-Жонарын» –
Әйгі-Етті!
Баладай –
Мәз,
Ақын-Жазушыларың:
«Қазақшаңа»,
Жан-Жүрегін –
Емдетті…

«Ұлық –
Болған,
Кішіктейсің…»:
Көзіңнен,
Нұр –
Ұшқындап,
Гүл –
Төгілді,
Сөзіңнен!
…Түсі –
Күлік,
Кісәпірден –
Сақтасын:
Ісі –
Былық…
Кісіліктен –
Безінген!!

«Күн» –
Түрткілеп,
«Тәуелсіздік» –
Аспанын,
«Атойлап» –
Тұр,
«Атқа» –
Қонған,
Жастарым!
…«Тыныш» –
Жұрттың…
«Есен» –
Елдің,
Керегі:
«Сәлем» –
Беріп,
Әлемге…
«Есік» –
Ашқаның…

«Есік» –
Аштың,
Ертеңіне –
Талайдың
Бейне
Кешкі
Көлеңкедей –
Зорайдым:
Создым –
Керік-Мойынымды,
«Көрсем» –
Деп,
Болашағын –
«Сүйінбай»,
«Махамбет»…
«Абайдың»?!

…Бұдан –
Артып,
Ой,
Бауырым,
Не –
Дермін?!
Халқым –
Қалап…
«Хақ-Нәсібін» –
Терермін:
Құп –
Алармын,
Уанармын –
«Жантайып»…
…Етіп –
Жарық,
Білте-Шамын –
Өлеңнің…

Алматы шаһары
16.08.2019

ПІКІРЛЕР2
Аноним 24.08.2019 | 21:38

Шүкір! Ұзағынан сүйіндірсін!

Аноним 25.08.2019 | 07:15

Осы әкімнің руы найман ба?

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір