БІЗГЕ ТӘУЕЛСІЗДІК КЕЗЕҢІНІҢ ӘДЕБИЕТІ КЕРЕК… 
13.08.2019
1594
1

Қазақстан Жазушылар одағы ҚР Президенті Әкімшілігінің және ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен 2019 жылдың 4-6 қыркүйек  күндері Нұр-Сұлтан қаласында «Азия елдері қаламгерлерінің І форумын» өткізеді.

Тұңғыш рет ұйымдастырылған бұл форум Азия континентінде орналасқан елдер арасындағы әдеби-мәдени байланыстарды нығайту, одан әрі дамыту һәм егеменді еліміздің бүгінгі кескін-келбетін, Қазақстанның әдебиетін, рухани құндылықтарын паш ету, әдеби үдерістің дамуына қатысты Азия елдерімен тәжірибе алмасу сынды бірқатар мақсат-міндеттерді көздейді. Азия елдері қаламгерлерінің І форумында аталмыш құрлықты мекен еткен 44 мемлекеттен әлемге беделді халықаралық сыйлықтардың жүлдегерлері, ұлттық, мемлекеттік сыйлықтардың иегерлері һәм Жазушылар одағы мен ассоциацияларының Төрағалары бастаған 100-ге жуық ақын-жазушы мен еліміздің түкпір-түкпірінен шақырылған 50-ден астам қаламгер бас қосады. Біз осы айтулы шара қарсаңыңда қаламгерлергер арасында арнайы сұрақтарға жауап іздеген едік. Жас жазушы Есбол Нұрахметтің пікірін ұсынып отырмыз.

«Қазақ әдебиетінің» сұрақтары:

1.«Азия елдері қаламгерлерінің І форумында» қандай тақырыпта, қандай мәселе қозғалғанын қалайсыз?
2. Форумда сөз тисе, қандай ұсыныс айтар едіңіз?
3. Азия кеңістігіндегі төл әдебиетіміздің алар орны туралы не ойлайсыз?
4. Қазақ әдебиетінің жетістігі неде, кемшілігі қандай?
5. Әлем және қазақ әдебиетінің қандай ортақ проблемалары бар?

Есбол НҰРАХМЕТ, жазушы:

 1.Егер бұл форумға Орхан Памук пен Мо Янның келетіні рас болса, онда шынымен де, форумның мәні жоғары болары анық. Олар, әрине, Қазақстан секілді елге келгенде не айту керек екенін өздері жақсы біледі ғой. Өз басым көпірме сөзі жоқ жиын өтіп, онда жаймашуақ әдебиеттің әңгімесі сөз болса деп тілеймін. Әдебиеттің көзі тірі шеберлерінен, әсіресе әдебиеттегі шеберлік турасында дәріс тыңдауды үміт қылам. Маған керегі осы ғана. Өзгелердің саяси көзқарасы, әлеуметтік көзқарасы, т.б. әртүрлі жағдайларға қатысты  көзқарастар мені онша қызықтырмайды.

2. Біріншіден, сөз тиеді деп ойламаймын; екіншіден, менің міндетім — оңаша отырып жазу ғана деп  ойлаймын. Тек, іште түркі әлемі әдебиетінде аздап болсын интеграция болса деген бір арман бар. Мемлекет тарапынан ба, жоқ жекелеген қорлар тарапынан ба, түркі әлемі ақын-жазушыларының шығармаларын бір-бірінің тіліне жиі аударып, таныстырып, ортақ әдеби кеңістік жасауға күш салса екен деймін.

3. Менің ойымша, егер сырттан қарайтын болсақ, «қазақ әдебиеті» деп аталатын кеңістік бір үңірейген қуыс қана боп тұрған секілді сезіледі. Мен бұл жерде XX ғасырдағы қазақ әдебиетін есепке алмай айтып отырмын, себебі ол — сәбеттік қазақ әдебиеті, бізге тәуелсіздік кезеңінің әдебиеті керек. Бұған кінәлілер, әрине көп.  Жазушылар да, оқырман да, тұтас қазақтың өзі де — кінәлі. Бірақ соның бәрі ақырын-ақырын кінәсін танып, оңалып келеді.

4. Қазақ әдебиетінің жетістігі — 100 томдық фольклоры мен XX ғасырдағы классиктері; кемшілігі —  оқылмайтыны.

5. Ортақ бір нәрсе болса, ол — шығармалардың барған сайын жеңілдеп бара жатқаны болар деп ойлаймын. Достоевский, Бальзак, Камюлердің жазғаны секілді тым терең, оңайлықпен тіс батпайтын шығармалар азайып кетті. Мураками, Халед Хоссени, Пауло Коэльо секілді жеңіл, бірақ әдемі жазатын жазушылар алға шықты. Мүмкін,  солай болуы да керек шығар. Бүгінгі ақпарат ағыны тым ұшқыр заманда, сондай жеңіл дүниелер оқырман талабынан көбірек шығатын шығар. Мұндай үрдістің тағы бір себебі — урбанизацияда болса керек, қала адамдарды белгілі бір стандартқа қарай итермелейді, осыдан адам жаны қарапайым, оңай шешілетін жұмбаққа айналады. Сөйтіп, қарапайым кейіпкерлер мен қарапайым оқырман пайда болады. Сезімдері — иірімсіз, ойлары жаттанды пенделер көбейеді. Оларға аса терең, философиялық, психологиялық қатпары мол шығармалар өтпейді. Өтпеген соң, жазылмайды, сөйте келе,  жазушы да популизмге ұрынады.

ПІКІРЛЕР1
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір