Ұлы ақынды ұғына алдық па?
Болат Жүнісбеков,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
Сәуле… ғылым тілінде «белгілі бір жарық денеден бөлінетін жарықтың жіңішке жолағы болса, жарық – қоршаған ортаны айқын көрсететін, яғни көзге көрінетін сәулелі энергия». Ал жарық дүние – ғалам, жер, тіршілік және адам екені аян. Зере анамыздың немересі Ибраһимді «жарығым» деп те еркелеткенін білеміз. Демек, жарық – сәбидей пәк тазалықтың, қалтарысы жоқ жақсылықтың, боямасыз өмірдің және шуағы мол білім мен мейірімнің қайнары. Жүзі жылы, ашық-жарқын, ақ жол… жарықтың, жарық жанның, жанашыр жүректің айналасына деген шапағаты.
Абай сәулесі де – «көзімізді ғана емес, көкірегімізді де ашатын», дүбірлі дүниеде дұрыс бағдар сілтейтін темірқазық: «Білімдіден шыққан сөз/ Талаптыға болсын кез. Нұрын, сырын көруге/ Көкірегінде болсын көз… Сәулең болса, кеудеңде, / Мына сөзге көңіл бөл… Жүректің көзі ашылса, / Хақтықтың түсер сәулесі»(Абай, шығармаларының екі томдық толық жинағы, «Жазушы», 2016 ж, 1-том, 86,93,126-бб). Сәулелі жыр «іштегі кірді қашырып», адам кеудесін «хикметке» бөлейді: «Кемді күн қызық дәурен тату өткіз,/ Жетпесе, біріңдікін бірің жеткіз!.. Біріңді бірің ғиззат, құрмет етіс,/ Тұрғандай бейне қорқып, жаның шошып» (1/54).
Поэзия пайғамбарына, оның қараңғылық көгінен төгілген сәулесіне Алаш арыстары Әлихан, Ахмет, Мағжан, Міржақып пен Сұлтанмахмұттан бастап, ілгерінді-кейінді барша қазақ ақындары табынды.»Мен-дағы өлең жазбаймын ермек үшін,/ Ермек үшін, немесе өлмеу үшін…/ «Жаздым үлгі жастарға бермек үшін»/Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін (Мұқағали Мақатаев, үш томдық шығармалар жинағы, 2- том, 145-б). Ал бар өмірін абайтануға арнаған ғұлама Әуезов осы іргелі ілімнің негізін қалап, оның арқатірегіне айналды. Ендеше, бүгінгі әңгімеміз ұлы Абай мұрасының «ұйықтап жатқан жүректі оятар» жасампаз жарығы хақында. Біз оны «Абай сәулесі» деп атадық.
1. Алдымен «адам бақыты» жырлағаны
Алты Алаш аман-сау тұрғанда, Абай рухы да асқақ. «Өлең – сөздің патшасы» санамызды әрдайым шайдай ашады. Хәкім талмай ізденіп, туған қазағының бай ауыз әдебиетін, шығыс пен батыстың әдебиеті мен ғылымын зердесіне тоқыды. Бірақ, «Европа ғалымдарының ірі пәлсапамен жазылған кітаптарын оқығанда ол өзінің басындағы ой-пікірлерінің ірге негізін аналарға оңай беріп жіберіп отырған жоқ. Жұртқа өсиет қылып, өзге сөзін мысал қылып сөйлегенде, әрқашан өз ақылының елегінен өткізіп алып айтады»(«Абай туралы естеліктер», Алматы, «Қаламгер», Көкбай Жанатайұлы, 210-б).
Немере ағасының «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиер» өлең сөзге келгенде өзгеден бұрын өз басына деген қатаң талапшылдығы мен «қиыннан қиыстырар» терең талғампаздығын кемеңгер Шәкәрім ерекше үлгі тұтады. Алайда данышпанның «сөз жақсысын» ол да әуелі өз ақылының таразысына тартады: «Көп сөз айтқан бұрынғы білімділер/ Пайдалансын, ұқсын деп кейінгілер… У берді ме сусын деп, су берді ме,/ Көзің жұм да жұта бер деген кім бар?.. «Талас, тап», – деп айтатын Абай өзі,/ Танамыз ба жоқ қой деп бүгін көзі? (Шәкәрім, «Шығармалары», «Жазушы», 1988 ж., 65,66-бб).
Абай Құнанбайұлы секілді ұлы тұлғаларымыздың тарих қойнауына ұзаған зерлі сөзі мен зерделі ісін «іші алтын, сырты күміс» қалпында ұрпаққа аманат ету ұлт болашағы үшін аса қажет. Соған орай ғалымдар, жазушылар мен журналистер заманалар керуенімен жеткен асыл мұраны жаңғыртуға қал-қадерінше атсалысуда. Ұлы Абай туралы да айту мен жазуда кемшін жоқтай. Дегенмен, ақын қазынасы сан қырынан қанша сараланып келе жатса да, «жұмбақ жанның жүрегінің түбіне терең бойлау», оның жанының «нені сүйіп, неден күйгенін» сырт көзден жасырған сырсандықтың «ішін түгел көру» екінің бірінің маңдайына жазылмаған.
Олай болса, ұлы ақынды қаншалықты ұғына алдық?
Абай мұрасын зерттеу, біздіңше, Мұхтар Әуезовтен кейін өзінің түп-тамыр – арқатірегінен ажырап қалғандай. Ақынның сырлы да сәулелі сөзі жан-жақты «уәзінге салынып» жіктелгенімен, соның бәрінің сабақтастырып тұрған алтын арқауы үзіліп кеткен секілді. Байқап қарасақ, санамызды сейілтер қазынаның кілтін ақын мұрасының «судай тұнық» сәулесінің өзі-ақ мегзейді. Міне, біз іздеген жасампаз мұра кілті де осы – Абай сәулесі. Ол – адамдық талабы, адам бақыты үшін күрескен елжанды тұлға аманаты. Ақын мұрасының алтын өзегі де, ең алдымен, адам бақыты.
Жалпы адамзат қоғамында «бақыт» алғашқыда «қолайлы жағдай» немесе «жолы болғыштық» деп түсінілді. Айталық, ежелгі Грецияда «бақыт» – «мейірімді тағдыр» ретінде қабылданған. Философиялық және психологиялық таным бойынша, бақыт – адамның өз өмірінің қызығы мен қуанышына, яғни рахатына қанағаттану дәрежесін танытатын ең байырғы этикалық ұғымдардың бірі. Ал діни шығармалар мен аңыздарда «бақыт» ұғымы – «эвдемония» Құдайдың қамқорлығындағы «мейірімді тағдыр немесе сәтті тағдыр» дегенді білдіреді екен. Осы тұрғыда, ислам – тек қана дүниетаным емес, Құрандағы моральдық жазбалары қоғамдық өмірдің сан-саласын қамтитын адам тағдыры мен бақыты жайлы ғылым.
Абайдың айтар ұлағаты да осы: «Адамды сүй, Алланың хикметін сез,/ Не қызық бар өмірде онан басқа?!» Адам бақыты көп ойландырған ежелгі философтар мен саяси экономистердің ізгі рухы әрқашан бас игізеді. Абайдың «Ескендір» дастанындағы данышпан Аристотель «жан қызметі – бақыт қайнары» десе, Абай «Тәннен жан артық еді, тәнді жанға бас ұрғызса керек еді. Жоқ, біз олай қылмадық… Жанды тәнге бас ұрғыздық, ешнәрсеге көңілменен қарамадық, көзбен де жақсы қарамадық, көңіл айтып тұрса, сенбедік», – деп толғанады (Абай, жетінші сөзден).
Ағалы-інілі, «жүрегі қырық жамау» қос ақынның мына бір өсиеттері-ақ сол жанпида күрескерлік пен терең адамгершіліктің жарық ұшқынындай: «Адамзаттың бәрін сүй бауырыңдай», «адам баласының бәрі – бауырың» (Абай), «Адамның бәрібір, болмайды аласы», «Ойласаң, барша адамзат туған бауыр,/ Бірін-бірі шұқылып, қылды жауыр» (Шәкәрім). Бірін-бірі шұқылап… шынында да, пендеңе не жетпейді!? «Бірімізді біріміз аңдып, жаулап, ұрлап, кірпік қақтырмай отырғанымыз… Жүз қараға екі жүз кісі сұғын қадап жүр ғой, бірін бірі құртпай, құрымай тыныш таба ма?» (жиырма төртінші сөзден). «Жаз жалымен жібермей жалғыз тайын,/ Тыныштықпен ішпейді тақта шайын» немесе «Тыныш жатсам, тепкілеп шыдатпайды» (Шәкәрім).
Адам баласында, әйтеуір тыным жоқ. Байлықтың да, мансаптың да … бәрінің де өткінші екенін түйсініп, көзді ашып жұмғандай ғана жалғанда бақытқа жету үшін іскерлікті, ілкімділік пен ізгілікті, яғни «ақыл, қайрат, жүректі бірдей» ұстай алсақ, қандай ғанибет?! Қазақ өмірдің өткіншілігін «бес күндік дүние», «қамшының сабындай» деп бағаласа, Еуропа жұрты «жарты тыныс» деп зарлайды. Сондықтан дана Абай қай тақырыпты жырласа да, адам мінезінің әр қырына ой жүгірте саралап, тірліктің көрген түстей ғана мезетінде адам мен оның өміріне, еркіндігі мен теңдігіне, яғни адам бақытына тең келер ештеңе жоқ екенін түйсінтеді.
Ақын сөзіне одан әрі ден қойсақ, өмір пендең үшін ғажайып сый ғана емес: «Бұл бес күндік бір майдан ер сынарлық». Ендеше, дүние қызығы дегеніміз, атымызды «адам қойған соң» замандас бағасын білуге және осыны әрдайым есте ұстауға тиіс тіршілік мәні. Сондықтан адам деген атқа лайықты өмір сүргісі келген жан үшін ақын аманаты әрдайым жарық сәуле: «Махаббатпен жаратқан адамзатты, (Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті» немесе «Бұл өмірдің қызығы махаббатпен,/ Көрге кірсең, үлгілі жақсы атақпен. Арттағыға сөзің мен ісің қалса,/ Өлсең де, өлмегенмен боласың тең», «Дәмі қайтпас, бұзылмас тәтті бар ма?/ Бір бес күннің орны жоқ аптығарға» (2/16, 21-бб).
(Жалғасы бар)