«ЫНТАЛЫ ЖҮРЕК СЕЗГЕН СӨЗ»
Ақылмен хауас барлығын,
Білмейдүр, жүрек сезедүр.
Хауас деген не?
Мекемтас Мырзахметұлына жүгінелік: «Абай шығармаларында хауас сөзі үш жерде, үш түрде кезігеді: Хауаси хамса заһири, хауас салим, хауас.
Хауаси хамса заһири – сыртқы бес сезім мүшесі: көру, есту, ұстап білу, дәмін тату, иіс арқылы сезу.
Хауас сәлим – осы сезімнің былғанбаған, табиғи таза түрі.
Хауас – бірінші мағынасы – ішкі бес сезім мен сыртқы бес сезімнің қосындысы, екінші мағынасы – Алланың сегіз сипатының қосындысы, үшіншісі – хауас деп Хәкім Жаратушының өзін айтады».
Яғни бұл екі қатар арқылы Жаратушыны ақылмен емес, жүрекпен сезіну арқылы терең біле алатынымызды меңзейді. Содан да бір өлеңінде:
Ақылмен ойлап білген сөз,
Бойға жұқпас сырғанар,
Ынталы жүрек сезген сөз,
Бар тамырды қуалар, – дейді.
Түркі ақындары «жүрек культін» жоғары қоятыны белгілі. Абай да өз тамырын тереңдете түседі.
Шын мәнінде, біз Кеңестік сана жадымызға енгізген еуроцентристік, затшылдық ұғымдардан, дүниенің көрінген сырларына бәйге жариялаудан әлі күнге арыла алмай келеміз. Кеңес өкіметі Шығыстық танымды жауып, Шығыс ақындарының сөздерін «басыңды дуалдың ең қаттысына ұр» деген сыңайлы күлкілі дидактикамен аударғаны мәлім. Осы тұста Хәкімді Шығыс ақындарының шәкірті деп айтсақ, жаңылыс емес. Ақын өзі медет тілеген Шығыс шайырлары дүниетанымын кеңейтіп, Түп иені іздеуге жол ашты. Мәселен, Шығыс ақыны Икбал Лахудидің мына бір шумағына қаралықшы:
Құшағын ашты жар,
Ей, пенде!
Құдайдың жұпар иісі бар сенде.
Құшағын ашты жар,
Жүректі қан, кірпікті жас шылар.
Өртенсең, ышықтан шырқырап,
Сол иіс бұрқырап,
Ғаламды мас қылар!
немесе атақты Мәулана Румидің:
Дене сұлулықпен, еркелікпен назданар,
Өйткені жан күш қуатын,
қолқанатын жасырған,
Жан денеге айтар:
«Ей, қоқыс, сен кімсің,
Бір-екі күн менің жарығыммен
өмір сүрдің,
Еркелігіңнен, назыңнан
дүниеге сыймаймын,
Күте тұр, сенен бір шығайын,
сосын көреремін..»
Міне, бұл – астары шексіздікпен шектескен шумақтар. Ал, Абай Хәкім не дейді?
Тотықұс түстес көбелек,
Жаз сайларда гулемек,
Бәйшешек солмақ, күйремек,
Көбелек өлмек сиремек.
«Көбелек» ұғымы, әлбетте, символикалық ұғым. Шамды айналған көбелек ұғымы Хафиз, Жәми, Аттар, Фирдоуси поэзиясында біршама көрініс тапқан. Мұнда ақын «көбелек» деп пендені, кәмәлаттылық іздеген инсанды айтып отыр. Осы өлеңнің екінші шумағына назар салалық:
Адамзатқа не керек:
Сүймек, сезбек, кейімек,
Харекет қылмақ, жүгірмек,
Ақылмен ойлап сөйлемек.
Әлбетте! Мұның бәрі – адамзаттың тағдыры, кешпек тірлігі, мехнаты. Және оны жүйелеп айтып отыр. Нұсқау беріп отыр. Сүймек деген? Сезбек не? Бұлардың бәрі – үлкен тақырыптың жүгі.
Әркімді заман сүйремек,
Заманды қай жан билемек?
Заманға жаман күйлемек,
Замана оны илемек.
Иә, «әркімді заман сүйремек». Уақыт ағысы, қоғам ағысы қызыл-жасыл жарығымен арбап, зауза жұлдыздай жылтылдап көңілді аудармақ, сананы санға бөлмек. «Заманға жаман күйлемегі де» рас. Өзі айтқандай «артын сақтап қалатұғын ақылды кісілер» аз. Заманға тұтқа кім болмақ? Берік тұтқадан ұстап, адамдық нұрға, Құдай жұпары аңқыған жүрегін биік парасатқа, мол қазынаға бас идірер кімдер болмақ? «Заманға жаман күйлемек, замана оны илемек». Замана ағымына иленген базар адамдары әуелі оңы мен солын танымаққа, өзін танырға, сонан соң ғаламды, Құдайды «көлеңкесіне қарап» танырға талпыныс жасамаса, расында, «оның атын адам деп бола ма?»
Абай сөзінің тереңдігі де, міне, осында: тамырының хақиқатпен, мәңгілік тақырыптармен жалғасып жатуында болса керек.
Батырхан Сәрсенхан