ТАРИХ ТҰҢҒИЫҒЫНАН СЫР ШЕРТКЕН ҒАЛЫМ
09.08.2019
1048
0

Шәкір ЫБРАЕВ,
филология ғылымдарының
докторы, профессор

Белгілі ғалым, жазушы Қойшығара Салғараұлының зерттеу еңбектерін қолға алып, тұтастай шолып қарағанда, алдымен ойға оралғаны – талдауға нысана етіп алынған ұғымдардың мезгілдік және мекендік өлшемдерінің мейлінше ауқымды екендігі. Бір шеті адамзаттың шығу тарихын Оңтүстік Шығыс Африкадан бастайтын археологиялық айғақтардан желі тартып, Египет (Мысыр), Жерорта теңізін көктей өтіп, Шығысқа қарай жол тартқан адамзат көшінің ізімен Қытайға дейін келсе, екінші жағынан Азияның солтүстігінен Америка құрлығына қарай із салған байырғы үндістердің көші-қонына ой жібереді.

Осылай өзара байланысып жатқан адамзат тарихының ескі сүрлеуі Тынық мұхитының ортасында болды деп жорамал­дан­ған Му, Атлантида жұртшылы­ғы­мен жалғасады. Тағы бір та­рап­тан Азиядан Еуропаға қа­рай көш түзеген ғұндардың ізіне түседі.
Жинақтай келгенде, ол – адамзаттың әмбеге ортақ жалпы тарихы, оның ішінде арғы тарихы болып шығады. Бұл ретте ға­лам­шарлық кеңістікпен және өрке­ниеттің бастапқы жай-күйі­мен бірге өрілген уақыт аясында зерттеушінің адасып қалу қаупі туындайды. Себебі, тарих­қа осылай келу – жалпы өрке­ниет тарихы үшін қолайлы болғаны­мен, жеке этнос (немесе этностар) тарихы үшін аса қиын шаруа. Атап айтқанда, түркі­лер­дің тарихын осыдан таратудың күрмеуі қатты, шешімі қиын, жауабынан сұрағы көп екенін ғалымдар жақсы біледі.
Алайда, солай екен деп, түр­кілерді арғы тарихтан шеттету­дің де жөні жоқ. Түптеп келгенде, бұл – ғылымның ақиқатқа көз жет­кізу қағидасына және со­ған сай ізденуіне қайшы келе­тін жағдай. Арғы түркі тарихына тереңдеп бару – бүгінгі тарих ғылымының күн тәртібіндегі ең маңызды мәселе.
Қойшығара Салғараұлы – осы тақырыпқа көптен қалам тартып жүрген ғалымдардың бірі, тақырыптың қиындығын ескерсек, бірегейі. Түркілердің тарихына Адам Ата мен Хауа Ана­дан бастап із салуға деген ұмтылыс – тұтастай алғанда, тарих төңірегіндегі біздің заманауи ізденістеріміздің мезгілдік ме­жесі. Оның дұрысы мен бұрысы – зерттеп-зерделейтін алдағы міндет.
Ал қолда бар деректерге жү­гін­сек, бұл тарапта ойланатын мәселелер аз емес екен және оған Қойшығара Салғараұлы­ның бүгінгі зерттеулері мұрын­дық бола алады. Шынтуайтқа келгенде, ғылыми тұжырым осындай жеке-дара ізденістерден басталып, артынан ортақ тұ­­ғыр­намаға айналатыны тә­жіри­беден белгілі.
Бір түптен таралып, ары қа­рай талай жердің суын ішіп, то­пырағын басқан бабалары­мыз­­дың тарихы – ұзақ жолдың, жүздеген ғасырлардың нәтижесі. Оны танып-білуге, әрине, ке­шен­­ді зерттеулер, іргелі ұмты­лыс­тар қажет-ақ. Қойшығара Салғараұлының зерттеулері бізді осыған зерделі көзбен қарау­ға шақырады. Сол арқылы арғы-бергі тарихымызды өр­кениет­ті ел тұғырымен игеруге жетелейді.
Бұл міндетті атқару үшін үй­реншікті жолмен жүріп, белгілі тұжырымдарды тізбелеудің абырой бермесі анық. Оның үстіне, арғы тарих бастауынан бізге жеткен мәліметтердің өзі де мардымсыз, көбі миф, жекелеген тілдік, археологиялық деректер ғана.
Міне, осындай қиындық­тар­ға қарамастан, ғалым мүмкін бол­ған деректерді нақты ай­налымға енгізіп, олардың мәнін дүние­танымдық деңгейге көте­реді. Бұл жолда тілдік мәліметтер және олардың байырғы мифологиямен байланысты этимоло­гиялық мән-маңызы басшы­лыққа алынады. Мұның себебі басқа дерек­терді қаперге алма­ған­дықтан емес, олар болмаған­дықтан да осылай.
Мұндайда ерте дүние тари­хының бірден-бір айғағы болып та­былатын мифке арқа сүйей отырып, оның рационалдық және иррационалдық табиғатын түйістіруден туындайтын дү­ние­­танымдық түсінікке жүгіну­ден басқа амал қалмайды. Қой­шы­ғара Салғараұлы мифке осы себептен де барған. Бара отырып, миф идеологиясының тәжіри­белік айғағы болып табылатын ғұрып­тық кешендерді (обрядовый комплекс) негізгі тірек етіп алған. Бұл, шынтуайт­қа келгенде, миф маз­мұ­нының көп өзге­ріске ұшы­ра­май, бас­тап­қы мәнін сақтап қал­ған белгілері болып табылады. Миф­тің ғұрыппен байланысты маз­м­ұны – оның байырғы за­ман­дағы дүниета­ным­дық және соған сай идеоло­гиялық қызме­тінің нәтижесі. Себебі, миф пен ғұрып діни идеоло­гиялық деңгейде ғана түйіседі.
Демек, ерте дүние идеологиясы болған мифтің мазмұнын ашатын сөздердің этимологиясы, олардың ғұрыптармен байланысты табиғаты біраз мә­се­ле­лер­дің айғақты дәлелі болатыны кездей­соқ емес. Бұларға ғалым­ның тарихи дерек ретінде жү­гінуі­нің себебі – осы.
Міне, мәселеге осы тұрғыдан келгенде, қыруар сөздердің этимологиясы, олардың ғұрыппен байланысты астары ерте дүние тарихымен түйіседі әрі түркілік түбір сөздермен мәндес болып шығады. Бұл пікірге немқұ­рай­лы қарауға болмайды. Ең бол­ма­ғанда, бұларды теріске шығара­тын дәлел керек. Ал ол болмаған жағ­дайда, қол сілтеп қоя салу жет­кіліксіз.
Қалай болғанда да, бұл мә­селе­ге теориялық және әдісте­мелік деңгейде назар аударуымыз керек-ақ. Бүгінгі дәстүрлі ресми тарих ғылымының дерек­тік дең­гейден көтеріліп, байыр­ғы заман­дар­дың идеологиясы мен рухани болмысына да үңіле­тін мезгілі жетті. Атап айтқанда, антрополо­гияның екі бағыты – физикалық (биоло­гиялық) та, мәдени немесе әлеуметтік те негіздемелері бұл жерде назарға алынуы тиіс. Онсыз тапталған жолдан шығу мүмкін емес.
Қойшығара Салғараұлы Еги­пет, Месопотамия, грек, роман-герман мифтеріне жүгіне отырып, уран, гея, рея, гера, де­метра, оргия, осирис, гор, ра, т.б. сөздер­дің мифтік ұғыммен және ғұ­рып­пен байланысты мәнін түркілік түбір сөздермен түсіндіреді. Осы орайда соляр­лық және лунарлық миф­тердегі егіншілік құдай­ларын да, байыр­ғы тайпалардың тотем­дік, соляр­лық, лунарлық атауларын да, күн тектілер мен ай тектілер және олардан тарайтын халық­тар­дың тіліндегі сөздердің мағынасы мен қызметін де бір қатарға қойып қарастырады. Нәтижесі қызықты, ұқсастықтар өте көп және оларды кездейсоқ деуге келмейді.
Әрине, ғалымның этимоло­гиялық талдауларына түгелдей қосыла алмаймыз. Онда ұшқа­ры, әлі дәлелдеуді қажет ететін тұ­жы­рымдар да кездеседі. Әсі­ресе, этимологияның әдіс-тә­сіл­дері, фонетиканың заңды­лықтары, сөзжасам қағидалары сақтала бермейді. Оларды толықтыру аса маңызды, себебі көп мәселе осыларға келіп тіре­леді. Мәселен, күннен тараған­дар – ас, айдан тарағандар – ман тайпалары (халықтар) деген тұжырым жет­кілікті дәлелден­беген. Бұған венгер халқының ми­фінен мысал келтіріледі. Алай­да ас пен ман сөздерінің өзі онда жоқ. Бұл халықтар нақ­тылы осындай атаумен қай жерді қашан мекен­дегені туралы айғақтарды керек етеді.
Осыдан келіп ман (ң) + құл, яғни, ман халқынан бөлініп шыққан және олар құл атан­дыр­ған халық деген дәлелдемеде сөз этимологиясын зорлықпен созу бар. Тұтас бір этностың атауына жорамал түрінде айтуға болар, бірақ түпкілікті негіз етіп алуға әлі ертерек.
Дей тұрғанмен, түбінде түр­кілердің арғы тарихын адамзат тарихының көшімен сабақтас­тыратын болсақ (солай болуы тиісте), онда бұл мәселеге қайта оралатын боламыз. Себебі, осы сөзден туындайтын атаулардың түбірінде ел мен жер аттары тұ­нып тұр (ман-кент, ман-сары, маң-қыр, маң-қыстау, ман-ащы, маң-құт (маң-ғыт), түрік-ман, най-ман, ер-ман, қара-ман, сары-ман, ақ-ман, т.б.). Бұл кез­дей­соқтық емес.
Қойшығара Салғараұлының кітаптарын парақтап отырғанда, маған «біздің тарих ғылымымыз әрі кешенді, әрі еркін ізденістерге қашан барар екен?» деген ой кел­ді. Меніңше, бұл ғылымның әзір­ге таптаурын болған жолдан шыға­тын түрі жоқ. Оның ең басты көрсеткіші – фактология бар, бірақ рухани-идеологиялық аспектісі ұмыт қалған. Бұл кеңес­тік идеология қанатының астында қалыптасқан ғылыми өрісі­міздің шектеулі екенін көрсетеді. Ғылымда, мейлі, ол теориялық жағынан болсын, мейлі, ол әдіс­темелік жағынан болсын, ойлау еркіндігі болмайынша, тыңнан жол салынбайтыны – дәлелдеуді қажет етпейтін тұжырым.
Ал бұл жағдайды бұзатын, сеңді қозғайтын әрекет Қой­шы­ғара Салғараұлының ізденісте­рін­де бар. Адамзаттың арғы дәуі­рін археологиялық, мифтік, ғұрыптық, тілдік деректерден бастаған ғалым одан бергі дәуір­лерді табылғанына қарай тарихи деректермен, нақтылы мәлімет­термен сөйлетеді. Осыған қарап тарихтың кешенді түрде зерттелуі деректердің сипатына, қолда бар мәліметтерге қарай жүргізіле­тініне көз жеткізесіз. Тұжырым мүмкін болған айғақтарға ғана сүйенеді. Арғы тарихтың сөз этимологиясынан таратылуы­ның басты себебі – осында.
Сан мыңдаған ғасырлардың тарихын бір адамның таратып беруі мүмкін емес. Бұл мәселеде тарихшылар, мәдениеттану­шы­лыр, археологтар, тілшілер, этнографтар, антропологтар, әлеу­мет­танушылар мен өнер­тану­шылар бірлесіп тізе қосуы шарт. Сонда ғана ортақ бір пәтуаға келе аламыз. Ал әзірге мұндай істің басы-қасында жекелеген энтуазиастар ғана жүр.
Қойшығара Салғараұлы – осындай бір үлкен істің басында тұрған, өз ісіне жан-тәнімен бе­рілген, аянбай еңбек етіп жүрген ғалым. Қазақтың тарих ғылымы жақын болашақта әлемдік ғы­лы­ми ізденістердің нәтижелерімен өрелесетіні даусыз. Мұны, бір жа­ғынан, теориялық және әдіс­те­мелік тұғырнамаға қатысты десек, екінші жағынан, түркілер­дің арғы тарихын адамзат тарихымен сабақтастыруға, ол үшін ғасырлар тұңғиығына тереңдеуге тиесілі ұғым деп түсінеміз.
Қойшығара Салғараұлының зерттеулері осы айтылғанның соңғысымен үндесіп жатыр. Бұл бір ғалым үшін аз шаруа емес. Мұ­ны жеке тұлғаның ғылыми мис­сиясының толық орын­далғаны деп білеміз.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір