«МЫҢ ҚОЛ» ЕМЕС!
09.08.2019
1694
0

Қазаққа есім-сойы әйгілі Хасен Қожа-Ахмет мырза бүгін мерейлі 70 жасын қарсы алып отыр. Өзіне хабарласып, ұлт мұраты жолындағы бөрісырғақ жортуылдары мен күрестері туралы жазып, жұрттың саяси жадын бір сілкіп алайық деп едік, күлді, күліп отырып сыпайылап қана алыс-жұлыстан, тартыстан шаршағанын білдірді. Ол қазір 1970-90 жылдарды қамтыған саяси майдандардағы жалғыз жорығы мен елдің есіл тағдыры үшін қатарынан үш рет абақты көрген күндеріне салауат айтып, өзінің сүйікті ісі шығармашылықпен айналысып, тарихи зерттеулер жазып, оңаша жүр. Бәлкім, алысты болжап ойлайтын тұлға бұл жолды да күрескерлік жолының жалғасы ретінде таңдап алған болар. Сондықтан бізге, «Қазақ әдебиетіне», «Мың қол емес!» деген мақаласының жарияланғанын жөн көрді. Осы арада автордан кешірім сұрай отырып, мақаланы ықшамдап бергенімізді ескертеміз. Ықшамдау барысында, автордың «Моңғол» сөзінің мағынасы жайында Рашид ад-Диннің «Жами` ат-Тауарихынан» бастап бұрынғы-соңғы тарихшылардың еңбектеріне тоқталып, «ғол» сөзінің Алтай-түрік елдеріндегі, тіпті, ағылшын тіліндегі мағынасына дейін сараптай келіп, «моңғолдың» мың қол емес екендігін дәлелдеп шыққанын айтқымыз келеді.

… Ә.Тарази Қытай императоры б.д. дейінгі 214 жылы елінің солтүстігіне 44 бекініс салып, оған кілең бұзық, қылмыскерлерді орналастырғанын, олар әлгі қамалдарды тастап, қытай қалаларын тонағаны жайында баяндап: «Бұлар өздерін «мың қолмыз» деп атады, біз «мың жауынгерміз», – депті. Содан бастап Қытай тарихында «мыңқол» деген сөз солтүстікте тұратын адамдардың атауы болған және қазіргі Моңғолия деген жердің аты «Мың қол елі» деп аталып кеткен еді, – дейді Н.Бичурин», – деп жазады. Сөйтіп, қазіргі моңғол аталып отырған елдің түбін қытай қылмыскерлерінен шығарады. Бірақ біз Бичурин түпнұсқасынан мұндай деректі таппадық.
Бір қызығы, «моңғол тайпасы болған» деушілер моңғолдардың (және 44 бекіністегі қытайлардың) өз елатауына неліктен «мың қол» (моңғол) деп түркі сөздерін пайдаланғанын түсіндірмейді. Сондай-ақ, қазіргі қазақ тіліндегі әскерге қолданылатын «қол» сөзі – нақты қандай, қанша санды қарулы күшті – полкты (бөлікті) я ротаны (ортаны), әлде мың жауынгерді білдіретіні белгісіз абстракциялық атау. Зерттеушілердің бірі «мың қол» сөзін «көп» мағынасында түсінсе, бірі «сол жерлерде көшіп жүрген саны аз ғана тайпаның аты», – деген. Қазір «бас қолбасшы» деп бүкіл мемлекет­тегі әскери күштердің басқарушысын атасақ, ал қолбасшы (қолбасы) – жалпылама атау, қанша жауынгерге басшылық қылатыны белгісіз. Ендеше, «мың қол» дегендерін «мың армия» деп түсіну керек пе, әлде «мың жауынгер» деп пе? Шыңғыс хан мемлекетін құруға мың жауынгер тым аздық етсе, ал оның «мың армиясы» болуы тарихи шындыққа қайшы.
Негізінде, жұртшылыққа мұндай пікірді айтардан бұрын, зерттеуші, біріншіден, сол заманда осынау сөздер болды ма әлде болмады ма?; екіншіден, егер болса, ол сөздің мағынасы дәл бүгінгідей мәнде қолданылды ма әлде басқа болды ма?; үшіншіден, мұндай атау сол тарихи оқиғаға сәйкес, қисынды айтылды деуге келе ме? – деген мәселелерді айқындап алуға тиіс. Мысалы, 1206 жылғы құрылтайда одақтасқан тайпалар өздерін «мұңды құлмыз» я «мөңкиміз», т.б. деп атауы қисынға келмейді. Жарайды, «мың қол болдық, көп болдық», – деуі мүмкін делік. Бірақ, Шыңғыс хан өз әскерінің «өте көп» екенін сан арқылы білдірмек болса, тілдік қорында бар «түмен» сөзін қолданар еді ғой!?
Кітабымызда («Ғасырларға жалғасқан жаңсақтық» кітабын айтып отырса керек. – ред), «мың» сөзінің алтай тілдік тобына жататын халықтардың барлығында дерлік бар екенін айтқанбыз. Ал бүгінде біз қолданып жүрген «қол», «қолбасшы» сөздері бұрын әскер мағынасында түркі тілінде де, қазір «моңғол» атанған халықтың тілінде де болмапты. «Ғол» деген сөз болғанмен, ол «орта» (центр) деген мағынаны берген (үйдің ортасы, жол ортасы, өзеннің мұз қатпаған ортасы, т.б. дегендей). «Орталық» сөзі қалмақ тілінде ҺОЛ, ал қазіргі моңғол тілінде ГОЛ (синонимдері: төв, тэг, дунд, хүйс) делінеді. Шыңғыс хан кезінде бұл сөз үш бөліктен тұратын әскердің де (армияның) «орталығын» атауға анықтауыш сөз ретінде қолданылған екен (барон ғар – оң қанат, жоун ғар – сол қанат, ғол – орталық). Қазақ халқын құрушы түркі руларының басым көпшілігі Алтайдың арғы жағына барып келгендіктен, «ғол, қол» сөзінің бастапқы «ағаш» мағынасы қолағаш, қалама, қала, қоламта, күл, ортан қолды сөздерінде сақталған, ал «су ортасы» мағынасы көл, Нарынқол сөзде­рінде бар. Славян тілінде «гол, кол» сөзі­нің ағаш мағынасында қолданылуына мысал көп екенін көрдік, ал «орталық» мағынасында кездестірмедік.
Қорыта айтсақ, «Ғол, қол» сөзі тікелей әскер ұғымын беретін сөз ретінде Орталық Түркістанда да, қазақ, татар, ноғай рулары шыққан «мәңгіелдік» шығыс түркілері, я тұңғыс тілінде де ХІІІ ғасырға дейін қолданылмапты. Тек өзге нәрселерге «ортасы» деген анықтауыш сөз ретінде болған екен. Ал «орталық» сөзі әскерге қатысты «ғол, қол» түрінде көне жазбаларда кездеспейді.
Кітабымда «моңғол» атауының «менгу ел» (мәңгі ел) сөзінен шыққаны туралы пікірімді Түркі қағанаты халқының мәңгі ел болу идеясы, арманы болғанына негіз­делген деректі Күлтегін ескерткішінен (бенгу ел тұтып олыртачысың) оқып білген­нен соң айтқан едім. Ал «мың қол» деушілердің еш дерексіз, тек өзінің негіз­сіз долбарына өзі сеніп, елді жаңылдыруы – кешегі ата-бабалар тарихына, бүгінгі, келешек қоғамға зиян іс.
Тарихтан белгілі: Шыңғыс хан әскерінің құрамындағы мыңдықтар әр сай-саладан емес, әр рудан құрылатын еді және бір рудың өзі-ақ бірнеше мың әскер шығарған. Шыңғыс хан Сарт ауыл (Орта Азия) жорығынан оралып төрт ұлына, әйелдерінің ордаларына енші бөлген кезде әскері 129 мыңдықтан тұрған екен. Егер «моңғол» атауы сандық өлшемге қатысты болса, мемлекет (қазіргі Моңғолия халқы) «мың қол» емес, «түмен қол» (Түменқолия) деп аталар еді.
Сонымен, Шыңғыс хан мемлекетін құрған халықты (қият, жалайыр, найман, керей, қоңырат, т.б. түркі руларын) «монгол» атап алған орыс зерттеушілерінің көпшілігі оларды қытай деректеріндегі тұңғыстың менъу, мэнву тайпаларына балап шатасса, ал өз зерттеушілеріміз, «моңғол» атауын терең талдамастан, қисынға келмейтін түрлі өрескел сөздерден шығаруда. Таңқаларлық жай – «моңғол» атауын тұңғыстық менъу, мэнву тайпаларының аттары дейтіндер мен оны «мың қол» дейтіндер бір-бірімен еш айтыспайды!
Егер Шыңғыс хан мемлекеті «мың қол» сөздерінен тұрса, әр қайсысы бір буынды осы екі сөз қытайдың екі иероглифімен берілер еді. Бірақ, қытай деректерінде «Да Мен-гу го» (қазіргі тілімізде Ұлы Менгу елі, «го» қытайша мемлекет, ел) деп төрт таңбамен берілген. Ал басқы «Да» («еке» немесе «ұлы») сөзін алып тастасақ, қалған үш иероглиф «Мен-гу го» үш буынды «мәң-гі ел» деген сөздер. Осылайша Шыңғыс хан мемлекетінің атын жазған иероглиф саны да оның «мың қол» деген екі буынды сөзден емес, «мәң-гі ел» деген үш буынынан екенін көрсетіп тұр. Сондықтан тарихымызға қатысты абайлап сөйлейік.

Теміржолды Қожа-Түрк


Алмас қылыш
(Халқы үшін басын сан рет қатерге тіккен, нағыз қаһарман Хасен Қожа-Ахмет 70 -ке толғанда)

Демегін өткен тарих – бұлыңғыр күн,
Жас ұрпақ түсіне біл мұңын жырдың.
Еліме қанды жара салып кеткен,
Кешегі қызыл тулы «қызыл қырғын».

Сырғыған одан бері көп жыл өтті,
Әлі жүр бет-перделі небір епті.
Кеңестік саясатқа қарсы тұрған,
Көрмедім дәл өзіңдей Ержүректі.

Тайсалмай Генсектен де, Мәскеуден де,
Бұрқанды азат ойлар жас кеудеңде.
Сынбадың қамағанда сан түрмеге,
Сұм билік «ұлтшыл!» деген ат бергенде.

Ел үшін бар қатерге шыдаған бас,
Жарқ етіп қашандағы шығар алмас.
Кеңестік режимге қарсы тұрдың,
Мәскеудің саясатын сынап алғаш.

«Ұлтының нағыз қайтпас қайсары», – деп,
Келешек талай аңыз айтады көп.
Өзіңе итше үріп жүргендер көп,
Зымиян саясаттың «сайқалы» боп.

Қосылмай содырға да, тобырға да,
Бәрінен тұрғандайсың өзің дара.
Алаңдап ел мұңына – көңіл нала,
Ақ ормандай шашыңның бозын қара.

Қоғамдағы былықтың бәрін-бәрін,
Бетіне айттың биліктің, жағынбадың.
Кешегі көп «белсенді» лағып кетті,
Тек, өзің бағдарыңнан жаңылмадың.

Намыссыз, дауа бар ма «сайқалдарға»?
Шындықты жеме-жемде айта алған ба.
Қасқайып тұрдың елдің сөзін сөйлеп,
Жалт беріп ұраншылдар тайсалғанда.

Қашанда жетелейді өрге жігер,
Шын асылдың бағасын ел де білер.
Кім не десе, о десін, бір анығы,
«Мыңмен жалғыз алысқан» сен – нағыз ер.

Қызметте өсер ең, өсем десең,
Шалдықпадың даңққұмар кеселге сен.
Кім не десе, о десін, жарасады,
Шешен десем, өзіңді, көсем десем!

Бүгін қалай өр ұрпақ қалмақ тыныш,
Алаш үшін бастаған жалғассын іс.
Намысшылдар жігерін қайрап әркез,
Жарқылдай бер әлі де, Алмас Қылыш!

Шаяхмет Оразымбекұлы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір