Мирас МҰҚАШ: «ҮЛКЕН МЕКТЕП – ӨМІРДІҢ ӨЗІ»
09.08.2019
1574
0

– «Иә, өмір салттары өзгеше. Және бұлардың әжелері де – қала­лық қой…» деген жолдар бар әңгі­меңізде. 90-жылдары жаппай урбанизациялану кезеңінде ауыл тұрғындары қалаға ағылып, ризы­ғын іздеді. Бірақ, меніңше, сол халық қалалық өмірге толық бейім­деле алмаған сияқты. Жалпы, бізде қала психологиясы қа­лып­тасып үлгерді ме?
– Бұдан он жылдан аса бұрын жазылған «Жер мен көк» деген әңгімемде осы жәйттің шет жағасын айтыппын. Мұнда:
«…Бірақ күндердің күнінде бұлар мекендеген көрікті шахтерлер қалашығы да бомба түскендей біртіндеп қирауға айналған. Тұрғындары күн сайын үдеріп көше бастаған. Өйткені мұндағы екі үлкен шахтаның екеуі де жа­былған еді. Сөйте-сөйте, пошта үйі де жұмысын тоқтатты. Қазір оны да бұзып алып жатыр». Сөз – атамекеніміз Ақшатау деген кеніш туралы еді. Кезінде әлемде сирек кездесетін металдар шы­ғар­ған өндіріс ошағы. Осындағы өзге ұлт өкілдері жер жүзінің түкпір-түкпіріне аттанды. Америка, Австралия, Германия, Израиль, Ресей, Украина, Белоруссия асқандары бар. Ал жергілікті жұрт­тың көпшілігі іргелес Қара­ған­ды мен Теміртау, Балқаш қалаларына ауысты.
Айтпағым, осы көрініс Қазақ елінің талай жеріне тән.
Жалпы, «қала психологиясы» дегенде алып өндіріс ошақтары, ірі индустрия, үлкен құрылыс орындары, қасаң тәртіп, реттілік, қарбалас тірлік елестейді. Мұн­дай қалада арқаны кеңге салып, босаңси алмайсың. Ал бізде болса, айнала төңірек кілең сауда-саттық, жаппай базар… Ауылдан келушілердің дені жеке көлік­тері­мен кісі тасумен айналысады, тіршілік күйттеп, өзге де ұсақ шаруамен шұғылданады. Негізі­нен, өз еріктері өздерінде. Сол себептен, әлі де өтпелі кезеңде жүр­міз бе деп пайымдаймын. Әзірше қазақ ортасында қала психологиясы бекіп болды дей қою қиын.
– Әйтсе де, әңгімеңіз жылы аяқталыпты. Негізгі кейіпкерлерге оралуыңыз да әсерлі. Аяулым әде­мі келіншек болыпты. Аман табыс­ты кәсіпкерге айналса керек. Ал қатыгез Малик қайда? Оқырман Малик туралы да білгісі келеді.
– Малик те сол шағын бизнес саласына кеткен секілді. Есейген кезде ұшырасып қалған сәттері­міз де бар. Бұлар – «отырықшыл­дық­қа» бұрынырақ бейімделген нағыз қала балалары ғой. Әке-шешесі бас пайданы күйттеуге ерте баулыған, таныс-тамырға сүйеніп, қулық-сұмдықпен сыбайласа тіршілік кешуге әуелден төселген ағайындар тобынан. Ал анау безбүйректік, өлермендік мінезінің бұл кәсіпте тигізген пайдасы да ересен болуы ғажап емес. Өйтпесе, өзінен де өткен азу­лы бақталастары «жұтып» қоя­ды. Ал істерінің ғұмыры қан­шалықты ұзақ болады – ол басқа мәселе шығар…
Жазушының көздейтіні, не­гізі­нен, ізгілік идеалдары болса, мұндайда Малик сияқты кейіп­керлерді аттап өте алмай­сың. Оны қойып, қоғамда небір қаны­пезер баскесерлер де жүреді. Бірақ олар да аспаннан түскен жоқ, қоғамның өз «жемісі». Зұлым­­дықпен, әділетсіздікпен арпалыса жүріп, сондайлармен қатар ғұмыр кешуіңе тура келеді. Өйткені өмірдің өзі қатыгез.
– «Аула» әңгімесінде нәзік ли­ризм лебі сезіледі. Меніңше, жазуды поэзиядан бастаған секіл­дісіз?
– Жоқ, жазуды өлеңнен бас­тадым дей алмаймын. Қайта, осы Поэзия әлеміне дендеп кіре алмай жүргенімді кемшілігім бе деп те ойлап қоямын. Өлеңді жазу бір басқа, жақсы жырды сүйсініп оқуға деген құмарлық­тың өзі таптырмайтын ғажайып қасиет сияқтанады.
– Әңгімеде «қосмекенді» бала­лық көрініс табады. «Жазушы болу үшін бақытсыз балалық шақ керек» деген пікірмен келісесіз бе?!
– Қарап отырсам, осы күнге дейін «қосмекенді» секілдімін. Әрине, ірі шаһарда туып-өскен­діктен, кейбір «қалалық» әдет­терім болуы мүмкін. Бірақ бәрібір бүйрегім ауыл жаққа көбірек бұрады. Ол мінезімді кейбір қалалық ағайындарым­ның онша түсінбей де қалып жа­та­тын кездері бар.
Ал жазушылықты «бақытсыз балалықпен» байланыстырудың қаншалықты сәтті екенін біл­мей­мін, дегенмен, қаламгерге мазмұнды, күрделі өмірбаян қажет екені даусыз. Біз, әдетте, жан жарамызды ешкімге көрсет­пеуге тырысамыз, ол дұрыс та шығар. Тек шын жазушы: мен өзім керемет бақыттымын, төрт құбылам сай, қалған елдің мұң-қайғысында шаруам жоқ деп отыра алмайды ғой. Жазу үстінде қаны сорғалаған шындығыңды айтпай, көлгірсіп, ертегі айтуды әдет қылсаң, сөзіңе кім сенеді. Қаламгердің түрлі қайшылықты жағдайларды жан-жүрегінен өт­кізуі маңызды ма деп ойлаймын. Қарап отырсақ, әйгілі жазу­шылар­дың қай-қайсының да өмірлері қайшылықты екенін көреміз. Мысалы, зерттеуші Валерий Гейдеко: «Мир Бунина трагичен. Но по-своему трагичен и мир Чехова. Бунин раскрывал драматичность бытия трагически-возвышенно. Чехов обыденно и «заземленно», – депті. (Гейдеко В.А. А.Чехов и И.Бунин. – М. «Советский писатель», 1987 г. Ст. 191).
Қазақ әдебиетінің Алтын дәуірін жасаған өзіміздің атақты алпысыншыжылдықтардың балалық шағы да соғыс тұсына сәйкес келіп, тас шайнап өскен ұрпақ екені белгілі. Олар өртеңге өскен гүл секілді өз басынан өткерген саналуан өмір көрініс­те­рін қалам ұшы арқылы халық қазынасына айналдырды. Бәл­кім, «бақытсыз балалық» деген­нің жемісі сол ма екен…
– Жазушылар одағындағы бір отырыста жазушы Молдахмет Қаназ «Тынымбай ауыл әңгімесі­нен бүгінде адамзаттық тақырып­қа көтерілді», – деген сөз айтты. Жалпы, адамзаттық ойлау дегені­міз, сіздіңше, қандай ұғым?
– Меніңше, адамзаттық тақы­рып деген қарапайым ғана нәрсе. Ол үшін керемет бір асқақ ұғымдарды іздеудің ешбір қажеті жоқ. Біз де мынау алып Жер планетасындағы өзге де халық­тар­мен тереземіз тең елміз. Егер қазақ жазушысы нағыз Қазақ болмысын, Қазақ табиғатын мейлінше шебер көрсете алса, әлемдік әдебиетке қосылған үлес деген – сол. Айталық, біз баспана мәселесі, жұмыссыздық ахуалы тек қазақ халқына тән деп ойлауымыз мүмкін. Ал мұндай діл­гірлік өзге елдерде де, мәселен, Норвегия прозасында көптеп кездеседі. Қазақ бастан кешкен мұңды әлемнің басқа түкпірінде тұратын халықтар да кешіп отыр. Яғни адамзаттың мұң-мұқтажы ортақ. Тек тіршілік бояулары, өмір салты бөлек-бөлек. Ал қазақ жазушысының суреткерлік қолтаңбасы әлемдік қауымдас­тық назарына қалай жетеді – ол да басқа әңгіме.
– Жазушылар жайында «Әуе­зов мектебінің өкілі», «Бейімбет Майлин мектебінің өкілі» деген секілді пікірлер айтылып жатады. Сіз өзіңізді қай мектептің өкілімін деп есептейсіз?
– Бұл тұрғыда мені Жүсіпбек Аймауытов шеберлігі тамсантады. Одан өзіміздің алыптар тобынан бастап, бертінгі Әбіш Кекілбаев, Сайын Мұратбеков, Мұхтар Мағауин, Төлен Әбдік, Әкім Тарази, Тынымбай Нұр­ма­ғам­бетов… ағаларымыздың бәрін де үлкен ұстаз тұтамын. Әлбетте, шама келгенше, белгілі әлемдік әдебиетке де көз қиығымызды салуға тырысамыз. Мұндайда, әрине, жиі аталатын Оноре де Бальзак, Николай Гоголь, Гюс­тав Флобер, Иван Тургенев, Лев Толстой, Федор Достоевский, Герберт Уэллс, Томас Манн, Франц Кафка, Уильям Фолкнер, Максим Горький, Альбер Камю, Габриэль Гарсиа Маркес, Эрнест Хемингуэй, Рюноскэ Акутагава… есімдері ойға оралар еді. Өз ойымша, осылардың ішінен Джек Лондон шығармалары қазақ табиғатына мейлінше жақынырақ сияқты. Сондықтан, мүмкіндігінше, осы кісіге кө­бірек ден қояр едім. Десек те, шығармашылықтағы басты ұстаз – өмірдің өзі шығар.
Ал дәл қазір маған «мен мынандай мектептің өкілі­мін» деу кішкене әбестік болар. Үлкен Әдебиет әлеміне жаңадан ғана бет бұра бастадық қой. Іздену үстіндеміз… Әрине, бұл бағыт­тағы пікіріміз әлі талай өзгеруі де ғажап емес…
– Болашақты жазу деген не?
– Сұрақ сәл түсініксіздеу екен. Ал мұны «жазушы не үшін жазады?» деп ұқсақ, орыс жазушысы Юрий Казаковтың:
«…сенің қолыңда ақиқат пен сөз құдыреті бар. Сондықтан өз сәтсіздіктеріңе, ісіңнің манды­мағанына қарамай, ерен ерлік жасап, жұртты қуантуың керек, өмірдің жақсара түсетінін жа­лық­пай айта беруің керек!» – деген сөзі ойға оралады. Адамзат баласы, жалпы, қай жағынан бол­сын, жан-жақты жақсара тү­суі керек. Нағыз әділетке, адал­дық­қа, шынайылыққа ұмтылуы қажет. «Ізгілік дегеніміз – шындық», – дейді Василий Шукшин. Әйтеуір, Әдебиет ең алдымен Ұлттық мүддеге қызмет етуге тиісті деп санаймын. Өйткені мұңымыз басым елміз. Әрқайсымыз, шама келгенше, халқымыздың кемел келешегі жолында адал қызмет етуге тиіспіз деп ойлаймын.
– «Жетім шал» атты әңгімеңіз шығармашыл ортаны селт еткізіп, көпке танылуыңызға себепкер болды. Бүгінде өндіріп жазып жүрсіз бе?
– «Жетім шал» дүниесін он жасымда жазып ем. Ол да күнделікті өмірден көріп-білген, ойға түйген жәйттер болатын. Әрине, бастапқыда әңгіме жаза қояйын деген ниет болған жоқ, тек жанымды тербеп, қатты толғандырған бір көріністі дәптерге түсіріппін. Шағын ғана нәрсе. Соны бірде әкем кездейсоқ көріп, таң қалыпты. Кешкісін мектептен келсем:
– Мынаны өзің жаздың ба?! – деп сұрайды.
Ол әлгі жағдайды өзі де күнде байқап жүрген ғой.
– Иә, өзім жаздым…
Қуанып, соны ертеңіне бел­гілі газетте қызмет ететін танымал бір ағамызға көрсеткен екен, о кісі:
– О-о! Мынау керемет қой! Ертең балаңның фотосын алып кел, газетке міндетті түрде шы­ғарамыз, – депті.
Содан, әдейі барып суретке түстім. Іштей қатты масаттандым. Өкінішке қарай, әлгі аға­мыз істі аяқсыз қалдырды. Әне-міне деп ұзақ күттіріп жүріп, ха­бар­сыз кетті. Сөйтсек, ол артынан «әй, осыны балаға әкесі жазып берген-ау» деп күдіктенген секілді. Онысын әкем де аңда­ғандай. Бірақ соңына түсіп қазған жоқ. Ренжіп, қолын бір сілтеді де қойды. Тек маған:
– Сен ештеңені көңіліңе алмай-ақ қой. Ондай-ондай болады. Түсінбесе, неғыласың. Жазуды жалғастыра бер, ақы­рын­дап оқы, ізден, – деді.
Әйткенмен, ұзақ уақыт мүлде қалам ұстамай кетіппін. Бетім қайтып қалды. Үлкендердің алдамшылығы қатты опындыр­ған еді. Сөйтіп, ол әңгіме әбден есейген кезімде бір-ақ жариялан­ған. Міне, оның осындай «тарихы» бар…
Сұраққа келсек, қазір өндіріп жазып жүрмін деп айта алмаймын. Тіршілік түйткілдері қол байлайды. Бәлендей бап тілей қоймасам да, жазуға да белгілі көң­іл күйі қажет сияқты. Әй­теуір, жүректе пісіп жатқан ойлар жоқ емес.
– Футболшы Аман, қатыгез бала Малик сіз әңгімелеген аулада болған балалар ма, әлде қиял­дан туған кейіпкерлер ме?
– Бұл кейіпкерлердің бәрі өмірден алынған.
– Алда жаңа жинақ шығару ойыңызда бар ма?
– Ондай ойлар бар ғой. Дегенмен жиі-жиі кітап шығаруды мақсат тұтпаймын. Ретіне қарай көре жатармыз. Бізге алдымен мәртебелі оқырман құзырына ұсынатын шығарма сапасына баса назар аудару керек болар.

Сұхбаттасқан
Батырхан БӨРІХАНҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір