Құдай. Адамдар. Әдебиет
06.08.2019
1516
1

Игілік ӘЙМЕН

Құдай – Бар, – Бір. Бар ғаламды жаратушы – бірін жасап, бірін өшіруші де – Құдай. Ол – шексіз, шексіздіктің иесі.
Адамдар. Адам – Құдайдың жаратқан шексіз ғаламының бір бөлігінің бөлшегі немесе құмның қиыршығы ғана, – шек­теулі. «Қалай, қанша уақытқа дейін жа­рат­ты?» – бұл жағы, Құдіреті күштінің өз ырқында. («Шектімен – Шексізді өлшеп біле алмайсыз» – Абай-һәкім ата). Сайтан мен Періштені екі жағымызға қарауылдатып қойды. Қалай, қайтіп, қай­да бұрыларсың? Не істерсің? Періштеге қолымызды созсақ, Сайтан аяғымызға жармасады…
Бұ пәлсапамызды не үшін айтып бағу­дамыз?
Әдебиет. Әдебиет – Құдайдың мың-сан аттарының бірі де бірегейі. Біз пақыр, бір сөзімізде айтқан да екенбіз: «Әдебиет – Жаратушы Иеміздің көркем келбеті», – деп. Бұл сөзімізге қарап, біреу-міреулер: «Сонда… көркем келбеті қандай екен-ә?» – деулері де мүмкін ғой. Онсыз да, «Құдай­дың түрі-түсі қандай екен, ауызы-мұрыны, көзі-құлағы бар ма екен өзінің, – деп жүр­ген пысықайлар жетерлік қой. Біз, «көркем келбеті» дегенімізде, Құдіреті шексіз жа­рат­қан жалғыз Иеміздің – ІЛІМІНЕН шығып айтып отырмыз. Білім (Ғылым) мен Ілім (Ісләм) – тектес болса да – екі бөлек дүние. Әдебиет – ғылымға жатпайды, – ілімнен. Біз пақырдың: «Шығарма – Құдайдан шыққанда – соңғы іліммен тексерілгенде, соған сәйкес келгенде ғана барып ТОЛЫҚ делінеді», – деуіміз де осыдан.
Олай болса, неге онда, біздер Әдебиетті олай да бұлай тартқылаймыз? Құбылтарға ойнатарға құмар боп тұрамыз? (Орнымен – жөнімен болса бір сәрі ғой).
«Құдайдың мың-сан аты бар», – дедік қой; сол сияқты, Әдебиеттің де – «Құдай­дың көркем келбетінің» – сандаған түр­лері, бөлік-бөлшектері бар. (Бөліп-бөл­шек­теп алған өздеріміз). Мысал етелік: Құдайдан жеткен әдебиет – Құдайдың көркем келбеті – «таза, жоғары дәрежелі көркем әдебиет». Одан кейінгілері – «тарихи немесе шежіреәуи әдебиет»; «тұрмыс­тық мелодрамалар»; «сарайи интригалар һәм махаббати хиссалар»; «деректі жазбалар, көркемдетілген эсселер»; бұрынды-қазіргі «көбіки бестселлерлер», тіптен, «әуесқой әдебиет», т. т. т. Жоғары дәрежелі таза көркем Әдебиетке – «кімдер, нелер» жатар еді-ау? «Мыналар» деп тізбелеп, айтып жату ыңғайсыз іс. Құдайдан басқа ешкім де – адам баласы түгел айта бер­мей­ді ғой. Бірақ-та, «е-е, осылар болса керек-ті» деп, өздеріңіз – һәркімнің ой­ланып-сезінгені абзал болар шамасы. Енді, Абай-һәкім атамыз айтып кеткенін­дей – «болмасаң да ұқсап бақтар» бар, одан кейінгі «ұқсаңқырап» келе жатқандар бар, – бұлар жайында әңгіме басқа…

Неге – неліктен?

Біз пақыр, бір күш итермелеп пе екен, – негізінен қара сөзге – прозаға бейім болсақ та, – едәуір сыни-зертнә­ма­лар жазып тастаппыз. Соларымыздың ішіндегі қарымдысы да қарсылықтысы – «Ұлы әдебиеттің ұлық аманаты», «Ақын­дық­тың белгісі немесе анық ақын кім?»; «Анна Каренинаның күнәсі немесе Лев Толс­тойдың қатесі», ««Қан мен тердің» өтемі?..», «Қай «Парасат»?..», т. т. болып шыққандай-ау. Неге, неліктен?..
Біз «Жоғары дәрежелі шынайы Әдебиет (Құдайдың мың-сан аттарының бірі де бірегейі – көркем келбеті) – сол Құдіреті күштінің өзінен де сөзінен шығуға тиіс; сонда ғана, «толық» делінеді» деп айттық, айта да береміз. (Қараңыз: «Толық­тық» – Абай-һәкім ата). Осы сөзімізде қаламыз. Ал, біз сынап көрсеткен әдебиет пен әде­биетшілер ше?..
«Гамлет» жайында осы уақытқа шейін бір де бір «ғұлама» біржақты да түпкілікті пікір білдіре қоймапты. Көбісінің ой-пайы­мы «түзелмейтін менмен» (непоправимый эгоист) дегенге саяды. «Эгоисты бы­вают двух типов – настоящие и поневоле» (бұларға біз, үшіншілері – «надандық менмендерді» қосақтар едік) деп анық та ақиқи айтқан Белинский жарықтықтың өзі «екі-кештің аралығында» Гамлетті «нағыз менменге» санап, қапелімде қатты кетіп қалғандай-ау. Ал, біз, айтып та дәлел­деп бақтық: «Гамлет – Белинский айтқандай» – «еркінен тыс менмен». Әйтпесе, жандүниесі ұлық жан. Ұлық жан-дүниесі жапырақ жаюына ешбір мүмкіндік болмастан да қалмастан – көбінесе іштей тынып, іштей арпалысып, қайғылықты күйзелісте өткен жан». Гамлет: «Боласың ба, болмайсың ба?» (Бы­ть или не быть?), «Жалған дүниені жұтын!» (Дыши в суровом мире!), «СӨЗ, СӨЗ, СӨЗ!» (Слова, Слова, Слова!) деді. Осы сөз­дерімен – Құдайдың өзін де сөзін қайталап тұрған жоқ па? Енді не керек?..
Жалпы, біздің бүгінгі негізгі әңгімеміз – Әдебиет (қай ақын-жазушының шы­ғармасы болмасын): «Құдайдан («ТЫЛСЫМНАН») шығып тұр ма, жоқ па?» Осы ғой… (Бұл жайында кезінде «Жұлдыз» жорналында «Ақындықтың белгісі немесе анық ақын – кім?» деген дүниеәуи-трактати сөзімізде түбегейлі де түгесіле айтып өт­кен едік).
Қазақтың талантты ақыны һәм әде­биет зерттеушісі Ардақ Нұрғазыұлы: «Әде­биетте барлық жағдаяттар суреттеле береді ғой; Сіз «Анна Ка­ре­нинаға» бірсыңар шүйлігіп кетпедіңіз бе?» – дейді. Біз жа­уап ретінде: «Бір нәрсені дұрысынан түсінуіміз керек: егер де, Анна Каренина дүниеәуи көркем полотноның ішіндегі басты бір тетік немесе ауқым­ды да көлемді нысан жағдайында ғана болғанда – онда, сіздің сөзіңізді қабылдар ма едік; ал мына күйінде – (бір сөзбен айтқанда) Аннушкамыз басты «жағымды» (?..) геройға айналып, көркем шығарманың негізгі концепциясы болып тұрғанда – санамызды жөнсіз сергел­дең­ге салып, сенсіретеді», – дедік. Мысалы, «Батыс» – цивилизация­ның биігіне шық­қанымен, соңғы ілімді (ісләмді) меңгер­ме­ген, өткен, бұрынғы ілімде (хрис­тиан­дық) қалып қойған; кейбір ғұламалары меңгергендерімен, толықтай мойынсұн­баған. Міне, сон­дықтан да көркем шығармаларында «атылып өлген, асылып өлген, суға кетіп өлген, у ішіп өлген, көпірден секіріп я пойыздың астына түсіп өлген, қаңғырып өлген»… ішімдікке улан­ған кейіпкерлерін алға шығарып, жағым­ды етіп жіберген. «Уағыздап» деп те түсіне берсеңіздер болады. Бұлай ету – біздерге («Шығысқа») – соңғы ілімге жараспайды жуыспайды.
Әдебиетте «еліктеушілік» деген болады. Еліктей отырып, өз жолыңды саласың. «Өз жолың» қалайша салынады? Айтып өткеніміздей, «соңғы іліммен (Ісләм діні – Құран-кәрім) толықтай тексерілгенінде» ғана. Л.Толстой – «Флобершелеп» кеткен; Анна Каренина – госпожа Боварийдің өзі ғой; айырмашылығы – бір монетаның екінші беті. «Флобершелеп» я «басқа­шалап» кеткен орыс классиктері (басқалар да) баршылық, – Тургенев, Достоевс­кийлерді атасақ та жетер. Жалпы, «Анна Каренинаның» да, «Госпожа Боварийдің» де атаулары басқашаланып, идеясы да, концепциясы да өзгеше бағытта өрбуі керек еді. Мұны да бір сөзімізде айтқанбыз: «Кітаптың аты – шығарманың идеясы әрі концепциясы – «сайтанның сиқыри сапа­лағы» болғаны дұрыс-ақ еді. Мысалға, «Тұзаққа шырмалғандар» деп аталғанда, – сөйтіп, шығарманың бағытына сәл-пәл өзгеріс енгізіліп жібергенде, бәрі де қа­тып-ақ кетер де ме еді. Ал мына түрінде – Аннушкамыз шығарманың басты геройы етіліп, өнегелікке, үлгілілікке ұсы­ны­лып тұрғанда – «нонсенс»… Фло­бердің де туындысы – «Госпожа Бовари» деп емес, «Күңгірт дүние құштарлықтары» деп аталуы керек пе еді?..» деп ойлаймыз.
Біз, «әдебиет – тәрбие құралы болу керек» дедік қой. Әдебиет – сезіміңді оятуы, санаңды серпілтуі, рухың­ды асқақ­та­туы тиіс, сонысымен бір­ге, үлгі-өнеге көрсетіп, жөн жолға ба­ғыттауы да керек. Әйт­песе, кім-көрінгеннің былшылын я бықсығын тыңдап, соңынан салпақтап жүре бермес пе едік, – «Құдай­дың Ілі­мі­нің, Пайғамбарлары­ның не керегі бар еді»… Ардақ бауырымызша, Әдебиетте барлық нәрселер де сурет­теліп көрсетіле беретін шығар, бірақ түптің-түбінде, сол барлық нәрселер – бәріміз де Бір Құдайға қызмет (құлшылық) етуге тиісті емеспіз бе.

Екі ілімнің айырмашылығы

Д.Лондон мен Э.Хемин­гуэй­лер бұ мәселені қалай шешкен екен, соған келелік..Енді, әлемдік алып әдебиетшілердің бірегейлері Д. Лондон мен Э. Хемингуэйлер бұ мәселені қалай шешкен екен, соған келелік.
Джек Лондонның «Мартин Иден» романы – керемет шығарма. Көп нәрселер (аса қажетті де тиесілі) айтылады да көр­сетіледі, – суреттеледі. Бірақ жалғыз-ақ келіспейтін жеріміз бар. Онымыз – романның финалы – басты геройдың суға кетіп өлуі. Бұлай етпеуге болар ма еді? Қараңыз да байқаңыз: Құл-қожа Ахмет Иассауи бабамыз («шығыстық» – ісләмдік) алпыс үш жасқа келгенде, «Пайғам­ба­рымыздан артық жасамаймын», – деп, (бұ жалғани дүниеңіздің жырыңынан жері­ніп), жердің астына – қылуетке түсіп кетті. Өлуге емес, Құдайға таза ҚҰЛШЫЛЫҚ ету­ге, еңбектене беріп, өлмес хикмет­те­рін келешекке аманаттарға. Ендігі ұғынған боларсыздар, екеуінің – «екі бағыттың» – екі ілімнің һәм әдебиеттің айырма­шы­лықтарын…
Эрнест Хемингуэй бұл мәселені анық болмаса да, дұрысырақ шешкен. «Снега Килиманджаро» әңгімесі. Бұ лас та жиір­кенішті өмірден түңіліп, баз кешіп, оның үстіне, қашып тығылған соңғы қуысында (Африка) тосыннан қырсық кеселге ұшыра­ған басты герой құтқарушы ұшақ­пен ауруханаға ұшып келеді. Бір уақытта, қалың нөсердің арасынан ағараңдап көрінген Килиманджаро шыңына көзі түседі. (Мұның алдында жергілікті халықтан: «Африканың ең биік шыңы «Нгае-нгая» – Құдай үйі» деп аталады; шыңның басында әбден кеуіп-қураған леопардтың сүйегі жатыр», – деген әф­са­наны есітіп білген еді ғой). Ажалы жақын­дап қалғанын сезгендей күйдегі басты герой: «Ә-ә, менің де ендігі барар мекенім нақ осы екен ғой» («Құдайға» деп түсінсек жөн болады), – дейді.
Иван Бунин. «Легкое дыхание». Бұл үш-төрт беттік қана әңгіме – әлемдік шедеврлердің бірегейі! Мұнда, басты герой өзін-өзі атып өлтірмейді; оны – бұ дүниенің нақұрыс та ноқай бір қоқайы бүкіл жұрттың көз алдында атып өлтіреді. Шығарманың концепциясының тереңдігі һәм пафосының биіктігі соншалықты – басты герой, жап-жас, бап-балғын бойжеткен Оля Мещерская бүгін өлмегенімен, тобыр оны ертең өлтірер еді; ертең өлтір­месе, арғы күні… әйтеуір, ақыры бір түбіне жетіп тынар еді. Себебі, мұндай «пәк те тап-таза, тұп-тұнық та сұңғыла сұлулық» (Оля Мещерская) бұ жалғани дүниеңізге еш жараспайды екен ғой. Оның, ол сияқ­ты­лардың орыны – Құдайдың алды екен…

(Толық нұсқасын газеттің №29-30 санынан оқи аласыздар)

ПІКІРЛЕР1
Аноним 11.03.2020 | 08:28

Құдай түрі ғұлама қалай аталады

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір