Ойлы жырға олжа салған
24.10.2015
1491
0
photo_71760Анда-санда Талдықорғанға жолым түседі. Әдеби орталардан Ерғазыны жолықтырсам міндетті түрде әңгіме оның шығармашылығы жөнінде өрбиді. «Жазар көбейсін» деген тілегіме орай кейінгі кезде қағазға түскен туындыларын алдыма тосады. Шама-шарқымыз келгенше пікір айтамыз. Біз жоғалтқанды тапқанын сезінсек бөркіміз қазандай болады. 
– «Біреу мені жуассың, тұзың, сірә, кем» дейді,
Қолбала ғып алмаққа ойлары бар мендейді.
Ғайбат ойды миымнан қуамын да жүремін,
«Жүрегімнің түбіне кір жасырғым келмейді», –
деген жолдар ақпейіл де адал ақын жүрегінің жан сыры, шынайы болмыс-бітімі. Ерғазының кейінгі бір өлеңінде осы ой тіпті тереңдей түседі екен. Қарап көріңіз:
«Көйлегін түрген көбелек күндер – ұрын бақ, Өлшеулі ғұмыр жылдарын ұрлар жырымдап. Аспанның асты, қара жер үсті баяғы, Шыбын жаныңа қорғаныш болар шырылдап. Мекені осы милы да, мисыз адамның, Бабамның… Сақ пенен Ғұнның, Қағанның. «Жабықпа» дейді, өтер де кетер ұмыт боп, Қамқор үн. Кірін шалғасын жағамның. Тектісі емес, тексізі ғана тойынар, Мұнар әлем, әлдісі бар, әлсізі бар, сойы бар. Жезтырнақ қоғам қанатқан дал-дұл жаныма, Көк шыбын келіп отырып кетпек ойы бар. Жүргенім сосын амалсыз ойнап бұғынбақ, Шірінді ауызға шалқыған майды тығындап. Бәрі де сізге, бәрі де бізге белгілі, Қайтейін босқа киелі сөзді шығындап».
Ерғазы ақынның іздене жүріп, өлеңді иін қандырып жазатыны айналасына аян. Осыдан жиырма жылдай бұрын ізгілікке іңкәр жастың алғашқы өлеңдерін тыңдау мүмкіндігіне ие болған бізге ол араға уақыт салып қалыптасқан ақын қолтаңбасын мойындатып үлгерді. Жоғарғы білім алды. Қазақ баспасөзінде есімі еленді. Қазір республикалық «Ел-назар» журналы­ның бас редакторы. Білім саласындағы газеттерінің де көтерер жүгі ауқымды. Облыстық, республикалық жыр мүшәйраларында жүлдеден қалыс қалған жоқ. Жас таланттардың бағын ашатын ұлыларымыздың атындағы байқау­ларды ұйымдастыра жүріп, жас таланттардың топ жарып шығуына қосқан үлесі зор. Анығын айтқанда, ақында кітаптан кітапқа өсу бар. Өткен жылы ғана қолымызға тиген «Көңілімнің қобызында» Ерғазының ақындық үні қоюлана түскен. Сіз де саралап көріңіз:
«Жүрсемдағы жабырқап тесік табан, Шындық іздеп шырылдап есік қағам. «Оралмандар оңбаған» деп қояды, Шыр айналған шаруасы несіпті ағам. Тәңіріге табынып тілек тілеп, Иманыңа ұйиды жүрек, білек. Саясында саялы көлеңкеңнің, Мәртебе алып марқайып жүр ептірек. Өмір өзі қызық, ә, құбыл­малы, Пысықайдың асып тұр бүгін бағы. Мысық-тышқан кезеңнің түлкі-құй­рық, Соқыр теке көбейді бұғынбағы. Кейде тіпті бәрі де кер ісің де, Оңға айналып шығады терісің де. Қабыл, Әбіл туғызған алауыздық, Келе алмай жүр әлі де келісімге».
Келісесіз бе? Аярдың асығы алшысынан түсіп, пысықайдың тарысы пісіп, зейіндінің қадамы кейінге кеткен келеңсіздікті сіз де көріп жүрсіз ғой. Ақын қоғамның жарасын айтып жүрегіңді езілтеді де, ардан аттап, ұятты ұмытқандардан безіндіреді.
Жастық жанартауы, өмірге құштарлық, сұлулықты сезіну, мәңгі тозбайтын ма­хаббат тақырыбы қай ақынның жүрекжарды толғаныстарына арқау болмаған? Ерғазы да жастық шақ жырларында кеңінен көсіледі, өзіндік иірімдерімен, тосын түйіндерімен баурап алады:
«Дүние тұрған кезде бетін беріп, Мен сенің жансам дедім отыңда еріп. Қансам дедім періште пейіліңе, Шөліркеген қарағаш секілденіп. Тағынан түс­кен кезде тайып тағат, Алып құстай алдыңда жайып қанат. Құйындай орап сені алсам дедім, Қалсам дедім сол күйден айықпай-ақ. Әй, керім қыз, сен оны сездің бе екен, Жалаң аяқ арманды кездім бөтен. Толқынында тулатып ап барады, Жастық дәурен-желқайық, желбір-жекен. Самайына ақ кірді жастығымның, Ұлпа қанат сезімге бастырылдым. Шеңгелінен елік қашып бара жатыр, Айбалтадай айбатты қасқыр ұлдың. Қолын бұлғап көп үміт қап барады, Тасасында уақыт тасқынының».
Күнделікті тірлікте ақын көптің бірі. Тіпті, көзге де шалынбайды, екі иығын жұ­лып жемейді. Ал шабытты шақтарында көпшіліктің көрмейтінін көреді, қиял көзінің шалмайтын құпиясы жоқ. Міне, сондықтан біз Ерғазыны айтары бар, салмақты, жан-жақты ақын деп есептейміз. Бұл құрғақ сөз емес. «Самайымда ақ шаштар қылаулайды, Шортандай шоршып түсіп сыр аулайды. Жастықтың жәрмеңкесін тауыса алмай, Сағыныштың тырнасы тыраулайды», – деген жолдардың жайшылықта тумағанын өлеңге таласы барлар бекерге шығара алмас.
Ерғазы өлеңдерінде тұнып тұрған сурет бар. «Иә, иә бейуақ шақ іңір еді, Тал мойнына асылған түн білегі. Қылаулаған ақ ұлпа арасынан, Көше шамы біздерге үңіледі». Осындағы тал-ағаштың мойнына асылған түннің білегі, екі жасқа қызыға үңілген көше шамы әркімнің тіліне орала беретін, екінің бірінің ойына азық болатын тіркес емес екені айқын. Немесе «Көңілімнің әйнегін кірлетеді, Күдік біткен жабысып жата қалып», болмаса «Сен қалдың жағалауда кеме күтіп, Мен кеттім мұң теңізге құлаш ұрып», – деген тіркестер ақынның айтар ойына тамыздық болған тамаша теңеулер екені анық.
Ерғазы қалам қарымын сан қиырдан сынап көрген ақын. «Ж» деген харіптен басталып, махаббат жырын шерткен төмендегі төрт шумақта тақырыптан ауытқушылықтың жоқтығы да ақын шеберлігінің бір ғана қыры деп түсінгеніміз абзал: «Жұлқылап жиі қайғы-мұң, Жүрекке маза бермеді. Жайыңды ұғар айбыным, Жапырақ-хатың келмеді. Жалғыздық езіп еңсемді, Жарқанат-ойлар қысады. Жек көретіндей мен сені, Жабықтырдым ба мысалы… Жар қабағында жағаның, Жалқы ойды жүрмін жетектеп. Жанарым менің, дара әнім, Жауабын айтшы тек ептеп. Жауқазын жүрек сабыр тап, Жалауын жықпай ақ жырдың. Жаралы жаным жабырқап, Жарылуға шақ жүрмін».
Бүгінгі қырыққа келген толқын әдебиетті керексіне қоймайтын өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары жыр сапарын бастады. Қос өкпеден жетіспеушілік қысқанда байтал түгіл, бас қайғы болғаны мәлім. Осы күрделі кезеңнен әдебиетке адал азғантай топ қана суырылып шықты. Сол саптағы Ерғазының қатарластарынан бірден ерекшеленбесе де, бірте-бірте қалам қарымын танытып үлгергеніне, бірнеше кітаптың авторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі атанып алғы сапта жүргеніне іштей шүкіршілік етеміз. Оқылатын ақынның, айтары бар ақынның жылдан-жылға арқаланып, еңселеніп келе жатқаны оқырмандары үшін аз олжа емес. Сөздің түйіні де осы…

Жомарт ИГІМАН,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір