ҮЙІНЕН КІТАП КӨРМЕГЕН БАЛА КІТАПХАНАҒА БАРМАЙДЫ
05.07.2019
1138
0

Қоғамда белең алып жатқан қаншама кереғар жағдайлар бар. Жақсылығынан жамандығы басым түсіп жататын кей жайлар көпшілігімізді ойландырып, толғандырып та жүр. Түйіні шешілмей, жұмбақ астармен астасқан мәселенің шығар жолы бар ма? Меніңше, бар секілді. Ол – кітап оқу мәселесін бірінші орынға қою. Сонда ғана ешкім қамалымызды бұза алмайтын, рухани мықты ұрпақ тәрбиеленері хақ.
Қазір кітап оқу үлкен мәселеге айналып отыр. Оның құндылығын зерделеу, ынта-жігерімен оқу кемшін қалып келе жатқан дүние деп айтсақ та болады. Жастарды айтпағанда, үлкендеріміздің де оқуға құлқы жоқ. Насихаттау аз екендігін, тек құр сөзбен «оқы» деп ешкімнің зейінін аудара алмай жүргендігімізді де мойындауымыз керек шығар. Бауыржан Момышұлының «Ертегі айтатын әжелеріміздің азайып бара жатқанынан қорқамын» дегені бүгінгі күннің шындығына айналған секілді. Немересіне ертегі айтпақ түгілі, ақ жаулықты ананың ұрпағына салиқалы сөз айта алмай жүргенін де көзіміз шалып қалады.
Жас жеткіншекті кітаппен дос қылу тәрбие жолында өзімізге де жеңіл болары салуға тиіспіз салуымыз тиіс деп ойлаймын. Ең алдымен, кітапты оқыту отбасынан бастау алады. Ол үшін шағын кітапханаға лайық әр үйдің кітап қоры болуы керек. Қазір көпшілігі кітапты артық дүние санап, қоқыс жәшігіне лақтыра салады немесе кішкентайлардың ойыншығына айналдырады. Тіпті бір кітабы жоқ үйлерді де кездестіресің. Бірақ қымбат жиһазға толы. Сарқылар қазынаны ғана ойлап, қаншама адамдар осындай күй кешіп жүр. Үйінен бір кітап көре алмаған бала кітапханаға да бармайды. Өйткені, оны ойландыратын, ізденуге жетелейтін, көз алдында көрініп тұрған рухани дүние жоқ. Баланы ойландыратын ата-ана осы жағынан мүлт кетіп жүр.
Көпшілігі «дұрыс кітап жоқ, қазіргі кітаптар сапасыз» деген пікір айтып жүр. Оның үстіне «бағасы қымбат» деген желеу тағы да бар. Сапалы кітаптар бар. Бұрынғы шыққан кітаптарды қайтадан жаңалап шығару жақсы қолға алынған. Жаңа дүниелер де баршылық. Тек со­лар­ды таңдайтын талғам ғана қажет. Ал баға жағына келетін болсақ, кітап дүкендеріндегі баға шарықтап тұр. Өйткені оларды алатын оқырман жоқ. Бағасын түсіруге септігін тигізетін де өзіміз екенін ұмытпайық. Кітап алуда ең бірінші орында баға емес, кітап құндылығы тұруы керек.
Оқырмандар кітапты парақтап іздегеннен гөрі ғаламтор бетінен іздегенді жеңіл көреді. Ғаламтордың пайда-зияны бірдей екенін ескерсек, кітаптан артығы жоқ екеніне көзіміз жетеді. Бізге ең бастысы: өзіміз қолымызға ұстап, тұшынып оқитын кітап керек.
Дегенмен өмір базарынан тере берсек, кітап оқымауға сылтаудың шыға беретіні белгілі. Күйкі тірліктің шеңберінен шыға алмай, рухани азықтан ада қалып жүрмейік. «Артық ғылым кітапта, Ерінбей оқып көруге» деген Абай атамыздың сөзін ұғынайық, астарындағы мәнді сезінейік.

Ақжарқын НҰРДӘУЛЕТ,
Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданы Ұштаған ауылы
Асқар Өтепбергенов атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір