ЕУРАЗИЯ ҚАЛАМГЕРЛЕРІ ЕЛОРДА ТӨРІНДЕ
12.07.2019
960
0

Мектеп кітапханаларының әрбірінде «Азия және Африка ақын жазушыларының поэзиясы» хақында кітаптар болатын. Кітаптың алғысөзінде «Жинақ «Азия және Африка ақын-жазушыларының форумы» қарсаңында жарық көрді», – деп жазылатын. Бала қиялдар сол бір форум өткен уақыт кеңістігіне алып ұшып, еліктіретін де: «Апыр-ай, әлгі жиынға Мұқағали да қатысты ма екен?!», «Жұмекен де қатысқан болар?» деген сауалдар легін тудыратын. Жанымызға әлдебір сәуле енетін.

Пойыз таңға жуық тоқтады. Бізді Нұр-Сұлтан қаласы күлімдеп қарсы алды. Ар­қа төсіндегі бағаналы ордамыздың жазы сұлу, ауасы жұпар екен. Вокзалда күтіп тұрған досыммен қуана қауыштым. Аз-кем әңгімелесіп, көп кідірмей жолға шық­тық. Бағытымыз – елімізде алғаш өткелі отырған «Еуразия астаналарының қаламгерлері» халықаралық форумы. Фор­ум ҚР Ұлттық музейінде өтеді екен. Так­симен жетіп, мұражай ішіне ендік. Кіре беріс толы адам. Кілең ығайлар мен сығайлар. Шләпісін шалқайта киген Ты­ныш­тықбек ақын, Сұраған Рақметұлы, Свет­қали Нұржан, Мейірхан Ақдәулет, Ер­тай Ашықбаев сынды мүйізі қарағайдай тұлғалар көрінді. Жас замандастарымызбен кезігіп, шұрқыраса көрістік. Қайнаған қазан ішінде тұрғандайсыз. Гу-гу әңгіме, қызу тал­қылар. Кенет үлкен залдың есігі ашылып, бәрі ішке енді. Сахна төріне Астана қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Алаштың аңыз ақыны Олжас Сүлейменов, Испанның Ұлы ақыны Хунте Хорхе Падрон, көрнекті жазушы Әкім Тарази жайғасты. Залда мұнан бөлек көптеген шетелдік белгілі қаламгерлер отырды. Еуразия астаналарының қаламгерлері қатысқан Форумда Еуразия жазушыларының іргелі шығармалары насихатталды, халықтар арасындағы әдеби-мәдени байланыстарды нығайту жайлы ұсыныстар айтылды. Форумға 20-дан астам мемлекеттің ақын-жазушылары арнайы шақырылған екен. Олардың арасында Халықаралық «Экиваленсиас» журналының Бас редакторы, Испания ПЕН-клубының Бас хатшысы Малларме, Неаполитан ака­де­мияларының корреспондент-мүшесі – Jorge Padron Justo Angel; Ресей Жазушылар одағы басқармасының хатшысы – Гаврил Андросов, Әзірбайжан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Ekber Qoşalı,, Үндістандық қаламгер, сыншы, лин­гвистика ғылымының профессоры Rukmini Bhaya Nair және т.б. танымал тұлғалар бар. Форумның негізгі тақырыбы – «Әлемдік әдебиет: стереотиптен арылу» деп аталды. Әлем әдебиетіндегі дәстүр мен жаңашылдық, авторлық құқық пен кітап бизнесі мәселелері аясында дөңгелек үстел, шығармашылық кездесу, көрме ұйым­дастырылды. Форум Халықаралық ме­морандумға қол қою және келісім жұмыс­тарымен түйінделді.
Кеш тізгінін алған ақын, Қазақстан Жазу­шылар одағының Басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет зиялы қауымға, қалың көпшілікке «қош келдіңіздер» айтып, кештің шымылдығын ашты. Төраға бүгінгі шара барысын әңгімелей келіп, форумның мән-маңызына кеңінен тоқталды. Мұнан соң төрде отырған Нұр-Сұлтан қаласының әкімі іс-шараның кіріспесін бастап берді. Алтай Көлгінов парасатты, көзі қарақты кісі екен. Әкім Еуразияның әр бұрышынан жиналған жазушыларды форумның ашылуымен құттықтап, 21 жыл ішінде астанамыз жаһандық шаралар өтіп тұратын орталыққа айналғанын тілге тиек етті. «Әдебиеттің өрісі барша азаматтардың бір­ге жасаған ісінің нәтижесінде кеңеймек. «Ру­хани жаңғыру» аясында бұл міндетті бірге атқарарымыз анық. Сол үшін де бұл форумның көтерген жүгінің маңызы, орны зор болмақ. Бұл форумның елордада өтуі қаланың руханиятын жаңа деңгейге көтеретін болады», – деді әкім.
Мұнан соң ҚР Президентінің кеңесшісі, әйгілі шешен Мақсат Сқақов сөз алды. Бал­уан болмысты Мақсат шұрайлы тілімен залды өзіне баурай сөйледі. Ақын-жазушылардың мерейін тасытып, бағасын асырды. Осы тұста Ғабит Мүсіреповтің «Әдебиет пен өнер ұлы болмай, ұлт ұлы болып есептелмейді» деген сөзі санаға оралды. Көңілді қуаныш биледі.

Сахна төрінде Астана қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Испанияның Ұлы ақыны Хусто Хорхе Падрон және көрнекті жазушымыз Әкім Тарази

Форумға Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қатысып, аударма ісіне, қазіргі әдебиеттің жай-күйіне, әлемдік әдебиеттің озық түрлерін талқыға салудың қажеттілігіне, сіз бен біздің кәдемізге жарар дүниелердің маңызына тоқталды. Барша қаламгерлерге жемісті жұмыс, мықты ден­саулық тілеп, өзі де жазушының қызы бол­ғандықтан, үнемі шығармашылық адамдарын қолдаудан таймайтынын айтты. Министрден кейін сөз алған ақын Ол­жас Сүлейменов біршама уақыт экономиканы алға шығарып келгенімізді, бір­ақ рухани байлықсыз ештеңе­нің өн­бейтінін, өспейтінін айтты. Ол, сондай-ақ, адам жанын тәрбиелеу мен адам жанына үңілу керектігін де қадап айтты. Олжас Сүлей­меновтан кейін мінбеге Испаниядан келген қонағымыз, Испанның Ұлы ақыны Хунте Хорхе Падрон көтеріліп, әлемдік әдебиет көкжиегінің даму барысын сөз етті. Хунте Хорхе Падрон – бүкіл Латын Америкасына танымал, испан тілді мемлекеттердің барлығы білетін, шығармалары әлемнің 35 тіліне ауда­рылған мадридтік үлкен ақын.
Қазақстан Республикасының Прези­­денті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлы­ғымен қазақтың ұлы ақыны Абай Құнан­баевтың 175 жылдығы келесі жылы жоғары деңгейде атап өтілетіні мәлім. Осы форум барысында Хусто Хорхе Падронмен Абай өлеңдерін испан тіліне аудару бойынша меморандумға қол қойылды. Испандық ақын Абайдың 175 жылдығына орай 100 өлеңін ана тіліне аудармақ. Осы орайда Испан ақынымен келісіп, ұлттың ұлы ақынын насихаттап, Абайды аударуға келісімге шақырған ҚР Еңбек сіңірген қай­рат­кері, ақын, Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлының еңбегі зор. Дәулеткерей ақын өз сөзінде: «Абай атамыздың өлеңін испан тіліне аудару мәселесі бойынша, Хусто Хорхе Падронмен келіссөз жүргіздік. Ол кісі келісімін берді. Абай атамыздың өлеңдерін аудару жұмыстарын кез келген ақынға тапсыруға болмайды. Ол үшін ең ұлы, ең үлкен, ең танымал ақынға иек артуымыз керек. Сон­дықтан осы форумдағы сүйіншілеп айтатын үлкен жаңалығымыздың бірі – осы», – деді ағынан жарыла.
Осы тұста Халықаралық «Экиваленсиас» журналының Бас редакторы, Испания ПЕН-клубының Бас хатшысы, Малларме, Неаполитан академияларының корреспондент-мүшесі – Хусто Хорхе Падронға, Әзербайжан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Экбер Гошалыға «Қазақ әдебиетін насихаттауға сіңірген еңбегі үшін» Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы табыс етілді.
Және Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мем­леке­ттік қорық музейі ғылыми кеңесінің шешімі бойынша, музей директорының кеңесшісі, көрнекті ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы «Абайды аударудағы сіңірген еңбегі үшін» қырғыз ақыны әрі аудармашы Перизат Алмазқызына «Абай» медалін табыс етті.
Іргелі форум кезінде «Самұрық» әдеби жур­налының тұсаукесері өтіп, әдеби жур­налдың тұсауын академик Сейіт Қас­қа­басов, ақын Ұлықбек Есдәулет кесіп, алғашқы санын көпшілікке тарту етті. Журналдың тұсаукесерінен кейін мінбеге көтерілген Кембридж докторонтурасының түлегі, үндістандық Рукмини Бхайя Наир өлең құрылысы, поэзияның сан салалы бөліктері жөнінде әңгіме өрбітті. Біршама жаңа мағлұматтармен таныстырды.
Мұнан соң әдебиет сыншысы, профессор Құлбек Ергөбек сөз алып, әдебиеттің біршама жай-жапсарын айта келе: «Жапон елі әр он жыл сайын бір жазушыны Нобель сыйлығына ұсынып отырады. Мемлекет билігі оларды барынша қолдайды. Қысқасы, билік қолдамай, идеология тікелей ақын-жазушыларға қамқорлық көрсетпей, ештеңе өнбейді», – деді. Ал жас сыншы Алмас Нүсіп қазіргі қазақ қоғамындағы әдеби процестің қазіргі ахуалы туралы біршама ой толғады.

«SAMURYQ» журналының тұсаукесер рәсімінен

«Әдеби агенттік дегенді естігені болмаса, көзбен көрмеген, қызметіне жүгінбеген замандастарым туралы не айта аламын? Жекелеген шығармалардың көркемдігі жайлы жақсы яки жаман деп пікір айту оң­ай ғой, өрең жеткен жерге дейін талдау да аса қиындық туғыза қоймайды. Ал жалпы жастар шығармашылығы, олардың алдына уақыт қойған талаптар немесе заман мен бүгінгі қоғам кесе-көлденең тосқан кедергілер жайлы сөз болғанда кібіртіктей бересің», – деп бастады жас жазушы. Алмастың баяндамасынан кейін бүгінгі әдебиеттің хал-жайы, іңірде қалған мәселелер, рухани дағдарыстан қалай шығу керектігіміз жайлы түрлі ойлар, пікірлер айтылды. Алмастың баяндамасы тұшымды, ой қозғайтын дүние болды.
Форум тақырыбы «Әлемдік әдебиет: стереотиптен арылу» болғандықтан, әртүрлі тақырыптар төңірегінде әңгімелер өрбіді. Қызу пікірталастар көп болды. Түстен кейін үш сессиялық отырыс басталды. Олар: проза, поэзия, әдеби-сын, драматургия саласы. Сонымен қатар сессиялық отырысқа арқау болған тақырыптар қатарында кітап маркетингі, авторлық құқық, әдеби агенттік қалыптастыру мен дамыту мәселелері де болды.
Форумның екінші күні Еуразияның 20 мемлекетінен келген жазушылар ҚР Мә­дениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың қабылдауында болды. Бұл жерде басқа мемлекеттермен қандай іс-шараларға маңыз бере аламыз деген мә­се­лелер қаралды. Сонымен қатар, ҚР Жазушылар одағының 25 мүшесі, мемлекеттік сыйлықтың иегерлері, қаламгерлер сабақ беретін Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне жан-жақтан келген жазушылар бас сұғып, Жазу тарихы мұражайын аралап ректормен, студенттермен кездесті.
Форумды ұйымдастыруда ақын, Қа­зақс­тан Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қаласындағы директоры Дәулеткерей Кәпұлының еңбегі ересен болды.
Қорыта айтқанда, ұлт әдебиетінің қайтадан ояну, өркендеу дәуірі басталып келеді. «Әдебиет – ардың ісі» десек, сол ел арына қорған болу, ұлттың рухын тәрбиелеу – тікелей ақын-жазушылардың борышы саналмақ. Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Еуразия астаналарының қаламгерлері» халықаралық форумы бізге осындай ой салды.

Батырхан Сәрсенхан

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір