XVII ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «ЕУРАЗИЯ» КИНОФЕСТИВАЛІ
25 қарашада Алматы қаласында XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалының ашылу салтанаты өтті. Бұл байқауға әлемнің түкпір-түкпірінен 100-ден аса өтінім түскен, нәтижесінде, 30 қарашаға дейін созылатын кино додасында 15-тен аса елдің киногерлері бақ сынамақ.
Ауқымды шараның бастапқы сөзін алған Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын жеткізді. Хатта Президент «Еуразия» кинофестивалының үздік жобаларға жол ашатынына сенім білдірген. Қазақ киносының корифейі Шәкен Аймановтың туғанына 110 жыл және «Қазақфильм» киностудиясының құрылғанына 90 жыл толуымен тұспа-тұс келген биылғы байқауға 15 адам қазылық етсе, оның 70 пайызы шетелдік сарапшылар екен. Ұйымдастырушылар фестиваль «Бізге дәрігер керек» фильмімен ашылғанын, қазылар алқасы үш бағыт бойынша жұмыс істейтінін айта келіп: «Шетелдік сарапшылардың да белсене атсалысып жатқаны байқаудың халықаралық деңгейде мойындалғанын және қызығушылық танытушылардың көп екенін дәлелдейді», – дейді.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева: «Өздеріңізге мәлім, Президент әрдайым отандық киноиндустрияға жан-жақты қолдау көрсетіп келеді.
«Еуразия» кинофестивалі Қазақстан мен бүкіл Орталық Азияның маңызды мәдени брендіне айналды.
Бұл ретте, әлемге әйгілі шетелдік киногерлер мен сарапшылардан құралған қазылар алқасына ерекше тоқтала кеткім келеді.
Фестиваль бағдарламасында екі негізгі байқау болды. Халықаралық байқауға Канн кинофестивалінде «Алтын пальма бұтағын» иеленген әлемдік киноның аңызы Нури Білге
Жейлан жетекшілік етті. Қазылар алқасының құрамында Рано Шодиева (Өзбекстан), Нада Ажари Гиллон (Франция), Артықпай Сүйіндіков (Қырғызстан) және Ерлан Нұрмұхамбетов (Қазақстан) бар.
Ал Орталық Азия мен Түркі әлемі елдерінің байқауына қытайлық режиссер Ли Баохуа төрағалық етті. Фильмдерді Абделила Эль Джаухари (Марокко), Алексей Тельнов (Ресей) және қазақстандық продюсер Жанна Қуанышова бағалайды.
Сонымен қатар қазылар алқасының қатарында Нина Кочеляева (Ресей), Гүлбара Төлөмүшова (Қырғызстан) және Андре Рафаэль Иванов (Франция) бар.
Салтанатты ашылу рәсімі алдында біз қазылар алқасының мүшелерімен бірге ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқыладық. Барлық қатысушылар бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді. Бұл ынтымақтастық қазақ киносының дамуына жаңа идеялар мен перспективалар әкелетініне сенімдімін.
Кинофестиваль ең алдымен, демеушілердің қолдауы арқылы өтіп жатқанын айта кеткім келеді. Олардың қолдауы бұл ауқымды шараны мемлекеттік қаржысыз ұйымдастыруға мүмкіндік берді.
Қолдау көрсеткен жандарға зор алғысымды білдіремін!
Фестивальға қатысушыларға шығармашылық табыс пен жарқын жетістіктер тілеймін!» – деп кино өнерінің бағасын биіктетер байқау жайлы жүрекжарды лебізін жариялады.
М.Райымбекова