САКРАЛЬДЫ САПАР
05.07.2019
1082
0

Талдықорған – Қапал – Тамшыбұлақ

«…солдатқа да шыдайды, кедейлікке де шыдайды, қазаға да шыдайды, молда, мед­ресе сақтап, дін күтуге де шыдайды. Еңбек қылып мал табудың да жөнін солар біледі, салтанат әсем де соларда»

Абайдың «Ғақлиясынан»

Бүкіл Еуразия кеңістігінде «Орыстың ата-тегін қазбаласаң, татарды табасың» деген сөзді білмейтін халық кемде-кем. Мұндағы татар деп отырғанымыз, бүгінгі татар халқы емес, орыс ата-тегіндегі түркілік екендігі барша­мызға мәлім. Себебі, «татар-түрік» атаулары талай тарихи кезеңдерде бір ғана мағынаны, яғни түркілік тегін білдіріп келген. Тек Алтын Орда дәуірінен кейін ғана олар әрқайсысы бөлек этноним ретінде атала бастады.
Сондықтан қазақ-татар байланысы тарихи тамырын сонау ғұн, скиф, половецтер, кейін Алтын Орда, яғни Жошы Ұлысы кезеңдерінен бастайды. Жошы Ұлысы заманынан бастап Еділ, Жайық бойларындағы хандар қоныстанған мекендерде орнығып қалған татар халқы Ұлы даланың көшпелі мәдениетімен байланысын ешқашан үзген емес.
Олар – ұлан-ғайыр Еуразия кеңістігінде мұсылмандықты алғаш қабылдап, осы ілімді дала халқына әкеліп, медреселер ашып, мешіттер тұрғызған туысқан халық. Ұлы Абайдың да сауатын ашқан Ғабдұлжаппар, кейін Ахмет Риза деген татар молдалары болған, оның алғашқы өлеңдерінде татар сөздерінің көп қолданылу себебі де сол алғашқы сауатын ашқан татар ұстаздарының ықпалы екендігі сөзсіз:
Иузи – раушан, көзі – гәуһар,
Лағилдек бет үші ахмар!
Татарлар қазақ даласында Жайық бойы, Семей, Жетісу өңірлерінде, Верный қаласында, Қапал әскери қаласында жиі шоғырланған. Сондықтан да қазақ-татар достастығына, оның тарихи бастауы мен бүгінгі болмысына арналған халықаралық конференцияның Қапал қаласында өтуі – заңды құбылыс. Қапал атауының шығу тегі туралы түрлі пікірлер бар. Ш. Уәлихановтың «О Киргиз-Кайсацких могилах (молах) и древностях вообще» деген жазбасында «…они просто накиданы землею и сверху  уложены щебнемъ.  Вокругъ  Козу-Кюрпеча также  много такихъ могилъ. Къ числу ихъ принадлежатъ могила Копал-батыра,  давшая названіе  речке и укръпленію…», – деген қолжазба дерек бар. Ел арасында Жаныс руынан шыққан Қапал деген батыр болған, тағы бір деректерде оны қазақтың емес, қалмақтың батыры болған деседі. Бірақ олардың ешқайсысының да тарихи негізі жоқ, ғылыми дәлелденбеген, біздің мақсатымыз да ол емес. Мақсат – осы қасиетті Қапал өңірінде ғасырлар бойы арқауы үзілмеген қазақ-татар достығының бүгіні мен ертеңі, келешегі туралы салмақты да салиқалы әңгімеге ортақ болу.
Шынымды айтайын, соңғы кездері конференция, форум, семинар дегендерден көңіл әбден қалғандықтан болар, өз басым залға «қалай болар екен, бітпейтін, сансыз бағдарламаларды санамалап, мадақтап, мезі қылар ма екен» деген күмәнмен кірдім. Бірақ алғаш сөз алған Мұрат Мұхтарұлы нағашы жұртына деген шынайы ықыласқа толы сөздерімен әп сәтте-ақ жиынға ерекше бір жылы да жайлы өң бере қойды, жиылған жұрт та жайдарыланып сала берді. Ресейден, Украинадан, Татарстаннан, Астанадан, Алматыдан келген қонақтардың әңгімелері де туысқан екі халықтың қарым-қатынасын жан-жақты қамтыды. Әсіресе, кезінде татардың классик ақыны Мұса Жәлел КСРО Мемлекеттік сыйлығына сайысқа түскенде айтқан Мұхтар Әуезовтің ерлікке толы өршіл сөздері залда отырған қазақтың да, татардың да мәртебесін асқақтатып, еңсесін көтеріп жіберді. Жарты ғасырдан аса уақыт өтсе де, жаңғырығының өзі жер жарған Ұлылықтың сыры осында жатса керек. Осы баяндама үшін М.Әуезов Музей-үйінің директоры Диар Қонаевқа мың да бір алғыс.
Ресей патшалығындағы татар мен башқұрт халықтары сауаттылық жағынан жергілікті орыс халқынан әлдеқайда озық болғандығына және осы туысқан халықтың қазақ мәдениетін дамытуға, насихаттауға қосқан үлесіне аса зор баға бере келіп, тарихшы Марат Сембин: «Біз бүгінгі таңда тәуелсіз мемлекет ретінде Ресей Федерациясы құрамындағы Татарстандағы жағдайды ешқашан назарымыздан тыс қалдырмауымыз керек. Қажет болған жағдайда, жан-жақты көмегімізді аямауымыз керек. Бұл – біздің татар ағайындар алдындағы қазақи ағайындық парызымыз», – деп атап өтті.
Қазақ пен татар достығы дегенде, сөздің бісмілләсіне айналған Фатима тұлғасы бүкіл сапарымыздың сара жолын салып бергендей болды. «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Фатима» атты деректі фильмді көрген қауым Фатима деген сыры да, сыны да толық ашылып болмаған шексіз кеңістікті түсініп, зерделеуге себеп-сепші болатын оның туып, өсіп-өнген бастау бұлағы Тамшыбұлаққа сапарға асыға аттанды.
Тамшыбұлақ – әлемде ғажайып екеу болса, соның бірі, жалғыз болса, ол – соның өзі. Бұлаққа апаратын баспалдаққа табаның тиген сәттен өзгеше дүниеге енесің, үш қабатты дүниенің бәрінде бір мезгілде болғандайсың. Орта да өзге, суы да өзге, нуы да өзге, тіпті үні де өзге. Ғаж-жап! Қысы-жазы тамшысы үзілмейтін, «мүк» деп айтуға аузың бармайтын жап-жасыл нуы өңін бермейтін, арлы-берлі өткен жолаушының сусынын қандырып, самалымен сипап, басына көлеңке, ық болатын Ғаж-жап мекен!
«Мен өз өмірімде сансыз жапа шеккен жанмын. Бірақ ешбір қайғы-қасірет осы күнге шейін, қандай ауыр болса да, мені әлсірете алмап еді. Қайта қайғы көрген сайын сол қайғыны жеңу үшін бар күшімді салып, күресіп бақтым», – деген Фатиманың НАҒЫЗДЫҒЫ да осындай ғажап бастауда жатыр екен ғой, шіркін!
Менің ғана емес, жиынның ресми бөлігі мен қасиетті Тамшыбұлақ басында жиналған қазақ-татар ағайынның баршасына талай уақытқа дейін жан-тән, сана азығы болатын сенбілік сапар – САКРАЛЬДЫ САПАР болғандығы сөзсіз.

Қалдыгүл ЖАНЫБАЕВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір