Бақытгүл СӘРМЕКОВА: ЖАҚСЫ ШЫҒАРМА ЖАЗУ ҮШІН ҮЛКЕН САҒЫНЫШ КЕРЕК
05.07.2019
2950
0

Өзінің айтуынша, ол жазушылықты әуес іс көреді. Бірақ Бақытгүлдің бірнеше шығармасын оқып, кәдімгідей қалыптасқан жазушы екенін байқадық. Стилі Чехов, Әзиз Несин, өзіміздің Тынымбай Нұрмағам­бетовке келіңкірейді. Ал кейіпкерлері – бүгінгі қоғамдағы адамдар.


Шығармаларым арқылы әйелдің жан дүниесін көрсеткім келді

– Қолыңыздан шығарма жазу келетінін білген сәтте қандай көңіл-күйде болдыңыз?
– Шыны керек, қолымнан шығарма жазу келетініне әлі күнге күдіктенемін. Өзіме көңілім толмайды, жалпы, елдегі қазіргі кезең әдебиетшілерінің де қабілетін толық көре алмай жүрмін. Әдебиеттің ішіне кіріп кете алмай, сыртын айналшықтап жүрген сияқтымыз. «Шығарма жазу кезінде шабыт келеді, ғарышпен байланысамын, тылсым күш қолыма күш береді, арқамда жындарым айтып отырады», – деп әсірелемей-ақ қояйын. Бәрі көңіл-күйге байланысты. Кейде жазайын деп қамданып арнайы отырсам, ештеңе де жаза алмаймын. Ал жай әншейін бір оймен бастаған шығармам аяқталған кезде мүлдем басқа түрге еніп, өзім танымай қаламын. Сәтті шыққандарын «Шынымен мен жаздым ба?» – деп те таңғаламын кейде. Ал енді шығармашылығымды жақсы бағалап жатқандарын естісем, қатты қуанамын.

– Әдебиетке тың ойлар әкелу ойыңызда болды ма?
– Жоқ, тың ой әкелемін деген талпыныс менде болмапты. Оның үстіне, әдебиетке өзгеріс әкелетіндей мен толыққанды жазушы да емеспін. Ізденіп, зерттеп, алдын-ала талқылап жазған емеспін. Бар болмысыммен жазамын. Кейіпкерлерімді де еркін ойната алмайтыным сондықтан шығар. Тың ой әкелу тұрмақ, тіпті, әдебиет туралы тал­қы­лап отырғанымның өзіне де күлкім келіп отыр. Себебі, жазу – менің сүйікті ісім.

– «Ернімнен сүйгенше ғасыр өтіп кеткендей болды». Бұл – сіздің «Раушан гүл» әңгімеңіздегі тамаша сөйлем. Негізі, жалғыз сөйлем арқылы да адамның ішкі арпалысын, мінез-құлқын бейнелеуге болатындай…
– Иә, әйелдің ішкі жандүниесін, қалауын көрсеткім келді. Кейде өзіміз де мойындай алмайтын, өзіміз қорқатын, ақылға сыймайтын пиғылдарымыз болады. Жоқ, менде ондай пиғыл, сезім жоқ деп қанша қақшаңдап, періштенің ұлпа қанатын тағып алып, бейкүнә көрінгенмен, болмысымызда мысқалдай болса да қара түйнек жатады. Оны өзіміз байқай алмаймыз, мойындамайтынымыз да сондықтан. Осы шығарма арқылы әйелдің жан дүниесіндегі қалтарыстарды суреттегім келді. Ол және сәтті шыққан сияқты.

Чеховқа еліктеген жоқпын

– «Раушан гүл», «Ақындардан жеріну», «Итгершілік», «Қоңыр үй және «Жигули» сияқты әңгімелеріңізден қазір өзіміз өмір сүріп жатқан қоғамның қағазға түсірілген бейнесін көреміз. Анығын айтсақ, сіз кейіпкер еткен Итбай, Орынгүл сияқтылар қазір арамызда жүр емес пе?
– Қаламгер – өз ортасының, өз дәуірінің суретшісі. Тарихтан хронологияны ғана білеміз, ал әдебиет сол кездегі адамдардың бет-бейнесін, тұрмысын, қарым-қатынас­тарын, болмысын суреттеуі керек. Тіпті, жазушылардан адамдардың киім киісі, үйінің иісіне дейін сезілетін мықты суреті бар шығармалар туып жатады. Итбай мен Орынгүлге келер болсақ, бұларды қазіргі қоғамның сыздауық жарасы деп қарастыру қате. Итбайлар бізге дейін де болған, бізден кейін де болады. Әйел мен еркек қатар өмір сүрген қоғамда бұлардың болуы заңдылық. Және бұндай кейіпкерлерді жексұрын деп сөгу де қателік. Ол да біз сияқты адам, үнемі болма­ғанмен итбайлық пиғыл, болмысты кейде өз бойымыздан жасыра алмай қала­мыз. Итбай деген – түптеп келгенде, дара образ емес, ол – біз! Өзіміздің байқай алмай жүрген болмысымыз.

– Шығармаларыңыз туралы ақын Есенғали Раушанов пікір білдіріп, сізден Чеховтың әсері байқалады депті. Чеховқа еліктедіңіз бе?
– Чеховтың стилімен жазасың деген пікірді осыдан бір-екі жыл бұрын ғана естіп, Чеховты оқуға кірістім. Демек, мен шығар­маны Чеховқа еліктеп жазудан бастаған жоқ­пын. Әрине, Чехов – қай заманда да өзінің актуальділігін жоғалтпайтын жазушы. Оның деңгейіне жететін жазушы туса жақсы ғой…

– Осыған дейін бірталай аға буын ақын-жазушылардан сұхбат алдым, бәрі жас кезінде ағаларының алақанында өскенін, демеу көргенін айтады. Ал қазір әдебиеттегі аға буын мен жастардың арасы алшақтап кеткендей…
– Қазір жағаң жайлауда болып, біреуге еркелеп жүретін уақыт емес. Әркім өз күшіне, өз қабілетіне сенетін заман. Мен аға буыннан ешқандай да қолдау күткен емеспін және олар маған демеу көрсетуге де міндетті емес. Әдебиет бойынша ағалардың ақыл-кеңесін алып тұруға болатын шығар, бірақ ол ақыл-кеңес пайдалы ма, шынымен сен соған зәрусің бе дегенді анықтап алу керек. Осы сұрақты өзіне қойып көрген адам алдыңғы буыннан ештеңе күтпейтініне сенімдімін.
Жалпы, жазушылар мемлекеттен қолдау күтуді немесе демеушілерге жалтақ­тауын қою керек. Біреудің ықпалымен, біреудің ақыл-кеңесімен жазылған шығарма өз бояуын жоғалтып алады.

– Гарсиа Маркес бір сұхбатында: «Менің әрбір романымның ішінде тағы бір роман жатады», — депті. Ал мен сіздің әрбір әңгімеңіздің ішінде тағы бір әңгіме бар екенін байқадым. Ондағы қоғамның ащы шындығы, ескі мен жаңаның тайталасы, махаббат пен ғадауат секілді көріністер осы сөзімізге дәлел.
– Мен шығармаларымнан ондайды байқамаппын. Шыны керек, шығарма­ларымды оқыған адамдар тым тереңдетіп, астарын қопарып, тіпті, қарапайым иттің болмысынан замананың келбетін көріп жатады. Менде оқиғаны тұспалдап беру, терең пәлсапа соғу, шығарма арқылы қоғамды тәрбиелеу деген ешқандай да ниет, ой болған емес. Мен көзіммен нені көре аламын, жүрегіммен нені сезіне аламын, ақылым қалай таразылай алады – соны ғана жазамын. Және шеберлікті шыңдау бағы­тында алға қарай өрлеу, іздену деген талпынысым да жоқ екен. Өзгелерден білімдірек көріну үшін шетел әдебиетін талқылап, олардың бір-екі қаламгерінің атын атап, ізденіп сұхбат беруіме де болар еді… Қолыма түскен жақсы кітап болса оқимын, бірақ авторы есімде қалмауы мүмкін, кейіп­керлерді үнемі шатастырамын. Әсерлі оқиғалар есімде қалғанымен, қай кітаптан оқығанымды да ұмытып қаламын. Жалпы, көп ізденіп, күш салып жазылған әдебиетте жазушы өзін, өзінің қолтаңбасын жоғалтып алуы мүмкін деп ойлаймын.
– Сөзде күш, сиқыр, мінез, махаббат, тағдыр т.б. бар екенін сезінетін дәуірге қашан жетеміз?
– Оны білмедім. Керемет, күшті, ғажап дәуірді аңсамай, адам өз дәуірінде қалай болса, солай өмір сүре беру керек қой. Өмір тым қысқа, оны ұзақ ойлануға, бір нәрсені өзгертемін деп сабылуға жойғым келмейді. Сөзі қуатты, таланты мықты адам туса, кез келген дәуірді де мойындата береді…

Сын қабылдауға дайын емеспін

– Алда-жалда бірер сыншы немесе сауатты оқырман шығармаңыздың бірін жеріне жеткізе сынаса, не істер едіңіз?
– Сынға салқын оймен, саналы қараймын деп айта алмаймын. Шарт ете түсетін, артық ауыз сөзді көтере алмайтын аздап ақылсыздау мінезім бар. Сын есту маған ауыр, мақтаса, марқайып қаламын. Сын айтылып та жүр. Көбіне әдебиетке шала қарайтыным, шикі талантты піспеген күйі оңды-солды шашып жүргенім туралы жиі айтады. Ол рас, оны өзім де мойындаймын. Содан соң олар маған сын айтатындай, мен әдебиеттің түпкілікті адамы емеспін. Жазушы деген аттан үркектеп, үнемі менікі – жай хобби деп қашқақтай­ты­ным да сол сын естімеудің айласы шығар.

– Шетел жазушыларының өмірбаянын оқысақ, бірнеше жанрда қалам тербейтіні туралы ақпарат аламыз. Сұрайын дегенім, жазушылықтан басқа қырыңыз бар ма?
– Жазудан басқа көзге түсер қырым да жоқ сияқты. Бірнеше қабілетті ұштастыра білген адам – нағыз дарынды адам.

– Мемлекеттік сыйлықты алған кейбір ақын-жазушылар мүшәйралар мен әдеби байқауларға қатысып жатады. Осы дұрыс па?
– Адамның құлқына байланысты ғой бәрі. Мүшәйраға қатысқысы келсе, қатыса берсін. Өзіне ұнап тұрса, өзінің деңгейін солай бағалап тұрса, қалай қарсы боласың? Жалпы, мемлекеттік сыйлық алу адамның деңгейін білдірмейді, кеудесі толы салдыр­лаған медаль. Кеудесінің ішіндегі жүрегінде салмақты дүние жоқ адамдар да болады. Сондықтан мемлекет­тік сыйлық алған адам мүшәйраға біз сияқты жастармен бірге қатысып жатса, деңгейіміз шамалас деген сөз шығар. Желпілдеген желөкпе біз не, мемлекеттік сыйлықты алған қалып­тасқан тұлға не…

– Мемлекеттік қызметте екенсіз. Шығармашылығыңызға кедергі келтірмей ме?
– Қызметімнен шығар­ма­шылықпен еркін айналысуға ешқандай кедергі көр­медім. Егер өзім ерінбесем, ден қойсам, уақыт таба аламын. Мемлекеттік қызметкер ретінде әдебиеттегі бір кейіпкердің образын айтайын. Чеxов па, әлде Булгаков па, шатас­тырып отырмын, ауылға жас дәрігер келеді. Алдында xа­лыққа қызмет ету мақсаты тұрады. Бар денін қойып, ауруларды емдейді. Ауылдың адамдарын түбегейлі сауықтыру ойында тұрады үнемі. Бірақ үш ауруды емдеп жіберсе, орнына алты ауру келіп тұрады. Оны емдесе, тағы сегізі келеді. Сондағы ойлары: мына дәрігер жақсы емдейді, барып қаралып келейік. Ақырында дәрігердің өзі жалығып кетеді. Үйінен шықпай, ойланып отырып алады. Мемлекеттік қызметкерлердің жұмысы да сол, бір өзің қоғамды жарқыратып жібергің келіп тұрады, бірақ бәрібір мүмкін емес, күшің жетпейді. Бір жақсы іс бастасаң, артынша бір нәрсе опырылып, ақсап жатады. Әбден сабылып жұмыс істеп келіп, болмашы жалақымды алған кезде бір менің жұмыс істегенімнен де, істемегенімнен де мына қоғам гүлденіп немесе күйреп қалмайды ғой деп ойлаймын. Меніңше, мемлекеттік қызметкерлер­дің жұмыс тәсілін түбегейлі өзгерту керек сияқты. Күш-қуатымызды босқа шашып жатқандай көрінеді.

– Жақсы жазу үшін не істеу керек?
– Маған жазу үшін миды тыныштандыру керек, тұрмыстық мәселелерге алаңда­мауым қажет, сосын үлкен сағы­ныш керек. Басқалары не істеу керек екенін білмеймін. Әзірге миым тыныш емес, тұрмыстық мәсе­ле­лерге қол сілтеп қана жүре алмаймын. Ал сағыныш жүрегімде бар. Менікі – үлкен сағыныш. Өскен ортаны, ауылды, қазір жоқ адамдарды үнемі сағы­намын да жүремін.

Сұхбаттасқан
Дүйсенәлі Әлімақын

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір