ҚОЛА АЙНАДАҒЫ ЖАЗУ
03.06.2022
548
0

Көш басындағы елдермен «тереземізді теңеп, иық түйістіру» үшін көне жазба жәдігерлеріміздің құндылығына назар аударып, оның рухани дүниемізді молайтар әсерін түсінуіміз қажет. Сол рухани құндылықтардың аясында елдігімізді өскелең ұрпақтың санасына құю – басты міндетіміз. Көне дәуірден бері ашық аспан астында жатқан жазба жәдігерлеріміздің ұрпақ тәрбиесіне тигізер пайдасы өте көп. Тек оны зерттеп, зерделеп, мәні мен маңызына үңіліп, рухани санамызды жаңғырта алатын қуатты күшін бойымызға дарыта білуіміз керек.

Қазақтың көрнекті ғалымы Қ.Жұбанов ежелгі қазақ жеріндегі ескі әдеби мұралар туралы былай деп жазады: «…Ескі әдебиет мұрасы – халықтың тарихын танытатын материал, бір халықтың тарихын білу үшін сол халықтың әдебиетінен қалған мұраларды жинау, сақтау, оларды тиісінше тексеру керек…» (Қ.Жұбанов, «Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер», ішінара өңделген үшінші басылымы. Алматы, Мемлекеттік тілді дамыту институты, 2010 жыл, 300-бет).
Қ.Жұбанов «ескі жазба әдебиет» деп қазақ түркілерінің жазба әдебиетін айтып отырғаны түсінікті. Енді «Қазақ жерінде қазақ түркілерінің жазба әдебиеті болған» деген ұғымның расқа айналғанын мойындайтын уақыт келді. Идеологиялық тұтастықтың болмауынан осы ұғымды біз бірнеше ғасыр бойы санамызға орнықтыра алмай келеміз. Осындай ұғым аясында ойлана бастауымызға әсер еткен күш – тәуелсіздік екені де түсінікті. Тәуелсіздіктің бұғау­дағы тұншыққан, жалтақ ойлардың жаңғыруына әсер еткені анық.
Профессор М.Мырзахметұлы: «Қазақ әдебиетінің көне тарихы – өте күрделі тарих. Оның өзге халықтар әдебиетінің туу, даму жолына ұқсас та, ұқсас емес те жақтары бар…» – деп жазды (М. Мырзахметұлы, «Түркістанда туған ойлар», Алматы, «Санат» баспасы, 1998 жыл, 291-бет).
Енді «…өзге халықтар әдебиетінің туу, даму жолына ұқсас емес те жақтары бар…» деген пікіріне ой қосайық. Шынында қазақ түркілері әдебиетінің көне дәуірінің өзге халықтар әдебие­тіне ұқсамайтын тұстары бар. Олай дейтін себебіміз, Қазақ Елі – ғалымдар айтқандай ашық аспан астында жатқан мұражай. Осы мұражайды қаузасақ небір ғажайып әдеби, мәдени жәдігерлер шығады. Ол жәдігерлер біздің қазақтың жазба әдебиетінің ең көне дәуірде пайда болғанын дәлелдейді.
Біз осынау руханиятымызды қадірлеп, көздің қарашығындай сақтап, өз жерімізден табылған жәдігерлерді өскелең ұрпақтың санасына құйып, ұлттық идеологиямыздың өркендеуіне пайдалануымыз қажет. Өз жерімізден табылған тасқа қашап жазылған кітаптар, балбал тастар, әр түрлі суреттер қазақ түркілерінің интеллектуалдық меншігі екенін ұмытпауға тиіспіз.
Иә, дүниенің барлық жетістігі мен жақсылығын тек Еуропа оқымыстыларына телитін, шындыққа сай келмейтін еуроцентризм әдіснамасын бүркенген батыстық ғалымдар қазіргі таңда да қазақ түркілерінің әдебиеттегі, мәдениеттегі жетістіктерін мойындауға асығар емес. Еуроцентризм әдіснамасы мен казармалық социа- лизм идеялары талай қазақ зиялыларын жалтақ етіп тастаған-ды. Осындай идеологиялық механизмдердің тосқауылынан қазақ зиялыларының ғылымдағы тұжырымдарында дәлдік болмады. Мәдени-әдеби жетістіктеріміз өзге ұлттардың мәдени-әдеби жетістіктері аясында, социализм идеялары аясында ғана айтылып келді. Мұның өзі өскелең ұрпақтың қанатын кең жая алмай, өзге ұлттың идеологиясына табынуына әкеліп соқтырды.
Осы жалтақ идеялардың кесірінен қазақ түркілерінен шыққан жүздеген оқымысты белгісіз болып, жоғалып кетті. Оған дәлел: тек қана Фараб қыстағы төңірегінен отыздан астам ғалымдардың табылуы. Бұрын аттары аталмаған, жалтақ идеяның әсерінен белгісіз болып келген бұл оқымыстыларды жаңғыртуда профессор Әбсаттар Дербісәлінің ұзақ жылдар бойғы ізденісінің маңызы зор.
Ал бүкіл түркіге мәлім тараздық Шейх Ахмет Құдайдатты біз білеміз бе? Ол бүкіл Шығыс поэзиясы туралы дүниежүзінде тұңғыш рет «Көркем сөз өнері» атты ғажайып кітап жазды. Ал тараздық Ибатұлланы ше?
Қазақ зиялыларының басына сор болған социалистік реализм мен казармалық социализм (коммунизм) идеологиясының кесірінен біз қолда бар әдеби жазба жәдігерлерімізге ғылыми тұрғыдан баға бере алмадық. Барынан айырылып қалдық, өзгелерге қолды болғандары да бар. Оның дәлелі – өз жерімізден табылған Алтын адам, оның жанындағы күміс тостағандағы жазуды («Аға, саған (бұл) ошақ! Бөтен (жат ел адамы), тізеңді бүк! Халықта азық-түлік (мол болғай))», Шығыс Қазақстан облысы, Ертіс өзені жағасынан табылған қола айнадағы жазуды («Жебеуші қызыл күрең айдаһар. Әйел күншілдігін азайтса құты қонады»), т.б. әдеби жәдігерлерді қазақ түркілерінің жазба әдебиетіне енгізе алмауымыз.
Казармалық социализм идеяларының кесірінен 4 миллион қазақ шыбындай қырылды, 10 мың қазақ зиялысы атылды. Олардың ішінде ақындар, жазушылар, дәрігерлер, инженерлер, құрылысшылар, аудармашылар, тарихшылар, діни ағартушылар, саяхатшылар, т.б. болғаны рас. Қалғандарына қуғын-сүргін қамытын кигізіп, сағын сындырды. Сонда бізде кім қалды?
Социализм идеялары Ә.Марғұланды, Е.Бекмахановты, Ә.Бөкейханды, М.Жұмабаевты, А.Байтұрсынұлын, Б.Кенжебаевты, Қ.Жұбановты, М.Әуе­зовті, т.б. өз ойларына тұншықтыруға тырысты. Қазақ түркілерінен шыққан оқымыстыларды халық жауы ретінде көрсететін қуатты механизмнің күшіне тойтарыс бере отырып, олар өз халқының арман-мақсатын асқақтататын идеологияны қалыптастырып кетті. Әр түрлі бөгде адамдардың санамызды улауға негізделген идеяларына қарсы тұрып, өскелең ұрпаққа идеологиялық күрес жолдарын үйретті. Олар орта ғасырларда ғұмыр кешкен, бөгде жұрттардан келген экспансияға қарсы күрескен отырарлық Әбу Нәсірдің (Әбу Нәсір әл-Фараби), қашқарлық Махмұттың (Махмұт Қашқари), баласағұндық Жүсіптің (Жүсіп Баласағұн), йасылық Қожа Ахметтің (Қожа Ахмет Ясауи), бақырғандық Сүлейменнің (Сүлеймен Бақырғани), жүйнектік Ахметтің (Ахмет Жүйнеки) шығармаларынан қуат алды.
Шығыс Қазақстан облысы, Ертіс өзені бойындағы «Зевакино» ауылына жақын жердегі көне түркі қорғанынан табылған әйел адамның мүрдесі және түрлі зат бұйымдармен қола айнаға қашалып жазылған мәтін ғалымдарымыз үшін таптырмас олжа болғаны анық. Мәтін мынадай: «Жебеуші қызыл күрең айдаһар. Әйел күншілдігін азайтса құты қонады». Ғалымдардың тұжырымы бойын­ша екі сөйлемнен тұратын мәтін ІХ-Х ғасырларға тиісті.
Қола айнадағы жазу туралы ғалым Н.Базылханның ғылыми еңбегінде түсініктеме беріледі: «Қола айнаның жиегі мен ішкі шеңберінде дөңгелене үшкір темір затпен қашалып, екі жол мәтін жазылған. Оны 1969 жылы Ф.Х.Арсланова тапқан. Мәтіндік зерт­теулерін Ф.Х.Арсланова, С.Г.Кляш­торный, А.С.Аманжолов жүргізген (Н.Базылханның «Көне түрік бітіктастары мен ескерткіштері (Орхон, Енисей, Талас), «Қазақстан тарихы түркі тілді деректемелерде» атты сериясы бойынша. 2-том, Алматы, «Дайк-пресс», 2005 жыл, 241-бет).
Енді екі сөйлемнен тұратын осы қола айнадағы жазудың не мағына беретінін ойлап көрейік. Бірінші сөйлем: «Жебеу­ші қызыл күрең айдаһар». Осыдан кейін «Әйел күншілдігін азайтса құты қонады» деген екінші сөйлем жазылған. Меніңше, осы екі сөйлемнің арасында бірнеше сөйлем болуы мүмкін. Қола айнаға қашап жазылған жебеуші қызыл күрең айдаһардан кейін әйел күншілдігінің, яғни күншіл әйелдің зияны туралы дидактикалық бағытта сөздер жазылған. Қазақта «Әйел азса, заман азады» деген сөз бар. Бейбіт заманның орнығуы да ақылды әйелдерге байланысты екен. Қола айнадағы әйел туралы жазылған сөздің маңызы өте зор.
«Жебеуші қызыл күрең айдаһар» – бұл белгілі бір идеяға құрылған шығарманың алғашқы немесе ортасындағы сөйлем болуы да ғажап емес. Қола айнаның бетіне белгілі бір затқа жазылған жазудың көшірілуі де мүмкін. Осындай көшіру барысында сөйлемдер қалып қойды ма? Не десек те, бұл жазу Күлтегін, Тоныкөк, Білге қаған сияқты тасқа қашалып жазылған дастандардай әдеби жәдігерлердің үзінділері болуы да ықтимал.
Адамзаттың жауы болып есептелетін айдаһар қазақ ертегілерінде көп кездеседі. Мысалы, «Ағайынды екі батыр» атты ертегіде ағалы-інілі Алып пен Қалып Шөгірлі тауындағы қызыл айдаһарды өлтіреді. Ал «Ерен батыр» атты ертегіде Ерен батырдың екі басты айдаһармен шайқасы сипатталады.
Айдаһар «Ер Төстік» ертегісінде де кездеседі: «…Үшеуі шаршап, бір бұлақтың басына келіп жатады. Бұлақтың басында бір үлкен бәйтерек тұрады екен. Бір мезгілде сол бәйтеректің басынан шуылдаған ащы дауыс естіледі, қараса, шуылдаған балапандар екен. Бұларды жеуге бір айдаһар жоғары өрмелеп бара жатыр екен… Ер Төстік садағын алады да, өрмелеп бара жатқан айдаһардың екі көзінің арасынан дәлдеп тартып қалады, айдаһар жерге сылқ ете түседі, айдаһардың жерге құлап қалғанын көрген соң, балапандар да шуы­лын тоқтатады…» («Қазақ әдебиеті», хрестоматия, құрастырушылар: Т.Ақшолақов, Ә.Қанафин, М.Хасенов, Алматы, «Мектеп» баспасы, 2001 жыл, 25-бет).
Қазақ түркілерінің ауыз әдебиетінде батырлардың айдаһармен шайқасуы, айдаһардың жағымсыз, халықтың қаһарына ұшыраған жалмауыз ретінде сипатталуы айдаһардың ауыз әдебиеті үлгілерінің кейіпкері болғанын дәлелдейді.
Енді «Әйел күншілдігін азайтса құты қонады» деген екінші сөйлемге орай ой өрбітейік. Бұл – өсиет сөз. «Әйел – отбасының алтын қазығы» деген қанатты сөз бар. Ендеше, отбасында, қоғамда әйелдің алатын орны ерекше. Демек, әңгіме әйелдердің ерекшелігі жайлы болып отыр. Ежелгі қазақ түркілерінде әйел жайлы, әйелдің отбасындағы, қоғамдағы орны жайлы көптеген мақал-мәтелдер, қанатты сөздер, аңыз әңгімелер, ертегілер болған. Сақ дәуірінде өмір сүрген философ Анарыс Қоңырұлының: «Бақытты шаңырақ дегеніміз – жалтылдаған сәнді сарай емес, жан жарыңның, жақын-жораларың мен сүйкімді балаларыңның сыңғырлаған күлкісі, ырысы мен ынтымағы», – деген қанатты сөзінің әйелге де арналғанын атап айтуға тиіспіз.
Отбасына құт әкелетін әйел – жақсы әйел. Ал күншіл, ақылсыз әйел ше? Қола айнадағы «Әйел күншілдігін азайтса құты қонады» деп ақылды, сабырлы, жауласқан елді елдестіретін, елі мен жерін қорғауға күш салатын, ұрпақ өсіріп, елдің қорғаныс қуатын арттыратын әйелдерді айтып отыр. Өз халқының жерін аман сақтап қалу үшін сырт ел басқыншыларымен күрескен сақ дәуірінің әйелі Тұмар патшайым, өз мемлекетінің жерін өзгелерге кетіп қалмауы үшін сүйген жігітіне тұрмысқа шығудан бас тартқан Зарина ару ше? Қырық қызға басшы болып, басқыншыларға соққы берген Гүлайым ше?
Әйелдің күншілдігі туралы халық ауыз әдебиетінде ертегі де, қисса да жетерлік. «Мұңлық-Зарлық» дастанында алпыс әйелі бар Шаншар хан бір ұлға зар болады. Шаншар ұл бала көремін деген ізгі ниетпен Жәудір деген шалдың Қаншайым атты қызын алпыс бірінші әйел қылып алады. Қаншайым екіқабат болғанда бір ұлға зар болып жүрген Шаншар хан: «Қаншайым ұл туып, жүрегім жарылып өліп қалармын, ұл туса сүйіншісін сұрап бір уәзірім келер», – деп аң аулап, алысқа кетіп қалады. Сол кезде Қаншайымның екіқабат екенін білген алпыс әйел: «Қаншайым ұл туса біз жеккөрінішті боламыз, бір амал қылайық», – деп, қастандық жасауға мыстан кемпірді жібереді. Мыстан кемпір Қаншайым толғатқанда жанында болып, Қаншайым алтын айдарлы ұл, күміс айдарлы қыз туғанда, ұл мен қызды тығып тастап, орнына иттің екі күшігін қойып кетеді. Мыстан кемпір ұл мен қызды Қазар дариясына әкеліп суға лақтырады. Дәл осы кезде Қырық Шілтен пайда болып, екі сәбиді ажалдан аман алып қалады да, екеуін Шөгірлі тауына апарып жасырады. Бұл жерде екі сәбиді киік асырайды. Қырық Шілтен ұлға Зарлық, қызға Мұңлық деп ат қоя­ды. Қаншайымның екі күшік туғанын есіткен Шаншар хан Қаншайымды дарға асып өлтіруге бұйрық береді. Қаншайымды дар алдынан Қырық Шілтен құтқарады…
Бұл – ертегі. Алпыс әйелдің Қаншайым­ға жасаған күншілдік әрекеті, сонан соң мыстан кемпір мен жалмауыз кемпір культі – арамдық пен залымдықты сипаттайтын желі. «Құламерген-Жоямерген» қиссасында Құламергеннің әйелі Күнайымның бұлғар патшасы Қасыммен көңілдес болғаны, бұлғар патшасының жамандыққа мыстан кемпірді жұмсайтыны баяндалады. Мұнда опасыз Күнайымның іс-әрекеттері, арам пиғылды Күнайымның қызы Шәрипа бейнесі сипатталады…
Меніңше, қола айнаға қашалып жазылған «Жебеуші қызыл күрең айдаһар. Әйел күншілдігін азайтса құты қонады» деген екі сөйлемді біз ІХ-Х ғасырлардағы қазақ түркілерінің жазба әдебиетіне жатқызсақ болады.

Меңдібай ӘБІЛҰЛЫ,
филология ғылымының кандидаты,

Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің доценті, профессор

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір