ҚАЗАҚ ҚАСІРЕТНАМАСЫ ТУРАЛЫ ӘФСАНА
05.07.2019
2033
1

Айтыңызшы, тұтас бір халықты ұлттық бітім-болмысынан айырып, оны көзді ашып жұмғанша мүсәпір халге түсірудің технологиясы бар ма, бар болса, ол қайсы? Алда-жалда ортаға осындай сауал тасталса, көпшілік жұрт оның себебін сұм соғыстан немесе топан су, өрт, жұт сияқты төтенше табиғи апаттардан іздейді. Алайда қоғамтанушылардың бұл тұрғыдағы ұстанымы басқа. Адам баласын мүсәпір халге түсірудің ең төте жолы – табиғи катаклизм емес, ашаршылық деген пікірде. Ашаршылық болғанда да, адам қолымен жасалған, мақсатты түрде ойластырылған ашаршылық. Ал мұндай сұмдық зобалаң-зұлматты ата тарих қазақтың алдына әлденеше рет көлденең тартты.

Өткен бір ғасыр ішінде (ХХ ғасыр) қазақтың «қызыл жендеттерден» көрмеген құқайы, жемеген таяғы, ішпеген уы қалмады десе болады.
Ресейде Қазан төңкерісі орын алысымен-ақ іле-шала елді ашаршылық пен қуаңшылық жайлағаны белгі лі. Әсіресе 1917-1922 жылдар аралығында қайта-қайта айналып соққан жұт мүлде есеңгіретіп жіберді. Жұт бар жерде ашаршылық пен жоқшылық бар. Ашаршылық жүрген жерде өлім-жітім бірге жүреді. Несін айтасыз, осы жылдары қазақ қынадай қырылды. Қазақ даласы адам өлігінен қан сасыды. Алайда Кеңес үкіметі оны бүркемелеп, шындықты айтқызбады, «ол – қарғыс атқыр Азамат соғысының салдары» деп, нағыз ақиқатты бұра тартты, жұрт назарын басқа жаққа аударуға тырысты.
Сол тұстағы тарихи құжаттар Қазақ жерінде халықтың кем дегенде 2 миллионға дейін қырылғандығынан куәлік береді.
Осы ретте мына нәрсені айта кетсек, артық емес. Қайсыбір зерттеушілер Қазақ жеріндегі жұт 1921-1922 жылдар аралығын ғана қамтыды деген пікірде. Бүкіл қазақ жерін шарпыған жұт тек осы жылдары ғана болды дейді. Біздіңше, бұл – жаңсақ пайым. Расында, 1921-1922 жылдар аралығында орын алған жұт тек Орталық Қазақстан аймағын, нақтылай айтқанда, Ақмола, Қарағанды, Жезқазған, Ақтөбе облысының шығыс бөлігі, Семейдің солтүстік-батыс өңірлерін қамтыған болатын. Бұл кезде Қазақстанның басқа өңірлерінде, тіпті Қазақ АКСР-ының астанасы болып тұрған Орынбор аймағында да мұндай қуаңшылық жұт орын алмаған. Есесіне, 1917-1918 жылдары оңтүстік өңірде, анығырағы, қазіргі Алматы мен Ташкент арасындағы байтақ аймақта, солтүстік торабы – Арал, Балқаш, Сарысуға дейінгі алапты «Жылантақыр» деп аталатын ұлы жұт келіп жайлаған. Аштықтан 500 мыңнан аса қазақ опат болып, 3 миллиондай мал қырылып қалған. Тұрар Рысқұлов, Сұлтан Қожанов, Мұстафа Шоқай секілді ұлтымыздың біртуар ұлдарының бас көтеріп, Түркістан республикасында аштықпен күрес комиссиясын құрып, ашқұрсақ халықтың ауыр жағдайын айтып, В.Ленинге шырылдап шағым хат жазатын кезі – осы тұс.
Неге екенін кім білсін, ұлттық тарихы­мыздың осы бір қаралы кезеңі туралы індете зерттеуге ғалымдарымыздың тісі бата бермейді.
Мінекей, менің қолыма таяуда тиген жазушы Момбек Әбдәкімұлының «Зобалаң» атты су жаңа («Қазығұрт» баспасы, Алматы, 2018 ж.) деректі романында өткен тарихымыздың осы бір күрделі кезеңіне барлау жасап, жұттың орын алғанын, оның салған лаңдары мен шы­ғындарын нақты деректермен дәлелдейді. Дә­лелдеп қана қоймайды, өзінше түйін жасайды.
Дегенмен шығармаға өзек болған негізгі тақырып бұл емес, тарихта «Кіші Октябрь» деген атпен қалған 1931-1932 жылдардағы ұлы нәубет, осы кезеңнің шындығы. Жазушы қазақ халқының басына түскен осы зобалаң уақыттың шынайы болмысын барынша жатық тілде ашып көрсетуге тырысыпты. Ашаршылық қалай басталып, қалай белең алды, оның қасіреті мен тақсіреті қазақты қалай ойрандады: романда мұның бәрі кеңінен әрі нанымды суреттеледі. Онда нақты деректер мен бұлтартпас дәйектердің көп келтірілгені соншалық, кітапты оқып шыққан адамның «халықтар көсемі» И.Сталин бастаған қызыл комиссарлардың ашаршылықты мақсатты түрде қолдан ұйымдастырғанына көзі анық жете түседі. Мұртты көсемнің ішкі есебі мен сұрқиялығының шектен шыққандығы сол, ол өзі жаққан отты Қазақстан Коммунистік партиясының бас жендеті Ф.Голощекиннің қолымен көсейді. Соның кесірінен қазақ топырағында бұрын-соңды құлақ естіп, көз көрмеген жауыздықтар мен зұлымдықтар орын алып, сан мыңдаған адамдар зардап шекті, запыран құсты. Айрандай ұйып отырған қаншама бақытты отбасы ойрандалып, шаңырақтары ортаға түсті, нешеме тағдырлар талқандалды. Суреткер қаламы осылардың барлығын шашыратып алмай, бір көркемдік идеяның төңірегінде топтастырып ұстайды. Қаламгер шебер қиюластырып ұстап отыратын осы арналар мен ағыстар зобалаң жылдардың қаны сорғалаған бар көрінісін бүкпесіз, ешбір артық боямасыз оқырман жүрегіне жеткізеді. Осындағы сан алуан тарихи оқиғалар, әрқилы өмір кешіп жатқан адамдар тағдыры арқылы дерекнамалық айқын стильде сол репрессиялық – зұлмат жылдардың беймәлім беттерін ашады. Осылайша жазушы өзі көтеріп отырған тақырыбын, айтайын деген ойын қым-қиғаш, бірақ ақиқи тарихи оқиғаларға сүйеніп, көркемдік шындық тұрғысынан жинақтап бере алған деуге болады.
Жазушының ең алдымен бөліп айтарлық ұтымды концепциясы мынада: ҚазАКСР-ы және Өзбек КСР-ы Халық комиссарлары кеңестері мен Орталық Атқару комитеттерінің шешімімен 1931-1932 жылдары Қазығұрт етегі мен Келес өзенін бойлай салынбақ болған «Шымкент – Ташкент» төте теміржолы құры­лысының іске қосылуын, оның қандай мақсатпен салынбақ болғанын, басы-қасында кімдердің тұрғанын, сондай-ақ түстік қазақтарының төтеннен келген аштықтан аман қалуына орасан септігі тиген құрылыстың неліктен аяқталмай тоқтатылғанын, ондағы жұмыс істеген қазақ еңбекшілерінің ауыр тұрмыс-тіршілігін, жан-жақтан тамақ іздеп ауып келген ашқұрсақ босқындардың құрылысқа жұмысқа тұру үшін көрген құқайлары мен тартқан машақаттарын өз кейіпкерлерінің жан қиналысы мен азабы арқылы ширықтыра кестелейді. Иә, қаражамбас Қазығұрт етегінде мыңдаған адамдардың көз жасымен, төгілген қанымен тұрғызылған сол жол құрылысының бітпей қалған қалдықтары төбе-төбе, жал-жал болып созылып, бұзылмаған күйінде қалқайып-қалқайып әлі тұр…
Алдымен сол заманның мың құбылған саясатының қыр-сырына үңілуге тырысқан жазушы сол күрделі әрі көп қатпарлы қоғамдық-әлеуметтік өмір шындығын терең қопарып көрсету мақсатында көп ізденіп, телегей тер төккені байқалады. Ең бастысы, суреткер замана шындығын қалай қабылдады? Айтайын деген ойын айта алды ма, жоқ па? Ұлт тағдырында орын алған осынау айрықша қатыгез, шиеленісті тарихи белесті қаламгер өз шығармасында қалайша жинақтап бере алды? Әсіресе тарихи тұлғалардың халық үшін сіңірген еңбегі ұшан-теңіз бола тұра, олар не себепті жоғарғы эшалондағы «саяси ойындардың» құрбаны болып отырған? Мұны анықтауда жазушы қандай ақиқаттарға арқа сүйеді? «Шымкент – Ташкент» төте теміржол құрылысы неге кенеттен тоқтап қалды? Осының барлығын ойлағанда, романда суреттелетін, арна-арнамен бастау алып, сосын жалғасып жататын қым-қиғаш оқиғалар шоғыры шығарманың бүлк-бүлк соққан жанды қан тамырларындай әсер ететін бірнеше сюжеттік желілерді алдыңғы қатарға шығарады.
Қаламгердің пайымдауынша, Шымкент – Ташкент төте теміржол құрылысының күтпеген жерден тоқтап қалуының себеп-салдары РСФСР Халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары қызметінде болған Тұрар Рысқұлов тұлғасымен тікелей байланысты екен. Өйткені «Бұл төте жолды салу идеясы Тұрар Рысқұловқа тиесілі», – дейді жазушы. Кезінде Түрксіб темір жол құрылысының бастығы болған қайраткер екі қала арасын төтелей жалғастыратын теміржол құрылысын салуды 1927 жылы-ақ «ғасыр жобасының» бір тармағы ретінде бас жоспарға енгізіпті. Алайда сол кездегі әр түрлі жағдайларға байланысты бұл жолдың құрылысын жүргізу кейінге шегеріле берген көрінеді. Қалай дегенде де, қазақ перзентінің ірі деңгейдегі көрнекті саяси қайраткерге айнала бастауы, әрине, большевиктердің шовинистік пиғылдағы көсемдері басқаратын репрессиялық аппаратқа ұнамайды. Енді олар «рысқұловшылдықты» мүлде талқандап, саяси сахнадан біржолата аластатуды көздейді. Осылайша оның бүкіл Кеңестер Одағы, әсіресе Орта Азия халықтары үшін жасап жатқан жемісті еңбегін түбегейлі жоққа шығару «ойынын» ойлап тауып, керісінше, оған «пантүркизм» идеясын қоздырушылардың бірі ретінде жала жаба бастайды. Міне, «Халық үшін пайдасы орасан зор теміржол құрылысын шұғыл түрде тоқтатып тастаудың астарында осындай саяси негіз болған еді», – деп көрсетеді жазушы. Әрине, қаламгер мұны Ташкент, Шымкент, Алматы мұрағаттары мен мұражайларынан инемен құдық қазғандай еңбектеніп іздеп тапқан құнды құжаттар арқылы нақты мысалдарға жүгініп негіздейді…

Болат ШАРАХЫМБАЙ

(Толық нұсқасын газеттің №27 (3661) санынан оқи аласыздар)

ПІКІРЛЕР1
Қажы мұқамбет қаракедей 09.07.2019 | 20:18

Қазақ неге ашқалды?
Ұлты неге шайқалды?
Бұл нəубеттер тегінде
Білместіктен басталды
Біріге алмай үш жүзі
Біріне бірі қастанды
Үмбет деген ұғымды
Тастап бола тастанды
Орыс тумай жатқанда
Қазақты Қытай шапқан-ды
Дін мұсылман қосылып
Қастан қалды құтылып

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір