«Дала-бесікте» түлеген «Еменнің иір бұтағы»
Еліміз үшін кіндік кесіп, кір жуған туған жердің қадірлі қасиетін әспеттеу ісінде қай дәуірде де жүрегі таза, жаны жомарт тұлпар текті тұлғалар қалтқысыз қызмет еткен ғой. Солардың ішінде ірілігімен көрінгендер ел тарихында ешқашан елеусіз қалған емес. Жарасбай Қабдоллаұлы – еселі еңбегімен, өр, өжет мінезімен осы биікке көтерілген азамат. Оны бұл биікке уақыттың өзі қондыра салған жоқ. Небір қиындықта қайыспай еткен орасан еңбегі, төккен тері, жігері мен қайраты жеткізді.
Қолына қалам алып, «көңілдің кейбір сәттерін» қағазға түсіре бастаған уақытта оның көз алдында, жүрек түкпірінде «Елге қайтсем қызмет етемін?», «Текті тұлғалар салған сара жолды қалай жалғаймын?» деген сұрақтар тұрғаны сөзсіз. Ол сұрақтардың жауабын үлкен ізденіспен, еңбекпен тапты. 
Жарасбай ағамыздың әдебиетке сіңірген әрбір еңбегі осындай сан алуан күйдің толқынысында туған. Ол әдебиет – ардың ісі ғана емес, халықтың жаны екенін жіті ұғынды. Өз әдебиетін, өз әлемін жасау үшін туған халқын жанындай жақсы көрді. Қаламгердің қалыптасуы үшін әдеби талант һәм шеберлікпен қатар, жазушылық жанпидалыққа бара алатын дегдар қасиет, алабөтен ерлік те қажет екені айдан анық. Өз басым Жарасбай ағайдың әдеби туындыларының барлығын дерлік оқып шықтым. «Еменнің иір бұтағы», «Сөнбейтін шырақ», «Дала-бесік», «Көмескі із» атты кітаптарындағы әңгімелер мен хикаяттары жеке дара алып қарағанда, әрбірі ой иірімімен өзіне тартады, ал тұтас дүние ретінде бағалағанда романға татитын шығармалар.
«Дала-бесік» деп аты айтып тұрғандай, қызырлы Қызылжар өлкесі небір тамаша тұлғаларға атақоныс, құндақты мекен болған. Ағамыз, ең алдымен, олардың әруақтарына бас иіп, Шоқан Уәлиханов, Мағжан Жұмабаев, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов сынды ұлы тұлғалардың бойындағы асыл қасиеттерді сайын дала төсінен іздеуге, іздеп қана қоймай, табуға, оқырман көкейіне салып беруге ұмтылған. Бұл дүние көңіл түкпіріндегі сағыныштан, құрметтен, аңсардан ғана туған еңбек емес. Ол үшін ағамыз көп ізденді, жоғарыда есімдері аталған тұлғаларға қатысты деректерді ақтарды, олар өмір сүрген орындарды аралап, жәдігерлермен, тарихи құжаттармен танысты. Осылайша ақ жүректі оқырманға тарихтан сыр тартып, тың деректер, ақпарлар ұсынды. Сондықтан да мұны көркем дүние ғана емес, зерттеу еңбегі десек те артық болмайды.
Әдебиетте ерлік жасау – қай қаламгердің де қастерлі арманы ғой. Қазақ әдебиетіндегі (әсіресе, өткен ғасырдың алпысыншы, жетпісінші, сексенінші жылдарында) сондай ерліктерді білеміз, оқыдық. Мәселен, Ілияс Есенберлин мен Әзілхан Нұршайықовтың әйгілі «Қаһар» және «Махаббат, қызық мол жылдар» романдары бүгінге дейін қазақ әдебиетін өз биігінен түсірмей келеді. Осы туындылардың қатарына мен Жарасбай ағамыздың «Қисық қайың» әңгімесін қосар едім. Көтерген тақырыбы – кәдімгі адамдардың көз алдында болып жатқан өмір көріністері. Бабаларымыз ғасырлар бойы армандап, жүректің сұсына, найзаның ұшына қондырған егемендікке бір күнде қол жеткізе алған жоқ. Қазақтың басына қасірет үйірген социализм қоғамы аяқастынан тас-талқан болды. Сол тұтас дәуірді Жарасбай ағамыз бұл әңгімесінде басты кейіпкер Алтайдың мінезімен, көңіл-күйімен суреттейді. Тәуелсіздікпен бірге келе жатқан нарықтық экономиканы «қаймықпай қарсы алуға» дәрмені жетпеген ауыл өмірі, ауыл тұрғындарының көңілі егемендіктің талбесігінде тербелген біз сияқты жастарға түсініксіздеу болып көрінуі бек мүмкін. Алайда ондағы заман жүйесі, уақыт талабы боямасыз дәл берілген. Автор тақырыпты таңдай білуімен, нақты мысалдармен, көркемдегіш құралдармен (теңеу, эпитет, метафора, гипербола, т.б.), кейіпкерлер текетіресі, кейде, тіпті ішкі монологы арқылы байыта білуімен шығарманы ерекшелейді. Оқырмандарды кейіпкерлерінің іс-әрекеттері арқылы бірде ойлантып, бірде толғантып отырады. Тәуелсіздік басталған елең-алаң шақтағы жекешелендіру жағдайлары республикамызда кең етек алғаны сонша, байтақ еліміздің бір пұшпағындағы мәдени ғимараттар пысықайлардың қолында кетті емес пе? Қаламгер қаламының бір ерекшелігі – әңгімесінің сюжеті өмірде дәл солай болғандай, көріністер мен оқиғалар қаз-қалпында берілгендей әсер қалдыруы. Оның астарындағы айтпақ ойды, жасалмақ пайымды оқырман еншісіне қалдырады. Бұл да – екі қаламгердің бірінің қолынан келе бермейтін шеберлік.
Жарасбай Қабдоллаұлы әр шығармасында қоғамдағы әлеуметтік-моральдық құбылыстарды терең зерттеп, бір адамның, яки бір отбасының тағдыры арқылы оның тарихқа барып тірелетін терең себептерін ашып, мазмұны жағынан бір арнадан ауытқымай, оқырманға ой салып, өмір туралы, адам жайлы толғандырады.
Жарасбай Сүлейменовтің әңгімелері тақырыптық жағынан түрліше. Тіпті біріне-бірі тек мазмұны жағынан емес, стильдік қағидалар жағынан да ұқсамайды. Оның себебі де түсінікті. Жазушы Дулат Исабеков айтқандай, «өз кейіпкерлерінің қалың ортасынан алыстамаған» жазушының кейіпкерлері қанша түрлі болса, тақырыбы да сондай сан алуан. Ал тақырып стиль таңдайды. Мәселен, «Еменнің иір бұтағы», «Сөнбейтін шырақ» сияқты әңгімелерін «Елтінжал», «Көмескі із» шығармаларымен бір қатарға қоя алмайсыз. Себебі, жазылуы басқа. Сезіну, жеткізу өзге. Ал әңгіме ретінде қарасаңыз, бәрі де бірқалыпта…
Нұргүл ОҚАШЕВА,
ақын, Солтүстік Қазақстан облыстық
«Солтүстік Қазақстан» газеті
Бас редакторының орынбасары
(Толық нұсқасын газеттің №27 (3661) санынан оқи аласыздар)