ТҮРКІСТАНДАҒЫ «ЖАСТАР АЛЛЕЯСЫ»
05.07.2019
1018
0

«Ұлы даланың жеті қыры» десе, есімізге алдымен Түркістан шаһары оралады. «Екі дүниенің есігі» есептелетін байырғы қала облыс орталығы болғалы бері рухани-мәдени тұрғыда түлеп келеді. Түркістанда өткен әрбір іс-шара тұтас түркі дүниесінің ортақ мүддесі іспетті көрінетіні – алып шаһардың бағзыдан келе жатқан рухани орталық екенін айшықтай түспек.

Күллі түркі жұртына атағы жайылған Түркістан қаласы күн өткен сайын болашақтың қаласына айналуда. Тұсынан керуен-керуен көш өтіп, ұлт атын ұлықтаған ғұламаларымыз өмір кешкен киелі мекен өзінің жаңа дәуірін бастан кешуде. Төрт қақпалы Тұранды жырламаған ақын, зерттемеген тарихшы кем де кем. Ежелгі деректерге сүйенсек, Түркістан маңында көптеген соғыстар өтіп, ел үшін батыр бабалалар аяусыз қанын төккені жайлы мәліметтер көп. Археологтардың күрегімен оянған көне тарих кейінгі жастардың кеудесіне жалынды жігер мен қайсар рух құяры сөзсіз.
Түркістан қаласының даму қарқыны едәуір жылдамдықпен алға жылжып жатқаны білінеді. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен біршама құрылыс нысандары өз жұмысын бастады. Солардың бірі – «Жастар аллеясы». Бұл – халық көп шоғырланған орталық көшелер бойынан қоғамдық көгалдарды (скверлер мен аллеялар) көбейту мақсатымен бірнеше демалыс алаңшаларын салу туралы жоспардың жемісі.
Мәселен, қаладағы бұрынғы «Селмаг» су қойма­сының орнынан бой көтеретін «Жастар аллеясы» қала жастарының дема­лысы үшін тиімді әрі қолайлы орын болмақ. Мұнда спорт алаңдары (теннис корт­тары, волейбол, баскетбол алаңшалары) мен дема­лыс бастырмалары, субұрқақтар салынып, абаттан­дырылады.
Қазіргі таңда 3,3 гектар жерді құрай­тын аллеяның аумағы тегістеліп, тазалау жұмыстары жүргізілді. Ескі су қоймасының су құбырлары ауыстырылып, траншеялар қазылуда. Субұрқақтар құрылысы басталып, бетондау жұмыстары жүргізілуде. Демалыс орнының алдында арнайы автотұрақ  та салынатын болады.
Жастар – елдің үміті, сенімі, бола­шағы. Жастарға жасалған қамқорлық – ұлтқа, елге жасалған қамқорлық екені талассыз ақиқат. Саттар Ерубаев, Бекзат Саттарханов секілді жас болса да, бас бола білген таланттар шыққан өңірден бұдан ары да биік мақсатты жастар шығар деген сенім мол. Биылғы «Жастар жылында» бұл нысан Түркістан өрендеріне қанат бітіріп, жаңаша ойлауға мүмкіндік берері сөзсіз.

Б.Бөріханұлы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір