Күнде жексенбі болса ғой…

Көк жәшіктің жарнамасы жарқылдап жан өлтірген уақыт. Ауаны да, аспанды да саудалайтын кезең. Бірақ жарнама да аңдаусыз жанның даусын, адамзат жүйесінің сырын айтып тұрса ше? Бір жарнамада бес күн бойы балабақшаға баратын бала жексенбі күнгі ата-анасының мейіріне қанған қуанышын білдіріп: «Күнде жексенбі болса ғой», – дейді. Күнде жексенбі болса ғой. Бұл ересектердің де жан тілегі. Өйткені, күнде – мәжбүри тықылдаған балабақша өмірі, өгей махаббаты, ерекшелігіңді кешірмейтін қоғам күтіп тұрады. Л.Толстойдың «Жексенбі» деген романы «Арылу» деп аударылған. Адам түпкі санасында әр күнді жексенбі ретінде, яғни бұл күн соңғы күн, құдай алдында тұрғандай мейірқану болса ғой деп армандайды. Бала да, үлкендер де бір қалыптылықтан, мейірімсіздіктен жалыққанда сөзсіз құдай алдындағы жексенбісін сағынады. Құдайдың алдындағы тазару, тынығу, демалу, махаббатқа қану, қалауынша аунап-қунау елесі – осы жексенбімен байланып жатады. Т.Әсемқұлов «Арылу» әңгімесін «Возрождение» деп аударылуын дұрыс деп тапқан. Оны қайта қазақшаласа «қайта туу» деген мән шығады. «Воскресение» ұғымы – Інжілдегі «Исус воскрес» деген ұғымнан шыққан болуы керек. «Иса қайта тірілді». Въетнамдықтардың көне дәстүрлі тілінде жексенбі күнін – «Құдай күні» деп атаған екен. Ал Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жексенбі күні жуынып, тазаруды, кір-қоңнан арылып, тынығуды насихаттаған. Әулие Шәкәрімнің сырлы сөздерінде «қанды жаспен жүрек жу, қайта тіріл, қайта ту» ұраны көптеп айтылады. Ал тазару, қайта туу үшін не істеу керек? Бар болғаны дүйсенбіден бастап сенбіге дейінгі қайғыны, күйзелісті өткеру керек. Жан тазалығының кірленгенін оны жоғалтқан тұста ғана аңдайсың. «Арылуда» осы динамика бар. Жалпы, Т.Әсемқұловтың бастан-аяқ шығармашылығында осы ішкі хәлдің ұстын-ұстын жаңаруын, кірленуін, ұшпаққа шығуын байқайсыз. Адам тазарған сәтінде өлім мен өмірдің күйін тең түйсінген тұста – жүрек тазару құбылысы жүреді. Жүрекке сәуле түседі. Жүрек өз қазынасын көріп таң-тамаша болады.
А.Пушкиннің «Пайғамбар» өлеңінде алты қанатты періштенің ақын жүрегін қақ жарып, жүрегін тазартқанын айтады, яғни қайта туу үшін – жүрек ауыстыру шартын атайды. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жүрегін Жәбірейіл үш рет келіп жуып, қайта салып кеткені туралы хикая бар.
Бір ғана жарнама тәмсілі – бүкіл әдебиеттің құнарын қаузауға жетеді. Мұны өнердің концепциясы – мәтін астындағы мән – «подтекст» ұғымы түсіндіріп бере алады. Жаңа заманның өнерін әлеуметтік-мәдени тұрғыдан талдаудың заманы өтті, бүгінгі өнер барша құбылысты қамтуға талпынады. Адамның бет-болмысы, тәні де жүректің діл тілін ымдаумен, ишаралаумен болатынын қазіргі психологтар дәлелдеп бағуда. Ал постмодернизмдік мәтін – оқырманға ұғынықты болғанымен, таным сұғы жетпейтін пәлсапалық пайым болып шығады. Ештеңе айтпаған сықылды, бірақ әлдеқашан жазылып, айтылған бес қатпарлы бояу жағылған көркем мәтіндердің көлеңкесіндей, нүктеден кейінгі нүктелердің шексіздігіндей ишара мәнді ашықтайды.
Р.Бредберидің «Вино из одуванчиков» романындағы бала Дуглас кенеттен үп еткен уілді желдің желпуімен жан дүниесі жасарып, кемелденгендей бір түрлі күй кешеді. Ешқандай себеп-салдарсыз, кенеттен ояна салады. Жаңа ғана өзі кезген қара орман, жасыл шөптесін жаңара түскендей жарқ етеді, жанарынан әлдекім пердені сыпырып тастағандай бүкіл барлықты жан жүйесімен сезінеді. Осындай кенеттік құбылыстардың адам бойындағы жүйесін Бредбери көптеп жазған. Л.Толстойдың «Записки сумашедшего», «Фальшивый купон», «Отец Сергий», «Воскресение» сынды романдары ар-ожданның азап шегуінен туындаған оянуды ашып береді. Таласбектің «Арылуы» да рух сергуін, жанның оянуын табиғи өмірлік ситуациялармен өріп тәпсірлейді. Мүлгіп кеткен рух Тәңірдің жазуымен оянуы мүмкін, бірақ ояна алмай кету де заңды. Түңілістің түнегінен шыққан адам кем. Өйткені, адам өткерген әрбір қуаныш пен қайғы уағында жоқталуы тиіс. Балжігіт құрттай кезінен өгей әкесінен, сосын шешесінен айырылды. Қатал нағашының қолында қайғыға мойын салмай тез ержетуі тиіс еді. Шақшадай баланың ішкі дүниесінде жоқталмай, қатып семіп зар жатты. Жылауға да, қайғыруға да дәті болған жоқ. Бірақ ол зар, уағында айтылмаған, жоқталмаған зар өзінің кезегін күтіп Балжігіттің ішінде неше жылдар бойы жабық жатқан еді де. Сәтін салып, жан жары Гүлбану қайтқанда ол зар құлаған теректей азаматты сұлатып салды. Енді ол зар – міндетті түрде айтылуы, жоқталуы, өткерілуі тиіс болды. Көзіне ештеңе көрінбей кетті. Бұл өмірде Балжігіт үшін қандай құндылық бар еді? Жазушы адамның, тіпті қоғамның тұла бойында ағып жатқан құбылысты рет-ретімен, асу кезеңімен суреттейді. Осы күні жас ақындарға айтылар сынның қос қапсырмасында – «осылар неге жылай береді?» деп жатады. Білесіз бе, сол «жылау» түптеп келгенде «ұлттық жылау» – уағында жоқталмаған зар, уағында айтылмаған еңку, уағында өткерілмеген қайғы, кезінде қара жамылмаған шер. Ол қандағы ақпаратпен неше буыннан кейін де шыға береді. Бұл қазақ не көрмеген? Сол көргенін азалауға дәті болды ма? Олардың, ақындардың ағыл-тегіл жасына тосқауыл қоймаңызшы… бізден кейінгілер «жылауық» болмасын десеңіз, тазаруға, қанды жаспен ұлттың жүрегіндегі жараны жууға мүмкіндік беріңіздер! Жыласын!
Балжігіттің бойына көктемнің уыз жұпарындай бір сәуле түсті. Сол сәуле, рухты оятқан сәуле енді ұлғая бермек. Ол енді адамзатты түгел сүймек болған жүрек кеңістігін ұлғайтпақ. Ол сәуле – ақылға емес, мейірге жүгінбек.
Постмодерндік пайым – адамға қажетті негізгі құндылықтарды аршып береді. Үш қабатты суреттің тасасына жасырынған құлыптаулы мәтіндер тереңінде шуақты, нұрлы идеялар тұнбасы жатыр. 2014 жылы «Оскар» алған «Ида» фильмі пессимистік, ақ қаралы сұрқай түспен берілгенімен, модернизм тудырған озық идеялардың импровизациялық белесі. Жауыздық туралы ұғым жауыздықты бастан өткерген сәтте түсінікті болатыны секілді, құдайдың сақтан дегенін күнәсін бастан өткерген тұста ғана сақтану аффектісі пайда болады. Тәубеге келу, қайта туу үшін өліп көру керек.
«Күнде жексенбі болса ғой!».
Сағадат Ордашева.