ЖҰМБАҚ СЫРЛЫ ҚОҢЫРӘУЛИЕ ҮҢГІРІ
28.06.2019
790
0

Жұмақ мекен саналатын Қазақстанның әр түкпірінде киелі де қасиетті орындар мен ежелгі қорымдар көптеп кездеседі. Бұлардың түп тарихын зерттесек, тіпті кейбірі ежелгі ғасырларға тән екені байқалады. Қасиетті Қоңырәулие үңгірі киелі мекеннің бірі.

Қоңырәулие үңгірі – Павлодар облысындағы Баянауыл тауының батыс жағындағы Аққарағай тауының күнбатыс етегіндегі қасиетті үңгір. Аталған үңгір Баянауыл ауылынан 17 шақырым жерде орналасқан. Қасиетті үңгірдің осыған дейінгі тыныс-тіршілігімен етене таныс баянауылдықтар осы киелі мекенді «Әулие тас» деп те атайды. Бұл үңгірдің пайда болуы туралы ғалымдар арасында алуан түрлі көзқарастар бар. Біреуі «тас бетіне сыртқы күштердің әсері қатты болғандықтан осы үңгір қалыптасты» десе, енді бірі «қатты жел мен су шаюдың әсерінен болған» , – деп қарайды. Ұзындығы 30 метр, кеңдігі 2.5 метр келетін бұл қасиетті үңгір бейне қолмен құйып жасағандай қалыпта. Оның табиғилығы мен өзгеше сыры бізге әлі жұмбақ күйінде.
Ел арасындағы аңыздар бұл үңгірдің сонау Нұх пайғамбар заманынан бар екенін айғақтайды. «Бүкіләлемдік су тасқыны кезінде үш көріпкел Нұх Пайғамбардың кемесінде қалып қойыпты-мыс, бірақ кемеде орын болмапты, сонда үш бақанды жалғап байлап, бақанға отырыпты, бақан пайғамбардың кемесіне байланыпты. Жойқын ағыспен олар солтүстіктен оңтүстікке беттейді. Алдымен үлкен әулие Құланның бөренесі тасқа соғылып, жұлынып кетеді. Бұл Қызыл Тау маңында болған. Содан кейін тасқа ортаншы бала әулие Қыранның бөренесі ең биік тау Ақбетке соғылады. Су қайта бастап, таулар мен шоқылар ашыла бастағанда кенже әулие Қоңырдың бөренесі үңгірге жақындаған­нан кейін, ол осы жерде қоныс­танады. Сол себепті үңгір қажылықтың киелі жері саналған. Осындай табынудың себебі болған үңгір түкпіріндегі қазан, осы қазан түбіне үнемі су жиналады. Осы судың барлық ауруларға шипа болатын қасиеті бар, тіпті, бедеуліктен де айықтырады. Қай уақытта болса да үңгір жанына баланы дүниеге әкелу мақсатымен әйелдер қонған және осы армандары шынымен де орындалған».
Аталған үңгірдің тағы бір хикметі – ішінде ғажайып көл орналасқан. Тас үңгір ішіндегі осы көлді көру үшін жыл сайын Қоңырәулие үңгіріне алыс-жақыннан саяхатшылар көптеп ағылады. Ұзындығы 25 метр, ені 10, тереңдігі 1,8 метр  келетін аталған көлдің суы көптеген ауру-сырқауларға табылмас шипа делінеді.
Кезінде осы киелі үңгірге данышпан ғалым Қаныш Сәтбаев барып, арнайы мінәжат етіп, қасиетті орынның ғажайып сырын өз көзімен көргені туралы да деректер кездеседі. Сыры жұмбақ, тынысы терең Қоңырәулие үңгіріне барып, ғажайыптар әлемімен танысып, табиғаттың шебер қолымен өрнектелген киелі көлді тамашалағыңыз келсе, биылғы демалысыңызда Қоңырәулие үңгіріне ат басын бұрыңыз!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір